Қара Ертіс – қара қайғымсың!..

Тілін тәрк еткен тексіз қандасты  қалай тәубәға келтіреміз? Тәуелсіздік алғалы біздің қазақ шежірешіл болып алды. Бұл расында теріс құбылыс емес – оң құбылыс, қазақтың қанында бар ұлтты сақтап қалатын ұлы қасиеті. Этнограф-жазушы, қазақ менталитеті мен мәдениетінің шырақшысы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты эпикалық кітабынан соң, бұл құбылыс барған сайын етек жая беретіні сүйінішті. Жаңа шығып, жария болған Ғарифолла Есімнің «Ақ өлең – аққулы мекен» атты роман-эссесі – де шежірелік баян. Қазақтың уақ руының 90 үйін аң аулап асыраған сонау эпостық қара қасқа атты Қамбар батырдан бастап, Мағжан ақын, автордың немерелес атасы, уақ елінің бас көтерер мырзасы, он екі мың жылқы біткен Темірғалы байға шейін деректі тұлғалар кездеседі.Бұл қазыналы еңбекте. Ата-баба рухына тағзым. Текті іздеу – оны жоғалтпауға жасалған қам. Ал, қазіргі тегін ұмытудың аз алдында ұлтсызданып бар жатқан жарты қазақтың бейқамдығы – қоғам үшін де келешек үшін де қауіпті. Тілін жоғалтып, мәңгүрттікке ұйыған тексіз қазақтар ұлтын қоса жоғалтатынын әлі ұғар түрі жоқ. Түп-тамырдан қорек алмаған соң, түбі құрып тынарын ойлауға қабілетсіз. Топонимдер айқын. Бұлдағы шежірелік жанрдың басты ерекшелігі. «Ертістің бойында ерте заманда Қимақ деген мемлекет және оның оннан астам қаласы болған. Өзеннің белі бүгілген жеріндегі қала – Қиық». Романда Павлодар атанған Ертіс өңіріндегі Малыбай көлінің тарихы бар. Оның жағасына орыстар қалай келіп қоныстанғанын, біртіндеп аққулы мекеннің ба­йыр­ғы этнонимін өзгертіп, «Лебяжье» атағанын автор кіжінусіз, нақты деректермен айқын әңгімелейді. Көл мұнда – жерұйық символы. Асанқайғы іздеген жерұйық әр қазақтың туған жері деген ойды автор астарлайды. Көлдің аңыз-әфсана арқылы суреттелуі ұтымды шыққан. Ақеділ ақынның бейнесі арқылы романда жазушы туған ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті уағыздайды. Ақеділ – романтик ақын. Ол іштен шыққан шұбар жыландай жексұрын Дайыр, Дойыр десе артығы жоқ, атып алған құстардың арасынан су құсын іздейді. Былайғы ел оған «жарымес» деп күледі. Өйткені, Ақеділ үшін аққу құс қана емес, табиғат иесі, жер құтын қорушы ұлы күш, сұлу жар, мейірімді ана. Бұл таным – мифтік санаға негізделген. Баба түкті шашты Әзиз әулиенің анасы пері қызы аққуға айналып ұшып кетеді. Көркем метафора арқылы қазақ халқының тотемдік көзқарастарын автор қайта жаңғыртады. Аққу – су құсы. Құс төресі – ақ­қудың киесін Сәкен мен Мұқа­ғали сүйіп жырлады. «Аққу атқан қазақтан кие, құт қашады» деген ойды Ғарифолла Есім совет өкіметі орнағанда жендетке айналған жауыз Дайырдың қанды әрекеті және қылмыс бар жерде қосақтала жүретін жаза арқылы ишаралайды. Ақеділдің образын Ғарифолла Есім діни ұғыммен де байланыстыратын тәрізденеді. «Сапа өлеңші, әнші дегендерге сене бермейтін. Оларды жын қуалаған дегенге көбірек иланатын. Ақеділдің сөз тігісі де өте жатық, үні де, мақамы да нағыз жыршы еді марқұм». Бұл қасиетті Құрандағы айтылатын ақындар туралы ойға жетелейді. Жұрт жын иектеп, құлағына өлең сыбырлап тұрады деп сенетін ақынмен Пайғамбарды шатастыратын аят бар. «Марқұм Ақеділ көкелерің «Су құсы» деген жыр шығарып, көлден құс атқызбайтын, жа­рықтық, – деді Сапа». Шоқан Уәлиханов Арқадан шығып, Балхаш, Жетісу бойын саяхаттағанда суреттейтін фауна мен флора керемет бай болатын. Аң мен құс осыдан 150 жыл бұрын қазақ жерінде жыртылып-айрылатын. Қазір соның жұқанасы қалған. Араб шейхтары ұлы даланың азат сұңқарларына құмар болғандықтан құс қоймай барады дегенді де естіп, түк қайрат қылмақ түгілі, қымбатырақ саудаласып отыра беретін қазіргі қазақтармыз ғой. Бізде патриоттық, елсүйгіш жершілдік сезімдер Ақеділ ақынның кесек ойлайтын, ғаламмен астасқан санасының қасында сондай жұпыны, сорлы көрінеді. Өйткені, қазіргілер тек пайда туралы көбірек ойлайды. Тұтынушының тоғышар надан қалыбынан аса алмай, дүниедегінің бәрін доллармен есептеуге, рационалдық дүние­танымға құл болуға мейлінше көндігіп барады. Ал, рационалдық ұғым – адамның жүрегінен көркемдікті аластайды. Малыбай көлі – атамекенге аққулардың кері оралуы қайта жаңғыруға нышан. Аштық-ашаршылық жылдарында Ресей бетке қарай, шетке ауған Сапаның түсіне көл, су құстары мен Ақеділ ақын кіреді, бұл аққулы мекен. Қош­тасу аян түс, көлді қайта көрмейтінін ол түсінді. Бірақ, ұр­пағына туған жеріне оралуын аманаттайды. Сапа Сексенбайұлы – бұл кісі жазушының туған атасы. «Ақ өлең – аққулы мекен» – Ғарифолла Есімнің жан толға­ныстары. «Ақ өлең» – Тәуелсіздік, еркін құйылатын ақ өлеңмен қатар қоғам өзгергендегі сана дағдарысы. «Адамзаттың әлсіздігі де, шексіз қуаты да оның жасының қас-қағымдай қысқалығында емес пе?» – деп толғайды автор. «Дүниенің толуы – өркениет. Өркениет толыса келе өзі дертті болмақ». Бұл қоғам дамыған сайын адамзаттың тіршілігін улай берері айқын. Соның бір белгісі ретінде қазір жер бетін бағзы коммунизм елесіндей кезіп жүрген мәңгі өмір сүру идеясын атауға болады. Философ Ғарифолла Есім бұл ойды былай сабақтайды: «Адамзат мың жасайтын заманда жаңа дерт пайда болмақ. Ол – жалығу». Дана Абайдың 20-шы ғақлиясы: «Пендеде бір іс бар, жалығу деген» деп басталады. Ал, мәңгі өмір сүру идеясының абсурд екенін ұлы сатирик жазушы Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаты» атты әйгілі романында мазақ қылады. Жаратушы Ие бір Аллата­ғала адамды өмір-өлім қағи­дасы арқылы мінсіз логикамен жаратқан. Адам жаны өл­мейді, жан мәңгілік дегенді місе тұтуға болады ғой. Шебер Аллатағаланың мұнан артық мейірін, нұрын қалай елестетуге болар?!. Бұл кітап оқырманды ойландырады. Ал, риторикалық сауал түрінде келетін «Ертіс ағып жатыр ма?» атты романның екінші бөлімінде детективті роман жанры­ның элементтері бар. Баяғы қанқұйлы Дайыр ақыры қарғысқа ұшырап қайыршылықта өледі. Ол талай адамның түбіне жеткен, өзіне туыс адамдарды аямаған. Бірақ, автор өлер алдындағы Дайырдан бір адамшылық сәулесін таниды. «Адамға аяушылық сезімі, жақ­сылық жасау неткен рахат» деп мойындайды ол. Бұл да философиялық сана. Арылу. Катарсис. Толстой мен Дос­тоевскийдің кейіпкерлері арылу ар­қылы христиандық күнә мен жаза идеясын ақтап тұратыны сияқты. Солтүстік Мұзды мұхитқа құя­тын ұзын аққан Ертіс өзені – қазақ жерінің күретамыры. Ұлықбек Ес­дәулет ақынның басын Қытай­дан алатын қара Ертісті көрші алпауыт мемлекет тасадан бұрып алу қаупі тұрған құсалы «Қара Ертіс» атты өлеңі бар. Қара Ертіс, менің қақпамсың, құтпан боп құйып жатқансың. Қара Ертіс, маған ай-күнсің, қарқара толқын айбынсың, қазаққа қызыр айдынсың, қай күні бізден айнырсың, қай күні теріс ағар деп, қан жұтқан менің қайғымсың?!. Қара Ертіс – қара қайғымсың!.. Сөз этимологиясымен, мағы­насымен алғанда Ақеділ ақынның есімінде де ұлы су, Еділ өзені жатқан жоқ па! Ал ежелгі түркі бабаларымыз ұлы көштерінде табиғи қорған болатын Еділ-Волга өзені бойына тұма күйінде қоныс тепкен. Еділден айрылуды Дешті Қыпшақтың асқан жыраулары кейінгі Махамбетке дейін зар жылап жырға қосатыны сондықтан болатын... Ертіс пен Іленің суын олар бұрып алып жатса, ол қазақ жерінің нағыз қайғысы болады. Бірақ, бұл фәнидің барлық жұмбағы бір Алла Тағаланың иелігінде. Құдай сақтаса – сақтайды, Құдайсыз қурай да сынбайды. Нағыз қазаққа тән менталитет осы.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы Астана