ТАБАНЫМЕН ЖЕР БАСҚАН ТІРІ ӘУЛИЕ

                                                    «Қан мен терге» толы ғибратты ғұмыр кешуде ...Көпке жағу – қиын; қарапайым ғана қоңыр қазаққа ұнау – он есе ауыр, ал, кірпияз қаламгердің көңілінен шығу – жүз мәрте қиямет... Таяуда Дулат көкем (жазушы Дулат Исабеков) айтыпты: "Осыдан 50 жыл бұрын жұрт ақсақалға зәру болса, қазір әркім өзінше ақылды. Тіпті сол ақсақалдықты біреуден талап етудің орны бар ма, жоқ па? Егер құлағың болса, ақыл айтатын, жөнге салатын ақсақал табылады. Бірақ біздің құлағымыз жоқ қой, тасырлаумыз ғой, жүре тыңдаймыз" – деп... Дулат көкемнің уәжі еш кірбіңі де, кемдігі де жоқ ақиқат сөз. Әлемнің 34 тіліне тәржімаланған «Қан мен тер» трилогиясының авторы Әбағамды (Әбіжәміл Нұрпейісов) "кейінгіге айтары жоқ" деп айту – күнәмен пара-пар ғой. Қалың қазақтың ыстық ықыласына бөленген Әбағамның «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» романы әлемдегі 52 елдің оқырманына жол тартты. Нью-Йорктің «Либерти» баспасынан Кэтрин Фитцпатрик аударған қазақ қаламгерінің шығармалары ағылшын тілінде басылып шыққан. Елордамыздың мерейтойы қарсаңында Академиялық Ұлттық кітапханада аталған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Белгілі әдебиеттанушы, МГУ-дің профессоры Николай Анастасьевтің: «Бұл кітапта қазақ жерінің ауасы, дәстүрі, мәдениеті, өмір сүру салты, жалпы қазақылықтың иісі аңқып тұрады» дей келіп, әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының ағылшын тіліне аударылған соң ғана бағы ашылғанын әдейі атағанына қарағанда, қазақ жазушысы туындыларының да жалпақ дүниеге танымал атышулы еңбекпен деңгейлес екендігін меңзесе керек... Әлдеқашан оқырман көңіліне мықтап орнығып, лайықты орынын алған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйдік еңбектерінің жаңа ғасырға адамзаттың басым бөлігі білетін ағылшын тілінде басқан құтты қадамы өркениеттің шыққан кезекті шыңы екендігін тіліне тиек еткен «Художественная литература» баспасының директоры, жазушы Георгий Пряхин Әбағамның суреткерлік шеберлігін терең ойдың тарланы Лев Толстоймен салыстырды. Қазақ әдебиетінің табанымен жер басып жүрген тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлық жазушымыз Мұхтар Әуезовтің аузынан естіген бір әңгімені есіне түсіріп, былай деді:"Көктемде төбедегі қар ериді ғой, сол еріген су төменге тырсылдап тама берсе, көк тасты да тесіп өтпей ме?!. Халыққа сол тамшы секілді қызмет ету керек. Солай жазу керек» деп еді Мұхаң. Менің де айтпағым осы, бұл менің екі кітабым да сол тамшыдай ғана. Бұл үрдісті жалғастыру керек..." Әбағаңды, яғни, қазақтың қазыналы әдебиеті мен бай дәстүр-салтын әлемге танытуға мұрындық болған кәсіпкер-меценат, Халықаралық «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының басшысы Исламбек Салжанов байсалды бастама баспалдағының жалғасын табатындығына сендірді. ...Несін жасырамыз, қазақ сөзін күллі адамзатқа жеткізген Әбағам (Әбдіжәміл Нұрпейісов) туралы әралуан әңгімелер қашанда көп болды, әлі де азаяр емес... Хакім Абай 41-ші қара сөзінде: "Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен, еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!.." – дейді. Қазақтың маңдайына бітіп, таңдайына татыған қай марқасқасы жалған сөз, жапқан жаладан аман қалып еді?!. Қоңыр қазағының көркем сөз-кемесін әлем әдебиетінің айдынына түсіріп, бағыт-бағдарын бағамдап берген әулие сынды Әбекемнің желкені мәңгілік жығылмайды. Жалғанның ақиқаты, міне, осы.  

Мыңжан БАЙЖАНИН, жазушы-публицист