ОЙ ТҮБІНДЕ ЖАТҚАН СӨЗ
2026 ж. 09 қыркүйек
39
0
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Сайын Мұратбековпен бұдан тура отыз алты жыл бұрын сұхбаттасыппын. Ұлт мүддесі, ұрпақ мұраты, жазушы ұстанымы ешуақытта ескірмейді. Сондағы толғақты мәселелер оқырманды бүгін де бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.
– Қоғамдық ой-сананың өзгеруi өткенге де, бүгiнге де, болашаққа да жаңаша көзқарасты қалыптастыруда. Жаңаша ойлау жүйесi орнығуда. Осы рухани сiлкiнiс бiздiң халқымызға не беруде деп ойлайсыз?
– Қайта құру, ең алдымен, бiздiң рухымызға еркiндiк бердi. Рухы бұғауда болса, жеке адам да, тiптi тұтас халық та құрдымға құлайтынын ұқтық. Ұлттық сана-сезiмнiң күрт оянуы осы еркiндiктiң арқасы. Халықтың өткен өмiрiндегi құпия болып келген жайттардың ақиқатын айта алатын халге жеттiк. Ақтаңдақтар деп жүрмiз ғой, мен мұны қара дақтар дер едiм. Бұған дейiн қоғамда әлеуметтiк әдiлетсiздiк бар едi. Соның түп-тамырына балта шаптық. Ел тағдырына қатысты өзектi мәселелер күн тәртiбiне өткiр қойылатын болды. Оң шешiмдерiн де табуда. Бiр кезде «түрi ұлттық, мазмұны социалистiк» деген ұғымның шылауында жүрiп, ұлтсыздыққа, ұлтсыз қасиетсiздiкке ұрына жаздадық. Содан құтылуға жол ендi ашылған сияқты. Бажайлап қарап, барымыз бен жоғымызды түгендей бастадық. Әр халықтың тек өзiне ғана тән мәдениетi, тарихы, қасиеттерi бар десек, ендi соларды бар дауыспен айтып, қалпына келтiруге мүмкiндiк алдық. Бұл ретте, бiздiң қазақ халқының жағдайы тым қиын екен. Iргедегi өзбектермен, қырғыздармен-ақ салыстырып көршi, бұл туыстарымызда ұлттық дәстүр, салт-сана бiзге қарағанда берiк сақталған. Ал, Балтық бойындағы, Кавказдағы елдер туралы айтпай-ақ қояйын. Бiз сорлаппыз. Сорлаған емей немене, көшiп-қонып, жер аударылып келгендердi төрiмiзге шығарып алып, ендi, бүгiн солардан: «жерлерiңдi бiз көгертiп отырмыз», «мәдениетке бiз үйреттiк», «мына жер бiздiкi…» деген сөз еститiн халге жетсек! Мұндай қорлық тарихта өте сирек шығар. «Дала – бiздiкi!» деп айтуға жасқанатын халге жетiппiз. Әлi күнге дейiн «Бiз – азбыз, басқалар – көп» деген именшек ұғымның шырмауына шырматылып жүргендер қаншама. Айналамызға анықтап қарап, етек-жеңiмiздi жинап, iргелi ел екенiмiздi жиiрек еске алып отыруымыз керек тәрiздi. Жаңаша ойлау, жаңаша көзқарас егемендi республика, еркiн ел болуға ерiк беретiнiн түсiнуiмiз және айналамызға күнделiктi түсiндiрiп отыруымыз керек.
– Күрделi түйiндер, күрмеулi мәселелер қоғамдық өмiрiмiзде көп екендiгiн байқаймыз. Солардың кейбiрiн бөле-жарып қарауға мәжбүрмiз. Мәселен, тiл тағдыры, жер тағдыры…
– Өзiмiздiкiн – өзiмiздiкi деп айта алмасақ, несi тiрлiк?!. Әсiресе, ана тiлiмiздiң қатты қысымға түскенiн кеш аңғардық. Тiл тағдырына байланысты көкейтестi мәселелер баспасөзде жерiне жеткiзiле айтылды, жазылды деп ойлаймын. Қазақ тiлi көрген теперiштi сөз жүзiнде әжептәуiр-ақ қозғадық, бiрақ iс жүзiнде олқылықтардың орнын толтыруға әлi де шама жетпей жатыр. Жалпы, мен – оптимист адаммын. Халқымыздың болашағына үлкен сенiммен қараймын. Тiлiмiздiң, дiлiмiздiң келешекте шын халықтық рухымызды көтеретiнiне де сенемiн. Дегенмен, соған жету үшiн қаншама қиындықтар мен кедергiлер, қауiп-қатерлi өткелдер барын да iштей сеземiн. Сондықтан, ана тiлiмiздiң қадiр-қасиетiн жас ұрпаққа күнбе-күн жүз қайталап, мың қайталап айтып, түсiндiрiп отыруымыз қажет, қажет қана емес, мiндетiмiз дер едiм. Соңғы кездерде күнделiктi баспасөз, радио, теледидардан ана тiлiмiздi сүюге, құрметтеуге арналған хабарлар, өлең-жырлар, әндер жиi айтылатын, тiптi кейде бiрiн-бiрi қайталай беретiндей және кейде еш жаңалығы жоқ қайталау сияқты көрiнетiн де болар. Алайда, өз басым сол қайталауларды еш көпсiнбеймiн. Қайталана берсе екен деймiн. әрбiр қазақ ақтық демi бiткенше «Ана тiлiм» деп қайталап, келер ұрпағына аманат артып, парыз жүктеп кетсе деп ойлаймын.
Екiншi бiр шеккен жәбiр-жапамыз – жерiмiздiң кеңдiгiнен. Ата-бабамыз сойылмен-ақ қорғап, қыс-қыстауына, жаз-жайлауына, күз-күздеуiне пайдаланған ұлан-байтақ атамекенiмiздiң табиғаты жұтап, бауыры тiлiнiп, басынан бағы ұшуда. Кең даламызды баса-көктеп, ойқастап, Орталық ойына келген жерден полигон ашып, кен қазып, өзен-көлдерiмiздi ластап, тау-тасымызды бүлдiрiп, орман-тоғайымызды отап жатса – бұған қалай қиналмай қарарсыз. Осындайда халқымыздың Қорқыт туралы аңызы еске түседi. Аңыздың тууына ата мекенiмiздiң тағдыры қыл тұзаққа түсiп, әр тұсынан қорқынышты, қауiп-қатерлi жағдайлар туатынын болжау себеп болғандай. Шынында да «Қайда барсаң – Қорқыттың көрi». Қазақ даласының қазiргi келбетiне көз тоқтатып қарау қиын. Полигон, космодром, химия ошақтары, арнасы қаңсыған өзендер, табанынан тұз ұшқан қайран көк теңiз, тiршiлiк белгiсi жоқ қоршаулы сұр дала, т.б. Барар жер, басар тауымыз қалмағандай. Экологиялық зардаптарды дәл қазақ даласындай ауыр да, қиын да жағдайда бастан кешiп жатқан жер жоқ шығар. Қайта құрудың заманында мүмкiндiктердi барынша пайдалана отырып, ендiгi жерде табиғатымыздың аман қалған азын-аулақ пұшпақтарын сақтап қалу – бүгiнгi ұрпақ борышы. Бұл қазақстандық әрбiр азаматтың, орыс, ұйғыр, немiс, украин, т.б. – барлығының да адамдық борышы деп бiлемiн. Бiздiң мекендестерiмiз өздерi өмiр сүрiп отырған ортаның зiлзаладан аман сақталуын ендiгi жерде бiрлесiп мықтап қолға алулары қажет. Жалпы, бiздiң қазақ жерiнiң кенi көп, байлығы ұшан-теңiз. Бiрақ соны ұқыпты пайдалана алмай, төгiп-шашып, рәсуа қып жұмсап жүрген өзiмiз. Қазба байлықтарымыз бiздi дүние жүзiндегi ең бай, ең алдыңғы қатардағы елдермен тереземiздi тең ұстауға қол жеткiзетiнi анық. Тiптi, оны былай қойғанда қазақ халқының ата кәсiбi – мал шаруашылығының өзi-ақ дұрыс ұйымдастыра бiлсек, ырысқа кенелтiп, ұшпаққа шығарар едi ғой. Жер анамыздың денесiне жарақат түсiре бермей, аялап, қамқорлықпен қарасақ – республиканы мекендеген барлық ұлт өкiлдерi тамырымыздың бiр екендiгiн, тағдырымыздың да бiр екендiгiн бағамдасақ деймiн.
– Қазiргi жағдайда қаламгер белсендiлiгiнiң мәнi айырықша сияқты. Бұл қалай көрiнуде ?
– Әдiлiн айту керек, бiздiң қаламгерлерiмiз қайта құрудың алғашқы күндерiнен бастап-ақ ең белсендi қоғамдық ойдың қозғаушылары болды. 1985 жылдан берi шығып жатқан қаншама газет-журналдарды парақтаған адам бұған көз жеткiзе алады. Қазақ қаламгерлерi күнделiктi өмiрде болып жатқан өзгерiстерге, әлеуметтiк жағдайларға, ел тағдырына қатысты елеулi мәселелердiң кез-келгенiне дер кезiнде үн қатып келедi. Мәселен, экологияға байланысты қаншама пiкiр алысулар немесе тiл жөнiндегi үлкен әңгiме кезiнде қазақ қаламгерлерi өте ауызбiршiлiк танытқаны анық. Мәселеге батыл араласып, кейбiр үлкен басшыларымыздың мемлекеттiк тiл екi тiл болуы керек деген көзқарасына үзiлдi-кесiлдi қарсы шыққаны, Қазақстанда қазақ тiлi ғана мемлекеттiк тiл болуы керек дегендi алғаш дауыс көтере айтып, оны ақырына дейiн қорғағандардың, халықтың шынайы ықыласы мен қолдауларына ие болғандардың алғашқы легiнде қазақ жазушылары болды дер едiм.
Тарихи қара дақтарды ашуда да қазақ қаламгерлерiнiң еңбегi үлкен. Сонау жылдары аттарын атауға тиым салынған ардагер-азаматтарымыз өлмейтiн мұралары арқылы халқымен қайта қауышуда. Ақталған бес арысымыз – Шәкерiм, Ахмет, Мағжан, Жүсiпбек, Мiржақып – қазақ қаламгерлерiнiң ақталған арман-мұратындай. Жиырмасыншы, отызыншы жылдары халық басынан өткен нәубет кезеңдер, ашаршылықтар туралы, сталиндiк репрессияға ұшыраған боздақтар туралы қаншама жақсы мақалалар жазылды. Бұл ретте жазушылар, бәлкiм, маман ғалымдар сияқты егжей-тегжейлi сараптан өткiзiп, болған уақиғалардың бүге-шiгесiне дейiн ақтарып, берiк тұжырым-бағасын тереңдеп бере қоймаған шығар, алайда, алғашқы батыл пiкiр, өткiр сөздi солар айтты.
Жазушылар ұйымының қоғамдық белсендiлiгiне де тоқтала кеткiм келедi. Рас, соңғы кездерде Жазушылар одағында шығармашылық мәселеден гөрi әлгiндегiдей күн тәртiбiнде тұрған қоғамдық, әлеуметтiк толғақты мәселелер жиi қозғалады. Бұл қазiргi уақыттың, заманның талабы дер едiм. Жалғыз бiз емес, бүкiл Одақ бойынша жазушы қауымы бұл жылдарда әдебиеттен гөрi саясатқа, қоғамдық құбылыстарға белсене бет бұрғаны анық. Ендеше кейбiр жолдастардың жұмыс бұрынғыдай тек творчество мәселелерi төңiрегiнде ғана болса екен дегендерiне қосылу қиын. Ондай жолдастарды мен кешегiнi аңсап, кешегiше өмiр сүре бергiсi келетiндер дер едiм. Жазушылар одағы қазiр дүние жүзiне белгiлi болып отырған, әлем халықтарының қолдауына ие болып отырған «Невада – Семей» қозғалысының өмiрге келуiне тiкелей ұйытқы болды. Бұл қозғалыс кейбiр шолақ ойлайтын басшылардың, жалтақтаудан арыла алмай жүрген интеллегенттерiмiздiң күмәнданғанына қарамастан, халқымыз зардап шегiп отырған ауыр тағдырлы толғақты мәселенi батыл қолға алды. Бұған КСРО халық депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бiрiншi хатшысы, халқымыздың сүйiктi ақыны Олжас Сүлейменовтiң сiңiрiп отырған еңбегi зор. Мiне, бiр жылдан асты Семей полигонында ядролық сынақ тоқтап тұр. Бұл – қозғалыстың алғашқы жеңiсi деуге болады. Өткен жылы ядролық қаруға қарсы әлем сайлаушыларының халықаралық форумы Алматыда өттi. Қазақстандықтар биыл «Бейбiтшiлiк шеруiне» қатысты. Жақын арада Қазақстаннан үлкен топ, жүзге жуық адам, Америка Құрама Штаттарына бармақшы. «Бейбiтшiлiк шеруi» сонда жалғаспақ. Залал зардабы жағынан Чернобыль қасіретiнен әлдеқайда ауыр да қиын Семей полигонын жойып алсақ, бұл – бүгiнгi ұрпақ пен халқымыздың алдындағы үлкен бiр парыздың орындалғаны болар едi деймiн. Сондай-ақ Жазушылар одағы жанынан құрылған «Қазақстан экологиясы және Арал мен Балқаш проблемалары жөнiндегi қоғамдық комитет» те қыруар жұмыстар жүргiзiп келедi. Оған КСРО халық депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, белгiлi ақын Мұхтар Шаханов жетекшiлiк етедi. Комитет осы үш жыл iшiнде Арал теңiзi төңiрегiне бiрнеше экспедиция шығарды, телемарафон, «дөңгелек столдар» өткiздi. Бұл қоғамдық қозғалысқа тек ақын-жазушылар ғана емес, әртүрлi мамандық иелерi, ғалымдар, министрлiктер мен ведомствоның басшылары да қатыстырылып отырғанын айта кеткен жөн. Мiне, Жазушылар одағының екi бiрдей хатшысы екi үлкен қоғамдық қозғалыстың жұмысына белсендi басшылық жасауда. Кейбiр басылымдар қазiргiдей халық тағдыры сынға түсiп тұрған кезде Жазушылар одағы қайда қарап отыр десе, бұл айтқандарым соларға жауап.
– Алдағы уақытта нарықты экономикаға көшуге байланысты Қазақстан Жазушылар одағының алдында да шешiмiн табу оңайға түспейтiн түйiндi проблемалар туындайтын болар?
– Әрине, қазiрдiң өзiнде бiрқатар мәселелер кесе-көлденең тұр. «Ертең Жазушылар одағы қалай өмiр сүредi?» дейтiн сауал қабырғадан қойылуда. Қағаз он есеге дейiн, полиграфия қызметi екi есе, байланыс, тасымал, кiтап саудасы қызметтерi өлшеусiз қымбаттап жатқан кезде Жазушылар одағының органдарын – газет-журналдарын сақтап қалу, жазушылардың хал-тұрмысын төмендетпеу, олардың шығармаларын уақтылы шығарып тұру, материалдық, моральдық көмек, т.б. шешiмiн күтетiн шаруалар баршылық. Осы орайда Одақ құрылымын осы қалпында қалдыру керек пе, жоқ па, қайта құрсақ қалай – мұның бәрi жан-жақты ойластыруды талап етедi. Бұл күрделi жағдайдан шығатын ең дұрыс жолды табуға Одақтың әрбiр мүшесi де мүдделi болуға тиiс деп ойлаймын. Алғашқы ұсыныс-пiкiрлер мерзiмдi баспасөзде жариялана да бастады. Қаламгерлер мүддесi қорғалады деп ойлаймын.
– Қазақстан Жазушылар одағының шет ел жазушыларымен байланысы қалай?
– Бұрын қазақ қаламгерлерiнiң социалистiк елдермен барыс-келiсi жиiрек болушы едi. ГДР, Чехословакия, Болгария, Венгрия, т.б. Капиталистiк елдермен жазушыларымыздың байланысы некен-саяқ болатын. Соңғы жылдарда керiсiнше бола бастады. Германияның, Францияның, Американың, Жапонияның жазушыларымен байланыстарымыз бар. Былтыр Жазушылар одағының жанынан Аударма бас редакциясы құрылды. Алғашқы халықаралық мәжiлiсiне оншақты шетелдердiң жазушылары қатысты. «Невада-Семей» қозғалысы арқылы Жапон жазушыларымен жақсы қарым-қатынастар жасалуда. Себебi, бұл қозғалысқа жапондық жазушылар алғашқы болып үн қосты. Корея жазушыларымен де сондай байланыстар орнығуда. Былтыр Моңғолия және Марокко жазушыларымен өзара байланыс жөнiндегi шартқа қол қойылды. Қытайдың Шыңжаң өлкесiндегi, Моңғолияның Байөлке аймағындағы қазақ жазушыларымен шығармашылық қарым-қатынастар орнатудамыз.
– Одақтың жас ақын-жазушыларға қамқорлығы қалай?
– Менiң ұғымымда жас деп жиырма мен отыздың аралығындағыларды атасақ керек-тi. Бiрақ олай болмай жүр. Жиырманың iшiндегi буырқанған таланттар аз. Әлде қазiргi жастар кештеу есейе ме, әлде ана тiлiмiздiң қағажу көрiп, жергiлiктi жерлердегi қазақ мектептерiнiң жабылып қалуы кесiрiн тигiздi ме, әйтеуiр бұрынғыдай легiмен келген жастар көзге түспейдi. Рас, жазатындар баршылық, бiрақ, ұйқастырып өлең жазғанның бәрi талант емес қой. Жас жазушы немесе ақын деп Жазушылар одағына қабылдап жүрген қаламгерлерiмiздiң өзi отыз бен қырықтың аралығындағылар. Жазушылар одағында жастардың өз тiлектерiмен сайланған хатшысы бар. Жастар шығармаларын қабылдап, ақыл-кеңес берiп отыратын арнайы кеңесi де бар. Екi жыл болды әдеби қордан сегiз жас жазушыға айына 200 сомнан стипендия беремiз. Екi баспа бар. Жастарға жол кең ашылған сияқты. Тек қорқатыным «жастарға қамқорлық» деген желеумен жасық дүниелерге де жол ашып алдық па деймiн.
– Кейiнгi кезде қағаздың тапшылығын алға тартып, кiтаптардың таралымын азайту белең алып бара жатқандай. Жыр жинақтары 1 мың ғана данамен шыға бастапты. Ал республикада 10 мыңнан астам кiтапханалар бар, мектептердегi кiтапханаларды қоспағанда. Сонда бұл…
– Түсiнiп отырмын. Нарықтық тәртiпке көшуге байланысты бұл жағдай алдағы кезде тiптi өткiр байқалуы мүмкiн. Әсiресе, поэзия, сын кiтаптарына сұраным төмендеп кеттi. Жергiлiктi жерлерде кiтап насихаты өте нашар деуге болады. Бұл ретте, әдебиетке жанашыр қауымның, кiтап саудасын қолға алған жолдастардың көмегi ауадай қажет. Қазақ – ақын халық деймiз. Ал поэзия кiтаптарын оқуға ықылас шынымен төмен бе? Өз басым төмен емес, қайта қазақ өлең кiтапты жақсы алады деп едiм. Бұл тұстағы олқылық кiтап саудасы төңiрегiндегiлерде деп ойлаймын.
– Сонау алпысыншы жылдары ақын-жазушылар журналистермен жарыса очерктер жазатын едi. Уақыт тынысына жедел үн қатудың жолдарын iздейтiн. Қазiр қаламгерлер өткiр публицистикалық шығармаларға ерекше ден қоюда. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Қайта құрудың қым-қуыт оқиғаларын эпикалық жанрға арқау етiп отыруға уақыт көтермейдi. Публицистика – ең жауынгер жанр. Бүгiнгi ойды бүгiн, iзiн суытпай, жылдам жеткiзудiң мәнi зор. Көп мәселелер жедел шешiлуде. Мынадай уақытта, әр адам өз еркiнен тыс саясаткер болып жатқан шақта, қаламгерлер қалай шет қалады. Әрине, алдыңғы шепте жүредi.
– Сiз әдебиетке лирикалық прозаның өкiлi ретiнде келдiңiз. Әңгiмелерiңiздегi нәзiк лиризм, кейiпкердiң мiнез-құлқындағы, көңiл-күйiндегi әр түрлi иiрiмдердi дәп басып суреттеуiңiз қалың оқырмандарыңызға қазiр де ұнайтынын байқаймыз. Мәселен, «Күсен-Күсеке», «Отау үй», «Басында Үшқараның», «Кәментоғай», т.б. көптеген әңгiмелерiңiз осы сөзiмiздiң дәлелi. Лирикалық прозаның қазiргi, болашақтағы ахуалы жөнiнде не айтасыз?
– Әдебиетке мен алпысыншы жылдардың бас кезiнде келдiм. Жетпiсiншi жылдардың орта тұсында қол үзiп кеттiм. Әрине, бiрдi-екiлi жазылған дүниелер бар. «Жабайы алма» повесiмнiң жалғасы, «Қалың қар» шықты. Әлi де соны жалғастырып жатырмын.
Жалпы, әр кезеңде жазушының iшкi ойы, көңiл-күйi, әртүрлi өмiр құбылыстарынан әсерленуi өзгерiп отыратын тәрiздi. Маңдайға жазылып қойған тұрақты стиль жоқ ғой. Ендеше, менiң де стилiм өзгерiп отыруға тиiс. Абай заманындағы аяққа оралғы болатын адам бойындағы жаман қылықтар бiздiң буынның да соры болды. Талай рет тығырыққа тiредi. Ұрлық жасау, пәре алу, қоғамның мал-мүлкiн жеу, даңғойлық, мақтанқұмарлық, көрсеқызарлық, т.б. толып жатқан iрiп-шiруге тосқауыл қою қиынның қиыны едi. Өйткені бiз өмiр сүрген қоғамның өзi iштей жидiп жатыпты ғой. Кеш те болса, соны ұғып отырмыз. Жазушыға тақырыпты өмiрдiң өзi ұсынады. Ал оның қай стильде жазылатыны басқа әңгiме. Қаламгердiң көңiл-күйiне, көзқарасына көп тәуелдi дер едiм. Соңғы кезде Алматы өмiрiнен екi-үш әңгiме жаздым. Ал қалғанын уақыт көрсетер.
– Соңғы кезде кейбiр қаламгерлердiң пасық ниеттерi белгiлi болып, халықтың ашу-ызасын туғызуда. А.Солженицин мен В.Курдаковтың мақалаларына байланысты не айтасыз?
– Қазақ – кең халық, арамдығы жоқ халықпыз. Қонақжайлылығымыз, жайбарақаттығымыз үшiн кiнәлi болсақ, бiлмеймiн. Соны бiреулер пайдаланғысы келедi екен. Солженициннiң бiр жылдарда қазақ жерiне айдалып келгенiне, қамауда жүргенiне қазақтар кiнәлi емес. Ал сыртымыздан сөз айтып, алыстан кесiп-пiшуi – бiздi қорлауы. Оны ұлы жазушы, ұлы гуманист деп жүрушi едiк. Бұл бекер екен. Бүкiл халыққа күл шашу – гуманистiк емес. Мүмкiн, ол тек орыстардың ғана, бiр халықтың ғана көсегесiн көгертудi ойлайтын бiреу шығар. Бұрын мен оның сотталғанына, қуылғанына, КСРО-дан жер аударылғанына бiртүрлi жанашырлықпен қарайтын едiм. Оның мадақталып жүрген «ГУЛАГ Архипелагында» да қазақтар туралы оң көзқарасы байқалмайды. Осыдан-ақ, iш тартуға болатын. Ендi «Комсомольская правда» мен «Литературная газетадағы» мақаласын оқып шығып, жер аударса – аударғандай, қуса – қуғандай, аластаса – аластағандай бiреу ме деген ойға тоқтадым. Менiңше, мұндай адам егер Сталиннiң сенiмiне кiрiп, сөзiн өткiзе алатындай халге жетсе, репрессияның көкесiн көрсететiннiң нағыз өзi болар едi деймiн. Ал В.Курдаковтың «Книжное обозрениедегi» мақаласы – күтпеген көргенсiздiк болды. Мақала шығысымен сол редакцияға Қазақстан Жазушылар одағы секретариаты атынан, бiр топ халық жазушыларының атынан қарсылық бiлдiрген телеграмма-хат жолдадық. Бiрақ, өкiнiшке орай «Книжное обозрение» хаттарымызды әлi күнге дейiн жауапсыз қалдырып отыр. Республикалық баспасөзде қазақ жазушыларының мақалалары жарияланды. Бұл мәселе Жазушылар одағының партия жиналысында, пленумында талқыланып, қатты сөз болды. Өз өмiрiнде Абай елiнде болмаған, Абай төңiрегiн бiлмейтiн адамның бұлайша жазуы – адамгершiлiкке де, ақындыққа да жатпайды. Әрине, Курдаков мұны өзi ойлап шығарған жоқ, оған Абай сөйтiптi-мiс деп сүйреңдеп, бiлгiрсiнiп айтқан өзiмiздiң қазақтар деп ойлаймын.
Айдаладағы бiреудiң аузына сөз салғаны үшiн алдымен солар кiнәлi. Өсектi жеткiзушiнi де, оны өз сөзi ғып жариялаушыны да аруақ атса керек. Басқа не дейсiң.
– Осы күнде көптеген биресми ұйымдар, партиялар көбеюде. Бiрқатары бiздiң республикада да төбе көрсетуде. Бұлар туралы көзқарасыңыз қалай?
– РСФСР-да, Украинада, Грузияда, Өзбекстанда бiрнеше партиялардың құрылғандығы белгiлi болып отыр. Бiздегiлер – ұйымдық дәрежеде ғана деп ойлаймын. Партияның соңынан халық еруi керек, айқын бағдарламасы болуы қажет. Уақыт көрсетер. Менiңше, заманның толғағы жеткен талаптарына дұрыс қарауымыз керек.
– Келесi жылы наурызда шыға бастағанына 70 жыл толатын бiздiң «Лениншiл жас» туралы пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi.
– «Лениншiл жас» газетiн мен сонау ауылда, мектепте жүрген кезiмiзде жаздырып алып оқитынмын. Соғыс аяқталған жылы осы газетте «Ақмоншақ» деген бiр әңгiме басылды. Мұқан Иманжановтың әңгiмесi екен. Сiрә, алғаш оқыған үлкен, көркем шығармам сол болса керек. Әр санын асыға күтiп жүрiп оқитынмын. Жалпы, республика өмiрiн, жастар тынысын қалт жiбермей қадағалап жазатыны ұнайды. Қолыма алған сайын жастық шағым көз алдыма келедi. Бiз әдебиетке келген кезде «Лениншiл жаста» бiр жақсы дәстүр бар едi. Айына бiр-екi рет жас ақын-жазушыларға сәт сапар тiлеп, шығарып тұратын. Бiздiң ұрпақтың тұсаукесерi болған басылым ғой. Тек сол дәстүрдi бүгiн де жалғастырса, үзiп алмаса деп тiлек қосамын. Газет-журналдар көбейген кезде де жас таланттар «Лениншiл жаста» тұсау кесiп жатқаны жарасатын сияқты. Соңғы кезде көптеген мәселелер қозғалуда. Тiлге, экологияға, Желтоқсан оқиғасына байланысты жазылған мақалаларды батыл құптаймын. Осы бағытынан қайтпаса екен деп тiлек қосамын.
– Рахмет.
Әңгімелескен Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ