Әдебиеттің өрен жүйрігі

Ергобек-55

Әдебиет деген киелі аймақтың босағасынан еркін ену-әркімге бұйыра бермейтін бақыт. Табиғи таланты барлар ғана именбей енеді. Жалына жармасқысы келетіндер мол болатынын білеміз, бірақ олар орта жолда қалады, жолай ат шалдырғанына ғана мәз. Туған әдебиетін, оның барлық ұлылы-кішілі қайраткерлерін бәйгі атындай сылап-сипап, кекілін тарап, мәстек пе, тұлпар ма, айтары бар ма, елге сыйлы ма? - бағасын дәл әрі дұрыс бағалай білетін, жіліктеп беретін айтулы тұлға деп біз әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбековті айырықша бөліп айтқымыз келеді. Неге? Негесі сол Ақынтөбе (Ақын­тоғай. Ред.) деген жерде туып, бойына ана сүтімен дарыған жан-жақты талант деп білеміз!

рситетінде біз де оқы­дық. Бейсембай Кенжебаев секілді мол білімді, көп сырды, құпияны ішіне сақтаған, жан-жағына үрейлене қарайтын ақыл-ардан құ­йылған оқымыстыдан дәріс тыңдап өстік. Құлбек филология факультетінің бірінші курсында оқып жүргенде жоғары курс студентінің Ілияс Жансүгіров пен Ғаббас Тоғжанов туралы пікірлеріне қарсы дау айтқанына сүйсінген Бейсақаң 2-курста жүрген Құлбекті шақырып алып, «Айқап» журналы және Мұхаметжан Сералин жайлы ізденіп, жазуды тапсыруының өзі неге тұрады. Адам танығыштық деген осы ғой. Ғалымның үміті алдаған жоқ. Кісіні сөзімен емес, ісімен бағала деген сыңайдағы Абайдың сөзі ойға оралып отыр. Бейсекең Құлбектің ұстазы ғана емес, рухани әкесі де, жолдасы Меңжамал анасы бола білді. Біздер 40-қа жуық филология ғылымдарының (әде­биет жөнінде) докторын білеміз. «Ертөстік» ертегісінде Ерназардың: «Сегіз ұлым бір төбе, Ер­төстігім бір төбе» деуші еді ғой. Тап сол айтқандай, оқушы қауым кешірер, 40 доктор, академик, профессор бір бөлек. Құлбек бір бөлек. Бір мысал келтірудің реті келіп тұр. Қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шәймерденовтің туғанына 90 жыл толуына арналған мерекелік шараға ту Түркістаннан баяндамашы етіп Құлбекті шақыртқаны несі? Алматыдағы жүздеген жазушылар, әдебиет пен өнер институтының, ҚазҰУ-дың, ҚызПИ-дің, басқа да жоғары оқу орындарының профессорлары, әдебиет саласының сен тұр, мен атайын дейтін майталмандары қайда? Бағдат апай, әрине, Құлбектей баласына риза болып, бетінен аймалап сүйгенін де білеміз. Құлбек қай салада жұмыс жасамасын жұлдызы жоғары болды. Әсіресе оның даң­қын, мәртебесін, беделін көтерген «Сәбит Мұқановтың жа­зушылық лабораториясы» дер едік. Ресми оппоненттер, қатысушы ғалымдар, өзге де Сәбитті білемін деушілер, не айтар екен, тыңдайықшыға салынғандар көп болды. Айтатыны жоқ, академик-профессорлар қатты разы көңілмен тарасты, гу-гу әңгіменің мазмұны-талантты жігіт, мықты зерттеуші, көп іс тын­дырған, болашағы зор десіп, бәрі де мақала етіп жазды, қатты толқығанын, тебіренгенін жасырған жоқ. «Белесін» де оқып, сүйсінгенбіз. Ал, енді бар ма, «Сара сөзін» парақ­та­ғанымызда қатты разы болғанымызды жасыра алмаймыз. Не деген сезімтал, аңғарғыш, тапқыр, ойлы ғалымға тағы кезіктік. Шы­ғармаларының осы қалайы жоқ, тек оқи біл, көңілге тоқи біл. Кітаптың аты қандай тауып қойылған. «Өлең сөздің патшасы сөз сарасы...» ғой баяғы Абай атамыздың. Әрине, автор сарасөз айтқан, айта алған. М.Қаратаев, Т.Кәкішев, Ә.Тәжібаев, Ш.Мұртаза, Қ.Нұрмаханов жайлы жазғандарын оқығанда білген үстіне біле түсесің. Шыңғыс жайлы тебіреністері де көңілге қонады. Бейсекеңнің ерліктері жөніндегі, әсіресе, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы ой – толғамдары күшті, әрі әсерлі. Құлбек ұстазы алдындағы парызын өтеген деп білеміз. Ал, осы Құлбектің, аса дарынды, сегіз қырлы талант иесінің Түркістанның қапырық қаласында, ығы-жығы қапаста қамалып отырғаны несі? Неге Астанада, не Алматыда жұлдызы жарқырап, әдебиет пен өнер деп аталатын киелі саланың делбесін неге қақпайды? Сонда қоғамымызға келер пайда мол болар еді. Кітаптағы көп іс тындырдым, көп жаздым деп жүрген бір білімпаздың «мен, мен, мен сүйттім, бүйттім, қолға алдым» деген кө­кірек соққанына автордың жіңішкелеп наз айтқанына айызымыз қанды. Басқа туындылары мен қатар Құлбектің «Белесі» мен «Сарасөзі» үйіміздің төрінде «Құран кәріммен» қатар тұр!

                                                                                                                                                                                                                                  Төлеп Тілегенов ҚазМУ-дің 1955 жылғы түлегі Атырау облысы