БІЗ БІР АУЫЛДАНБЫЗ

БІЗ БІР АУЫЛДАНБЫЗ

Ақын Темірбек Медетбек туралы сыр

Ия, Қазақстан Үкіметін ең ауыр, қиын кезеңде – 1938-1951 жыл аралығында 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасынов пен ұлы ақын Темірхан Медетбек туып-өскен ауылда мен де өмірге келіппін. Біздің ауылдың он тоғызыншы ғасырдағы аты «Кебеже» болған екен. Азын-аулақ отбасы мал-жанына жайлы болған соң Сырдың бойын жағалап, көктемде тасыған судың табанына егін егіп, қауын-қарбызын салып, төрт-түлігін өсіріп тіршілік етіпті. Заман өзгере, уақыт оза келе жаңа қоғам келгенде оның атын Каганович атындағы колхоз деп өзгертіпті. Көп ұзамай «сендер колхоз болуға азшылықсыңдар» деп бес шақырымдағы Андреев атындағы колхозға қосыпты. Тіптен, соғыстан кейін «совнаркомның» аулында тұрамыз» деген біраз өзбек ағайындар біздің ауылға көшіп те келіпті. Соғыс аяқталып, жан-жаққа күнкөріс қамымен кеткен ағайын-туғандар қайта келіп, аман қалған майдангерлер оралып, халықтың саны біршама көбейген тұста ауылдың да атын өзгертіп, Амангелді атындағы колхоз атаныпты. Ал, қазір біздің ауылдың аты басқаша. Ел басына күн туған соғыс жылдарында хас батырларша халқына қамқор болып, республиканың экономикасы мен мәдениетін қатар дамытып, қайраткерлік танытқан, саңлақ басшы атанған Нұртас Оңдасыновтың құрметіне жерлестері осы лайықты деп «Нұртас ауылы» атандырыпты.

Сонымен біздің ауыл Түркістан қаласының күнбатыс жағында, Сырдарияға бір бес-алты шақырымдай қалған жерде орын тепкен. Мал бағып, төрт түлікті көбейтуге өте қолайлы жер. Сырдарияның жағалауы иін тірескен тал мен ну қамыс. Кейбір тұстары тіптен ит тұмсығы батпайтын тоғай болып кеткен. Сол тоғайдың ішінде қысы-жазы біздің ауылдың төрт түлігі ыңыранып, өсіп-өніп жатады. Құдайдың бір бере салған құтты мекені.

Су жағы тапшы болғандықтан ба, әлде ата кәсіп болмағандықтан ба, біздің ауылдың адамдары егін егіп, бау-бақша өсіруге аса құлықты болмады. Канал қазылатын кезде біздің ауыл жоспарға енбей қалып, Қаратаудан Қарашық арқылы келетін мол су іргедегі Крупская атындағы колхозға беріледі. Несібесін қара жердеп тауып отыратын өзбек ағайындар «сусыз өмір өмір ме?!» деп, Қаратаудың етегіндегі суы сарқырап жатқан «Абай», «Бабайқорған», «Победа» колхоздарына көшіп кетті. Олар барда ауылымыз гүлге оранып, ауламызда қияр, қызанақ, қауын-қарбыз домаланып жататын. Олар кеткен соң бау-бақша да солардың соңынан «көшіп» кетті...

Кеңес Үкіметінің күшімен қиыннан қиыстырып, алып сусорғыш моторлармен өрге қарай Сырдариядан су тартып мақта егіп, бидай да өсіріп көрдік. Болмады. Ауылдың күнбатыс жағындағы өзек көктемде су тасығанда толады да, мамыр айының соңына дейін тартылады. Оған ауыл адамдары жабылып қауын егеді. Ыза сумен өскен қауын мен қарбыздың тәттілігін жеген адам ғана біледі, айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкен әкем Дәулет сол бақшаның қарауылы болды, «қазаншының еркі бар...» алғаш піскен қауынның дәмін көру бала кезімізде бізге бұйыратын. Айта берсек, Нұртас ата мен Темірхан аға туған ауылдың әңгімесі көп... Қазір ол кездің адамдары да жоқ, басқа дүниеге «көшіп» кеткен. Ауылдың келбеті де мүлдем бұрынғыға ұқсамайды... «Елу жылда ел жаңа...» деген осы болар да.

Біз Темірхан ағаның үйімен көрші болдық. Олар көшенің арғы бетінде тұрса, бергі бетінде біздің үй болды. Ал Нұртас атаның үйі Темірхан ағаның үйінің арт жағында, бес үйден кейін болатын. Қысқасы, бір көшеде ата-аналарымыз қойы – қоралас, жаны аралас, сіз-біздері жарасқан адамдар болды. Сол ортада біздер де өсіп, жетілдік. Темірхан ағаның әкесі Медетбек (Жауғашбайұлы) орта бойлы, жүзі ашаң келген кісі болатын. Анасы Жадыра (Байдалықызы) апамыз мінезі жұмсақ, мейірбанды адам еді. Баламыз. Анам Жұмағыз жұмсап жібереді, ол кезде көршілерден тұз, сіріңке, сүт, нан... сұрай беретінбіз, бұл ешқандай әбес іс болмайтын. Қазіргі уақытта бұндай әрекет ұят саналып кетті ғой. Жадыра апамыз сұрай барғанымызды қабағын шытпай, жымиып тұрып беріп жіберетін.

Негізі Жауғашбайдан: Медетбек, Әлімбек, Пазылбек, Кенжегүл туады. Әлімбек соғыстан қайтпайды, қай майданда қаза болғаны да белгісіз. Темірхан аға солай деп айтып отыратын. Мына бір сәт есімде. Пазылбек көкенің әйелі Ақшагүл апа бір жылдары қатты науқастанып қалды. Анам Жұмағыздың «Ақшагүлдің көңілін сұрап келейін» деп, мені ертіп барғаны күні бүгінгідей көз алдымда. Төсек тартып жатқан Ақшагүл апамыздың бозғыл тартқан түрі де санамда қалып қойған. Сол кісінің денсаулығына байланысты ма, әлде балам қалада оқысын деді ме, анығын білмеймін, Медетбек ата Темірхан аға жетіжылдық мектепті бітірген тұста Түркістанға көшіп кетті.

Өзінің айтуына қарағанда, сегіз жылдықты Кентауда бітіріп, тоғыз бен оныншы класты Түркістан қаласы бойынша аты бар нөмірі 19-шы мектепте онжылдықты аяқтапты. Сол кезде ауылда қалған біздерге «Темірхан Алматыға оқуға кетіпті» деген хабар жетіп жатты. (Қазір бұл мектеп әл-Фараби атында). Алматының атын естіген кезде елең етіп, «біз де сонда барып оқысақ қой» деген асыл арманымызға қанат бітіп, қиялымыз шарықтап-ақ кететін. Қазір ойлап қарасам керемет қой! Алдыңда үлгі, өз өміріңе бағыт-бағдар алатындай, Темірхан ағадай аға ұрпақтың болғаны қандай бақыт!

Ақырында сол арманның соңына еріп біз де Алматыға оқуға келдік. Түстік. Бітірдік. Сол кездің дәстүрі бойынша жолдамамен Қарағандыға кеттік. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде журналист болып қызмет істеп жүргенмін, «Қазақ әдебиеті» газетіне Темірхан ағаның бір топ өлеңі шықты. Тура ағаның өзін кездестіргендей қуанып, құныға оқыдым.


...36 градустың қызуы:

Қайната алмас суыңды,

бу ете алмас көліңді,

балқыта алмас темірді,

тұтата алмас көмірді.

Дегенменен, бір тәуліктің ішінде

мың сан жылап,

мың сан рет тойлаған,

мың сан рет ашкөзденіп,

мың сан рет ойлаған

дүние жатыр аласұрып, аунақшып

36 градуста қайнаған!


Топтаманың ішінен осы өлеңі қатты ұнады. Жаттап та алдым. Осыдан кейін баспа беттерінен Темірхан ағаның жырларын іздеп отыратын болдым.

Адам өмірі де қызық қой. Болашақ түгілі, ертеңгі күніңнің өзін болжай алмайсың. Сөйтсем ағаның өмірі де қилы-қилы болыпты, қызығымен қоса қиындығы да қатар шауыпты. Оның бәрін Алматыға, Жазушылар одағына төрағаның орынбасары қызметіне келген кезде естідім. Бұл тұста біз де Қарағандыда жиырма жыл тұрып, күйеуім Исламның қызметі Алматыға ауысып, көшіп келгенбіз. Бір күні қайраткер Нұртас Оңдасынов туралы жазған мақаламды алып, «Қазақ әдебиетіне» басылуына көмек сұрайын деп және «Нұртас Оңдасынов» атты кітабымды сыйға берейін деп арнайы Темірхан ағаның жұмыс орнына келдім.

Қаншама жылдар бір-бірімізді көрмесек те Темірхан аға бірден таныды. Төрде отырған орнынан тұрып:

– Оу, сен Гүлсімсің бе?! – деп, қол беріп амандасып, арқамнан қағып, қауқылдап қалды. Жүзінен шуағы шашылып тұр. Не дегенмен, бір көшенің шаңын бұрқыратып, қозы-лағып қуып, ата-аналарымыз аралас-құраласта өскен адамдар емеспіз бе, мен де тура жастық шағыма оралғандай қуанып тұрмын, – отыр, отыр, – деп, орындықты ұсынып, өзі маған қарсы столдың екінші бетіне жайғасты. Көбіне сұрақты Темірхан ағам қоюда, бірінші сұрағы: «Амангелді қайда?» деді. Амангелді менің туған ағам, бірақ әкемнің ағасы Дәулеттің баласы болмай екі айлығынан асырап алған. Фамилиясы да Дәулетов. Темірхан ағамен құрдас, бір мектепте, бір класта бірге оқыған.

– Өзіңіз білетін ауылда, механизатор, балалы-шағалы... – дедім мен.

– Дәукең қалай, бар ма? Орекең қалай? – деп сұрады.

– Дәулет атам қайтыс болған, әкем Оразалы бар, ауылда... – деп, сұраған жандарының бәрінен мәлімет бердім.

– Ой, Дәукең дегендер қандай адам еді! Батыр тұлғалы, өте көрікті адам болатын. Мұрны бүркіттің тұмсығы секілді еді, сол жадымда қатты қалып қойыпты. «Соғыс жылдарында сенің Дәулет атаң мен Мәрайым көке екеуі колхозды аштыққа ұшыратпай аман алып шыққан» деп әкем айтып отыратын еді. Иманды болғырлар.., – деп, тағы да біраз адамдар туралы сұрап, өмірде бар-жоғын біліп алды. Ағаның мұнысынан елге көптен бері бармағанын, сағынышын сезгендей болдым.

Осы ойымды сезгендей өзі де:

– Гүлсім, мен көп жылдар Маңғыстауда болып, сонда қызмет істедім, Алматыға келгеніме жыл болған жоқ әлі... келгенің жақсы болды, сені көріп досым Балтакесті ойыма оралып отырғаны, – деп, ренжіп қалмады ма дегендей онысын күлкімен көмкеріп, маған тесіле қарап қалды. Мен жымидым. Бұл жерде бір сыр бар еді... 

Қайран «ақаң», арақты айтамын, не істеткізбейді адамдарға?! Анам маған босанған кезде әкем ауылдағы замандас, қатарластарына «жуады» ғой. Сол жиынның үстінде қызды-қыздымен жаңағы Темірхан ағам айтып отырған досы Балтакестінің әкесі Өтебекпен екеуі құда боламыз деп сөз байласады. Тіптен, артынан, мен бір төрт-беске келгенімде олар құлағыма сырға да салып, кәдімгідей құда түсіп кетеді. Енді мен мектеп бітіретін кезде Өтебек келіп, «...уәдеміз бар, нағыз құда болайық, Гүлсімді балам Балтакестіге бер...» дейді ғой баяғы. Мен болсам шошып, ешқандай күйеуге тимеймін, менің оқығым келеді, Алматыға кетемін деп, басу айтпақ болған Дәулет атама да, әкем Оразалыға да бет қаратпадым. Бір күнде жиналып Алматыға кетпек болдым. Анам байғұс шырылдап менің сөзімді сөйлеп жүр. Алған бетімнен қайтпасымды білген соң ақыры немере ағам Серікбайға қосып Алматыға жіберді. Ол сырттай Алматыда оқитын, қаланы жақсы біледі, мені ЖенПи-дің жатақханасына орналастырып, қаламен аздап таныстырып ауылға қайтып кетті. Жаңағы Темірхан ағаның есіне түсіп, күліп отырған оқиғасы осы. 

– Аға, кешіріңіздер, Балтакестінің жазған күнделігін жоғалтып алдым.., – дедім, мен де күліп.

– Әй, Гүлсім-ай, досым Балтакесті сені шын жақсы көріп еді, менсінбей қойдың ғой.., – деп, тағы да жарқырап күліп алды, – сенің 16-17 жастағы кезің ғой... ол күнделікті апарып берген сәтіміз жақсы есімде, алдында ғана жаңбыр жауып, ауылдың жолы ми-батпақ болып жатқан. Көшенің арғы бетінен бергі бетіне өтудің өзі күш. Сол батпақпен батпақтап, туфлиіміз сазда қалып қоя жаздап үйіңе зорға жеттік. Бір бала арқылы сені шақырттық. Аяғыңда дәу резиновый етігің бар, қабағың қатулы сен шықтың. Не айтарымызды, не дерімізді білмей екеуміз тура бір қасқырдың алдына тұрған қоян секілді дәрменсіз күйдеміз. Бір кезде Балтакесті қолындағы қалың қара дәптерді саған ұсына берді. «Бұл не?» дегендей қарайсың. Балтакесті: «...алшы, оқыған соң түсінесің» дейді. Сенде үн жоқ. Қолыңды созып алдың да, дым деместен батпақты былшылдата кешіп, неге екенін білмеймін, өз үйіңе емес, көшенің арғы бетіндегі Балташ көкенің үйіне кіріп кеттің. Бізге сау болыңдар деген де жоқсың. Қандай тәкәппарлық, ә!

Темірхан ағам аңқылдап күлді, мен ұялғаннан қысыла күлдім. Екеуміз де жастық шақты еске алудың рақат екенін, бақыт екенін сезіп тұрғандаймыз.

– Аға, қоя тұрыңыз... есіме түсіп отыр, сол естелік жазылған дәптердің бірінші бетінде: «Өткен шақтың қандай да бір оқиғасына, уақыттар өте келе оған күле қарайсың. Карл Маркс» деген жазуы болды. Рас екен ғой, аға! Ол оқиғаға енді күліп жатырмыз, – дедім, – Карл Марксі кім деп таң қалдым. Қайдан білейін, мектепте Маркспен бізді ешкім таныстырған жоқ. Мүмкін ұстаздарымыз айтқан да шығар, менің есімде қалмапты...

– Ой, менің ол досым кітапты көп оқитын, қиялшыл болатын, – деп қойды аға.

Қоштасып кетіп бара жатқанымда: 

– Гүлсім, екеуміз де бір ауылда өстік, әке-шешелеріміз бірін-бірі біледі, сыйластықта болды, енді сен Қарағандыдан, мен Маңғыстаудан оралып Алматыда тоғысып отырмыз, енді хабарласып тұралық, – деді. Бұл сәтті мен еш ұмытпаймын. Ағалық ақ ниетпен айтқан осы сөзі жүрегіме жылылық ұялатып, Темірхан ағаны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Кешікпей Фариза апайдың жыр кешінде кездесіп, сол жерде жары Шолпан апаммен таныстырды. Сөйтсем, апам найманның қызы болып шықты да, ағаға «жезде болатын болдыңыз ғой» деп қалдым. 

– Қой, Гүлсім шатаспа, Амангелді ағаңмен жолдас болдым, сен менің қарындасымсың... – деп, қатқылдау айтып тастады. Шынымда айтсам, ойланбай айта салған сөзіме ұялып та қалдым...

Бір күні Абай даңғылының бойындағы «Білім» баспасына келдім. Баспаның директоры Нұсқабаев Жарылқасын аға мені көре салысымен:

– Айналайын, Гүлсім бізді мақтап жүреді екенсің, осы жерден жаңа ғана Темірхан ағаң шығып кетті. Екеуміз сенің құлағыңды біраз шулатып едік, – деді ағам өзінің әдемі жымиысымен күлімдей қарап.

– Бәсе, бәсе, Сіздер екенсіздер ғой... сол құлағымның шуылын тыңдаймын деп отырып автобустан түсетін аялдамадан өтіп кетіппін, кері жаяу қайттым, – дедім өзімше қалжың айтқан болып. Шынымен-ақ, ой ойлап отырып өтіп кетіппін. 

– Отыр айналайын, Темірхан сен туралы жақсы сөздер айтып кетті. Гүлсім болмаса Қазақстан Үкіметін он үш жыл басқарған Нұртас Оңдасынов ағамыз мүлдем ұмыт қалады екен-ау! Тынбай ол кісінің соңында қалған еңбектерін, сөздіктерін шығарып, естеліктер жинап, кітап етіп шығарып, не керек, аманатқа қиянат жасамай жүр дейді. Тағы да Темірхан айтады, таяуда Ақтаудан келдім, сондағы Тоқтарбай деген ағамыз «Гүлсім деген бір азаматша келіп, осындағы архивте болып, сосын біраз кісілерден естелік жинап кетті» деп. Мен де Темірханның пікіріне қосыла отырып, Оңдасыновтың «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерін» және мақалалары жинақталған кітабын Гүлсімнің өтінішімен, жоспарға енгізіп, Үкіметтің қаржысымен шығарғалы отырмыз дедім. Ағаң қатты риза болды.

– Аға, мен де Темірхан ағама ризамын. Астанадағы Фариза апай мен Әбіш ағаға да біраз мақтау айтып кетіпті. Жүрген жерінде мен туралы жақсы сөзін аямайды. Ол ағама жасаған жақсылығым, өтіп кеткен ештемем жоқ, сонда да болса мақтап жүреді. Аға, мұндайда қазақ не деуші еді: «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өспес елдің баласы бірін-бірі қатын дер». Рақмет сіздерге...

– Дұрыс айтасың, тегі бар бала ғой, өзің жазып жүрген Нұртас атаңның ұрпақтары... оның өз бабалары да тегін емес-ау! – деп қойды Жарылқасын ағам сөзін нықтай айтып...

Бір жолы ұлым Мади: «Мама, сен Темірхан ағаны мықты ақын деп жиі айтасың, егер қаласаң мен әдеби кешін өткізіп берейін, қаражатын өзім көтеремін, ұйымдастыру жағына Қарлығаш жүгіреді» деді. Мен қуанып кеттім. Бұл жақсы хабарымды Темірхан ағаға жеткізу үшін асықтым. «Аға қуанып қалатын шығар» деп қоямын іштей. Ертеңіне-ақ келінім Қарлығаш екеуміз Жазушылар одағында отырған Темірхан ағаға келдік. Амандық-саулықтан соң бірден: «Аға сіздің шығармашылық кешіңізді өткізсек дейміз, балам Мади бар шығынын өзім көтеріп аламын дейді» дедім. 

Келінім Қарлығаш екеуміздің назарымыз Темірхан ағада. Не айтар екен, қуанатын болар, шығармашылық кешін өткізуді әрбір ақын армандайды ғой деп тұрмыз. Ағам көп ойланған жоқ: 

– Айналайындар, ниеттеріңе рақмет! Шығармашылық кеш өткізу дегенді өз басым ұната қоймаймын... не бітіріппін соншалықты... өлеңді жазсам өзім үшін жаздым, халыққа базына ететіндей ештеңем жоқ... кеш өткізуді ұнататын ақындар бар, бірақ мен олардың қатарынан емеспін. Рақмет Мади баламызға да, сендерге де, рақмет, – деп, арқамыздан қағып-қағып шығарып салды.

Біздің ағамызды қуантамыз деп аңқылдап келген көңіліміз су сепкендей басылды. Бұлай болады деп ойламаған біз тіптен қарсы сөз айтуға да шамамыз келмеді, үнсіз бөлмесінен шығып жүре бердік.

Болған жағдайдың бәрін күйеуім Исламға айтып едік, ол: 

– Мықты ақынға реклама керек емес... дұрыс, ол кісіні мен қолдаймын, – деді.

Темірхан ағамның бұл әркетіне жауапты ұзақ ойландым, түрлі-түрлі жауаптар да табылды. Бірақ ақырында тоқтағаным мынау болды, ол – қарапайымдылық! Қарапайымдылық та ұлылықтың еншісі емес пе?! Адамның шын бағасы өлгеннен кейін берілетініне көз жеткізіп жүрміз. Сол секілді Темірхан аға қайтыс болғаннан кейінгі Ас беріліп, құран бағыштау кездерінде сөйлеушілердің көбі «Темірхан өмірде қарапайым болды, әділ болды!» деген бағаны көп берді. Ал, мен болсам бұл бағаны Темірхан ағама бұдан жиырма жыл бұрын беріп қойған едім!

2014 жылы қайраткер Нұртас Оңдасыновтың 110 жылдық мерейтойын туған жері Түркістанда ағайын-туған мен жерлестері атап өтпек болды. Басты баяндаманы кім жасайды деген мәселе көтерілген кезде Темірхан аға «Гүлсім жасасын, одан басқа ол кісінің өмірін білетін кім бар?» деп ұсыныс тастайды. Содан басты баяндамашы мен болдым. Біраз толқып, ойланып жүрдім. Онымның да сыры, себебі бар. Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдық тойы республика көлемінде аталып өтілетін болып, Үкіметтің қаулысы шықты. Жеті-сегіз ай дайындық жүрді. Түркістанда өтетін басты ғылыми-конференцияда Әбіш Кекілбаев баяндама жасады. Әдетте мұндай жиында жаны жоқ, сөлі жоқ, ұзын-сонар баяндама жасалып көптің ішін пыстырып жіберетін. Баяндалар нәрсенің нәрі мен мәні болмаған соң залда отырғандар бір кіріп-бір шығып берекені кетіретін. Бұл жолы олай болмады. Әбіш ағаның бір сағатқа созылған баяндамасын сілтідей тынып отырып тыңдады. Сөздің құдіреті, Әбіштің абыздық қасиеті жиналған жұртты тырп еткізбеді.

Ел басына ауыр қайғы-қасірет түскен кезде көпті «бәрі майдан үшін – бәрі жеңіс үшін!» деген ұранға ұйлықтырып, жұртты жұмысқа жұмылдыра білген, көпті аштыққа ұшыратпай, ала дорба арқалатып жан-жаққа бостырмай, қайта орайын келтіріп, ыңғайын тауып республиканың ғылым, білім, мәдениетін бір емес бірнеше сатыға көтеріп тастаған нағыз басшы болғанын абыздарша ақтарып, көсемдерше көсілді. Әсіресе, Атырау мен Маңғыстаудың бағын ашты, азаматтарын республика деңгейіндегі басшылыққа көтерді, менің қой бағуға кеткелі тұрған жерімнен қолыма жолдама беріп Алматыға оқуға жібертті... деп ағынан ақтарылды. Шын айтты. Жеріне жеткізе айтты. Жасанды, жалпылама мақтау-марапат болған жоқ. Міне, менің Әбіш ағадан кейін сөз алуға қорқақтауымның, толқуымның жөні осында жатыр еді.

Содан мен өзіме жол іздедім, қалай, қай бағытта сөз сөйлеу керектігін ойландым. Тапқан жолым – архивтерден тапқан құжаттарды сөйлету болды. Соғыс жылдарының өзінде Оңдасыновтың ЖенПИ, Консерватория, Дене тәрбиесі институты, Шет тілдер институтын ашу үшін қол қойған құжаттарына тоқталдым, Ғылым Академиясын құру жолында қандай шаралар атқарғанын, Сәтбаевты Жезказғаннан, Қонаевты Риддерден, мүсінші Наурызбаевты Қостанайдан кезіктіріп, үлкен ортаға әкелгені туралы баяндадым. Қысқасы, менің баяндамамның ұлы жобасы осылай болды...

Жиын біткен кезде Темірхан ағамның қолымды қысып тұрып: «...Құжаттармен сөйлегенің мақұл болды, «дейді-дейді» дегеннен гөрі бұл дұрыс екен» дегені. Ағаның ризалығыи көзінен ұғып тұрдым...

Түрлі жиналыс-жиындарда, кітапханада өткен кездесулерде, той-томалақтарда, дастарқан басында кездесіп жүрдік. Соңғы жылдары жиі ауырып, емханада жиі жатты. Ағаның өзімен, Шолпан апамен байланысып хабарын біліп тұрдық. Соңғы жатқанында Шолпан апам: «Әй, Гүлсім-ай, ағаң болмай тұр-ау...» деп жылап қалды. Көп ұзаған жоқ, жарық дүниемен қоштасып, Темірхан аға мәңгілік сапарға кете барды.

Біздің «өмір, өмір» деп өзеуреп жүргеніміздің уақышта ғана, қас-қағым сәт екенін Темірхан ага тағы бір сездіріп, аруаққа айналып жүре берді...


Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, 

«Жалын» журналының Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлығының лауреаты.


Сөзсырға

АҚЫН ТАСТЫ НЕ ҮШІН ЖИНАЙДЫ?..


...Көз алдында –

     туған өлке байтағы,

жер қыртысы,

жер жұмбағы айтары.

Қатпар-қатпар қойнауынан

                          таулардың

Жұдырықтай тастар

                         алып қайтады.


Темірхан Медетбектің ертеде

Жазылған «Геолог» өлеңінен.


Алғашында ақын Темірхан Медетбектің тас үлгілері мен тамыр кесінділерін жинайтын әдетін естігенде таңданғанымыз рас.

Көзге Табиғат-ананың жеті қат жер астындағы қатты жыныстар қойнауына бетіне еш сызат түспейтіндей етіп, саз балшыққа мұқият қымтап қоятын жақұт тастары мен шипалы өсімдік түрлері елестеген...

Аса қымбат бағаланатын молибден мен вольфрам өндірген кеніште туып-өскендіктен білетінбіз – әлгі балшықтан аршып алып жуып жіберсеңіз, көз шағылыстыра жарқырап шыға келетін кесек түзінділерді сән үшін жинайтын шығар, ал, шөп тамырларын қайтеді – емшілік те қасиеті болғаны-ау ағамыздың... дейміз ғой.

Сөйтсек, Темірханның жинайтыны – кәдімгі малта тастар және қурай, бозқараған, тобылғы тектес өсімдік тамырлары мен бұта қиындылары көрінеді. Бұлардың жайдан-жай жинала салмайтынына да келе-келе көз жеткен. Мәселен, талай жылдар бойы су шайып немесе бір-біріне соғылып жұмырланған тас бедерлерінің бірі әр түрлі аң-құстардың кейпіне ұқсас, екіншісі адам кескініне келеді. Яки, үш тармақ тобылғы бұтағынан қиып алған кесінді көз алдыңызға елеңдеп ытқығалы тұрған елікті әкелсе, әлдебір шілік бұтасының қисындысы қанаттарынан дауыл соғып, аузынан от шаша, көктен шүйілген алып айдаһардың бейнесін әкеледі.

Темекеңнің қолында мұндай дүниелер көп екен.

Газет-журналдарда фототілшілердің «Табиғаттың өзі мүсінші» дейтін айдары болатын еді. Сондағы бұратыла өскен биші қайыңдардың, қия шыңдардың қақ төсін тесіп шыққан сұлу шынарлардың немесе заманалардың өзі кескіндеген «Кемпіртас», «Мұнартау», «Айдаһарды», «Жетіқарақшы» сияқты құз-жартастардың көріністері әлі де көз алдымызда.

Ал, Темірханға ұқсап мынандай мүлдем елеусіз жататын ұсақ мүсіндерді байқай білу үшін ерекше дарын керек шығар.

«Ең байқампаз халық – балалар мен суретшілер» деген сөз еске түседі – кейде құбылыс атаулының бәріне таң қалумен жүретін ақын да бір сәби ғой – Темірхан ағамыздың да бұл әуестігі сол қасиеттен басталатын болар. Оның үстіне, түсінген адамға, ерінбей тау-тасты аралап, дала кезіп, осындай ұқсастықтарды іздеп тауып қайтудың да рахаты ерекше шығар...

– Ертеректе мұндай бұйымдарым тіптен мол еді, әрі-бері көшіп жүргенде талай жәшігін жоғалтып алдым, – деп өкінеді өзі.

Темкең жинаған заттарға қарап отырып тылсым жаратылыс сырларына үңіліп, үйлесім мен сұлулық іздеген кіршіксіз ақын жанына қызықтық. Кей өнертанушы жігіттер бағамдай алса, осылардың эстетикалық әсері,табиғат пен адам арасындағы байланыстың мәні, бұлардың жан әлемін тазартудағы маңызы туралы, кемінде, кандидаттық диссертация жазар еді-ау деп ойлағанбыз...

– Тағы нелеріңіз бар? – деймін серпіліп.

– Е, қойшы! Не бар дейсің басқа? Осылар ғой!..

Өзіңе тән әдетімен балаша күледі. Шынында да, жасырып тұрған бірдеңелері бар секілді.

Онысы – әкесінен қалған шағын шоқпар екен.

Көрсетті. Тіпті, шолақ, бірақ ыңғайлы – жең ішіне еркін сыйып кетеді. Соған еліктеп өзі де тура сондай бір шоқпар жасауға талпыныпты. Талпынды дейтініміз – түпнұсқаға өте ұқсас, алайда, орындалу шеберлігі төмендеу – декоративті деңгейде қалыпты.

Әдемі өрілген бес-алты қамшы бар екен. Бұларды да көрсетуге аса құштарланған жоқ, «ә, әшейін нәрселер ғой!» дегендей қол сілтей салды.

Расында да, бұлар көз үйреніп қалған бұйымдар болатын. Сондықтан оларды Темкеңнің ісмерлік шыңына балағысы келмеуімен іштей келістік. Әрине, ол өз әуестігін де өнер биігі деп санамайтынын сездірген. Бірақ бізді аңғарымпаз ақынның табиғаттың өз туындыларын ғана іздеуге құмарлығы тосындығымен баураған. Тегінде, осы мінез оның өлеңдерінде де бар-ау... 

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні