СИҚЫРЛЫ СӨЗДІҢ САРДАРЫ
2026 ж. 14 шілде
74
0
Ардақты аға, асыл азамат, жігері мен қайратын, намысы мен айбатын ұлтттық болмыс жолында егеулі найзадай ерлікпен ұстаған Сейдахмет Бердіқұловтың өрнекті өнегесін, кең жайылған керегесін, «жау жолына атам сені, бомба бол да, жарыл жүрек» деп Қасым жырлағандай қайсарлығын көрген онжылдықтың орайы жүректі ашып, тамырды басып сөйлеуге шақырып тұрады.
Сейдахметтің семсер мінезінен шыңдалған, әлеуетін көріп құлданған, әділдігін көріп қуанған толқынның алды қазір жетпіс жастан асып, ақсақалдық асқарға иек артса да, басымыз қосылып, барымызды ортаға салғанда, Секең туралы әңгіме тиегін ағытқанда, бәріміз де жастық шағымызға оралып, жайнап сала береміз. Өйткені оның рухының алдында баяғы баршын күндер ауыздығымен алысып, сауырына қамшы тигізбей құйылып жеткен арғымақтай болып, атойлап шыға келеді. Сол кезде әрқайсымыз оның алдына қалай келгенімізді және қалай ұсталық ұядан ұшып шыққанымызды жарыса айтып, желпініп қаламыз. «Өй, несін айтасың, Шұға десе Шұға еді ғой» деген Бейімбеттің бедерлі сөзі жадымызға жарыса келіп, «Шіркін, Сейдағаң десе Сейдағаң» еді ғой деп жаутаңдап та қаламыз. Жақсының аты өлмейді деген осы емес пе! Әлемдік аяқдоп додасынан жазған репортаждары тұрақты сөз тіркесіндей болып тұғырға қонған, теңеулері тосындығымен тамам елді жалт қаратқан жампоз қаламгердің сөз саптасы санамызда әлі сәулесін ойнатуда.
…1976 жылдың мамығы бұрқыраған мамыры еді. Онда мен Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінің тілшісімін. Алматы жаққа алаңдап, әкесі базарға кеткен баладай болып жүрген кезім. Облыстық газеттің ерқашты жұмысы да еркіндікке жібермей, қаламы қасаң ағаларымыздың қас-қабағына қарап жүрген шақ. Мамырдың бір сәтті күні газет ұжымына албырт азамат, белгілі әдебиет сыншысы, білімдар, пассионар, «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Сағат Әшімбаев келе қалды. Сәкеңді студент кезімнен жақсы білемін. Университет Филология факультетінің Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестігінің жетекшісі болып жүрген кезінен әдеби кештерде талай рет өлең оқытып, баурап, баулап жүрген тетелес аға, танымал ұстазым. Мені көрген бойда: «Сен мұнда неғып жүрсің, облыстық газет жазуыңды қасаңдатып, қарайтып жібереді, әдеби ортаға оралуың керек, отпускіңді алған бойда Алматыға, маған кел, жастар газетінде жұмыс жасауың керек» деп бастырмалатып тастады. Өзім де төркініне жете алмай жүрген қыздай болып, Алматыға қарай алаңдап жүргенмін. Оның үстіне содан бірер ай бұрын ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағали қайтыс болып, бастығым, Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын Темірхан Медетбек екеуіміз жанарымыз жасаурап отырып, Мұқаңды еске алып, оның өлеңдерін оқып, бір жасып, бір жасарып қалғанбыз. Темкең: «Бала, сен әзір бойдақ кезіңде Алматыға тарт, орал ортаға, бір қалсаң қалып қоясың» деп жүрген. Құланның қасынуына мылтықтың басылуы қатар келді. Қыркүйекті күтіп, қапылып қалдым.
Қыркүйектің басында алып-ұшып Алматыға жеттім. Келген бойда «Лениншіл жастағы» Сағат аға Әшімбаевқа кірдім. Қуана қарсы алды да, «Ертең бар жазған-сызғаныңды алып, қайта кел. Бір орын босаған, соған конкурсқа түсесің, бағың жанса, бабың табылады. Мен кепілдік беремін» деп ағынан жарылды. Ертеңіне келсем, бір орынға алты үміткер таласқалы тұр екенбіз. Бәріміздің жазғандарымызды алып, екі күннен соң келесіңдер деп жіберді. Көңіл күпті. Екі күн екі минуттай болмай өте шықты. Алты үміткер жетінші қабатта тоқайластық.
Бәріміз жүрегімізді қолға ұстап, дәлізде дегбірсізденіп жүрміз. Хатшы қыз: ішке кімді шақырады, сол қабылданады, қалғандарыңыз қайта бересіз деп, одан сайын қобалжытып тастады. Бір кезде хатшы қыз: «Оралбаев деген кім, кірсін деп жатыр» деп дедектеп жетіп келді. Жүрексіне басып ішке кірдім. Ұзын столдың екі қапталында алқа мүшелері, төрде орта бойлы, толықша келген, бүйрек беттеу, бір қарағанда мексикалық ацтектерді еске түсіретін, өзіне сенімді, сергек қимылды, сол қолына қаламын сермей ұстаған кісі отыр екен. Талайдан бері танысымдай болып, аты-жөнін жатқа білетін Сейдахмет Бердіқұлов осы екенін мен де бағамдап үлгердім.
– Жазғандарыңды мен де, алқа мүшелері де оқып шықтық. Көңіліміз саған құлады. Батыс аймақтың жазар жері де, көрсетер кені де жетіп жатыр. Фариза апаңнан кейін бұл өңірден жазарман таппай жүр едік, сол олқылықтың орнын толтыр, Мәдениет бөліміне кіші тілші болып барасың, бастығың мына Төлен Қаупынбаев деген ағаң, ал, жолың болсын, жазғаның жұртымызға жете берсін, кіріс, – деді нықтап сөйлеп. Менікі бас шұлғу. Секең туралы ойланғанымда осы бір сәт, алғашқы жолдың абзал батасы есіме түседі де тұрады. Сағат аға дереу ерте жөнелді. Құшақтап құттықтап, Төлен ағаға тапсырып, жүрек қалауыңды жасырмай жаз, жүрексінбе, жастар газетінде жасықтыққа орын жоқ, деп және бастырмалатып тастады. Хатшы қыз Секеңе қайта шақырды.
– Алматының бір проблемасы сел деген сойқан. Алатаудың мұзартындағы қар мен мұз жаздың ыстығында қатты еріп, қала халқын үрейге бөлеп тұрады. Сен ертең осы туралы мақала жазып әкел, сейсмология институтында ақын Асқар Тоқмағамбетовтің баласы директор, соған барып, мән-жайды білесің, – деді. Бардым, сонымен жастар газетіндегі алғашқы мақалам: «Мұздықтар сыр шертеді» деген атпен жария болды. Апта басындағы ілездемеде Секең: жазуың жаман емес, бірақ тақырыпты «Мұздақтар сыр шертеді» деп қойғаның жөн еді, жалпы тақырып ойнап тұруы керек, ол оқырманды алдын-ала баурап тұрса, мақаланың бағасы да арта түседі» – деп бірталай ақыл-кеңесін айтты. Кейін талай рет көрдік қой, кешке бет қарағанда Секең сол қолындағы фломастермен ұнамаған тақырыпты белден бір сызып, жарқ еткізіп, жақсы тақырыпты қоя салатын еді. Менің мақаламды қарап тұрып, «Мұздақтар» деген дұрыс болар еді деп тұрып, солақай қолын бір сілтеп солай жаза салмай: алғашқы мақаласы ғой, бара берсін деп кеңдік танытыпты. Бұл да ұстаздық бір тағылым еді. Кезекші болған бөлім меңгерушісі Секең солай деп еді дегенмен, мен өз тақырыбымды өзгертпей қалдым. Өйткені атамның аты Мұздақ еді, солай деп жазуға атамның аруағынан сескенген жайым бар-ды.
Осылайша менің қазақтың қайсар перзенті, ұлттық ұстынды ұстауда ұлағат танытқан, руханияттың жас толқындарын тәрбиелеуде танымгерлік пен мәлімгерлік көрсеткен, заманның зымыстан кезінде де жұртының жүрегіне жігер мен үміт ұялата білген, ұлттық баспасөздің сарапшысы да, сардары да болған, әкесі халық жауы деген жаламен кетсе де жетіммін деп жасымаған, бақ қонса тасымаған, намысы мен таланты асыраған, әлемдік доп додаларында төрт құрлықтың төрінде жүрген апайтөс журналистердің ортасында өзін тең ұстап, туған еліне сөз ұзатқан, жасын жанары қай елде жүрсе де өз қазағын жалықпай іздеп, жаңылмай тапқан, журналистиканың жүрдек жанры – спорт тақырыбының жаңаша жазылу мектебін қалыптастырған, проза жанрында стильдік серпіні жасын ойнатқан, жастар басылымы – атақты «Лениншіл жас» газетін табан аудармай 16 жыл басқарып, ұлттық ақпараттың ұранын бедерлеген, қанында қазақтың салт-дәстүрі бар қазақ баласының үмітін үкілеп, арманын аялаған, азамат етіп атқа мінгізіп, қолтығынан демеген, көрер ойы көбеген, әділдігі тебеген, жақсы көрсе демеген, бауырым деп барлығын, құшағына бөлеген, руға бөлмей ешкімді, сен қайдансың демеген, Азамат еді ағамыз, ер еді ғой, не деген. Қалтқылдақ кезең мен жалпылдақ уақыттың өзінде іште бұлқынған ұлттық, патриоттық, елдік, халықтық сезімін қылпыған алмастай етіп қолға ұстап, әр сөзіне мән, әр ойына жан, әр мінезіне қан берген мұндай тұлғаның алдын көріп, ағалық тәлімін алған жылдарым – менің өмір мектебім болды. Осы мектепте жаман оқыған жоқпын.
Секеңмен сырлас болдым. Бұл сөзімді оның алдын көрген әр шәкірті де айта алады. Бірақ ол мені бірде туған бауырындай, бірде досындай, бірде жолдасындай, бірде сапарласындай, бірде қатарласындай қадір тұтты. Бас қосып отырған бір отырыста белгілі жазушы, бөлім меңгерушісі Жұмагүл Солтиева Секеңнен: «Аға, бәріміз де сізге жақынбыз, көптен қасыңызда келеміз. Мен тіпті жерлес қарындасыңызбын. Бірақ бәрімізден де Өтегенді жақсы көресіз, әрқашан оның сөзін сөйлейсіз, сенім артасыз, осының себебі қандай?» деп тұтқиылдан сұрады. Сөзінде ағаға деген базына да бар еді. Мен де қысыла тыңдай қалдым. Сонда Секең: «Өтегенді ерекше екі қасиетіне бола жақсы көремін, ол бізге келгенде 24 жасқа енді шығып тұрған қалақтай қара бала еді, сол кезеңде жұрт Мұқағалиды ауызға алмақ тұрмақ, оны айтуға қашақтайтын, ақын туралы ешкім қалам тартқан емес, өтініш айтқанның өзінде жоғары жаққа жалтақтап, сылтау айтып кететін. Өтеген келгеніне бір ай болмай жатып, Мұқағали жөнінде төгілдіріп новелла-мақала жазды. Газетте жарияладық, оқырманнан хат борады. Жалтақтамайтын жақсы журналист болатынын көрдім. Екіншісі мен бөлім меңгерушілерінің, бәріңнің үйінен дәм таттым, бәрің де дастархан жайып, қонақ еттіңдер. Ол мені әлі күнге дейін үйіне шақырып, шай берген жоқ, сол үшін жақсы көремін» деді. Бетім ду ете қалды. Бұл жағы менің ойыма да келмепті. Сол шайы құрғырды берудің реті содан кейін де келген жоқ. Қайта Секең көбіне түстікке барарда мені ертіп алып, «Отырар» қонақүйіндегі ресторанға барып, бір ұйғыр азаматының арнайы дайындаған мантысына тапсырыс беріп, жайланып отыратын. Ақ мақтадай үлбіреген қамырының түсін мақтай отырып, әңгіме тиегін ағытатын, бала кезгі өмірін, сондағы арман-мақсатын айтып тебіреніп, әкесін еске алып, жанары боталап отырып қалатын шағы әлі көз алдымда. Секең туралы бұған дейін үш мақала, екі арнау өлең жаздым. Оларды бұл жолы қайталап отырған жоқпын. Бұл жолы оның өміріндегі кей сәттерді еске ала отырып, Секеңнің рухани-азаматтық табиғатын ашуды мақсат тұттым. 1986 жылы жаз ауа «Лениншіл жас» газетінде Секеңнің жеке өзінің идеясы бойынша «Сұқбат-телефон» айдарын аштық. Мен онда газеттің Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі едім. Ең беделді әрі ең дауы да көп бөлім. Дауы көп болатыны тікелей сан алуан мінезді ақын-жазушы аға-апаларымызбен жұмыс жасаймыз. Осы айдардың тұсаукесерін бастауды Секең маған тапсырды. Оның кабинетінде отырып, айдардың алғы күндердегі кейіпкерлерінің тізімін түздік. Секең: «Әуелі Шықаңнан (Шыңғыс Айтматов) бастайық, әлем таныған қаламгер, өзіміздің авторымыз» деп шешімін айтты. Дереу дайындыққа кірістім. Таңертең жұмысқа жеткен бойымда хатшы қыз: «Бастық бүгін тым ерте келді, сені іздеп жатыр» деді. Кіріп, амандастым. Секең: «Менің Шықаң туралы ойым өзгермейді, дос-інілігім өз алдына, қазаққа деген оның жүрегі таза ғой. Дегенмен, аруақ аттағандай болып отырмын, әуелі өзімізден бастайық, кім бар?» деп шаншыла қарады. Аузыма алғашқы болып арыстандай ақын ағамыз Әбділда Тәжібаев түсті. «Дұрыс, Әбекеңнен бастайық, қазір үйіне барып, мән-жайды айтып түсіндіріп, келісімін алып кел, одан әрі уақыты мен күнін белгілейміз» деп Секең шалт қимылдады. Жеделдетіп ақынның көптен тұратын қала ортасындағы жеке қонысжайына келдім. Әбекең екінші қабаттағы кабинетінде араб әліпбиімен бұрқыратып өлең жазып отыр екен, көңілдене қарсы алып: «Шалдың мына бір жырына құлақ түрші, қалай екен» деп әлі сиясы кеппеген өлеңін оқи жөнелді. Сол кезеңде Әбекең жаңа бір шабыт арғымағының жалында жүр еді, өлеңдері де көркемдік, азаматтық, идеялық тұрғыдан сәтті шығып жатқан. Келген жұмысымды ұмытпай да отырып, ақынның өлеңдерін тілім жеткенше мақтадым. Шынында, жақсы өлең екен. Келген шаруамды айттым. Қуанып қалды. «Өте жақсы бастама екен, шалды бір ширықтырайын дегенсіңдер ғой, тәуекел, жұртыммен жүздескендей болып, бір жасап қалайын, әрқашан дайынмын» деп Әбекең ақындық мінезбен ағынан жарылды. Ұмытпасам, ақынның ұсынысы бойынша сұқбат күнін қыркүйек айының алғашқы онкүндігіне қойдық. Секеңе келіп баяндадым, ол да қуанып, «Ал, іске кіріс, бұл бір жақсы оқиға болғалы тұр, қартыңды бір көсілтейік, соның ішінде өзіміздің де мақсатымызды бір шыңдап аламыз» деді. «Сұқбат-телефон» айдары осылайша қазақтың арқалы ақыны Әбділда Тәжібаевпен басталды. Ақын 4 сағат бойы дем алмастан оқырмандардан келген телефондағы сұрақтарға жарқылдап жауап берумен болды. Жүзге жуық сұрақ түсті. Соның ішінде ұлттық мәселелер: тіл, діл, ұлт тарихы, мектептер мен балабақшалардың жағдайы, ұлттық кадр мәселесі, әдебиет пен өнер, ғылым мен мәдениет, экология, жер тағдыры, ең бастысы ел тағдыры жан-жақты әңгіме болды. Сұхбатым арада 3 күн өткенде «Қаламмен жазылған, қарумен өшпейді» деген тақырыппен «Лениншіл жастың» екі бетіне жарияланды. Бұған оқырмандардан үш жүзден астам хат келді. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі күндерінің соңынан іле-шала «Правда» газетінде оның меншікті тілшісі Төлеужан Есілбаевтың «Паутина» деген үлкен мақаласы жарияланды. Сол мақалада есі кеткен Есілбаев «Қазақтың үлкен ақыны тілім құрып барады, жерім тозды, қазақша мектеп, балабақша жоқ деп жылайды» деп жазды. Әйтеуір, мақала авторының атын атамағандықтан аман қалдық, бірақ осыны білетін комсомол басшылығындағы әпербақандар бюроға салып, бұйралап, Секең мен маған сөгіс берген еді. Сертке берік Секең бұл жарияланымнан кейін маған Шыңғыс Айтматовпен сұхбат жүргізуге дайындық бастауды тапсырды. 1986 жылдың қазан айының соңғы онкүндігінде Қырғызстанның Қазақстандағы мәдени күндері өтіп, ел делегациясын ай маңдайлы Айтматов бастап келді. Секең Шыңғыс ағамен кездесіп, бұл жолғы сұқбатты жаңа тәсілмен алатын болып келісіп келді. Осылайша қырғыз делегациясы қайтар кезде біз Шықаңды Ұзынағаштың ұзан жолында күтіп алып, жолынан кідіртпей, көлік ішінде отырып әңгіме жүргізетін болдық. Секең жалпы жаңа идеяны жүзеге асырарда оны ақырына дейін құпияда ұстайды, бұл жолы да солай жасады. Үшеудің бірі болып газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалы еретін болды.
Мезгіл қазан айының аяғы. Дегенмен, күннің шуағы әлі мінбеден түсе қоймаған, халық тілімен айтқанда кемпіршуақ болып тұр еді. Айнала маужырап, желсіз даланың шалғайы шуаққа малынып, жомарт күздің көңілі мол жайылған дастархандай болып жасанып жатты. Ұзынағаштан сәл әрі шығып, маңдайын күнге беріп, сарғыш тартқан шөбі сары алтындай құбыла ойнаған төбенің басында тұрдық. Бір кезде анау қайқаңнан сүліктей болып қара «Волга» жалт ете қалды. Жүгіре басып, жол жиегіне қарай ұмсындық. Жайлап келіп тоқтаған көліктен асықпай, баппен шыққан Шыңғыс аға: «Ал, Сайдахмат, қош көрдік, бұл бір қызықты, шоң сұхбат болатын болды, жүрелік» деді көңілдене сөйлеп. Секең: «Шықа, сіз менің көлігіме отырыңыз, салонда қатар отыралық, алдыңғы орында мына Өтеген бауырыңыз болады, ол сол жерден отырып, сұрақтарын бере береді, сіз жауап қата беріңіз, радиодиктофон жаза береді» деп өтінді. Сәлден кейін екі көлік – ауыздығымен алысқандай ақ пен қара машина құйрық тістесіп, қара жолдың бойында жүйіткіп бара жатты.
Осылайша ұзындығы жағынан 170 шақырым, уақыты жағынан алты сағаттық, саны жағынан жүзге жуық сауал берілген сұқбат жалғасып кетті. Қордай асуынан шыққасын бір қойнауы кең төбенің басына тоқтап, сол жерде алып қонаққа ақ дастархан жайдық. Шықаң: «Шіркін, Қордай асуынан да өттік, бұл бір талай жүрген көзайым жерім ғой, құдайға шүкір» деп мейірлене қарап тұрды. Сол жерде әңгіме тиегі одан әрі ағытылып, бұған дейін арнайы дайындап келген сұрақтарымыздан да тыс сұрақтар легі жалғасып, Шыңғыс аға оның бәріне ықыластана жауап беріп отырды. Оның қасында екінші жары Мариям апай мен жеті жасар ұлы Эльдар болды. «Қазақтың қазысы қандай дәмді» деп бір тілім майлы қазыны іліп алып, дәм татты. Қош келдіңіз дегендей, «Қазақстан» коньягі де дастархан шетіне ілініп, тырс етіп тығыны ашылды. Бұл бір аса ықыласты, мамыражай, пейілді отырыс болды, аға да ашылды, іні де көсілді, мен де ретті жерінде сауал қоюдың шебінде сай отырдым. Сонымен дастархан жиналып, қонақтарымыз одан әрі жүретін болды. Шықаң көлігіне отырып, қош айтысып жүріп кетті. Сәлден соң, екі жүз метрдей жүрген көлік тоқтап, ішінен Шыңғыс аға қайыра шығып, бері қарай жүрді. Секең де сәл дегбірсізденіп, жылдам басып алға түсті.
– Бәрі дұрыс, Сайдахмат, егер рұқсат болса мына Өтеген ініммен бірге тұрып суретке түсейін деп едім, кел, Өтеген байке, деп маған қарай ұмсынды. Күтпеген сәт еді, мен Секеңе қарадым. Ол Рахымбайға шапшаң иек қағып, маған бара ғой деген ишара жасады. Шыңғыс аға мені даладай құшағына алып тұрып, суретке түсті. Бауырына басып тұрып, батасын берді, арқамнан қағып, басымнан сипады. Жақсы ырымға балап, жаным жадырап тұрды. Қадірлі қонақтар қыр асып кеткенде көлікке жайғасып, Алматыға бет алдық. Секең көңілді, «Сәтті сапар болды, жақсы сұқбаттастық, Шықаң да ашылды, ендігі жүк сенде, Өтеген» деп мені көліктің артқы салонына қатар отырғызып, арқамнан қақты. Екі ағамның арқамнан қаққаны күмән бұлтында келе жатқан көңіл аспанын шайдай ашып, қиялым шартарапқа шалқып кетті. Секең көңілденген кезінде «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын» деген әнге басатын еді, бұл жолы да сол әнді шырқап келе жатты. Жұбайы Баянауылдың қызы болғандықтан осы ән оның көңіліне етене жақын екенін көптен білемін. Секеңнің ән салғанда да әдемі, құлаққа жағымды қоңыр дауысы бар еді. Менің де көңілім ән салып келе жатты.
Түнгі сағат екіден өткенде менің үйімнің тұсына келіп тоқтадық. Шам жанып тұр екен, отбасым мені күтіп, дастархан дайындап отырғанын білдім. «Секе, келініңіз дастархан дайындап отыр екен, түсіңіз, шай ішіп аттаныңыз» дедім ілтипатпен. Секең: «Сенің үйіңнен шай ішуге өзім де құмармын, бірақ түн ауып кетті, ертең сұхбат дайын болып, нөмірге кетуі керек, сен де шайыңды ішіп алып, жазуға отыр, барыңды сал, шыққасын арнайы тапсырыспен дайындап, елу данасын Шықаңа беріп келемін, ал, іске сәт» деп қолын ұсынды. Үйге келгесін шай ішіп алып, столға отырдым. Мақала таңғы сағат он кезінде жиырма беттей болып жазылып бітті. Мақаланы теріп болғасын Секең алып кіріп едім ол: «Мен әзір оқымай-ақ қояйын, көңілімнен шықпаса, қоңылтақсып қалармын, оны қазір Ержұман (редактордың орынбасары Ержұман Смайыл) оқысын, сол маған айтсын қалай шыққанын» деп Ержұманды шақырды. Ерекең екеуміздің арамыз салқын еді, мен сәл дүдәмалданып қалдым. Обалы нешік, Ержұман оқып болғасын мені шақырып, «Өзім жазғандай қуандым» деп қолымды алды. Екеуіміз Секеңе еркін кірдік. Шыңғыс Айтматовпен сол сұқбатым «Жол мұраты – жету» деген тақырыппен келесі күні, 1 қарашада, бірінші беттен басталып, үшінші бетті түгел алып жарияланды. Бұған қалың оқырманнан бес жүзге жуық хат келді. Орыс тілді оқырмандардың сұрауы бойынша сұқбатты Бақытжан Момышұлы аударып, ол таяу аптада «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Оларға да бірталай хат келіпті. Секең жасыл түсті бояумен жылтыр қағазға басылған газеттің елу данасын алып, Фрунзе қаласына барып, Шықаңа өз қолынан тапсырып, шалқып келді.
«Туған ай тураған еттей» дейтін қазақпыз ғой, желі кіді желтоқсан айы да кіріп келді. Күллі кеңес одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісіне де аз қалған еді. Жалпы, осы көтерілістің арғы түбінде жалындап жария болып жататын жастар газеті – «Лениншіл жаста» жарияланған мақала, жазбалар да қоғамдық сананың қозғаушы күші болғандығы айқын. Үнемі ұлттық мәселені күн тәртібінен түсірмейтін, ұлтшыл, өз халқының патриот перзенті Сейдахмет Бердіқұловтың ұлттық ұстанымы әрбір қазақтың жүрегіне намыс сәулесін жағып, ол ұшқын жалынға айналып жататын. Ол басқарған тұста, біздің толқынның кезінде, газеттің таралымы 300 мыңға жетіп, одақтық жастар газеті арасында рекорд жасаған еді. Сол толқынның ішінде болған әрбіріміз халыққа қызмет жасаудың бақытын басымыздан өткердік. Ол бақытты Сейдахмет ағамыз бізден де гөрі тереңірек сезінген болар. Айтсақ албырттық пен ақылды теңдеп, жігер мен жалынды өңдеп, басымызды бәйгеге тігіп, арқамызды алдаспан ағаға сүйеп, үлкен үйден де, кіші үйден де үрікпей, жарқын жағалауға қарай жақындап келе жаттық. Ізденіп жаздық, тың тақырыптарды іркілмей қаздық.
Осының алдында, жазда, комсомолдың орталық комитетінің кеңейтілген бюросы болып, бірінші хатшы Серік Әбдірахманов бізді, бөлім меңгерушілері Несіп Жүнісбаевты, Жанболат Аупбаевты, мені қуырдақтай қуырып, екі аяғымызды бір етікке тыққан. Газетте ұлтшыл мақала көп, ылғи осы тақырыпты барлық саладан іздеп отырасыңдар, неге басқа ұлт ақындарының шығармаларын бермейсің деп маған шүйлігіп, әсіресе, Жүнісбаев: «Тоғызқұмалақ ұлттық ойын, «Қайратта» неге қазақтар аз, қашан ұлттық футбол, волейбол командамыз болады» деп жазады да жатады, «Тоқтатыңдар, Сейдахмет Бердіқұлұлы, бір айдың ішінде Несіп Жүнісбаев газетте қызмет жасамайтын болсын» деп сұқ саусағын безеді. Сол кезде Секең: «Мені бүгін редакторлық лауазымнан алып тастаңыз, әйтпесе газетке мен қол қойып отырғанда Несіп Жүнісбаев жұмысын жалғастыра береді» деп саңқ ете қалды.
Желтоқсанның 16-нан басталған дүрбелең келер күндерде одан әрі ширығып, шамырқанып, ұлттық мінезді ұранға айналдырып, қарлы алаңда қахарлы қуатқа айналып, «Менің Қазақстаным» болып шырқалып, байтақ еліміздің байрағын желбіретіп, бостандыққа қарай батыл басып келе жатты. Көзі күлмең, сөзі жылмаң, суық сырдаң Колбиннің шашпауын көтеруге келген мәскеулік менмен топтың жетекшісі М.Соломенцов пен жандайшап В.Разумовский Горбачевтің «махровый национализм» деген қара жалауын желпіп, жерден жік, екі аяғын тік шығарып, қан қасап жасаған әскердің сойылын соғып, қара күшке ерік берді. Әрине, өте қиын жағдайда қалған ұлт сасып, абдырап та қалды, жүйкесі бостар желмен ығып, өресі тарлар өкінген сөздерін айтып, қызыл шүберек коммунистер мен көбелек мінез комсомолдар жандайшап болып жасанып, тіпті, кейбір өзге ұлт өкілдері «саяси қырағылық, қоғамдық белсенділік танытып, қазақ әлемі ызы-қиқы болып кетті. Қан мен жанның құрбандары ақ қар, көк мұзда қасқыр иттерге қойша таланып, қыздарымыздың бұрымы, ұлдарымыздың ұрығы кесілді. Билік басындағы сол кездегі шенділер енді батыр болып жатыр ғой, балақтағы бит басқа шапқан аласапыранда ар жүгін ұстаған азамат аз болды. Ащы шындық осы, айтпаса сөздің атасы өледі, айтамыз.
Ар туын жықпай, асқақ тұрып, жасықтарды жасқап тұрып, семсер сөзді бастап тұрып, сол солақай бюрода қарулы топқа қаймықпай қарсы сөйлеген Сейдахмет Бердіқұловтың ерлігін әркез айта жүремін. Бұл жөнінде екі рет жаздым да. Өйткені Секең: «Өтеген, осының бәрін көзбен көрдің, куә болдың, уақыты келгенде айтарсың, жазарсың» деп еді. Енді сол бюро туралы айтайын. Оны Алматы қалалық партия комиетінің бірінші хатшысы Г.Шулико деген жүргізіп отырған. Әдеттегідей қаралау сөздер қарша борап, жандайшаптар жалбаңдап, қорқақтар қалбаңдап жатқан тұста Секең жұлқынып сөз сұраған. Сөз алған бойда қазақ жастарының ұлтшыл емес, бауырмал екенін, халқымыздың қанында мұндай қасиет пен дәстүрдің ежелден бар екенін, жастарды біржақты кіналаудың, әсіресе бүкіл ұлтты жаппай ұлтшыл деп айыптаудың дұрыс емес екенін қадап айтып, қасқиып тұрғанда, Шулико: «Ей, Бердіқұлов, сөзіңді қысқарт, не айтып тұрсың» деп сұқ саусағын безегенде, Секең «Әй, Шулико, ана сұқ саусағыңды тарт, осындай сұқ саусақтар бізді осындай күйге жеткізген» деп айылын жимай айтып тастаған. Шаңқылдап кеткен Шуликоны Колбин тоқтатып: «Мына жазушының айтып тұрғанының жаны бар, ойлану керек» деп ушығып бара жатқан абыр-дабырды қулықпен басқан. Өйткені залдың артқы жағынан Секеңді қостаған дауыстар да шыға бастапты. Бұл 1986 жылдың 20-шы желтоқсаны болатын. От пен оқтың түтігіп тұрған кезі. Сонда желтоқсан көтерілісінің тарихында қаралаушыларға қарсы бірінші болып сөйлеген қазақ перзенті Сейдахмет Бердіқұлов болып тарихқа таңбаланды. Еліміздің комсомол жетекшісі «Бұл жазушы Бердіқұловтың жеке пікірі» дегенде, ол «Әрине, бұл менің жеке пікірім, сізде жеке пікір жоқ екенін білем ғой» деп оны да бір ауыз сөзбен жалпасынан түсірген. Кейін осы туралы әңгімелескенімде: «сол жерде арды белбеуге түйдім, қалтамдағы партбилетті столға қоюға дайындап тұр едім» деді. Ол кезде партиядан шығу жоқ болудың қарғыс байлаған қағидасы болатын. Тәуекел ме, тәуекел, ерлік пе, ерлік. Осы жерде айта кетелік, сол кезде халық атынан қахармандықпен шығып, қорқау топқа айылын жимай қарсы шыққандардың да тізімі былай болатын: 23 желтоқсан күні Академияда болған жиында академик Салық Зиманов, 31 желтоқсан күні Жазушылар одағында болған жиында Жұбан Молдағалиев, одан кейінгі күн-айларда жазушылар Сафуан Шәймерденов, Шона Смаханұлы болды. Бұл хронологиялық тізімді жұртымыз жадында ұстауы керек. Марқұмдарға енді оның керегі де болмас, бірақ жас ұрпақ, бүгінгі Тәуелсіздік толқыны олардың әз есімдерін еске ұстаулары шарт. Біз олардың рухына құрмет көрсетуіміз керек. Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран деген осы.
Талай жайды айтатын реті бар, бірақ бір мақалаға оның бәрін сыйғыза алмайсың. Жалғасын келер күндерге бағыттайсың. Біреуі еске түсіп отыр. Бірде Секең шақырды. Кірсем, темекісі түтіндеп, оның алдында Асқар Сүлейменов отыр екен. Амандасып, қарсы бетіне отырдым. «Асекең бізге мақала әкеліп отыр, оқып шықтым, сирек сөз, сындарлы жазба, алып барып, оқып шық, реті келсе жақын күнгі нөмірге салайық» деді. Асекең орнынан көтеріліп, Секеңе қарата: «бассаң да, баспасаң да, саған деген көңілім баяғыдай» деп шығып жүре берді. Асқар Сүлейменов таптауырын сөзді жазбаған қаламгер ғой, «Болмыспен бетпе-бет» деген шағын әдеби эссе, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовті қорғап жазылған, әдебиет әпербақандары мен қарау ойлы пікірлерге қарсы оппоненттік мақала екен. Сөздері селебедей жарқыл, жасындай жалтыл. Сөйлемдерінің құйылысы мен құрылысы Асекеңнің шашылып түскен шумақтарындай болып, шымырлап бойға жайылғандай. Жарияладық. Ертеңіне Секең шақырып, мәз болып күледі. «Асқар телефон соқты, мен де жынды едім, сен менен өткен жынды екенсің, мақаламды қорықпай басып жіберіпсің ғой» деп телефон тұтқасын қоя салыпты. Мұндай жайттардың талайына куәмін.
Көп ұзатпай Секеңді «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінен босатып, «Жалын» баспасына директор етіп жіберді. Газетте жүрген кезде, бір әңгіме арасында Секең: «Ойыңды әркез ашық айтып жүресің, кейде байқаған да дұрыс. Әлдеқалай заман болса, арамыздан салпаңқұлақ пен сатқын шықпасына кім кепіл?» деп айтқаны бар. Желтоқсан ызғары соғып, алай-дүлей болған уақытта Секеңнің сақтандырған әңгімесі алдымнан шықты. «Жалынға» барған Секең бір күні мені өзіне шақырды. Бардым. Амандық-саулықтан соң: «Үстіңнен ұлтшыл, өзімшіл деген арыз түсіп, орталық комитет сенің бұрынғы кадрың ғой, жауабын бер, деп маған жолдаған екен. Соған шақырдым» деді. Осылай деп, столының тартпасын аша берді. «Кім жазыпты?» дедім шапшаң ширығып. «Өзіңнің досың, бірге қызметтес әріптесің пәленше деді, содан сақ бол деп бірде айтқаным бар еді ғой» деді. «Секе, сол хатты ашпай-ақ қойыңызшы, не деп жауап берсеңіз де, өзіңіз біліңіз» дедім. «Сен туралы өзім де осылай ойлаушы едім, қателеспеппін, бара бер, жауабын өзім берем» деді Секең. Шығып кеттім. Кейін сол хаттың көшірмесін ала салғаным дұрыс па еді деп талай рет ойландым да, кейін куәлікке қажет болғаны бар.
Секең газетте редактор болып жүргенде көрнекті спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың тікелей мұрындық болуымен, ағаның қолдауымен тек қана қазақ балаларынан тұратын «Намыс» атты футбол командасын құрдық. Мен жаңа команданың әнұранының сөзін жазып, оның музыкасын композитор Әшір Молдағайынов шығарып, ол Орталық стадионда орындалғанда, халық дүрк көтеріліп, төбеміз көкке жетіп, жанарымыз жасаурап, осы күнге жеттік қой деп балаша қуанғанбыз. Бұл бір алыстан келе жатқан аяулы арман еді. Біз сол арманға бірігіп қол создық. Жетіп едік, жетесіздер сол жарқын жолға жарық түсіре алмады. Жасыл алаңда құлдырыңдап шапқан құлыншақтардың жігері тасқа тиіп, келермендер мен өлермендердің асығы алшысынан түсті.
Сол кезде екі дүниенің арасында, өлшеулі сағаты соғып жатқан Секеңнің көңілін сұрауға барған бүгінгі белгілі қоғам қайраткері, академик Бауыржан Омарұлы мен белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбектің айтуы бойынша «Намыс» командасының тоқырау тарихын естіген Секең кеудесін жұлып алып көтеріліп: «намысы жоқ, неткен сорлы халық едік» деп дауыстап жіберіпті. Сосын: «бауырлар, адам жаны өлмейтіні рас болса, күндердің күнінде ғарышта шаң-тозаң болып жолығармыз» деп бақұлдасыпты. Осылайша Секең – сардар Секең, сәруар Секең, арда Секең, аршыл Секең, ұлтшыл Секең, ұстаз Секең, қазағын хан көтерген Секең, 100 жылдық жарқын жылнамасы бар жастар газеті – «Лениншіл жастың» (осы тарихи дәстүрді ар туындай көтеріп келе жатқан бүгінгі «Жас Алаш» осы басылымның рухани жалғасы) тура бидей туғандығын, ақиқат жолында үнемі әділеттікті қуғандығын мінсіз қызметімен мүсіндеген Секең, жұмыр жердегі теңбіл доптың жырын жазған Секең, ауыр сырқаттан мүгедек болып қалған жан жары Күләтай апайды хан қызындай мәпелеп күткен Секең, бишігі бардың алдында басын имей кеткен Секең, өз қызметкерін дауға да, жауға да бермейтін Секең, жастар газетін баласынан бетер аялаған Секең, өзінің айтуы бойынша Пелемен қол алысып, құшақтасып, Маркеспен бірге кофе ішкен Секең, сиқырлы сөздің сардары Секең, қаламы қайрат болған, айтқаны айбат болған Секең, бар болғаны алпыс жасқа енді жеткен Секең – Сейдахмет Бердіқұлов мынау пәниден бақиға аттанып кете барды. Артында аңыздай аты, аманат хаты қалды. Серпердей сөзі, үркердей еңбегі, ізгілікті ізі, игілікті ісі қалды. Кең пейілді азамат еді, Кеңсайда мәңгілікке дамылдап жатыр.
Кей күндері Алматыдағы қазіргі Назарбаев даңғылының бойындағы №152 үйдің тұсынан өтіп бара жатқанда елеңдеп, Секең ғұмыр кешкен үйдің бесінші қабатындағы балконға қарағыштаймын. Ешкім көрінбейді. Бірақ оның рухы жоғарыдан маған қарап тұрғандай болып, арқам шымырлап кетеді.
Рухың шат болсын, Ұстаз деймін күбірлеп.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты