Орекең әлі күнге дейін толық зерттеле қоймаған жазушы

      111111Күнде ойлауға, дұрысы, ойлануға уақыт жоқ. Күйбің тірлік, жұмыс... Таң атады, күн батады. Бірақ, кей кезде өзімнің қазақ болып туғаныма, қазақ тілінде сөйлейтініме, қазақтың ән-күйін, сөзін түсінетініме риза болам. Осы тұрғыда Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етіп кеткен бабаларымыз бен батырларымызға қалайша алғыс айтарымды білмей қиналам. Қазақ қазақ болып қалыптасқалы қаншама сан абыздар мен ақындар, жыраулар мен күміс көмей әншілер өткен десеңізші... Дей тұрғанмен, ХХ ғасыр біздің руханиятымыз үшін, әсіресе, әдебиет пен мәдениет үшін, ғылым мен білім үшін өсу, өрлеу кезеңі... орысша айтқанда, «Эпоха – Возрождение» еді. Бұл әдебиет алыптарының аспаннан нұр жауғандай оқырманға інжу-маржан шашқан уақыты болатын. М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Қ. Бекхожин, Т. Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә. Әлімжанов, І. Есенберлин, олардан кейінгі: Ш Мұртаза, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин; поэзияда: Ж. Молдағалиев, Т. Бердияров, М.Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Т. Айбергенов, М. Шаханов, Ф.Оңғарсынова-лардың кезеңі болатын. Дәл осы 60-шы жылдардың басында алғаш журналистикаға, сосын, әдебиетке келген Оралхан Бөкеев еді. Оралхан сонау Алтайда туса да алты материктің барша еліне ортақ адами проблемаларды көрсете білді. Орекеңнің әр шығармасын оқырман асыға күтетін. Орекең сол кездегі замандастары оқыған Мәскеуде де, Ленинградта да оқыған жоқ. Тіпті, ҚазМУ-дің өзін ол сырттай бітірген. Бірақ, Бөкей оқуы халық оқуы болатын. Зерек жас сол кездегі әлемдік әдебиетпен сусындаған, өзін-өзі оқытқан тұлға еді. Оның шығармаларындағы оқиғалар мен образдар бүгінгі күннің қасаң кейіпкерлерінен гөрі, романтикалық, мистикалық, аңыз, ертегілер қаһармандары іспетті болатын. Және Оралхан Бөкей әдебиетте өзіндік үні бар, қолтаңбасы бар дара тұлға-тын. Әсіресе, Орекеңнің шұрайлы тілі сол кездегі шұбарлана бастаған тілімізге Бұқтырманың ерке толқынындай таза да, тың теңеулермен кірген. Орекең қара сөзбен поэма жазған жазушы десе де болады. Әрине, мен сыншы емеспін. Алайда, мен егер, ХХ ғасыр әдебиетін көз алдыма келтірер болсам, 80-ші жылдардағы қазақ әдебиетін Оралхан Бөкеевсіз елестету мүмкін емес. Иә, бұл шындық. Өйткені, ХVІІІ ғасырда Батыста Қазақстанға өзінің озық ойымен мектеп салып, медресе ашқан құм ішіндегі Бөкей ордасына орман еккен Жәңгір хандай, Шығыста Бөкеев – өз талантымен Маңғыс-таудың құмындай руханиятымызға адалдық пен пәктіктен, сұлулық пен суреткерліктен орман өсірген қаламгер. Орекең әлі күнге толық зерттеле қоймаған жазушы. Кезіндегі Мұхтар мен Ғабеңше сөз саптаған Орекең сөз зергері еді. Бүгінде, Орекең жайлы өткен шақта айтып отырмын. Өкінішті. Амал қанша?.. Бірақ, мен білетін бір шындық: қазақ тілі тұрғанда, қазақ әдебиеті тұрғанда Оралхан Бөкей ұмытылмас. Керісінше, Орекеңнің аты уақыт өткен сайын айқындалары, анықталары, айшықталары хақ. Өйткені, ол – дара. Өйткені, ол – тұлға. Өйткені, ол – жазушы. Өйткені, ол – ақын. Ал, ақынның аты өшпесі анық. Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық артисі