Нұрғали Жүсіпбай. ШОШЫНУ.
2013 ж. 09 шілде
2595
1
(әңгіме)
Түн. Есік-терезесі түп-түгел тастай қымталып тұмшаланған үйдің үлкен бөлмесінде қапырықтан булығып, тыриған сирақтармен астындағы төсегін еріксіз қайта-қайта тепкілеп, тыпыршып жата алмай, дәлірегі ұйықтай алмай жатқан бала кенеттен тұла бойын билеп алған әлдебір қорқыныш сезімнен дірілдей берді де, ақыр соңында, мұнан өзі де қорқып, шыдай алмай, құдды қорқынышты түс көріп шошынғандай сәби жүрегі мен тар кеңірдегін жарып шыққан бар ащы дауысымен шыңғырып жылап жіберді. Перзентінің ащы даусын ести салысымен "біссіміләсін" бірнеше рет қайталай берген анасы әп-сәтте баласының қасына жетіп келіп, баласының тершіген алақандай маңдайын сипап, ащы термен бусынған аядай бетін қайта-қайта сүйіп жатты: "Ботам, қошақаным, жаман түс көдің бе? Болды, жылама енді..." Бала жылағанын қояр емес. Анасы бұдан басқа не айтарын, қалай жұбатарын білмей дал болды. Аузына басқа сөз де түспей, тек осы екі-үш сөзді қайталай берді сасқанынан, қайталай берді. Бар қолынан келгені - іштей бісмілләсін үйіріп, баласының шым-шым терлеген маңдайынан сипап, екі бетін қайта-қайта сүйе беру болды. Осы-ақ. Баласының ащы даусын ести салысымен орнынан атып тұрып жарық жаққан әкесі де бұлардың қасына келіп, ол да, дірдек қағып жатқан жалғыз баласын қалай жұбатарын білмей, әрі мұндайды алғаш көргеннен зәресі ұшып, дәл осы бір сәтте көмек көрсете алмаған өзінің шарасыз хәлінен өзі іштей ызаланып, қауқарсыздығын іштей мойындап, аңтарылып қалды... Оның да бар қолынан келгені, анда-санда оқитын бір-екі қысқа сүрені іштей қайталай беру болды. Ал, бала болса, бойын билеген әлде бір қорқыныш сезімнен дірдек қағып, бөлме іші жап-жарық болып тұрса да екі көзден парлап жас ағып жұбата алмай отырған басы қасындағы анасы мен әкесін көре де алмай, олардың үйреншікті мейірімі мен жылылығын сезе алмай, тіпті, олардың "боталаған" даусын ести алмай ышқынып жылап жатты... Балғын денесі мен пәк санасын билеп алған үрейден бала қанша уақыт шырылдап, шыңғырып жатқанын кім білсін, бірақ, дәл осы бір тұста ата-анасы үшін секундтар сағаттарға созыла теңесіп, түсінде көрмеген жан азабын өңінде тартып жаты. Бұрын соңды мұндайды көрмеген екеуі не істерін білмей қайта-қайта бір-біріне қарап жалтақтаумен, бір-біріне көмектесе алмағандықтан, іштей жаратқанға сыйынумен, содан медет тілеумен болды. *** Ата-ананың жалбарынған үні қапырық қапасты жара көкке көтеріліп, дұғалары қабыл болды ма, жоқ, әлде ата-ана мейірімінің құдіреті үстем болып бала бойындағы үрей мен шошынуды аластатып жіберді ме, белігісіз, кенет, бала бірте-бірте өксігін басқандай боп, дірілі біршама қайтып, көз жасын тыйып, есін жия бастады. Дәрмені біткен бала, не болғанын, неден мұнша қорқып, шошынғанын өзі де түсіне алмай, әлсіз де нәзік қолымен анасының мойнын құшақтап, жылы да мейірімді ана иісін терең жұтып, жұтқан сайын әлдене түскенін сезінгендей болып, ана бауырына тығыла берді. Баласының бетін түгел жапқан көз жасының, мұрынынан аққан суының, тершіген маңдайының жылылығын, тіпті, дәл қазір тұз тарқан ащы дәмін, біртіндеп ыстығының көтеріліп келе жатқанын тек ана жүрегінің ғана сезе алатын ұлы да нәзік аналық түйсіпкен сезініп жатты анасы. Ыстығының көтеріле бастауы болашақта бұларды күтіп тұрған ауыр кесапаттың ілік ышандары болатын. Бірақ мұны дәл қазір ана мен бала қайдан біле қойсын? *** Сәлден соң есін жиған баласы: "Мама-ау ыстықтадым, кәндісәнерді қосайықшы" деді басында отырған анасына қарап. "Не істейміз" дегендей әйелі күйеуіне қарады. Күйеуі қымтап тастаған терезеге бір, екі-үш күн бұрын ғана орнатқан су жаңа кондиционерге бір, кезек-кезек көз қадады... "Мұндай болған қызығы мен рахатына нәлет дүниенің! Дәл қазір, жаздың аптық ыстығында, тұншықтырған қапырықта пәленбай ақшаға сатып алып, арнайы орнатқан кондиционеріңді ұрайын! Ашылмайтын, тұмшаланған терезеңді ұрайын! "Терезені ашпаңдар" дейді, "Сыртқа шықпаңдар" дейді, ау, сонда, түрмеде жатқан адамнан, қылмыскерден не айырмашылығымыз қалды? Не жаздық біз оларға!? Үйіміз - үй ме, жоқ, әлде түрме, қапас па?" деп іштей кіжінген әкесі анадайда шәй үстелдің үстінде жатқан газетті алып келді де, тынымсыз желпілдете бастады. Кей-кейде қапырыққа әрең шыдап отырған әйеліне бір, өзіне бір желпілдетіп отырып, бойын ыза кернеп, өз қолымен тұмшалап тастаған әлгі терезені бір, кондиционерді бір тіктеді тағы да. "Қап бәлем, әкеңді ұрайын! Қап..."***
Шым-шым терлеген маңдайын сәл де болса салқын ауа сипағаннан рахатқа бөлене бастаған бала үшін осы бір сәтте әлемдегі ең құдіретті кісі, ең бір мейірімді жан дәл қазір газет желпіп отырған әкесіндей боп сезілді. "Папа-ау" -деп, үн қатты жай ғана. "Әу балам" -деп, жауап қайырды жылы үнмен әкесі. "Ертен есіктің алдына шығып ойнасам бола ма?". Әкесі үн қатқан жоқ. Дәлірегі не деп жауап берерін біле алмады. Өйткені екі күн бұрын таяу жерде болған зымыран апаты мен жарылысынан кейін, көкке көтірілген удан сақтану үшін жергілікті басшылар осылай тапсырма берген-ді. "Үйіңнен шықпа!" "Есік-терезеңді қымтап жауып таста!" "Кондиционер қоспа!" Осы-ақ. Бірақ, баланың аты - бала ғой. Қашанғы отырсын ыстық үйдің ішінде қамалып. Ойын баласы болған соң, балалармен асыр салып атыспақ, тығылмашақ, баланың өз тілімен айтқанда "машина-машина", онан соң ең соңында барлығы жиналып, шүймеліп отырып "пишка-пишка" ойнағанға не жетсін. Ең көп «пишка» (фишка) өзінде болатын. Өткен жолы бәрін ұтып келте шалбарының екі қатасын томпитып қайтқан. Ал көрші балалар енді қарымта ойын жасаймыз деген-ді. Бірақ, амал жоқ, үйден шығуға болмайды, дәлірегі, әкесі ұрсады. Кеше білдірмей лып етіп шығып кетейін дегені сол-ақ еді, әкесі жекіп тастады, тіпті, тартып жібере жаздады. Бұл болса, баж етіп жылап жіберіп, шешесінің етегіне тығылған... Ай, сорлы балам-ай, әке ашуының мәнін қайдан білсін. *** Жауап қатпаған әкесіне: "Бәлкім сөзімді естімей қалған шығар"- деген оймен баласы әлгі сұрағын тағы да қайталады. "Папа-ау, ертен дала шығып ойнайыншы?" "Ым-м..."- деді әкесі. Бұл "ым-мның" мағынысы не еді? "Ия" ма, әлде, мағынасы "жоққа" телінген, жүрегінінен сүзіліп шыққан амалсыздық пен мұңның үні ме? Дәл қазір мұны өзі де ұғына алған жоқ. Бірақ, қалай болғанда да бала үшін мұның мағынасы "ияға" жақынырақ, манадан бері естігісі кеп тұрған сиқырлы сөз болатын. Бар айта алғаны осы-ақ болды әкесінің: "Ым-м"... *** Бала үрейден әлі де толық арыла алмай жатты. Оқтын-оқтын аяқ-қолы мен бет бұлшық еттері өздігінен болар-болмас дірілдеп қоя береді. Дірілдеген сайын мұның мәнісін іштей түсініп отырған әке-шешесінің жүрегі ауыздарына кеп тірелгендей болады. Рас, бастапқыда-ақ, әке-шешсі дереу жедел жәрдем шақыртқан болатын. Келмегеннен соң, қайта-қайта телефон соқса да, дәл осы жолы, неге екені белгісіз, олар да тым кешігіп жатты. *** Дірілі біршама басылғаннан соң, газет желпіп отырған әкесі мен маңдайын сипап отырған анасына қарап: "Ұйқым келмей жатыр" деді. Шешесі тағы да әкесіне, әкесі тағы да баласына қарады. *** "Жақында мамаң үшеуміз Астанаға барамыз"- деді, сонан соң... "Астана" деп әдейі айтып еді. Өйткені мына құрғыр жерде теледидардан көрсететін ең әсем де сиқырлы дүние осы - Астана болатын. Оның үстіне осы күндері Астананың туған күні де аталып өтпек еді. Ал, ең бастысы баласының туған күні тұңғыш президенттің және Астананың туған күнімен тұспалдас келгеннен соң, мерейі сол кісідей болсын деп баласының атын - Нұрсұлтан қойған болатын. Әкесі үшін дәл қазір төбеден зымыран құлап, улы газ аспанға көтерілген, түнек пен қапырықпен қапасталған шындықтан гөрі теледидардағы жайма-шуақ, түрлі-түсті, жап-жарық нұр шашқан өтірік әлде қайда жағымды, едәуір ұтымды, тіпті шипалы әм жанға жақындау боп көрінді. "Сол Астанаға барғанда саған Хан шатырды, Бәйтеректі, неше-түрлі балықтарды, Ақорданы көрсетем балам..." деп жатты әкесі... Бірақ, бала-Нұрсұлтан одан арғысын ести алмай мүлгіп, бала қиялыменен тек теледидардан ғана көрген сол Ақордасы, сол Бәйтерегі, сол Ханшатыры бар түрлі-түсті сыйқырлы әлемге, ұйқының тәтті құшағына еніп кетті. Әрине баланың әкесі де, анасы да оның дәл қазір көріп жатқан түсінен, түсінде сонау Астанадағы Нұрсұлтан атасына жолыққанын, оны ауылдағы достарымен таныстырғанын, сонан соң барлығы қосылып, "далаға шықпаңдар" деген тыйымға қарамастан далада атыспақ, тығылмашақ, машина-машина, "пишка-пишка" ойнағанын, онан соң бәрі шаршап-шалдығып келеннен соң, анасы салып берген қатар-қатар төсекке Нұрсұлтан атасымен қаз-қатар жатқанын, онан соң, бұлардың қасына әкесі келіп, әп-сәтте ойдан құрастыра салатын шытырман ертегісін айтып бергенін, тіпті, қапырық қысып бара жатқаннан шыдай алмаған Нұрсұлтан атасының өзі барып әлгі қосылмай тұрған су жаңа кондицонерді қосқаннан кейін, бәрі тегіс салқындап, рахаттана тыныс алып, тәп-тәтті ұйықыға батып кеткенін білген жоқ. Бірақ, "балам тыныш ұйықтасын" деп газетпен қапырық ауаны қармап-желпіп отырған әкесі бір нәрсені нақты біліп, содан үрейі қашса да, бұл ойын әйеліне де айтуға қорқып, қорыққанын әйеліне сездірмес үшін екі көзін тастай жұмып, іштей тынып отырды. Ол - жаздың осы бір ыстық шағында түнімен ұйқы бермейтін масалардың үні түгелдей өшіп, үндеместердің тып-типыл жоғалып кетуі еді. *** Ал, дәл осы сәтте Астана өзінің ұлан-асыр мерей тойын дүркіретіп тойлауға дайындалып жатты.Нұрғали Жүсіпбай