БЕРІК АҒА
2026 ж. 16 қараша
54
0
Мен Алматыға келген кезде Берік аға Қазақстан Жазушылар одағында референт болып қызмет жасап жүр екен. Бұл 1992 жылдардың шамасы еді. Берік ағаны еске алғанда үнемі Жазушылар одағының қарсы бетіндегі бақта түс әлетінде костюмін желбегей жамылып серуендеп жүрген бейнесі көз алдыма келеді. Костюмін желбегей жамылып, қолын артына қайыра ұстап әлдебір ойдың жетегінде ойланып келе жатар еді. Сол кезде Сүгір күйіндей рәт бір хәл кешіп келе жатқандай болатын. Сүгір демекші, Берік аға қазақ ән өнері мен күй өнерін терең түйсініп қана қоймай, реті келгенде әдемі отырыстарда тыңдаушысы келіссе өзіміз жақтың қоңыр реңді әндерін түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп жіберетін. Бір сыдырғы, құлаққа жағымды, жүрекке жататын үні бар-тын. Кейін, қанша жылдар өткенде, алғаш баспаналы болып үй көруге шақырғанда Дәржан апам екеуі бірге келген. Үнтаспада Сүгір күйі баяу естіліп тұрған. Берік аға күйді үздірмеді. Төрт-бес сағат бойы Сүгір күйінің аясында әңгіме айтылып, сыр тиегі қозғалып, дастархан басында әдемі отырдық. Сонда білгем, Берік ағамның Сүгірге шын құлағанын. Сүгірді таныған адамның кеудесінде ат басындай алтын жатар.
***
Костюмін желбегей жамылып келе жатқан қалпында «Елге бардың ба? Елден не хабар?» деуші еді. Көңілі мен көзін ел жаққа төсеп жүретін. Ел жақтағы рухани іс-шаралардан қалмауға тырысатын. Дәржан апам үнемі қасында. Берік ағаның жүрегі мұражай еді. Берік аға Сарысудың әр түп жусаны мен әр түйір тасын жүрек төріне көтеріп өтті. Ескі әңгімеге құлағы түрік қаламгер қарт Қаратаудың бауырындағы көне тарихты сүрлеулі сеңгірлердің басына түнде Ай қонақтатып сөйлететін. Байтақ даланың ықпыл-жықпылы мен қыбыр-жыбыры, үстірті мен өрі, суы мен буы бұрқырап көз алдыңа келгенде осыншама дүниені жаратқан осы Берік ағаның өзіндей боп көрінетін. Сондайда менің көкейімде Берік ағаның шығармаларында суреттелген қарт Қаратаудың теріскейі көлденеңдей беретін. «Асудағы қыстаудың қарсы алдындағы қия беткейде көкке найзадай шаншылған, құз-жартасты, тіп-тік, биік шоқы бар еді. Таудың бұл төңіректегі ең биік тұсы. Суға жабылып шыққан арқарлар міндетті түрде әлгі шоқыға қарай өрмелер еді. Биіктің қып-қызыл жартасты ұшар басына шығып алған соң қатар-қатар тұрып алып, мүйіздері қайқайып, танауды көкке беріп маңқайып,кейде сүт пісірім, кейде шайқайнатым қыбырсыз тұратындары бар. Сонан соң кенет ойларына бір нәрсе түскендей шұғыл қимылға еніп, биікті тасалай берсе, лезде көзден ғайып болады. Кейде түн ішінде ай астындағы биіктің үстіне, сатыр-сұтыр дүрілге, жарақты қолдай самсап шыға келіп, тап бір осы ауылды күзетке алғандай қасқайып-қасқайып тұратындары бар. Біраз тұрып-тұрып, кенет түнді басына көтере жөңкеле жөнеледі. Тасыр-тұсыр шапқан тұяқтың дыбысы көпке дейін тау ішінде жаңғырып барып үзілетін».
***
Берік ағаның ішінде Күн күліп тұратын. Берік аға шын мәнінде «Бетегеден биік, жусаннан аласа» ғұмыр кешті. Өзіне арналған орыннан үнемі бір саты төмен отырды. Сондайда Берік ағаның зайыбы Дәржан апа «Аға, бері шығыңыз, сіздің орыныңыз міне, мына жерде» деп жетелегендей ғып қақ төрге әкеп отырғызып жатқанын талай көргенбіз. Дәржан апа Берік ағаны «Аға» деуші еді. Дәржан апамыз мінезді кісі болды. Ол кісі айтарын айтып кететін. Дәржан апа қазақ Анасына ескерткіш қоюды армандады. Сол жолда көп әрекет етті. Асанәлі ағаның анасы туралы жазған менің өлеңімдегі «Ұл сыйлаған халқына өткір етіп, Ғазиз ана бақиға кеттің өтіп. Сол Анаға ескерткіш қойса шіркін, Көктөбенің басына көк тіретіп!» деген шумағымды үнемі жатқа айтып жүретін. Және осы шумақты қазақ Анасына қойылатын ескерткішке ойдыртып жаздыртам деуші еді, жарықтық. Дәржан апа өмірден қайтқан кезде Берік аға қатты қайғырды. Сондай күндердің бірінде «Апаңа арнап өлең жазшы» деп өтініш айтты. Ағамның өтінішін орындап Дәржан апама арнап тәуір өлең жаздым. Ыждаһатсыздығымның кесірінен сол өлең бүгін қайда қалғанын таба алмай өкініп отырмын. Мүмкін, Берік ағаның мұрағатында жатқан болар...
***
Берік аға костюмін желбегей жамылып келе жатып «Елге бардың ба? Елден не хабар?» деуші еді. Сондайда Берік ағаның шығармаларында бейнеленген қарт Қаратаудың теріскейіндегі ұлы байтақ санамнан құм сағаттай құйылатын... « Мынау шексіз-шетсіз көк теңіз аспаннан байыз тауып байырқай алмағандай, мұңлық күй кешкен жалғыздай сарыла сабылған қалпы Қаратаудың құбылысына қонақтаған батар күн қатпар-қатпар қойнаулар мен жыраларға тылсым қою қараңғылық ұялата түсіп, ендігі сәт өртенген кемедей жалындап, отқа оранып, көкжиектің көк белес, күлгін жалына ауыр батып бара жатты. Өртенген «кеменің» жалыны күлгін толқындарға жұтылып, сұлбасы бірте-бірте тұңғиыққа сіңе, көзден тасалана берген сайын қыртыс-қыртыс тау іші, жоталы жондары әлемтапырақтанып, көрер көзге дүниенің бояуы өзгеріп, төңірек сапрырылысып кеткендей алас-күлес бір ағыншеру жүріп жатқан. Бұл әрі-сәрі шақта әп-сәтте өте шықты да, енді апсиған адырлары өлген айдаһардай сұп-суық, сұп-сұлық түсіп, төңірек жансызданып, түн түнегі тұмшалай бастаған.Тау іші салқындап жүре берді ».
***
Берік аға өзінің адами принцптеріне өте адал өмір сүрді. Қағаздай таза кісі болды. Кезінде Жазушылар одағының ғимараты көкпарға түскен тұста да кісілікті сөз айта білді. Жазушылар одағын кие тұтты. Жазушылар одағына жауапты тұлға ретінде қызмет жасады. Жазушылар одағына шаруасымен келген әр қаламгермен мейлінше тіл табысып, бұйымтайын тындап барып өз ойын ортаға салып мәселенің оң шешім табуына ықпал ететін. Үнемі сол кездегі Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалинмен ымыралы, бірлікте қызмет еткеніне куә болдық. Берік аға қаламгерлер арасындағы түрлі ит-жығыс әрекеттер мен әр түрлі әңгімеден аулақ жүрді. Ол түрлі топтағы ақын-жазушылардың бәрімен жылы қатынас ұстады. Тіпті мүйізі қарағайдай Әбдіжамил Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шахановтардың өзі Берік ағамен тонның ішкі бауындай болды деп айта аламыз. Берік аға сондай-ақ, әлем таныған Шыңғыс Айтматов, әзербайжанның атақты Анарымен де тығыз байланыста болды. Ұмытпасам Анардың шығармаларын қазақ тіліне аударып кітап қып бастырып шығарды. Берік ағаның Жазушылар одағына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
***
Берік аға костюмін желбегей жамылып келе жатып «Елге бардың ба? Елден не хабар? » деуші еді. Сондайда, Берік ағаның шығармаларында көрніс тапқан, айналайын, атажұрт - Сарысудың алтын топырағы шыр айналып жүрек төріне көтерілер еді... «Жаз жауынсыз, құрғақ болып тұр. Шілденің шығар аузына таянса да аптаған ыстықтың беті әлі қайтар емес. Күн көтеріле-ақ қызулы көрінген қуатты жалыншашқандай, көлеңкелі орман, көк шалғыннан кенде қалған мына сары даланы аңызақ жайлап алады. Талма түстің шағында айналадан жалпақ даланың ыстықтан алқынған демі дерлік құлазыңқы ызың-үн естіліп тұрғандай болады. Сол ызыңнан кісінің құлағы шыңылдап, басы айналар тәрізді. Таңғы алагеуімнен тұрып, шаруа қамымен ала тыныс, ала өкпе болып арпалысып жүрген жұрттың қыбыр-жыбыры да дәл осы мезгілде пышақпен кескендей сап сыйылады. Жан-жануар көлеңке сағалап, солықтап кетеді».
***
Берік аға шын мәнінде ғажайып суреткер болды. Мен елді сағынғанда Берік ағаның шығармасына жүгінер едім. Берік ағаның кітабын парақтасам туған жердің тұтас табиғаты тіріліп жүре береді. Өзім сан рет көрген, бірақ соншалықты мән бермеген табиғат жаратылысы Берік ағаның қаламында ұлы суретші салған алып полотнодай көкжиекке дейін керіліп тылсым әлемге жетелеп кететін-ді. Мен Берік аға туралы ойлағанда ол үнемі Жазушылар одағының қарсы бетіндегі бақта қолын артына қайыра ұстап, костюмін желбегей жамылып терең бір ойдың жетегінде келе жатқанын көрем. Бірақ, ол енді менен ешқашан «Елге бардың ба? Елден не хабар?» деп сұрамайды... Мүмкін, сұрайтын шығар. Бірақ, біз пақыр оны қайдан естиміз...
Маралтай Райымбекұлы,
Фейсбук парақшасынан