ҒАБИТ ҒИБРАТЫ
2026 ж. 14 шілде
71
0
Өнер мен әдебиетті, жалпы шығармашылықты дамыту тақырыбы қозғалғанда көрнекті сөз зергері, ұлт руханиятына қисапсыз олжа салған классик жазушы Ғабит Мүсірепов еске түседі.
Бұл жолы біз Ғабеңнің, өзі айтатындай, шағын кінежкелеріне үңілуді жөн санадық.
«Қойын дәптерлерге түскен жазбалар – жазушының өзімен-өзі сөйлесуі, өзімен-өзі сырласуы. Кейде, тіпті, ең жақын адамыңа айтылмайтын сыр қойындәптерге сеніп тапсырылады» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандайын, Ғабит Мүсіреповтің артында інжу-маржан ойлары түсірілген үш жүз елудей блокноты қалыпты.
Қарап отырсаңыз, талғампаз қаламгер осынау жұмысқа қажетті қарапайым тіркестердің өзінде ғажайып ойшылдық үлгісін, керемет суреткерлік шеберлігін байқатады. Және бұл оймақтай ой түйіндерінің әрқайсысы ұлт мүддесіне, ел тағдырына, ұрпақ тәрбиесіне бағытталып жатады.
Ендеше бір сәт сол толғаныстарға кезек берейік.
Қазақтың білетіні аз емес, істей білетіні аз.
***
Шеше мінезінен сезік алса бала жүрегі суына береді, қатулана береді.
Әке-шешенің өтірігі бала жүрегін суындыра береді. Бір кезде сол өтірікті бала да айтады.
Әке-шеше ішкен арақ, мақтаныш – бәрі балаға жұғады. Бір кезде бала соны істеуге тырысады, ішеді, темекі тартады, бұзылады.
***
Қорқақтық, ездік, аяншақтық, көнбістік – құлдықтың ең жаман түрі. Адам арасындағы гармония теңбе-теңдіктен емес, келісім жарасымдылығынан.
***
Шығыста ескілік пен кәрілік өте ұсақ жасайды, ғасырлар бойы жасауға бар. Сор осында ғой.
***
Дүниеде ең қорлықта, зорлықта аяққа басылып келе жатқан нағыз қымбатымыз – ар-ұят, әділет, шындық, сұлулық.
***
Өзіне-өзі проблема, барлық проблемасы өзі ғана болған сорлы еркек, сорлы елдер, сорлы билеушілер бар. Тамақ, киім, қызық демалыс бәрінің қымбаты керек. Бірақ бірде бірі өз қолынан келмейді.
Әке масылы, ерінің масылы, жердің, дүниенің масылы.
***
Бір үй, не бір қоғам үнемі бақытты тұра берсе, бақыттылықтың өзі бақытсыздықтай ауыр, сондай қысыраған өмір болып кетпес пе еді?!
Бұл жерде қоғам сондай болар деп ойлау орынсыз, әрине. Үй тірліктің төңірегінде кездесіп қалуы мүмкін. Сонда Толстойдың:
Барлық бақытты үй іштері бір-біріне ұқсас келеді. Әрбір бақытсыз үй іштері бір-біріне ұқсас келеді. Әрбір бақытсыз үй іштері өздерінше бақытсыз дегені осы шеңберде ғана өріс болмақ.
Бірақ ешбір үй іші үнемі бір қалыпты бақытты тұра ала ма? Тұра алады, егер бақыт дегеннің түсінігін шама келгенше ұсақ-ұлаңға сая білсе.
***
Жақсы атағың алдыңда жүреді, жаман атағың артыңда жүреді. Кейде кереғар келетіні де болады. Оның себебі басқада.
***
Майдандағы солдат әрекеті де қызық, ә?! Екі жақтың солдаты біріне-бірі жау да, кекті де емес.... Соғыстан ол екеуінің ұтары да, олжалары да жоқ. Сонда да екеуі бірін-бірі тез өлтіруге, құртуға тырысады.
«Отан үшін» дегенде бұл қайшылық көзсіз жойылып жатыр. Ал «Америка үшін, Германия үшін, Франция үшін» дегенде, әділ көзбен қарағанда, сондай мағына шыға бере ме, жоқ па?!
Отаршылдықтың әкелер аурулары: темекі, арақ, мерез, оба, көксаулық, тағы-тағылар. Бұрынғы жағдайда мұндайды көрмейтін, аз кездесетін. Отар елдің кедейлері ең алдымен ауыр жағдайға кездеседі, шетін тұрады, оңай өледі.
***
Заң әрі тар, әрі тапал есік сияқты болса, амалсыз басыңды иіп өтесің. Заң даналығы мен ұлықтығына таң қаларлық болса, еркіңмен, құрметпен басыңды иесің.
Тар есік сияқты заңнан басын имей өтушілер болса, онда ол адам тапалдың да тапалы, қурайдың да қурайы болғаны. Ұлы заңға бас имеушілер болса, не соқыр, не ақымақ болғаны.
***
Ашу-қуаныш, кек сезімі сияқты халдерін жеңе алмай қалып, көрнеу көзге теріс басып алатын адам да болады. Бұл әсіресе балаң мінезі көп дала жағдайында жиі ұшырасады.
***
Үлкен бақытсыздықты, иә болмаса үлкен апатты көтеруден гөрі, ұсақ жәбір, күл-көрне, әділетсіздікті көтеру қиын.
***
Ғажап нәрсе – бүгінгі қазақтың әдет-ғұрпында әруаққа, отқа, суға табынатын әдет сақталған. Мысалы:
а) Жазғұтырым бие байлағанда желі қазықтарға айран құяды.
ә) Алғаш күн күрекірегенде ожаумен киіз үйді артынан, жабық тұсынан айнала сабалайды.
б) Қыз ұзатарда «Отқа құяр» деген кәде бар. Соған құрмандық ретінде мал сойылады.
в) Қазақтың әдет-ғұрпына өшпейтін әсер еткен Ислам діні. Әдеп, инабаттық, сыпайылық дәстүрыне Ислам көп нәзіктік қосқан).
***
Он екі айды шұбыртып ертіп тағы бір жыл өтіп кетті, ә?! Тағы бір он екі ай!.. Тағы бір үш жүз алпыс бес күн!... Үйде едік, бос едік, ояу едік! Бәрі бір аңдамай, сезбей қалғандаймыз. Өмірден суырылып, жұлынып кеткен он екі ай оралмасқа кеткенін бүгін ғана ұғынғандаймыз. Сонымен келер жылы да осы өкінішке кездесеріңді біле-тұра баяғы бей-жай қала бергендейсің!...
***
Осылай толғап келе жатқан Ғабит қаламы енді бір кезде әдеттегідей Әдебиет жәйіне ауа түсетін секілденеді. Көз жүгітіп көрейік:
Проза – қара сөз емес, ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар, негізгі ойыңды терең бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дәп тигізетін көркем сөз.
Ал өлең дейтін көркем сөз ұйқасқа емес, ырғаққа, лепке, ритмге құрылады. Оған ұйқастың себі де жоқ, зияны да жоқ.
Ойсыз сөзде көркемдік те жоқ. Дәл сөз теңеу – бейнелеуі, нысанаңа аумай тиетін сөз – көркем сөз дегенің сол.
Әрбір сөздің қыры бар, тұрағы бар, жадысы бар, тұрқы бар болуы керек.
***
Адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
***
Әр тақырыптың жазушыға беретін творчестволық әсері: тіл шешіледі, адам мінездері айқын елестейді, уақиға өзінің логикалық қисынын табады. Өзінен-өзі ілгешектеніп өрши береді, алдыңа сол заман келеді. Тақырып өзі де мылқау болса, сен де мылқаусың.
***
Айып, мақтау мөлшері барлық ақын-жазушыға бірдей бола алмайды... Ұлы жазушыға жақсы деген баға, орта жазушыға берілген «өте жақсы» деген бағамен бірдей. Шындық, ғашықтық, сұлулық, естілік дегендердің шегі жоқ. Адам арманы көкжиек сияқты, жақындаған сайын алыстай бермек.
***
Ақылды адамға ең ауыр жаза – мақтай беру, мақтай беру.
***
Меніңше, өнердің ең ауыры:
1. Әдебиетке қалжыңның шектен шығып кетпеуін сақтай білу;
2. Ойыңды, идеяңды, қорытындыңды күн бұрын білдіріп алмау;
3. Тойып отырып нәзік нәрселерге соқтығу.
***
Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.
***
Шиырлап шыққан биігім сол, олақ оймен көктің жүзін кезгенде аспан жерге, жер аспанға жау емес, адам үшін екеуі де бір бесік. Жердің бетін солқылдатса биік аспан гүрсілі тазармай ма дүние бір?! Жаңбырдан соң, гүрсілден соң көгерген жер бетіне қай тазалық, қай сұлулық теңесер! Адам мен адам ойы ұштасып домбыраның қос ішегіндей бірге шығып, үндері ертелі-кеш дүние еңбегін кеңесіп, еш нәрсені менікі деп өзімшілдік істемесе ешқайсысы! Жер бетінде бір сұлулық осы да! Біреу күліп, біреу жылап отырмаса бір сұлулық осы да!
***
Жұрттың бәріне бірдей ортақ, бәріне бірдей ұнайтын шындық болмайды, болған емес, сұлулық, әділет, мырзалық дегендер де сондай.
***
Міне, Ғабит Мүсірепов Құсни хаттарының бір үзігі осы. Бұлардың ешқашан ескірмейтіні де анық.
Қолжазба Ғабит Мүсіреповтің мұражай үйінің архивінен алынды.
Әзірлеген Елжас МИРАСҰЛЫ