Асылзат түнгі сырды жырлайды...

794744_1382421197_300_0_0Қазақ әдебиетіндегі жабық тақырыпқа айналған эротикалық өлеңдердің арнайы сала ретінде зерделеніп қолға алынуына алаш әдебиетінің асқаралы шыңындай болған Ақселеу Сейдімбек түрткі болды. Осы жолда бүтін бір жанрдың көшбасшысы болған Шал Тілеукеұлының шығармашылығы өзінің әділ бағасын ала бастады. «Махаббат ләззәтiнiң ғажайып мезеттерiнен туатын, қыл сезiмнiң құштарлы шағын паш ететiн жерлерiне келгенде Шал ақынның құдiрет күшiн тағы да бiр жаңа қырынан байқайсың. Ол – эротикалық өлеңдер. Бұл саладағы ақын бабамыздың алар орны ерекше, әзiлдiң атасы десем, эротикалық өлеңнiң нағыз бабасы да осы Шал ақын... Эротика дегенiмiз – махаббат майданындағы от сезiм мен жан толқытқан әрекеттердi сыйпаттау. Һау Ана мен һау Ата тиым салған жемiстi жеп қойып, жәннаттан қуылса да, жер бетiнiң жаңа жұмағы махаббат сырын ашты. Үрiм-бұтақ тарады, бұл да болса алланың рахматы деп махаббат пен ғадауаттың бал ләззатына бөлендi. Эротика – айқаласқан тайталас сәттегi сезiм селiнiң сыпайы толғағы, ол порнография, яғни былапыт, дөрекi тiлмен көсiлтетiн күнәһар емес, нағыз пiрадар тiлмен ашық айтылатын сыпайыгер, ләззәтшiл, рахатшыл мезеттердiң суретi. Осы заңдылықтарды өзгеден артық бiлгендей Шал ақын атамыз қазақ поэзиясында эротикалық өлеңдердi тудырды»,-дейді ақын, қоғам қайраткерi Кәкiмбек Салықов. Біз көбіне қазақ эротикасының атасы – Шал Тілеукеұлының дәстүрін тек ерлер ғана жалғастыруда деген пікірдің соңында жүріп, қыз-келіншектер шығармашылығындағы эротизмді онша елеп ескермейтін едік. Енді осы салада өзін танытқан аруларымыздың жаһұт жырлары жыр сүйер қауымға жол тарта бастаған әдеби процестің куәгеріне айналып отырмыз. Гуманитарлық ғылымда мәтін эротикасы деген ұғым бар. Осы мәтін эротикасын еркін меңгерген ақын қызымыз – Асылзат Арыстанбек феномені ғылыми ортаны тамсандырып жүр. Ол осы интимдік лирикада әдеби төңкеріс жасап, аруларымыздың да аталған әдеби жанрды игерудегі жетістіктерін паш ете білді. Енді Асылзат Арыстанбектер түрен салған осы процеске қатысты БАҚ бетіндегі еркектер уәжі қандай: «Поэзияда бүркемелеу, перде тұту деген сұлулық нышандары болады. Қазір қазақтың бірталай жас ақын қыздарында сүйіспеншілік сезімді, төсекті ашық-шашық бейнелейтін бір жат, ұяттан безген үрдіс басталған. Япырмау, далалық салт-дәстүрге тән эстеттік иба қайда? Адамзаттан өлсе арылмас нағыз құмарлықтың бекзат салтанаты. Әйелдің сұмдық күйзелісін, жасырын құштарлығын үздіге берген осы өлеңде басы артық суреттеу, нәпсінің бейәдеп тілі бар ма? Жоқ. Эротикалық өлеңді жанр ретінде қазақта жаңғыртқан Исраил Сапарбайға гауһардай жыр жазса дау айта алмайсыз». Қазақ қыздарында құпиялы Сезімді жалаңаштау да, жалаңаш сезімді алаштық ділмен әлпештей білу де бар.   Асылзаттың интимдік лирикасы – жалаңаштықтан емес, іңкәрілік сезімнің бал-бұлағынан бастау алған жан-дүниеңнің астан-кестеңін шығаратын бұла жыр. Басында семейдің әдебиетшілері аса қадірлейтін, “Абай” журналының бас редакторы, белгілі ақын, қарымды журналист Мұратбек Оспанов ағамыздың жырларындағы эротизм туралы  материал жинау барысында Асылзат Арыстанбек феноменін ұшыратып, бірден жырына ғашық болдым. “Ең бастысы ес жия алмай...” өлеңі сізді бей-жай қалдырмайды. Маңдайыңды өбіп келе жатырмын, Таңдайыңда еріп бара жатырмын, Тал бойымды керіп бара жатырмын, Тұңғиыққа еніп бара жатырмын;   Төзімімді түйіп қана жатырмын, Сезіміңе күйіп бара жатырмын, Құмарыңа иіп бара жатырмын, Құйғаныңа ұйып бара жатырмын; Асылзат махаббат майданындағы от сезiм мен жан толқытқан сыпайы қылықты наз, тән тайталасы сәттеріндегі сезiм селiнiң сыпайы толқынын жібек тiлімен барды бар, жоқты жоқ қылып суреттейді. Кірпігімді жұмып қана жатырмын, Тылсымыңа тынып қана жатырмын, Тіл қата алмай күліп қана жатырмын, Күшім қалмай құрып бара жатырмын;   Қылығыммен еліктіріп жатырмын, Құшағыңа еніп, кіріп жатырмын, Балғасына көрік болып жатырмын, Бермесімді беріп тынып жатырмын; Бұл жолдар былапыт, дөрекi тiлмен денеңді қыздыратын күнәһар порнографиялық былғанышты жыр емес, нағыз әйел жанының сезім түпкірінен шыққан пәк тiлімен бұрынғы жабық тақырыптың темір шымылдығын айқара түре айтылған сыпайыгер, ләззәтшiл, рахатшыл мезеттердiң сөз құдіретімен сомдалған классикалық айшығы. Саумалыма сүңгіп кетіп жатырсың, Селт еткенде үркіп кетіп жатырсың, Сыбырыма елтіп кетіп жатырсың, Сиқырыңа ертіп кетіп жатырсың;   Көрігіңді басып болып жатырсың, Келбетіме ғашық болып жатырсың, Шаттығыма шалқып кеңіп жатырсың, Шашуыңды шашып, төгіп жатырсың; Қайратты қанжардың армансыз тілгілеуі, тән тентектігінің әйелдік иба қорғанысының тас-талқанын шығаруы, тереңге батқан еркектік тастың әйелдік теңіздің тереңінен өзі үшін бал-шырын дәмін тататын ұлы айқастың құмарлық кезеңі төсектегі ұмар-жұмар жұптасып, бір денеге айналудың әр сәтінің өзіндік тыныс-тіршілігін танытады. Жанталасып, аласұрып жатырмыз, Тән таласын таң асырып жатырмыз, Жағалауға талып шығып жатырмыз, Жан шақырып, жаңа суып жатырмыз;   Сөзімізді ести алмай жатырмыз, Тәттімізді еш қия алмай жатырмыз, Еркімізді тас түйе алмай жатырмыз, Ең бастысы ес жия алмай жатырмыз. Бұндай сәтте міндетті түрде жұлдыздар аспанда жымыңдап, анадан туғандай үр жаңа қалыпқа түскен ғашықтық мезетінде жігіттің ашқан құшағына енген қыздың бойын ашқарақ қолдар тынымсыз тіміскілеп, Бекежандар бұғып жатқан Қос Оба өзінің  жабындысынан арылып, оның иесі талықсиды, балқиды, түрлі күйге енеді, тек тән туғызған табиғи дыбыс қана үстемдік құрып, басқа дыбыстар атамнан әрі әдіра қалады. Құштарлық көктемі гүл атып, өзінің ләззатты жемісін береді. Үстіне тау құлаған маржан көл оның кеудесіне еркелеп, толқынды маңдайын сүйгізеді. Екі жан әлсіреп ақ таңға жетеді. Тағы да сол еркектер қауымы: «Жырларында қазақ әйел ақындарының шеңберін бұзған «тентектік» бар. Эротикалық жанрда жазған өлеңдеріне оқырмандар әр түрлі пікірлерін білдіруде, «қазақ әйелдерінің бұған шейін «жабық» келген жан-дүниесін ашқан ақын» деген пікір де айтылуда. Асылзат шығармашылығыңызда эротика бар, ақын деген» ой айтса, Асылзат оған: «Поэзия – тұтасымен эротика ..өлең бір ғашық адамың сияқты еліктіріп, елітіп, ақыр аяғында қолым жетті-ау дегенде, бұрыла қашып, ұстатпай, сонан кейін махаббат күндерін бастан кешіретін тәтті күйге бөлейтін кезеңдер арқылы жазылады... ешкімнен жасыра алмайтын ғашықтың күйі сияқты жарқ етіп жұртшылықтың назарына ілігеді. Одан шамалы өткен соң, өзің сүйіп, сүйінген өлеңіңнен жеритін кез де келеді. Осыдан кейін тек менің жазып жүргендерімді эротика деп, ал өздерінікін керемет тәрбиелік туындылар деп есептейтін ақындарға таң қалам» деп жауап қатады. Иә, қарындасымыздың таң қалысы орынды. Абайға бір күн бойы сөйледің, сен нағыз қырт екенсің деген Жұман қыртқа «Қырт болу үшін көп сөйлеу шарт емес, қатын күн бұзылмай тұрып, түзге отырып алғаным қандай жақсы деген сөз айтсаң, жетіп жатыр» деп жауап қатқандай, бізде тәтті сезімді ауа жайылмай сөз еткен жанды: әдеби ағаш атқа мінгізушілер жалаңаштықты жалаңаштамай жазатын өз стилін, өз мәнерін Асылзаттай тауып алсын. Өзін жаратпаушыларға “Сүюді бақыт дейтіннің бәрі – әлі де сүйіп көрмеген” деген шумағымен тойтарыс жауап қайтарады Асылзат Арыстанбек. Қазақ қызын жалаңаштамай, жалаң сезімнің соңына кетпей, оқырман ықыласына бөленген жырларындағы эротизмімен, қарындасымыз пәни дүниедегі өз өзегін өртеген тәни шындықты, өмірдің ұлт төсегіндегі шынайы келбетін жыр етеді. Енді ақынның шығармашылық шеберханасын ұғыну үшін Асылзаттың “ДАТ” газетіне Жұқамыр Шөкеге берген сұхбатының тереңінен үңілейік: Асылзат, сіз «біртүрлі» ақынсыз. «Біртүрлі» болатыныңыз, жазған өлеңдеріңізде қазақ әйел ақындарының шеңберін бұзған «тентектік» бар. Бұл «тентектік» поэзияға соны салу ма, жоқ әлде эротикалық тақырыптарға жан-дүниеңіздің жақындығы ма? Иә, жан-дүнием жақын. Тек менің ғана ма? Бәрінің де сүюге, сүйіспеншілікке бөленуге, ләззат алуға жан-дүниесі жақын. Бірақ біз сүю тақырыбын қозғағаннан, атыс-шабысты, өлтіріп, бауыздап кеткендерді айтуға құмармыз. Маған осы сұрақ жиі қойылатындықтан, «эротика» деген сөздің мағынасын іздеп, сөздіктерді қарап шықтым. Оттайды бәрі! Эротика ол - өмір! Ал өмірді жырлау ұят емес. Сіз айтпақшы «тентек» болмаса, ақындардан өлең тумайды. Керісінше, бізге осы тентектік жетіспей жатыр ғой. Өнерге шеңбер сызып қажеті жоқ. Өнердің өрісі кең болуы керек. Иә Асылзатты сен тентектеу жазасың деп, сын садағына алып, жерден алып, жерге салудың еш керегі жоқ. Тек оның қазақ әдебиетіндегі өз тақырыбын тапқан ақындардың бірі ғана емес, бірегейі деп санау ләзім. Асылзатша айтсақ, біздің әйкәпір сөз айтуға өреміз жетпейді. Енді осы сұхбаттың жалғасын берейік: “Ал «қазақ әйеліне тән емес» деп, пыш-пыштаушылардың сөздерін сөз екен деп құлағыма қыстырғым келмейді. Құдды солардың өздері қазаққа тән әрекет жасап жүргендей сөйлейтіндерге жыным келеді. Сіздің өзіңіз менің өлеңдерімді қоғамға, әдебиетке жат деп түсініп отырсыз. Бұл - поэзия! Поэзия қалайша әдебиетке жат болуы керек. Бұл дегеніңіз әдебиет адамға жат дегенмен бірдей. Адамға эротика жат деп айта аласыз ба? Айта алмайсыз, демек, ол туралы поэзия да, көркем сурет те, музыка да керек”. Иә, Асылзат, өзінің эротикалық мәтіні арқылы қазақ оқырманы үшін жаңа эраның есігін ашты. Ақын мәтінінің есігін бір ашқан жан оның эротизмдік стилінің басыбайлы құлына айналады. Оған көнгісі келмегендер пыш-пыштаудың пенделік жолына түседі. Не болмаса, қазақ әйелдерінің бұған шейін «жабық» келген жан-дүниесін ашқан ақын» деп оңды пікір айтады, не болмаса, «демократиялық қоғамға талпынған гендерлік саясаттың нәтижесі» деп дөйдалаға лағып кетеді. Жазғаны ауызға ілінбейтін не бір мықты ақындар бар, жазғаны әр қилы пікір тудыратын дүр ақындар бар. Мықтылардың мысын басып, өзінің мәтіндік әлемін өмірге әкеліп, нағыз дүр екендігін танытып жүрген Асылзат осал ақын емес. Мәселе, тақырыптың ақынды ашатыны бар да, ақынның тақырыпты ашатыны бар. Бұрын қыз-келіншектер қауымы тиіп-қашып аяқ басатын тақырыпты басы бүтін бауырына басу арқылы өзімен санауға әдеби сын мен әдебиет теориясын мәжбүр етіп отырғаны тағы бір ақиқат. Шәйі көрпе шытыр-шытыр етеді, Шайыр төсек сықыр-сықыр етеді. «Келші жаным, кел тағы да» дейсің сен, «Болды» деймін, «жоқ, осы да жетеді».   Бірде майып, Бірде жеңіп, Ұтамыз, Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз. Алқын-жұлқын, Бөрі тартқан тулақтай, Айдалада қалған шығар лыпамыз. Ақын сөз ойнатудың шебері шайыр төсек пен шәйі көрпе заттық ұғымдары арқылы қазақи мәнерде жарасқан жұптардың махаббат оты лаулаған шытыр мен сықырға толы тояттау мезетін қалам ұшына іліктіре білген. Көз алдыңа қойға шапқан бөрінің тоқтының терісін тулақтай тартқылағаны жайындағы тармақ мәнін ашатын этнотіркесімі арқылы тар төсекте, отты құшақта орын алатын тәни тартыстың елесін көлбеңдетіп, төсекке жетпей шашылған киім арқылы бірін-бірі көрмесе, тәндері жанаспаса тұра алмайтындықтың қандай болатындығын панорамалық айшықтылықпен жайып салады. Сезім — сері, Көңіл де — тоқ, Серт – егіз, Ерке бала сияқтымыз, Ерке қыз. Бұла күштің бұлқынысы шыдатпай, Белден төмен сырғып кетті көрпеміз.   Көрікті сөз төгіледі кесте боп, Ләззаттардың лағыл тасын тескен оқ. Сен емініп, Мен езіліп жатқанбыз, О, құдірет... Арғы жағы есте жоқ. Еміну мен езілу процесінің нәтижесінде шайыр төсектегі шайы көрпе сусып жерге түседі. Екі асық не болып, не қойғанын одан ары еш сезінбейді. Оқ пен лағыл тастың арасындағы шарпысу тек осылай көрікті сөзбен кестеленуі тиіс деген ойға батасың да келесі жолға еміне көз жүртесің. Әрі Асылзаттың қорытынды шоғырдағы тамаша финалдық түйіндеуіне жолығасың. Заңдылығы болғаннан соң өмірдің, Оны жырлау еншісінде өлеңнің. Тұра алмайтын бір - бірінсіз өмірде, Ер мен әйел екі жарты - бір бүтін. Иә, қос жыныс бір-бірінсіз тұра алмайды деп құмарыңнан шыға отыра бас шұлғи келісесің. Асылзат Арыстанбек – қазіргі қазақ поэзиясының жұлдыздарының бірі… Өлеңдері керемет... тым нәзік. Кәдімгі сезім иірімдері мен өмірді көрдім…рахмет…жырларыңыз үшін... деген оқырман тілегінде үзіліс те, тыным да, дамыл да жоқ... Ақын бір ғана екеуге ғана тән тәни шарпысуды әрқилы ракруста түрленте, бір өлеңінен екінші өлеңін асыра суреттейді. Және таптауырындықтың жасанды соқпағына еш түспейді. Желкемдегі жеті өрім шашым тарқап, Жақындасаң тартады бойым шалқақ. Бұрын неге болғанбыз тым бұйығы, Бұрындары болғанбыз неге қорқақ?!   Шарықтады шат көңіл, Шөлін басып, Қос бұлақтан кеткендей лағыл тасып. Бар жынынан айрылған бақсыдайсың, Қарауға да шамаң жоқ көзіңді ашып. Еркек ретінде қойындағы ару мен қиялдағы арудың шашы тарқап, бойы балқығандығының айтып ауыз, жазып жазу жетпейтін сәтін, шәуеттің бойыңнан кеткеннен кейінгі дәуренді тебірене тұрып ой экранынан өткізесің. Енді осы бір тоятты сәтті ақын қалай аяқтайды соған кезек берейік. Найзағайың тік түсіп, Кеттім күйіп, Нөсердейін сонан соң төктің құйып. Қаймағы алынбаған сүттей едім, Бір қасық қатығыңнан кеттім ұйып. Ақын физиологиялық заттық ұғымдарды: тік түскен найзағайға; сүт бетіндегі қаймақ пен қатыққа теңеп, қазақи түсінік-таным арқылы екеуара орын алатын түнгі сырдың шымылдығын өзіндік мәнерімен түре біледі. Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының (Түркия) мүшесі Маржан ЕРШУ, Kultube.kz  сайтындағы «Шие ерін, шие шарап және поэзия» деген  әйелдер поэзиясы туралы сын мақаласының жазылу тарихын бейтаныс  бір жігіттің өз поштасына жолдаған  хатында «Фариза, Ақұштап, Гүлнәр Салықбаева бәрің бірігіп, мына Асылзат Арыстанбектей өлең жаза алмайсыңдар» дей келе, Асылзаттың «Күрең атың шөлдесе» өлеңін жібергені сеп болды дейді. Абай дәстүрімен ауызданбаған, Мағжан дәстүріне мінәжат етпеген  ақынның болашағынан не үміт, не қайыр?! деп Индира Керей мен Асылзатты әдеби дәстүрді жалғастырушылар деп орынды пікірлер айтады. Иә, Азылзат  бізді оқырман ретінде тылсымның тереңіне шым батырып, “Түсінсең, бәрін айтып керегі не?” деп, терезесінің жарығын сөндіріп, Жарты түн  Жарты ақылмен өте шығатын тән тоятының сиқырлы әлеміне емін-еркін саяхат жасатып, жан жарымыздың, әйелімізден ұрланып баратын кәнизәк қыздардың жан дүниесін түсінуге батыл қадам жасатады. Күрең атың шөлдесе... Күміс көлден ойылған, Күрең атты суарған, Сен де шықтың ойымнан, Мен де шықтым құмардан,-деп Ұлығ мүшелердің (күрең және күміс) табиғи түсі  арқылы қазақ эротикасының постмодерндік сезімталдықпен интимдік лирика жанрында әлем әдебиетімен бірге қадам  басуын танытады. Және, барша қазақ аруларының атынан: Жағасында көлімнің, Жай жатпайсың, жырғайсың. Күрең атың шөлдесе, Күнде келіп тұрғайсың.   Тұңғиығы тап-таза, Табиғаттың ғажабы: Қысы-жазы көлімнің, Тарқамайды базары,-деп сұлуларымыздың жүрегіне таңбаланған, тәнінде мөрленген құпиялы құштарлықты көптің атынан алашқа паш етеді. Қазақ әйелінің құпиялы қазынасының құлпын ашады. Күліп-ойнап кеткейсің, Күміс теріп тереңнен. Күрең келсе кісінеп, Көл де шығар кемерден, Тыныштықпен таласып, Тілегіңе жеткейсің, Күреңіңмен таң асып, Қазық қағып кеткейсің. Иә, Асылзат өзінің эротикалық мәтіні арқылы интимдік лирикаға өз тұлпарын байлайтын қазығын қаға білді. Көл жағасы құрақ-ты, Келіп тұрғай құс аулап, Арғымағым, біржола, Алайын ба тұсаулап.   Келсең-дағы таң асып, Тыншымайсың, тынбайсың. Күрең атың шөлдесе, Күнде келіп тұрғайсың. Тұсаулау, аунату, таң асу, шөліркеу сияқты қимыл қозғалыстық сөздерді шеберлікпен ойнату арқылы ақын қазақы дүниетаным шеңберінде ардан аттамай әр арудың көкейіндегі тәни арманын ұлттық нақышта айшықтайды. Таңға жеткен тілегің, Тоят түннің пірі едің. Шорт үзетін шідерін, Шөлі қанбас күреңім. Асылзат қолына қалам ұстаған өз тұстас арулар шоғырының ары мен зарын, тояттауы мен құмары қанбауын жырларына өзек етіп қана қоймай, өзінің жеке эротикалық әлемінің ләззатты сарайын сөзбен тұрғыза алды. Және оның есігін кім көрінген ашып, сөз сиқырының етегін кім көрінген түре алмайды. Ашу мен түру үшін сезіміңді Асылзаттың амазонкалық жырларына аманатқа беруге тиіссің. Мен ұққан бір ақиқат осы... Ал, ғалым-ақын Маржан Ершу ұққан ақиқат төмендегідей: «Асылзаттың өлеңдері – өртеніп жатқан сезім, жарқылдаған найзағай ой, тың теңеулер, әділетсіздік пен озбырлыққа деген ыза мен кек. «Бесінші маусым» – жеке мақала жазуға тұратын кесек дүние. Әрбір шынайы суреткер өзі шыққан биіктің басында отырып, тауға өрмелеп келе жатқан жастарды көріп, көңілі тебіренері хақ», – деп «Егемен Қазақстан» газетіне Фариза Оңғарсынова жазғасын Асылзат Арыстанбектың «Бесінші маусым» атты жыр жинағын қолға алдық. «Шие ерін, шие шарап , ширай денем, Шөліңді шын қандырмай қинай берем. Сенің де бойға сыймай ыстық қаның, Менің де өз теріме сыймай денем» деп жырлапты жас ақын. Асылзаттың денесінің ширағаны емес, өлеңінің ширағанын қалар едік. Тағы бір жырында, шамасы әйелдер туралы болса керек: - Жүрсек те қызық қуып, тасып-толып, Қалады кейде ортайып жасып көрік.   Қиялдағы адамды сүйеді әйел Қасындағы адамға ғашық болып. …Әйелдерсіз өмірдің күйі кетер, Десек те ол әйелдің сыйы бөтен.   Қасындағы адаммен өмір сүріп Қиялдағы адамын сүйіп өтер- , деп жырлапты. «Әйел десем, ішінде әжем де кетеді-ау» дегендей, жер бетіндегі әйел біткен Асылзат жырлағандай ғұмыр кешсе сұмдық екен. Тағы бір өлеңінде: Бақыт нұры маған қарай исе тек, Байлықты да бір басыма үйсе бек. Қиялдаймын күпірлікке салынып Еркек біткен мені ғана сүйсе деп.   …Алқа қылып алтын менен жақұтты, Жалықсам-ау естіп ұдай аһ-уһты! Сол үшін де қайғы –мұңды ұмытып Әйел бола салар едім бақытты! «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды-ау» дегендей, әйел деген әжептәуір сөз еді… Күллі Греция , Афина мен Элладаны жырларымен жаулаған көне заманның ұлы ақыны Эврипид заманында үлкен құрметке ие болса да, отбасында өте бақытсыз адам екен. Өйткені, әйелінің жеңілтектігіне қорланған ақын «Ипполит» атты драмасын жазып, кейіпкерін монологпен сөйлетеді: «Уа, Зевс! Сен әйелді неге ғана жараттың? Әйел- өмірге бақытсыздық әкелуші». Сол заманда Эврипидтің бұл шығармасы қоғамда әйелдер қауымының наразылығын тудырып, бір әйелдің ұятсыз қылығына бола бүкіл әйелдердің ар-намысын қорлауы ақынның шектен шыққан озбырлығы боп танылып, ақырында ұлы ақынның жұрағаттың алдында кешірім сұрауымен аяқталған. Сұмдығы сол тарихта әйелдің сайқалдығын бейнелеген жыр қалды» дейді. Бұл пікір ауыр пікір бірақ Ләйліге падишаһтың көзімен емес, Мәжүннің көзімен қарау керек. Және Асылзатқа классиктік әдеби бақыт сыйлаған “Күрең атың шөлдесе” керемет туынды. Барша Қазақ әйелінің де, сенің жан жарының да құпиялы қойнауын аша білген туынды. Беймәлім жігіт хатты тегін жолдап отырған жоқ бөрік кигеннің намысы бір деген сыңаймен мақаламды түйіндемекпін. Бірақ, Асылзат әлі жазарын жазып, айтарын айтып бітпеген оқырманына бергенінен берері көп бұла ақын. Оның тәніңді алаулатып, жаныңды жалындататын, ләззат пен тояттың қазақи синтезінен тұратын ерке жырлары талай оқырманды тәнті етуден еш жалықпайды. Шал ақынның бұрымды ізбасарына тек шығармашылық сәттілік тілейміз. Барша жырыңа ғашық оқырман ерлер қауымы атынан Алаш Анасының Ұлығ сезімін әйгілеуде шабытың шатқаяқтамсын дейміз.  Өйткені, сен біздерге (бөріктілерге) қыздардың (бұрымдылардың) құпия әлемінің тылсымды сырларын сыйладың!!! Әдеби бағың ашылып, шабытың шарықтай берсін!

Әбіл-Серік

Әбіліқасымұлы Әліәкбар

Ұлт порталы