АЛАШТЫҢ АҚИЫҒЫ

Торайгыровъ

Қазақтың құт қонып, қыдыр дарыған Баянауласының біртуар перзенті,  Алаштың ақиығы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы. Сұлтанмахмұт – ұлы ақын. Ұлы тұлға ешкімді де қайталамайды, ешкімге де ұқсамайды. Сондықтан да Ұлы!

Алатау мен Қаратау, Көкшетау мен Шыңғыстау, Қалбатау мен Баянтау бір–бірлеріне ұқсамайтын сұңғыла сұлулықтарымен жалқы қалпында тәкаппарлана көз тартса, ұлы тұлғалардың да табиғатынан дараланып, оқшаулана беретіндіктері ғажайып құбылыс. Қазақ өлеңінің тәкаппар аспанында аққан жұлдыздай жалт етіп қана көрінген Сұлтанмахмұттың небәрі жиырма жеті жылдық өмір сапары әңгіме өзегі болмақ.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы қазан айының 28 жұлдызында (ескі стильмен 15 қазан) қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданында дүниеге келген. «Сұлтанмахмұтқа Торайғыр төртінші ата, солай бола тұрса да, Сұлтанмахмұт өзінің фамилиясына Торайғырды таңдап алған. Оның себебі, Торайғырды қазақ халқы жақсылық жағынан ғана біледі. Торайғыр жасанған жаудан қайтпайтын найзагер батыр болған. Төре бергенде жат-жақынына қарамайтын өте әділ би болған», — дейді ақынның немере інісі Шәймерден Торайғыров.

Әкесі Шоқпыт (1856—1930, шын аты Әбубәкір) бірбеткей, шыншыл, арабша хат танитын, кедей адам болған. Шешесі Зүплен өте ақылды, тәрбиелі, әдепті, ауыл арасының өсек-аяңына араласпайтын биязы жан екен. Тұңғышы Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш, Мақыжан атапты. Ж.Аймауытовтың жазғандарына қарағанда, Сұлтанмахмұттың нағашы тегі Қарауыл Шабар, Шаншар ауылдары. Бұл тұқыммен бұрыннан сүйекшатыс болған. Шоқпыттың апасы Шымпырға Шабардың Әнәпия деген баласы үйленген. Кейін Шоқпыт сол апа-жездесінің қолында жылқы бағып жүргенде сүйек жаңғыртпақ ниетінде апа-жездесі Шаншар баласы Жадайдың қызы Зүпленді айттырып әперген. Екі жас кіші інісі Бәшен (шын аты Байқоңыр) дүниеге келгеннен соң көп ұзамай шешесі Зүплен қайтыс болып, қаршадай балалар жетімдік қармағына ілінеді. Әжесі Монтайдың тәрбиесінде өскен Сұлтанмахмұтты көз көрген үлкендер өгіз бұзаулап жатыр десе де сенетін аңқау, момын, сүйкімді еді деп еске алады. С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылық еңбегіне қатысты Қазақстан Ғылым академиясының  қолжазбалар қорына құнды деректер тапсырған немере інісі Шәймерден Торайғыровтың шешесі Жұматай естелігінде: «Сұлтанмахмұттай әдемі, балғын денелі баланы көргеніміз жоқ, аузынан мәйегі шығып, уызға бөккен, жайлауда туған ақ көпештей болып маңқиып отырушы еді», — деп жүрек жылуын төге, тамсана әңгімелейді.

Шоқпыт 1896—1897 жылдар мөлшерінде екі баласымен ата қонысы Баянауылға көшіп келіп, Торайғыр көліне таяу жерге қыстау салады. Сұлтанмахмұттың балалық бал дәурені өткен әсем табиғат Ж.Аймауытовтың шабыт кернеген көкірегінде жырдай кестеленген: «Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ, шөккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабындыкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлінің ертеректегі атауы — А.Е.), жамбасында тас аралды, көк кұрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ, гүл, жеміс, тау іші ың-шың аң, бұта толған жыршы құс, міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді».

1900 жылдары Шоқпыт үйленіп, Сұлтанмахмұт пен Бәшен ендігі жерде шешелері Бибіштің тәрбиесінде өседі. Шоқпыт балаларына үйде өзі оқытып хат танытады. Бұдан соң Сұлтанмахмұт бірнеше молданың алдын көреді:

Әкемнен әліпбиді үйде оқыдым,

Үйреніп намаз, сабақ жат тоқыдым.

Әлі молда алдында дәл екі жыл

Әр түрлі ескі кітапты бір шоқыдым.

Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,

Ол байғұс аяған жоқ қолда барын.

Ғылымның орны бас пен көкіректе

Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.

Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,

Ұйықтасам да, көңілім оқуға алаң.

Лепес қып өзі бастап ақын бол деп,

Дұғасын ықыласпен берді маған.

Осы өлең жолдарынан ақын өмірбаянының беттерін парақтағандай әсер аласыз. Көптеген ұстаздарыньң ішінен Сұлтанмахмұт өмірінде ерекше із қалдырған Мұқан мен Нұрғали.

Мұқан оқушыларына ықыласпен қарайтын, жаңаша оқыту жолын ұстанған, сондай-ақ өзінің өлең жазуға бейімі бар, шама-шарқынша шәкірттеріне қамқор адам екен. Басқа молдалар Сұлтанмахмұттың өлеңмен әуестігін бетіне салық етіп басып, тыйым салуға тырысса, Мұқан бұл жайға өзгеше қарайды. Ақын шәкіртінің өлең жазуын құптап, батасын береді.

Нұрғали Троицк қаласындағы медресені тәмәмдаған, сол кезде қазақ арасына кеңінен тарай бастаған жаңа оқу — «ұсули жәдит» жүйесін негізге алушылардың бірі. Шәкірттеріне тарих, география, математика пәндерінен дәріс беретін, «Айқап», «Шора» журналдарын, «Қазақ», «Тәржіман» газеттерін үзбей оқитын, жеке кітапханасы бар, ақындық өнерді пір тұтатын көзі ашық, көкірегі ояу ұстаз ол кезде ел арасында некен-саяқ еді. Сұлтанмахмұттың өлеңді табан астында суырып салып айтатынын өзге шәкірттерден естіп, өлең өнерінің қыр-сыры мол, әрі көл-көсір білім мен маңдай терді сыпырып тастап енбектенуді қажет ететін ләззаты мен азабы егіз-қатар тұтас бір дүние екендігін ұғындыруға тырысады.

Нұрғали Сұлтанмахмұттың ақындығын, алғырлығын, ғылым-білімге кұштарлығын танып, Троицк сияқты қалаға барып оқуға кеңес береді, туған-туысқандарына оның әрі қарай оқуын жалғастыруына көмектесу жағын үнемі ескертіп отырады.

Сөйтіп ұстаз кеңесімен Сұлтанмахмұт оқу-білім іздеп, арман қуып Троицк қаласына бет алады. «Махмұт 1912 жылы 9 сентябрьде туған жерге қош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп Омбыға жетеді. Әркімнен сұрастырып, отарбаны тауып алады. Бұрын жол көрмеген, қазақтың салқам-салақ баласы жолда киімнен, кітаптан жұрдай болып, әрең дегенде Троицк шәһәріне жетеді», - дейді Ж.Аймауытов.

Ақын, азамат, публицист Торайғыровтың қалыптасуына Троицк кезеңінің айырықша мәнді, маңызды болғандығын бөліп айтуымыз керек. Троицкіге келген сапары жайында  ақын «Айқап» журналында   былай деп жазды:

«Құрметті  басқарушы!

Мынау біраз сөзіме журналыңыздан орын берсеңіз екен. Мен өзім Семей облысына қараған Баянауыл маңайындағы Ақбеттау болысындағы бір пақыр адамның баласы едім. Ғылым іздеуге арманым болса да, дәрменім болмай жүрген жайым бар еді.

Биыл өзіміздің болыстың бас адамдары Ғаббас, Садық, Ілияс қажы, Шоң балалары мені есіркеп, 90 теңге жинап беріп, Троицк шәһәріне жөнелтті. Биылша мұнда әзірлетіп, келешек жылы «Ғалияға» оқытуға уағда берділер. Бұлардан басқа Ақкелін болысындағы Садуақас мырза Шорманов та жәрдем етуге уағда берді.

Мен Троицкіге 25 ноябрьде келіп, басқа медреселерде оқу ертерек басталғандықтан, жаңарақ тәртіпке салынып ашылған ахун Рахманкулиның медресесіне кірдім. Нұр барлығын білгізген, көрмегенді көргізген, аяғымды басқызған, көңілімді шатылықпенен судай тасқызған жоғарыда есімдері жазылған мырзаларға шын көңілімнен алла разы болсын айтамын.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» (1912, №14).

Соңғы жылдары өзіміз кездестірген материалдарға сүйеніп, сол кездегі Троицк шәһәрінің мәдени-экономикалық өмірін көз алдымызға елестетіп көрейік. «Троицк қаласының мұсылмандары» атты мақалада: «Город Троицк Оренбургской губернии имеет 4000 населения, из них 2000 мусульман, остальные же русские, евреи, поляки и др. Так как в окрестностях Троицка проживает много киргизов, то этот город можно назвать чисто восточным» («Мир ислама», 1913, т.11), — делінген.

1743 жылы іргесі қаланған теміржол торабындағы шәһәрде бу диірмендері, сабын қайнататын және тері илейтін зауыттар, әлденеше сауда орталықтары жұмыс істеген. Мәдени-ағарту, оқу орындарының көрнектілері: екі кластық орыс-татар мектебі, қыз балалар мен ер балаларға арналған гимназиялар, қалалық училище, «Энергия» баспаханасы, орыс, татар тілдерінде шығатын газет-журнал редакциялары, «Айқап» журналының редакциясы. Тағы да осы журналдағы «Школьный вопрос в русском мусульманстве» мақаласында қалада алты мешіт, үш медресе жұмыс істейтіндігі айтылған. Олар: «Медресе Мұхаммадия», «Медресе Расулия», «Медресе Рахманкули». Соңғысы Сұлтанмахмұт дәріс алған медресе. «Медресе Рахманкулова, основанное ахуном Рахманкуловым, явилось в Троицке образцом для других медресе в отношении введения новометодной постановки и до сего времени пользуется популярностью. Учащихся в нем до 300 человек» (сонда, 458-б.).

Троицкіге Сұлтанмахмұт барған кезде жастарға ұйытқы болған үш қоғам жұмыс істеп тұрған. Нақтылап айтқанда, «Мейірімділік қоғамы», «Музыка және драма», «Білім тарату қоғамы». Сондай-ақ қалада Қазан, Уфа зиялыларының үлгісімен «Шарқ кеші» («Восточный вечер») ұйымдастырылған. Әдеби-музыкалық кештерде татар, башқұрт, қазақ халықтарының әндері шырқалып, күйлері шертілген, шәкірттер театр көріністерін дайындап, ақындар өлеңдерін оқыған. Сұлтанмахмұт оқыған медресе иесі Ғабдырахман Рахманкулов шығыс кешінің өтуіне белсене араласып, ауызекі басшылықпен шектелмей, ақшалай да көмек көрсеткен. Сұлтанмахмұттың бұл кештерге катынасуы, сірә, шүбә туғызбас.

Шәкірттік өмірге араласу, шәһәрлі жердегі түрлі мәдени ұйымдардың жұмысына қатысу, ең бастысы, «Айқап» журналының редакциясымен тығыз байланыс жасау жас таланттың жігерін жанып, ынталы шығармашылық іске жетелейді. Мерейі өсіп, құрбыларымен араласып, көңілі шалқыған Сұлтанмахмұт есін жиып туыс іздей бастайды. «Омск уезінде Көшен Қарауыл, Шабар, Шаншар   ауылы нағашым еді. Хабарласуға адресін білмеймін. Білетін құрбыларымның бірі жігіттік қылып жазып жіберсе қандай алғыс айтар едім.

Адрес: «Айқап» басқармасы

Сұлтанмахмұт Торайғыровқа», —

деген өтінішін білдіреді. Өкініштісі, шалқыған шабыт, өрекпіген сезім көп ұзамай су сепкендей басылады. Оқу, талпыну үстіндегі жастың алдынан кесепат кедергілер кездеседі: өкпе ауруы біліне бастайды, 1913 жылдың көктемінде көз ауруына шалдығып, дәрігерлер оқуға, жазуға үзілді-кесілді тыйым салады. Сұлтанмахмұттың жазылуына себепші болған заманындағы білгір дәрігер Әбубәкір Бірмұхамедұлы Алдияров. «Қазан университетінің медицина факультетін 1904 жылы күміс медальмен бітірген Әбубәкір Алдияров, — деп жазады Ғ.Ахмедов, — Троицкіде дәрігер болып тұрғанында Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың трахомамен   ауырған   көзін  емдеп жазған екен». Жақында «Қазақ» газетінің сарғайған беттерінен шағын хабар таптық. Онда былай деп  жазылыпты: «Былтырдан бері көзіме «трахома» деген ауру пайда болып азап шектім. Жаздай еврей докторына қаратамын деп өзім шамалы кісі, шаруама ауыр тиді. Күзден бері қазақ докторы Әбубәкір мырза Алдияровқа қаратып жүрмін, қазір тәуірлене бастадым. Әбубәкір мырзаның қазағым, қандасым деп халімді біліп тегін қарап тұрғанына шын көңілімнен тәңірі жарылқасын айтамын. Сұлтанмахмұт Торайғыров» («1913, 23 қараша).

1913 жылдың жазында Троицк маңындағы қазақ ауылдарында бала оқытады, күзде Троицкіге қайта оралады. «Айқап» хатшысы ақын, жазушы Әкірам Ғалимов қайтыс болғаннан кейін, 1913-1914 жылдардың қысында журнал қызметінде істейді. «Айқапта» да ұзақ қызмет жасай алмайды. «Айқап» хатшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров хатшылықтан шықты, мұнан былай оның «Айқаппен» ешбір қатынасы болмайды», — делінген басқарма атынан жарияланған хабарда. Сұлтанмахмұттың өзі туыстарына жазған хаттарында: «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруға кісі бетіне қарамадым. Махмұт қай бір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым, — дей келіп, өкініш білдірген сыңай танытады, — «Айқапта» тұрған минуттерде бүкіл ғаламға өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлап қарағанда, акымақтық болмаса, көтерілетін не бар еді?».

Задында, Торайғыров творчествосының мәуелі ағаштай гүлденіп, бітік өнімді  жеміс берген шағы — Троицк кезеңі.  «Айқапта» жарияланған өлеңдері, мақалалары, хабарларына қоса «Қамар сұлу» романының жазылуы, жоғалып кеткен «Тентектің жиған шоқпары», «Тамшы» өлеңдер жинағы мен қазақ әкімдерінің тұрмысынан алып жазылған үш перделі театр кітабы (пьеса) тындырымды еңбек куәсіндей.

Журнал редакциясынан шыққаннан кейін, 1914 жылдың жазында ол туған елі, өскен жеріне оралады. Қалалы жерден өзінің көрген-білгенін үйретпек болып, ауыл-аймағындағы жастарды оқуға, мәдениетке үндеу ниетінде «Шоң серіктігі» ұйымын ашады. Ақынның інісі Шәймерден Торайғыров ұйымның мақсатын былайша түсіндіреді:

«Нашарларға, соның ішінде шамасы жоқ кедей оқушыларға жәрдем көрсету. Олардың оқу жолына қаражат беріп тұру.

Газет-журналдар алдырып, кітапхана ашу. Одан хат білетін адамдарды мүмкіндігінше пайдаландыру.

Ақын-жазушылардың шығармалары болса, соларды бастыру, тағы басқа сол секілді игілікті істерге жәрдем істеу». Сұлтанмахмұт бастаған өрелі іс, ізгі ниет жүзеге аспайды. Серіктіктің мәнін көпшілік қауымның жете түсінбеуі соның мардымды жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді, қаражат жиналмай ұйым нәтижелі іске жете алмайды.

Серіктік ұйымдастыру ниеті қолдау таппай, әрі қарай оқуға елінен қаражат жинай алмай, не де болса бағымды сынайын, сәті түссе, орысша оқиын деген оймен 1914 жылдың күзінде Семей қаласына келеді. Семейде де ұзақ тұрақтауға жағдайы көтермегендіктен, Әбдікәрім Ережепұлы деген ауқатты адамға жолығып, онымен бала оқытуға келісіп Сұлтанмахмұт Қатонқарағайға сапар шегеді. «Қатонқарағайға кеткенім, — деп жазады ол, — ызаға шыдамай, күн көру үшін қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым».

Әбдікәрім Ережепұлы кім? Ол жөнінде Бошай Кітапбаевтың «Соңғы болыс» мақаласында жан-жақты деректер келтірілген: «Қатонқарағай ауданының Шыңғыстай болысына қараған он ауылды 25 жыл басқарған Әбдікәрім орысшаға жетік, шешен, әнші, домбырашы, ақын адам екен. Патша үкіметі тұсында дума мүшесі болып сайланған. Қамбар, Шабдан деген балалары Петроградта, Москвадағы жоғары оқу орындарын бітірген. Қақан атты өте зерек ұлы Уфа қаласындағы медреседе Бейімбет Майлинмен бірге оқыған». Өр Алтайдағы Қаратай елінің болысы Әбдікәрім Ережепұлы 1907 жылы Шьңғыстай ауылынан төрт кластық мектеп ашқан. Сұлтанмахмұт осы Шыңғыстайда мұғалімдік қызмет атқарады. Іргесі қаланғанына бір ғасыр шамасы тақалған мектеп қазірде Әбдікәрім Ережепұлы есімімен аталады. Осы мектептен тәрбие алған қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Сәрсен Аманжолов. Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Социалистік Еңбек Ері, соғыс және еңбек ардагері Бошай Кітапбаев — тек сол өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы, абыройы.

Қатонқарағайда Сұлтанмахмұт орыс тілінің мұғалімі М.Г.Комаровпен достасып кетеді. Михаил Григорьевич Комаров жарты ғасыр Шыңғыстай ауылында ұстаздық қылған, ұзақ жылдар бойғы педагогтық қызметі жоғары бағаланып Ленин орденімен марапатталған адам. Ол Сұлтанмахмұттың орысша білімін көтеруіне қолдан келген көмегін аямаған.

Әбдікәрім Ережепұлының Бағила деген қызына Сұлтанмахмұт ғашық болады. Оны сезген қыз әкесі ата салтын бұзбай, Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы Бұқабай байдың ұлы Ақсолтанға ұзатып жібереді Бағиланы. Осы жерде Әбдікәрім Ережепұлының ұрпақтары хақында қолда бар мәліметтерді қосуға жөн санадық. Қазақтар ғана мекен еткен Қосағаштың Шүй алқабында Бағиладан қалған туған жермен қоштасу жыры бүгінге халық аузында айтылатындығы «Әбдікәрім және оның ұрпақтары» мақаласында тамаша суреттелген. Сол Бағиладан қалған бала  Боштай 1997 жылы 62 жастағы зейнеткер екен. Шүй өзенінің бойындағы «Шәкірт қарағай» аталатын тоғай ішінде Бағила зираты күні бүгінге сақталған. Әбдікәрім жұрағатының бір бұтағы сонда өніп-өсуде. Бәйіс ақсақал 1991 жылы Шыңғыстайға келіп қайтыпты. Бәйіс Әбдікәрімнің тоқалынан туған, 1927 жылы Шыңғыстайда дүниеге келген, Қытайда балалары бар, қазір өскен әулет. Әбдікәрімнің өзі 1936 жылы Қытай жерінде қайтыс болған.

Таяу күндері Семей мұрағатында жұмыс істеп отырғанда кішкентай ғана дерекке жолықтық. Орыс тіліндегі құжатты оқушыға жеткізгенше асықтық:

«Приказы

Семипалатинского губернатора.

14 декабря 1913 года № 258

Обьявляю благодарность Чингистайскому волостному управителю Абдикариму Ережепову за его выдающуюся энергию при производстве работ по исправлению приторов по реке Кабе». Мысқалдай дүние — Ә.Ережепұлының жұртына аянбай қызмет жасағандығына бұлтартпас дәлел.

Сұлтанмахмұт Қатонқарағай елінен Зайсан қаласына барып, одан Тарбағатайдағы Терісайрық болысында Құрбан қажының ауылында 1915— 1916 жылдары бала оқытады. Құрбан қажы ескілікті әңгімені, көне шежірені, тарихи деректер мен бағзы дәуір аңыздарын көкірегінде сақтаған қазына қария екен. Торайғыровтың мерзімді баспасөзде жарияланған «Ескі сөз», «Ақ найман Ойсынбай» «Жалаңаш баба», «Елден»,  «Усть-Каменогорск уезден», тағы басқа біраз ел арасынан терген материалдарының дені — Құрбан қажыдан естігендері. С.Торайғыров Қатонқарағай, Тарбағатай жағында жүргенде де шығармашылық жұмыстан қол үзбеген, солардың ішіндегі оқшау тұрғаны — «Кім жазықты?» романы.

1916 жылғы дүрбелең шақта Тарбағатай елі Қытайға ауа қашады. Бала оқытқаны үшін тиесілі ақысын да ала алмай, Сұлтанмахмұт Семейге қайтады. «Сұлтанмахмұт Семейдің семинариясына кірем деп талаптанады. Нұрғали Құлжанұлы жәрдем көрсетпек болады. Бірақ оқу басталмай келіп қалады да, Семейде жата алмай, еліне барып келуге кетеді. Келсе, ел әбігер, жігіттерді көгендей тізіп алғалы жатыр». Баянауылға келсе, ондағы ел де дүрліккен, үрей, қорқыныш, абыр-сабыр сабылған жұрт. Атамекен де ат басын тірер  тұрақ болудан кеткендігін көзімен көріп, Семейге кері қайтады, семинарияға түсе алмай, 1916 жылдың қазан айында Томск қаласына барады.

Томскіге барғанда Сұлтанмахмұт екі түрлі мақсатты көздеген: біріншіден, сырқатын емдету, екіншіден, орысша оқу. Үміт артып, көмек сұрап барған адамы — Әлімхан Ермеков. Ә.Ермеков Сұлтанмахмұттан екі жас үлкен, ол кезде Томск технология институтының студенті, кейіннен математика ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор, әйгілі «Ұлы математика курсының» (Қызылорда, 1935) авторы, ғұлама ғалым. «Мен Сұлтанмахмұтты «Айқап» журналы бойынша бұрыннан білетінмін. Ол сол өзімнің ұғымымдағыдай жігіт болып шықты, — деп жазады естелігінде Әлімхан Ермеков, — Сұлтанмахмұт маған шу дегеннен-ақ ұнады, себебі ол алғаш көріп отырған адамым ғой, бірінші рет кездесуім ғой деп тартынбайды екен, ашық сөйлеп, ішкі сырын, саяси түсініктерін именбей жайып  салып отырды». Ә.Ермеков Сұлтанмахмұтты қаланың үлкен дәрігерлеріне көрсетіп емдетеді, әрі оқуына жәрдемдеседі. Ал Сұлтанмахмұт Томскіде қандай оқу орнында оқыған деген сауалдың жауабын «Қазақ» газетінен табамыз. «Орысша оқушыларға» тақырыпты мақалаға көз тоқтатайық: «Халқымыздың білім, пікірге мұқтаждығының күннен күн өсе беруін, екіншіден, өзімізге арналып салынған орта һәм жоғарғы дәрежедегі мектептердің болмауын, болғандарының да белгілі бір мақсатқа ғана қызмет қылатындарын ойына алып болса керек, соңғы жылдарда Россия мұсылмандарының арасында да орыс мектептеріне кіруге түсушілер яки орысша оқушылардың жыл сайын артып, орыс тілін білуге тырысып, мектебіне кіруге ұмтылғандар көріне бастады. Бұл білім нұрының аздап болса да кіре бастағандығын  керсетеді», — дей келіп, төмендегі жәй хабарланады: «Міне, біз сол оқушыларымыздың халдерін ойлап Томскідегі оқушы студенттер болып, қыс, күз басынан Томскіден бір әзірлік бөлімін ашуға қаулы қылыстық. Бірінші бөліміне орысша бастауыш мектепте оқыған һәм онан да төменірек мағлұматты кісілер алынады. Екінші бөліміне двухклассный яки городской училищені бітіргендер алынады. Әзірлік бөлімін басқарушылар атынан Ғариф Ниғматуллин, Әлімхан Ермеков, Мұхамед Сайдашев, Якуб Мангушев».

Күрмеуге келмейтін қысқа өмірінде орысша оқу арманына айналған ақынды ғалымдардың Томскіде қысқа мерзімді курста оқыды деп жүргендері осы даярлық бөлімі.

С.Торайғыровтың Томск шәһәріндегі өмірі де таршылықта өтеді. Емделу, дәрі-дәрмек сатып алуға қажетті қаражат жағынан Ә.Ермеков қол ұшын берген.

«Жұмасына екі ғана «обед» етем (ет татамын), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. «Киноматограф», вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті, — деп жазады ақын бір досына, — әкем менен малын не аясын? Бірақ, ел болып қорқып, атты алады, малды талайды деп қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын... Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем, бірақ көңілім оқуда болмақ...».

Денсаулығының нашарлауына байланысты және орыс тілін мейлінше жан-жақты игеруді басты мақсат етіп қойған Сұлтанмахмұт өмірінің Томск кезеңінде мардымды шығармашылық жұмыстар тындыруға ұмтылмаған. «Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды, -дейді Ә.Ермеков естелігінде. — Орысша жақсы сөйлемегенімен жазуға, ұғынуға келгенде өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л.Толстойдың, Руссоның, тағы басқа саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оларды терең түсінетін еді».

1917 жылғы 27-ақпанда Ресейде төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан құлатылғандығы жөніндегі қуанышты хабарды Томскіде естиді. «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттік», қараңғылық тұманы сейіліп, ел өмірі тұтастай өзгеріске түскен заманда халқыммен бірге боламын деп 1917 жылдың 10 наурызында Семей қаласына келіп жетеді.

Бөліп, астын сызып айтуды керексінетін шындық күні бүгінге дейін Торайғыров өмірбаянының дәл осы кезеңі «Алаш» партиясымен байланыстырыла қарастырылды да, пікір қозғаушылар бүгежектеп, жан-жағына жалтақтай қарап, қаламгер «адасты», «аяғын шалыс басты», «ұлтшылдар әуеніне ерді» сияқты ерқашты тіркестерді асығыс тізбектеп, сыдыртып өте шығуға әзір тұрды. Жазушы өмірбаянындагы аталмыш кезең, әңгіме желісіне тартылғанда қара бояуды молырақ жағуға бейімділік – қоғамдық даму мен ғылыми ізденісіне ізін қалдырған тоқырау заманының зардабы. Әйтпесе, Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы халықтың ең ізгі мұраттарын, көксеген арман–аңсарларын – ұлттық теңсіздікке жету идеясын ту етіп көтергені анық.

Ақпан төңкерісі жеңгеннен кейін Қазақстанның жер-жерлерінде облыстық қырғыз (қазақ) комитеттері құрылды. Сұлтанмахмұт Семейде ұйымдасқан қазақ комитетінің кіші хатшысы қызметін атқарады. Қомитет бастығы Райымжан Мәрсековпен көп мәселелерде келісе алмай, ұзамай комитет жұмысынан шығады.

1917 жылдың жазында «Алаш» партиясының құрылғандығы Орынборда өткен бүкілқазақстандық съезде ресми жарияланған еді. Ұлттық автономия құруға ұмтылған қазақ зиялыларының талпынысын С.Торайғыров та қостады. Бұл ретте оның «Алаш ұраны», «Таныстыру», тағы бірен-саран шығармаларының жазылуы кездейсоқтық емес, қайта елде болып жатқан ұланғайыр өзгерістерге сергек ақынның үн қосуы деп ұғынуымыз шарт. Ал «Алаш» партиясы, «Алашорда» үкіметі ұғымдары кеңес заманында құбыжық етіп көрсетіліп келді. Ертеректегі А.Бочагов, Н.Мартыненко, С.Брайнин, Ш. Шафиро еңбектерінде «Алаш» партиясының ұстанған жолы мен қызметі сыңаржақ бағаланып келсе, соңғы уақыттағы В.Григорьев, Ғ.Ахмедов, Қ.Нұрпейісов, Т.Кәкішев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Б.Дәрімбетов, Б.Қойшыбаев мақалаларында жаңа толғамдар белең алды. Жалпы, «Алаш» партиясы мен Алашорда тарихы объективті бағасын алар сәт туды. Тарихшы ғалымдардың толайым тиянақты пікірлері көп жәйдің басын ашып, С.Торайғыров тектес қазақ халқының адал ұлдарының бетіне жабылған шырмауды айқара ашары сөзсіз. Сонда ғана өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілмек.

1917 жылдың жазында Сұлтанмахмұт біраз уақыт қымыз ішіп емделуге еліне барады. Онда да жайбарақат жата алмай, Семей қаласына кері оралып, «Сарыарқа» газетіне өлең, мақала, очерктерін жазады.

Семейде Сұлтанмахмұт оқытушылар семинариясының студенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездеседі. Екеуі заман ағымы, қоршаған ортадағы өзгерістер төңірегінде ой толғайды. Бұл 1917 жылдың күзі еді.

Өз бетімен ізденіп көп оқу, әлеумет ісіне араласу, жазу-сызу ісімен айналысу ақын денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады. Семей облыстық қырғыз (қазақ) комитеті С.Торайғыровты сот ісінің қалыптасуы сияқты жауапты жұмысқа ұсынады. Семей қаласында шығып тұрған «Дело» газетіндегі құнды мағлұмат сөзімізді айғақтайды. Көп мәселелерді қарап, күн тәртібіндегі үшінші сұраққа келгенде: «З.Утверждается состав Павлодарского уездного киргизского суда: председатель Якуп Акпаев, члены Хусаин Джанкарин и Султан–Махмут Торайгыров, кандидаты к ним Касым Мустафин, Ахметулла Барлыбаев, Арын Сулейменов. Суд открывает свои действия немедленно», — деген шешім қабылдайды. Қайраткер ақынға көрсетілген айтулы құрмет, азаматқа жүктелген өлшеусіз сенімге іштей ризалықпен бас иесіз. Бірақ алаш арқалатар ауыр жүкке әрдайым сескенбей арқасын тосуға әзір Сұлтанмахмұт денсаулығының күрт төмендеуіне байланысты сот жұмысына кірісе алмайды. Сол жылдың қазан айында Томск дәрігерлеріне емделуді көздейді. Бірақ ондағы дәрігерлер де мардымды көмек жасай алмай, тынығу, демалуға кеңес береді. Семейдегі ақынға іш тартатын зиялылар, кейбір естеліктердегі мәліметтер негізінде нақтылай түссек, Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов Сұлтанмахмұтты қыс бойы қысырақтың қымызын ішіп, таза ауа жұтып емделсін, сергісін деген ниетпен Шыңғыстағы Медеу ауылына жібереді. Медеу — «Абай жолы» эпопеясындағы атақты Оразбайдың бел баласы, Абай ауылымен кұдандалы адам. Медеудің ұлы Санияз Тұрағұлқызы Ақышқа (Ақылия) үйленген. Сұлтанмахмұт 1917—1918 жылдардың қысында осы Санияз бен Ақыштың ауылында тұрған.

Жазушы Т.Жұртбаев жариялаған Ақыш әжей естелігінде: «Қыс жаңа түсіп, қаһарын төге бастаған. Бір күні үйімізге қалаша киінген, жұқа өңді, ашаң жанарлы адам келді. Ол Сұлтанмахмұт екен. Асты-үсті тақтаймен көмкерілген үлкен ағаш үйіміз болатын. Соның төргі бөлмесін екіге бөліп, бір бұрышын шымылдықпен ұстап, Сұлтанмахмұтқа өзінше жеке бөлме жасап бердік. Ортасына ағаш стол қойдық. Сонда жазуын жазып, ұзақ түндер бойы отыратын», — дейді. Оның біраз өлеңдері, «Таныстыру» поэмасы, «Социализм» атты мақаласы Абай елінде дүниеге келген.

1918 жылдың сәуір айында Медеу ауылынан Семейге келіп, мамыр айының аяғында туған еліне қайтады. Баянтауға оралған Сұлтанмахмұт таза ауа, бал қымызбен дімкәс денсаулығын түзетуді үміт етсе, шығармашылық жұмыспен шұғылдануды да бір сәт естен шығармайды. Қазақ әдебиетіндегі лирикалық поэма жанрының бастауында тұрған «Адасқан өмір», «Кедей» туындылары – 1918-1919 жылдары ақын қаламынан шыққан, қазірде шедевр санатында аталып жүрген дүниелер.

Қазан төңкерісі — ұшы-қиырсыз қантөгіс қана емес, идеялар қағыстығысының адамзат тарихындағы ірі көрінісі, аса зоры. Әсіресе, биліктің біресе ақтар, біресе қызылдар қолына алма-кезек ауысуы қарапайым халыққа тіптен түсініксіз еді. 1919 жылы 29 қазанда Павлодар қаласы ақтардан тазартылып, тез арада халық бұқарасын бастайтын ұйым құру қажеттігі туды. Осындай ұйым 1919 жылдың 30—31 қазанында құрылған Павлодар уездік революциялық комитеті (Уревком) болатын. Бұл қуанышты хабарды естісімен, дәлірек айтсақ, желтоқсанның екінші жұлдызында Сұлтанмахмұт жанындағы серіктерімен Кереку қаласын бетке алады. С.Торайғыров Керекуде қаланы азат еткен 26-дивизияның комиссары Г.В.Жигирев (көп еңбектерде Жигарев делініп қате жазылып келді — А.Е.) жолдаспен кездесіп, ұзақ әңгімелеседі.

С.Торайғыровтың уездегі ревком сайлауларына жүйелі қатысуына тағы да денсаулығының нашарлығы бөгет болады. Туған жері Ақбеттаудағы ревком мүшелігіне сайланғанымен, оның жұмысына да білек сыбанып кірісіп кете алмайды. Дей тұрсақ та, Ақбеттау елінде, Баянауыл жерінде құрылған тұңғыш ревкомға мүшелікке сайлануы С.Торайғыровтың соны сана, халықтық іске шұғыл бетбұрыс жасағандығын аңғартады.

Күні бүгінге дейін орын теуіп келген С.Торайғыров ақпан төңкерісін кұшақ жая қарсы алды, Қазан төңкерісінен кейінгі жерде адасушылыққа ұшырады тәріздес сыңаржақ  пікірлер қайта қаралуы керек. Бұл ретте Павлодар облыстық мұрағатының қорларында сақталған құжаттарды ескермеске болмайды. Алғашқы кұжат — РКП (б) Баянауыл ұйымының 1920 жылдың 17 ақпанындағы № 6 мәжілісхаты. Күн тәртібінде бес мәселе қаралып, екінші мәселе —

«О привлечении киргиз (казахов — А.Е.) в ячейку» — бойынша мына төмендегі қаулы қабылданады: «Поручить тов. Дорошенко пригласить в ячейку киргиза Торайгырова». Екінші құжат — РҚП Павлодар уездік бюросының 1920 жылғы мамырдың 17 жұлдызындағы № 20 мәжілісхаты. Мәжілісхат шағын, әрі Торайғыров өмірбаянындағы жаңа деректерді көрсететін болғандықтан толық мәтінін келтірейік:

 «Протокол № 20 Заседания Павлодарского уездбюро РКП от 17/Ү—

 1920г. Присутствуют: Дерибас, Шестаков, Полозов, Самодуров,

 Скирпович. Слушали: Записку Уревкома из заседания его по вопросу

 Замене тов.Барлыбаева.Постановили:Поручить тов. Скирповичу

 разыскать тов. Турайгырова, которого Убюро выдвигает кандидатом

 взамен Барлыбаева». 1919 жылдың желтоқсанында С.Торайғыровпен жылы жүздесіп, пікір алысқан Г.В.Жигирев іле-шала Семей губкомына ауысқандығы белгілі. Семей губерниялық бюросының 1920 жылғы 8 ақпаны күні Г.В.Жигиревтің қатынасуымен өткен мәжілісінде РКП Павлодар ұйымының қызметі жөнінде Полозов жолдастың баяндамасы тыңдалып, РКП(б) Павлодар уездік бюросын ұйымдастыру қажеттілігі және уездік бюро жұмысына жергілікті ұлт өкілдерін тарту мәселелері қаралған. Тегінде, ақынмен бір көргеннен ұғысып, саяси іске тартқан Г.В.Жигиревтің Сұлтанмахмұт жөнінде сұрап, Полозовқа оны партия жұмысына тарту, ақынның беделі мен білімін заман кәдесіне жарату туралы ақыл-кеңес беруі ғажап емес. Сол сияқты Павлодар уездік жер басқармасы қазақ бөлімінің бастығы Ахметолла Барлыбаевтың басқа қызмет орнына ауысуына байланысты аталған жұмысқа Торайғыров кандидатурасының лайықталуы губерниялық және уездік бюролардың ақын қарекетінен көп үміт күткендігін көрсетеді. Амал нешік, ынтық жүрегімен, бар ындынымен күткен азаттыққа қызмет жасауына тағдыр таршылық етті. Асқынған дерттің ұлы ақынды ажал қармағына ілуіне небәрі үш-төрт күн ғана қалған еді.

С.Торайғыровтан қалған ұрпақ бар ма? Бұл — ақын өмірбаяны хақындағы әңгіме тәмәмына жетер шақта ойға оралатын сауал.

Күрмеуге келмейтін қысқа ғүмырында Сұлтанмахмұт жеке басының қамын күйттей алмады. Оқу, білім іздеу таусылмас арманына айналып, бір қиырдан бір қиырға сапар шегіп, жоқшылық қолын байласа да, ұстанған мақсатына жетуден күдер үзбеді. Қаламгер тұтамдай ғана өмірінде тындырымды шығармашылық еңбекпен шұғылданды. Ақпан, Қазан өзгерістері тұсынан өмірінің соңғы сәтіне дейін қызу әлеуметтік, бұқаралық істерге белсене араласып, әлеумет қызметіне тартылды. «Ден сау болса тағдырдың, көкке ұшырам күлдерін» деп жігерленіп, бел шешіп өмір үшін тайталасқа түскенімен дендеген дене дерті жанға шипа тапқызбады.

Өзім сүйсем, кімде айып,

Күн өткізем мұңайып,—

деп жібектей есілген жылы сезімді, әсіре қызылы жоқ шындықты әйел затының жан сұлулығына табына білген ақын ғана айта алса керек.

Алау жүректі ақынның өз еліндегі мұғалім қыз Мәликеге көңілі кетеді. Жүсіпбек Аймауытовтың дерегінше, бұл — 1918 жылдың жазы. Қыз әкесі Мұхтар Кірбасұлына қазақ салтымен құда түсіп, той мәселесі сөйлесіледі. Шартарапты шарлаған ақын ойы шаттыққа кенеліп, Семей шәһәріндегі жолдастарына жолдаған хатында қуанышын жасыра алмайды: «Біздің Мәлике шырағым періште, Семейге алып барамын. Біздің Мәликенің түрі сендер менің үйімнен шықпайтындық, тапқан-таянғандарыңды маған беретіндік».

Алайда, қиял құшағына еніп, армантауға асқақтай қанат қаққан асыл азаматтың пешенесіне сүйікті Мәликесімен сүйіспеншілік ләззәтіне бөленуге тағдыр қоспады. Сырқатының меңдегенін түсініп, өмір көшінің қысқалығын ұғынып Мәликеге үйленбейді. Араларында шынайы адамгершілік қасиеттің куәсіндей адал махаббат, мәңгілік ғашық жүрек, пәк сезім қалады.

Көңілге қайғы у салып,

Көзден жасты парлатқан,

Жүрекке жара дақ салып,

Жанды ашытып зарлатқан,

Уытың күшті, ажал-ай!-

деп өзі айтпақшы, 1920 жылдың 21 мамырында сұм ажал қазақ өлеңінің аспанындағы жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт ақын Торайғыровты суық құшағына алды.

Ақтық демі таусылып, фәни дүниемен қоштасарда алып азамат: «Тым болмаса екі жыл тұра алмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын»,— депті.

Екі-ақ жыл! Қандай асыл арман! Екі жастың біріне келмей, жиырма жетіде өмірмен қоштасуға өкінбей, іштегісін шығара алмай бара жатқанына «аһ» ұрады. Иә, тіпті, өзі тілегендей, тым болмаса екі жыл тұрса, оның, ешкімге ұқсамайтын шығармашылық тұлғасы даралана түсіп, қаяусыз шындықты қалтқысыз танытары сөзсіз еді.

   

Арап Еспенбетов

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,

профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері