«ӘШІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ...»

«ӘШІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ...»

Ақын, композитор, ғалым-ұстаз Бекжан Әшірбаев туралы үзік сыр

1991 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түскенде курстас Бекжан Әшірбаевпен танысып, тіл табысып кеттік. Ол тез танылды. Танымал еткен айтыстағы орамды ойлары мен «Көршінің қызы» әні. Бекең студент кезінен өнімді еңбек етті. Айтыста есімі ерте белгілі болғанымен, қос қанаты – ақындық пен сазгерлікті жанына жақын серік етті. Екі тарапта да талмай, шаршамай өмірінің соңына дейін бос сенделіп жүруді сырып қойып, денсаулығына да қарамастан ертелі кеш жазу үстелінде отырды.

Тұңғыш поэзиялық жинағы «Қоңыр әуеннен» бастап, 2026 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы сынды бірнеше жыр жинақтары оқырман қолында тозды. Баспа бетін көрмеген жауһар жырлары қолжазба күйінде қалғаны да анық. Себебі, Бекең әлеуметтік желіде күн құрғатпай өлеңдерін жариялап жатқанын көзіқарақты қауым жақсы біледі.  

Қазақ және Шалқар радиоларының «Алтын қорында» Бекеңнің 37 әні бар. Аз ғана ғұмырында осынша шығарма қалдырған ақын-композитор Бекжан Әшірбаев «Көршінің қызымен» ән әлеміне дүркірей келген. Атынан ат үркетін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Бекеңнің әнін орындауға құштар болды. Жақсы ән іздегендер өнердегі жаңа есімнің тың туындыларын репертуарларына алуға құмартты. Дегенмен табиғатында сырбаз Бекең әнге қатаң талап пен жоғары талғам тұрғысынан қарады. Нәтижесінде орындаушысын да тапқан, тыңдарманын да тәнті еткен әндер дүниеге келіп жатты. 

Жұбаныш Жексенұлы «Көктөбеге шақыру», Саят Медеуов «Мұңайма, қалқам», Жанболат пен Жазира дуэті «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық», Досымжан Таңатаров «Алқызыл гүлім», Ақылбек Жеменей «Нәзігім», Асхат Тарғын «Бөле алмаймыз ғой бақты үшке», Роза Әлқожа «Мақтааралым – мақпал әнім», Сырым Исабаев «Сырдария ағысы» секілді Әшірбаевтың авторлық әндерін орындайды. Бұдан да басқа туындылары белгілі әншілердің репертуарынан орын алған. Бекеңнің ғажап 37 әні күнделікті республикалық радиолардан беріліп тұрады. Осылайша өлмейтұған артына ән қалдырды.

1998 жылдың аяғында Журналистика факультетінің аға оқытушысы, есімі елге белгілі болған ақын, комозитор Бекжан досым отау құратынын айтты. Ғашығы Гүлмира үшеуіміз Бекең «Мақтаралым, мақпал әнім» деп, әсем әнге айналдырған туған жеріне тарттық. Шымкентте қарындасы мен күйеу баласы күтіп алып, бір қауым ел болып, Мақтаралға келдік. Бекжанның ата-анасы мәре-сәре болып, қатты қуанды. 

Оның шығармашылық адамы болып қалыптасуына Ұлбике анасының ықпалы көп болғанын сол кезде білдім. Бекеңе талант ана сүтімен келген. Ұлбике апай да ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін бітіріп, Мақтарал аудандық газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен.

Сан қырлы талант иесі, айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев аталған өнерге өз жаңалығын ала келді. Бекең айтыскер ақын ретінде сахнада көп жүрмеуінің өзіндік сыры бар. Оның айтыскерлік айтқыштығын көрермен ғана емес, әділ қазылардың өзі сол сәтте жете түсіне қоймады. Соны тіркес, кесек ойлар ағынын сәтінде қабылдай алмады. Алайда жеңіл әзіл, арзан әжуамен қауымды өзіне қаратып, ұпай жинаудан Бекең бойын аулақ ұстады. Айтыстан машина мінейін деп жанықпады. «Үнемі бас жүлде алу мен оны алмаудың сезімі бірдей» дейтіні содан болса керек. 

Журналист Бекжан Әшірбаев өзінің төл мамандығы бойынша баспасөз саласында да өнімді еңбек етті. Газет шығару ісінде ысылды, кәнігі кәсіби маманы болды. Бірқатар басылымға басшылық жасады. «Қазақ университеті» газетінде бас редактор, «Азамат kz» газетінде бас редактордың орынбасары, «Ел мен жер» газетінде бас редактор, «Жас қазақ үні» газетінде Бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактордың орынбасары және «Заң газетінің» Бас редакторы қызметтерін атқарды.   

Концерт ұйымдастырушы - продюсер деген және бір қыры бар Бекжан Әшірбаев әріптесі Төлжанбек Жақсыбаев екеуі «Жеті нота» атты жобаның авторлары. Алматыдағы Республика сарайында бірнеше рет концерт өткізді. Мақсат – ақын-композитор-орындаушы үштігін тең насихаттау. Көбіне әннің орындаушысы ғана дәріптеліп, марапатталып жатады. Тасада ақын мен композитор қалып кетеді. Осы олқылықтың орнын толтырудағы қадам да сәтті болғанын айтуымыз керек. Бұл Бекеңнің және бір қыры. 

Ғалым, ұстаз Бекжан Әшірбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген 1996 жылдан бері аталған оқу орнында аға оқытушы қызметін атқарып келді. Бекеңнің тәрбиесін алған талай шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр. 

Ал Бекеңнің ғалымдық қырына келсек, қызмет бабымен жүріп, жасы егде тартса да Журналистика факультетінің PhD доктарантурасына оқуға түсіп, тамамадап шықты. Осы күзде «Қазақстандағы сөз бостандығының құқықтық негіздері мен әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында докторлығын әне-міне қорғағалы жатыр еді....

Бекеңнің денсаулығы бар кезде ешкімге өтініш те, өкпе де артқанын көрмеппін. Шығармашылығы толысқан қырықтың қырқасында Алматыдағы ең үлкен – Респубика сарайы мен Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында дүркіретіп екі мәрте шығармашылық кешін өз күшімен өткізді. Ән мен поэзия тоғысқан керемет әсерлі концерттер талантқа қанат бітіргені анық. 

«Айбергенов атындағы сағынышы» бар ақын Бекжан Әшірбаев 2024 жылы елуге толды. «Бөке, аудан басшылығымен келістім, елу жылдығымды аудан өткізетін болды. Мақтаралға барамыз» - деді. Алайда талантты ақынның мерейтойы атаусыз қалды. Туған жерін «Мақтааралым – мақпал әнім», «Сырдария ағысы» деп әнге қосып, аталған туындыларды танымал әндерге айналдырған Бекеңнің еңбегі ескерусіз қалды. Күні кеше дімкәс жүрегі кенеттен тоқтап, «Көктөбеге шақыру», «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық» деп әнге қосқан аяулы Алматысынан да елеусіз туған жеріне аттанғаны жанға батты.Талантты бағалуда үнемі кеш қалып жүретініміз несі?

Иә, соңғы жылдары Бекжан Әшірбаевтың денсаулығы сыр берді. Жүрегі мазалаған ақын оған дес берген жоқ. Күнделікті ғажап жырларын оқырман назарына ұсынып отырды. Жанкешті еңбек етті десем де артық емес еді. Өстіп жүргенде денсаулығының мазалауын ұмытып та кетті-ау деймін. Ақын жүрек 52 жасқа толар шағында кенеттен тоқтап қалды. 

Бекеңді 5 маусымда «Шалқар» радиосына шақырғанда «Ақын қоғамға үн қосып отыруы керек» деп, соңғы рет сұхбат берген екен. Енді бүгін «Әшірбаев атындағы сағынышқа» айналған Ақпарат және Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, «Қазақ авторлары қоғамының» мүшесі, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», талантты ақын-композитор, мықты журналист, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, адал дос, алтын әріптес hәм аяулы азамат Бекжан Әшірбаевтың нұры пейіште шалқығай! 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН 

АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ

Ақын аты – ар-ұяты әр ұлттың,

Бәдiк сөздiң өтiмi аз баяғы.

Тынымсыз боп кетерi бар шабыттың,

Жас баладай ендi шыққан аяғы.

Берместi алар бәйгеден кеп баппенен,

Тақым толар тай мiнуге жарармын.

Жырларымда рухы жатыр ақберен,

Кете берер кеңдiгi бар даламның!

Кiмге бедел жаза беру өнiмдi,

Бейпұл емес, болса дейсiң сөз үнем.

Нашар өлең оқығанда өзiмдi,

Тойдан қалып қойған жандай сезiнем.

Жұтаң тартса өлеңдегi келiсiм,

Атын бiлмей шақырғаның ұятты.

Қайталану –жалған әсер мен үшiн,

Мультфильмнiң табиғаты сияқты.

Тарлық бiтiп, тас атпадым тасадан, 

Ақ парақпен алысу бұл – әдiл iс.

Бiр анығы, менен ақын жасаған,

Айбергенов атындағы сағыныш!  

Бекжан ӘШІРБАЕВ