ҚАТАРДАҒЫ ОҚЫРМАН ҚҰДЫРЕТІ
2026 ж. 30 шілде
90
0
Қазақ қоғамында әдебиет пен өнерді, жалпы шығармашылықты дамыту ісі тым ертеден бастау алатыны мәлім. Аталмыш саланың өркендеуі көрнекті тұлғаларымыздың өзара хат алысу арқылы да жалғасып отырғанын аңдаймыз. Мысалы, Алаш серкелерінің бірі Жүсіпбек Аймауытұлының Мәшһүр-Жүсіп атамызға жолдайтын үшбу сәлемі сөзіміздің айғағы. Айталық, Жүсіпбек асқан ойшыл, білгір тарихшы, көрнекті этнограф, шығыстанушы ғалым Мәшекеңе жазған хаттарының бірінде: «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіз құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз – алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой!» деп ағынан жарылады.
Бір ғажабы, әдебиетті ілгерілетуге осындай белгілі адамдар ғана емес, қатардағы оқырман да лайықты ат салысып отырады екен. Бұл жолғы сөз осындай жазбаларға арналады.
Жазушылықты Қарағанды кен орындарында шахтер болып жүрген кезінде бастаған Әлжаппар Әбішевтің «Үйінді» аталатын алғашқы әңгімелер жинағы 1936 жылы басылып шыққан екен. Бұдан соң ол «Отан үшін», «Отан атынан», «Жолдастар», «Армансыздар» сияқты бірнеше пьеса жазып, драматург ретінде көзге түседі. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында «Төлеген Тоқтаров», «Саржан» әңгімелерімен бірге «Ана» аталатын бір актілі пьеса жазады. 1945 жылы «Жас түлектер» романы жарық көреді.
Сол қырқыншы жылдардан бастап проза және драматургия жанрында жемісті еңбек еткен Әлжекеңнің өз сөзімен айтқанда, жазушының: «Өмірінің соңғы кезеңін арнаған» айрықша бір кесек шаруасы бар.
Ол – қазақтың әйгілі композиторы, әнші-ақын Мәди өмірін зерттеу, сөйтіп, әдебитімізде, өнерімізде, Мәди Бәпиұлына лайық ескерткіш жасау еңбегі еді. Кейін әуелде жоспарлаған трилогияның «Найзағай» және «Мәди» кітаптары жарық көрді. Бүгіндері сол романдар негізінде «Мәди» және «Мәдидің соңғы шайқасы» аталған пьесалары республикалық және облыстық театрларда қойылып келеді.
Өзі, қарап отырсақ, сонау Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды алыптар тобының өкшесін басқан бұл қаламгердің де бұқарамен жақын араласып, біртіндеп нағыз халық жазушысына айнала бастағанын Әлжекеңе жазылған оқырман хаттарынан да аңдауға болатындай.
Қымбатты Әбішев Әлжаппар!
Сіздің «Найзағай» атты Мәди жайында жазған романыңызды жалықпай, ынтамен оқып шықтым. Өте жақсы, қарапайым тілмен түсінікті жазылған.
Егер де мүмкіндігі болса осы кітап негізінде «Қазақфильм» арқылы көркемсуретті кинофильм түсірсе құнын ақтар еді және бүкіл әлемге Мәдидің асқан өнерпаз, әділдік үшін алысқан күрескер бейнесін көрсетер еді.
Әлжаппар! Келешекте де осындай өмірден алынған тарихи кітаптарды жазып, жемісті еңбек етуіңізге тілектеспін. Сәлеммен, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Пахардинов Құрбан.
7.12.1975 жыл. Нарынқол, Максим Горький көшесі 51-ші үй.
Ассалаумағалейкум, Әлжаппар аға!
Сізді бала кезімізден қадір тұтып келеміз. Жасымыз елудің еңсесін басуға жақын. Сонау соғыстан кейінгі 1947-48 жылдарда Қарсақпай ФЗО-сында болдық. Сіздің «Саржан» деген 1945 жылғы жеке повесіңіз сол күйінде өзімде сақтаулы. «Армансыздар», «Жас түлектер», «Найзағай», «Ғаламат» романдарыңызды атыраулық оқырмандар сияқты журналист ретінде сүйсіне оқыдық.
Сізді хат арқылы шын көңілмен жоталы жетпіс жасқа келуіңізбен қызу құттықтап, қолыңызды қатты қысамыз. Ұзақ өмір, ұлағатты шығармалар жаза беруіңізге тілектеспіз. Сау-саламат болыңыз.
Журналистік, інілік сәлеммен – Кемелхан Ыбырайұлы.
Гурьев облысы, Ембі ауданы, Құлсары поселкесі.
4-участок, 336 – үй.
(Фонд. 894, опись –1, іс –23).
Құрметті Әлаға!
Сахнамызда тұңғыш жарық көргелі отырған «Найзағай» спектаклі бойынша дайындық жұмысын жүргізгенімізге бір жарым айға жуық уақыт болды.
Спектакльдің негізгі арқауы сахнада жасалып бітуге жақын қалды.
Аудан бойынша мәдениет саласындағы бүгінгі таңдағы аса бір елеулі уақиға деп белгіленген спектакльді дайындау жұмысына қоғамдық ұйымдар мән беріп, дайындықты күндіз-түн демей жүргізуге мүмкіндік туғызып отыр.
Әлаға! Өзіңізден хабардың болмағандығы қатты алаңдатуда. Әлде біздің жасаған нұсқамыз көңіліңізден шықпады ма? Қалай болған күнде де біз сіздің шығармаңызды көрермендерге ұялмастай дәрежеде ұсынамыз.
Әлаға! Алыста жатқан Ақтоғай көрермендері, театр коллективі сіздің де осы мерекемізге келіп қуанышымызға ортақтасуыңызды тілейді. Сізді асыға күтеміз. Премьераны 21, 22, 23-январь күндеріне белгілеп отырмыз. Сәлеммен – Тұңғышбай Мұқанов.
10-январь.
Келетін күніңізді хабарлаңыз. Балқаштан күтіп аламыз.
Құрметті Әлеке!
Шымкент театрының коллективі бұл күндері сіздің «Кім менің әкем?» пьесаңызды даярлап жатыр. Пьесаны қою үстінде бізге мынандай бір ойлар бар. Сол жөнінде сізбен ақылдассақ дейміз. Оған қалай қарайсыз, ол өз шешіміңізге салынады.
Айтайық дегеніміз: Пьесаның алдында мынандай бір пролог болса қалай болар еді? – Жадыраған көңілді көп кештердің бірі. Қыдырып, серуендеп жүрген бір топ жастар. Араларында Ольга, Думан да бар. Жүрген жерлері – Москваның сұлу көріністі орындарының бірі. (Мүмкін көпір үсті болар). Сол сәтті, шаттықты шақты «Соғыс!» деген сұрықсыз суық сөздер радио арқылы бөліп кетеді. Жаңа ғана жарқын жастық, сұлу өмір туралы айтылған жастардың әңгімесі аяулы Отан, сұрапыл соғыс жайындағы әңгімеге ауысады. Әрине, мұның бәрі кішкентай көріністе аз сөзбен берілсе. Өйткені пьесаның өне бойындағы ана баласынан, бала әкесінен айырылған соғыстың зардабы, соның салдарынан болған азды-көпті қасірет баяндалады ғой. Біз айтқан көріністі спектакль тілейтін де сияқты. Мүмкіндігі болған жағдайда мұны жазу сіздің көп уақытыңызды да алмас.
Келісе қалған жағдайда мүмкіндігіңізше тезірек жазып жіберсеңіз. Тез арада жауап күтеміз.
Сәлеммен, Әубәкір Ордабаев, театр режиссері.
20.ХІ. 1957 жыл.
***
Ендігі бір хат Әлжаппар Әбішевтің «Жас түлектер» романына қатысты «Жазушы» баспасына оқырман сәлемін жеткізеді. Аталған шығарманың алғаш рет 1945 жылы жарияланғанын білеміз. Ал мына хат кітаптың қайта басылған нұсқасына орай жазылған сияқты.
Құрметті «Жазушы» баспасы!
Сіздер 1974 жылы басып шығарған Әлжаппар Әбішевтің «Жас түлектер» атты романын оқып шықтым. Жазушы ағамыз адам кейіпкерін шебер де, оқушы қауымға тартымды етіп суреттей білген. Романдағы жағымды образдар мен жағымсыз образдарға берілген мінездемелер орынды. Романды Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет халықтарының бүткіл бес жыл өмірі баяндалған.
Романның кіріспе бөлімінде екі жақтың кіршіксіз адал махаббаты баяндалса, ал шарықтау шегінде соғыс жылдарындағы Қарағанды шахтасының Қызыл Тудан айрылып қалғандығын, сол үшін шахта қызметкерлері мен жұмысшылары Қызыл Туды қайта жеңіп алу үстінде бәрі бір кісідей жұмыла жұмысқа кіріскендігі баяндалады.
Ал романның соңында уақиғаның соңы біртіндеп шешіледі. Қарағанды шахтасының жұмыскерлері өздеріне берілген жоспарды орындай отырып, жоспардан тыс көмір өндіреді. Осындай қызу жұмысқа кіріскен Қарағанды шахтасы Қызыл Туды қайта жеңіп алады. Осындай көркем әдебиеттің типтеріндегі эпос жанрындағы роман түрінде жазылған көлемді шығарманың соңы, драмалық жанрдың трагедиялық түріне ұқсайды. Бірақ осы көлемді шығармадан менің кейбір түсінбей қалған жерлерім болды.
Мүмкін болса түсіндіріп жіберулеріңізді сұранамын. Менің түсінбегендерім мыналар:
Романның 3-ші тарауындағы қаланың аты не себепті «Н.» деген бас әріппен жазыла салған. Жоқ, әлде ол қала ашылмаған қала ма? Тек осы кітапта ғана емес, «Н.» қаласы деген қаланы Ботагөз романынан да кездестірген едім. Ал романның 12-ші тарауында Перизат Бөлекбасқа үйленеді. Бөлекбас Перизатты қаламаса да, қалайша үйленеді?!. Жоқ әлде Нұрланның Сәулеге айтқан мына бір сөзі себеп болды ма? – «Сен Перизатқа айт, Бөлекбастан айырылмасын!» деген сөзі екеуінің үйленуіне түрткі болды ма?
Сонан соң сіздерден сұрайтыным, мына сөздің мағынасын түсіндірсеңіздер екен. «Тәнім таза болғанша, жаным неге таза болмады екен?» деген сөз. Бұл сөзді Ғ.Мұстафинның «Миллионер» романынан да оқыған едім. Сіздерге қояр бірер сұрағым осымен аяқталады.
Ал енді мен өзімді таныстыра кетейін. Мен 1958 жылы Шымкент облысының Бөген ауданына қарасты Көктөбе бөлімшесінде дүниеге келіппін.
Көктөбеде сегіз жылдық мектепті бітірдім. Ал қазір Шұбар селосындағы Ленин атындағы мектепте 10 «Б» класында оқимын.
Сіздерге хат жолдаушы – 10 класс оқушысы Абдраманова Гүлсара. 28- май, 1976 жыл.
***
Мұндай мазмұндағы хаттар лек-легімен келіп отырған сияқты. Бір ғажабы, қарапайым оқырман жазушыға әрдайым ағынан ақтарылып, риясыз ниет-тілегін білдіреді. Шығарманы оқу барысында өзін толғандырған жәйттерді бүкпесіз ортаға салады. Сөйтіп қаламгерге құнды ұсыныстар айтады. Мәселен, жоғарыдағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі Пахардинов Құрбанның сонау 1975-ші жылы айтқан «Егер де мүмкіндігі болса осы кітап негізінде көркемсуретті кинофильм түсірсе құнын ақтар еді және бүкіл әлемге Мәдидің асқан өнерпаз, әділдік үшін алысқан күрескер бейнесін көрсетер еді» деген ұсынысының күні бүгінге дейін маңызын жоймағаны анық.
Міне, осылайша елмен үнемі қоян-қолтық араласып, ұдайы хат алысуды әдет қылған Әлжаппар Әбішев республикамыз Тәуелсіздік алған соң алғашқылардың бірі болып «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағына ие болды.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Хаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды