«ЖОШЫ ХАН» – ҮЗДІК ҚОЙЫЛЫМ
2026 ж. 06 шілде
159
1
Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Жошы хан» қойылымы үшінші жыл қатарынан аншлагпен өтуде. Мұның сыры неде? Бізді осы мәселе қызықтырды. Талай-талай қойылымдарды тамашаладық. Бірақ, бірнеше жыл қатарынан зор табыспен қойылатын қойылымдар сирек кездеседі. Ондай қойылымдар көбінесе классиктердің туындылары болып келетіндігі талас тудырмайды.
Біздіңше, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Жошы хан» жаңаша көзқараспен, ұлттық рухта жазылған драма. Мұнда тарихқа, қазақ тарихына деген бетбұрыс бар. Жаңаша ізденіс бар. Бұған дейінгі евроцентристік көзқараспен, атүсті жазылған жалған тарихтан, бұрмаланып жазылған тарихтан халықтың шаршағандығы байқалады. Халық өзінің нағыз тарихын «Жошы ханның» өнебойынан табуда. Көкейіндегісін табуда. Содан нәр алып, рухтануда. Сондықтан да «Жошы ханды» жаңалығы бар туынды деуге әбден болады. Екіншіден, тарихи тұлғалар образының толық көлемде көркемдік деңгейде ашылуы. Бұған дейінгі тарихта әлемді қиратушы, варварлар ретінде суреттелетін билеушілердің позитивті образда көрінуі сәтті шыққан. Үшіншіден, драмада жаттанды емес персонаждардың болуы, тарихи сюжеттердің орнымен берілуі, тақырыптың толық көлемде, жан-жақты боямасыз берілуі, көрерменді жалықтырмайтын мәнді де мағыналы диалогтар, халықтың салт-дәстүрлерінің сақталуы дер едік. Мұндай драмада үлкен де белсенді аудиторияның болуы заңдылық.

Театр үшін, театрдың толыққанды өмір сүруіне керекті ең маңызды шарт ол – көрерменнің көңілі мен ыстық ықыласы десек қателеспейміз. Көрермені көп театрдың бағы жанбақ. Мәртебесі жоғарылап, мерейі үстем болып, абыройы асқақтай бермек.
Ал бағы асып-тасқан театр болу үшін – театр қойылымын, драматургиялық шығармаларды қателеспей таңдай білу керек. Иә, театр режиссерлері көбінесе осы жерде қателесіп жатады. Ол енді режиссердің деңгейіне, білімі мен біліктігіне байланысты. Сондықтан да режиссерді «театр архитекторы» деп тегін атамайды.
Осы орайда режиссер Болат Ұзақовтың спектакльдері дегеніміз – тек қана әлеуметтік тың ізденістер ғана емес, сонымен қатар театр әлемінің түрленуі дер едік. Ол театр атмосферасында отырып-ақ көрерменді шын мәніндегі тарихи саяхатқа алып кеткендей болады. Әрине, өзіндік тәсілімен. Әрі ондай тәсілдері жаттанды емес. Көрермені жалықпайды. Керісінше спектакльдің әрбір көрінісінен жаңашылдық күтіп отырады. Көрермендері де бірте-бірте соған бейімделіп алған. Нақты атап айтар болсақ, бұл тәсілдерінен – кино мен әдебиеттің әдемі, көзге көрінбейтін үйлесімділігін байқайсыз. Әрине, екеуі де сахнаға бейімделген. Мысал керек пе?! Оған Бұл жерде біз кино мен әдебиеттің, оның үстіне тарих толқындарының да өзара сәтті үйлесімділігін көреміз. Осы жерде режиссер де, театр да өз бақытын тапты деп ойлаймыз.
Жоғарыда театр режиссерлерінің қойылым таңдауда қателеспеуі қажеттігін айтып өттік. Бұл орайда Б. Ұзақовтың өзіндік шеңбері, өзіндік авторлары бар екендігін байқаймыз. Драманы зерттеп жазатын, мазмұндылығына назар аударатын авторлар режиссер үшін бәрінен маңызды. Мысалы, «Жошы хан» тарихи драмасының авторы жазушы, драматург Думан Рамазанмен құрған шығармашылық одағы сәттіліктерге бастауда. Бұған дейін драматургтың «Абылайханның арманы», «Кенесары-Күнімжан» «Керей – Жәнібек» секілді тарихи драмаларын сахналады. Барлығы да көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, руханят әлемінің марқасқалары мен театр сыншыларынан жоғары баға алды. Тіпті бірқатары шетелдік сахналарда да қойылды. Тағы да қайталап айтайық, театр үшін бұдан артық қандай бақыт керек?! Жалпы, режиссердің шығармашылық жолына көз тіксеңіз, Б. Ұзақовтың негізінен материалға, авторға және көрерменге көп көңіл бөлетіндігін байқайсыз. Әсіресе, көрермен көңілі режиссер үшін бәрінен де маңызды екендігі көрініп тұрады.

«Жошы хан» тек театр үшін ғана сәтті қойылым болып қойған жоқ. Ел өміріндегі елеулі оқиғаға, мәдени жаңалыққа айналды. Ол Қазақстан қоғамына да терең ой салуымен маңызды. Тарихи санамызды сілкіндірді десек артық айтқандық емес. Алғашқы тұсаукесер қойылымында Қаллеки театрында «Жошы ханды» тамашалаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау» деп айтқан сөзі жаңаша пайымдауларға жол ашты. Осының жалғасы ретінде, биылғы жылы елордада өткен халықаралық «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты симпозиум байырғы Ұлы дала мен бүгінгі Еуразия кеңістігі мемлекеттерінің өркениеттілік сабақтастығын зерделеуге мүмкіндік туғызды. Осы симпозиумға да Қазақстан Президенті арнайы қатысып: «Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз керек. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық» деген сөздері енді ғалымдарға да тың серпіліс беретіндігі сөзсіз. Мәңгілік ел атануды мақсат еткен елдің мәңгілік тарихы осылай басталса керек. Қоғамда жаңа идеялар пайда болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жошы ұлысының (Алтын Орда) іргетасы қалануының 800 жылдығын атап өту осы сөзіміздің жарқын бір мысалы. Мұндай ойларды санаға сіңіріп отырған жанрдың бірі тарихи драма десек қателеспейміз. Ұлттық санасынан айырылып қалған қоғам үшін мұндай драмалар өте маңызды. Ал осындай драмаларға келетін халықтың саны күннен-күнге арта түсуде. Халық өз тарихын білгісі келеді. Өз тарихын іздеп жүр. Өз тарихына шөліркеп жүр. Қазіргі таңда шөліркеген жанға су беретін жалғыз құдық – театр болып тұр.
Шынында «Театр дегеніміз ұлы күш!» Осы орайды белгілі театр сыншысы А.И. Сумбатов-Южиннің «Театр — великое дело. Это творчество живой жизни, её вечного трепетания. Театр способен менять умы, сердца и души, делать мир лучше» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл орайда талай адамның ақыл-ойын өзгертіп, ұйықтап жатқан қоғамды оятқан қойылымның бірі «Жошы хан» екендігі сөзсіз!
Қойылым ә дегеннен-ақ ширыққан оқиғалар легінен басталады. Барлық оқиғалар бір-бірімен үйлесіп жатыр. Арасында ешқандай да іркіліс жоқ. Бұл драматургтың да, режиссердің шеберлігі дер едік. Осы жерде бас кейіпкерлердің характерлері толығымен ашылады. Мысалы, Хорезм иеліктерінің қирауы, меркіт ханзадасы Қолтуғанның қолға түсуі, сол жерде өз-өзіне қол жұмсауы, Жалаладдиннің он үш жасар ұлының өр мінезі, батыл сөздері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Шағатайдың өз кезегінде Шыңғыс ханға «Үргенішті аларда «Жасақ» заңының өрескел бұзылғанын Үгедей сізге айтпай тұр. Қарсылық көрсеткен шаһарлардың халқы түгелімен өлімге кесілуге тиіс еді. Жошы «Жасақ» заңын орындаудан бас тартты» деген сөздері оқиғаны жаңаша ширықтырады. Бір оқиғаға нүкте қойылар-қойылмастан екінші оқиға басталып қоя береді. Шыңғыс хан балаларының өзара сөз тартысы көрерменді еріксіз тарих толқындарына елітіп алып кетеді. Ханзадалардың арасында осындай оқиғалардың болғандығы тарихта айтылады. Ал соны сахна төрінде көркемдік деңгейде ұсыну, сенімді етіп жеткізу үлкен шеберлікті қажет етеді. «Енді не болар екен?» деген көрермен ойын Шыңғыс қаған салиқалы да салмақты шешіммен реттейді. Бұл орайда оның дала абызына лайық ақылына тәнті боласың, сонымен қатар құрық бойламайтын қуылығын да аңғарасың. Балаларын татулық пен бірлікке шақыруы көптің көңілінен шығады. Көрерменнің күпті сауалына Шыңғыс хан осылайша жауап бергендей болады.
Драманың тілі деген қашанда маңызды болып келетіндігі айтпаса да түсінікті. Бұл орайда да айтатын ойымыз бар. Д. Рамазанның «Жошы хан» драмасын тасқа басылып шыққан түрін оқығанбыз. Әрине, кереметтей жазу бар да, оны сахнада орындау бір басқа болып жатады. Бұл орайда қойылымның тілі түпнұсқадан көп ауытқымайтындығын байқадық. Бұл драматургтың шеберлігі екендігі сөзсіз. Тілі жатық, ойы нақты, жүйелі, Абайша айтқанда «Шымырлап бойға жайылып» жатады. Ал Жошы ханның мына бір сөздері тіпті әсерлі шыққан: «Уа, жұрт! Мен де жұмыр басты пендемін. Ұйықтап кетсем оятатын, алжассам ақылға шақыратын, әділеттен тайсам бетіме басатын Кетбұға болады. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, әр патшаға бір сұрқылтай. Жырау ханның қасында болады». Жалпы, Жошының сөздерінен шешендік өнер элементтерінің көрініс табуы халықты ұлттық сана бастауына бастайтындығы анық: «Әділеттен тайып, бұра тартса билердің өзі жазаға тартылады. Ел басқарған көсемдер, ұлықтар мен нояндар жарғының қағидаттарын өздері сақтамаса, әділеттен тайса, кәззаптар мен ұрылар көбейеді, сөйтіп жарық күнді қараңғы түнге айналдырып, өз ұлысының жауы болып шығады».

Драмада Шыңғыс хан мен Жошының арасындағы сөз тартысы да сәтті шыққан. Ойлы, салмақты, санаға ой саларлық сөз саптаулары көкейге қонымды. Көрерменді сендіреді. Жошы: «Осыншама қырғын соғыстың да шегі болуы керек қой. Артыңыздан ерген жұртыңыз да үздіксіз қанды жорықтан әбден титықтады. Ұлықтар жеңісті ойласа, қара халық мамыражай бейбіт өмірді аңсайды» дейді. Ал Шыңғыс хан болса: «Бейбіт өмір деймісің?! Бүкіл әлем бір билікке бағынғанда ғана жер бетінде тыныштық орнайды» деп өзінің нақты мақсатын айтады. Әке мен бала арасындағы осы бір тартысты диалог қазіргі заманда да маңыздылығын жоғалтпағандай. Сондықтан халықтың жүрегіне жақын. Қол соғады. Әрине, мұны шебер орындай білген Асылбек Қапаев (Шыңғыс хан) пен Қайыржан Садықовтың (Жошы) талантына бас иесің.
Драмада махаббат тақырыбы да тарихи оқиғалардың арасында үйлесімділікпен, жарасымды түрде өріліп отырады. Жошы характері толыға түседі. Жошының Бектомышқа, Бектомыштың Жошыға деген сүйіспеншілігі өзара сыйластықтан тұратындығы жүрекке жылы тиеді. Жошы: «Қайдағы-жайдағыны еске түсірдің ғой, Бектомыш! Оны да қойшы, бәрінен де бұрын сызылтып салған әніңе ғашық болып едім-ау! Жүзің де, әнің де, дауысың да сұлу ғой, жарқыным! Даусыңнан қыпшақ даласының самал желі есіп тұрғандай ерекше сезімге бөленіп, көзімнен жас парлап еді-ау! Бойымды баурап, жан-жүрегімді тербеп, ішкі сезімдерді қозғап, кеудеме сенімділік рухын сеуіп еді. Ұлы даланың құдірет-күшін сезініп, қадір-қасиетін ұғынып едім. Көз алдыма ұшқан құс, жүгірген аң, тіршілік үшін жанталасқан жандар келіп, бүкіл бір дәуір көшіп өткендей болып еді. Сол ән арқылы кең сахараға жан-тәніммен кірігіп кеткенімді кейін түсіндім. Қайта-қайта айтқызып, жалықпастан тыңдаушы едім ғой!». Жошы ханның осы бір сөздерінің жасанды емес шын жүректен шығатындығы ол енді актерлік шеберлік емес деп кім айта алады?!
Драманың композициясында да драматург пен режиссердің өзара бірлесіп, сәтті шешімдер қабылдай білгендігі байқалады. Әрине, драманы жазып шығу бір бөлек, ал оны сахналау тіпті басқа дүние екендігі белгілі. Міне, өлара кезең секілді болып келетін осы аралықты режиссердің фантазиясы, тапқырлығы, тосын шешімдері қойылымды толықтырып тұрғандай. Көріністер өзара сәтті байланысқан. Тарихи тұлғалар мен тарихи мәселелердің орнымен көтерілуі де көрерменді өзіне тартып отырады. Шыңғыс хан, Отшығын бахадүр, Құлан қатын, Шағатай, Үгедей, Төле, Бектомыш, Бату, Жебе ноян, Майқы би, Кетбұға абыз, сондай-ақ ру-тайпа көсемдері мен батырлардың бейнелері әсерлі шыққан. Сенімді болғандықтан көрерменді бірден ұйытып алады. Өздерімен бірге ілестіріп отырады. Өздерімен бірге тебіреніске түсіреді.
Осындайда орыстың «Один в поле не воин» деген нақыл сөзі ойға оралады. Бір драманы сахналау үшін қаншама адамның еңбегі жатқандығын да айтып өту керек. Негізі театрдағы ең бір нәзік жанды маман иесі композитор екендігі сөзсіз. Композитор дегеніміз жалпы пьесаның атмосферасын беру жолында бірде режиссердің көмекшісі болса, енді бір сәтте өз рөліндегі кейбір элементтерді жеткізе алмай тұрған актердің көмекшісіне айналатындығы бар. Осыдан-ақ драма театрындағы композитордың көпқырлы жұмысы көрінеді. «Жошы хан» қойылымның композиторы Еділ Құсайыновтың таңдаған сазды әуендері көрерменді бей-жай қалдырмайды. Кейде оқиғаның алдында «жүгіріп», алдын ала хабар беріп, көрерменнің көңіл күйін болатын оқиғаға дайындап отырса, енді бірде сазды әуен өз екпінімен болып жатқан оқиғаның маңыздылығын қоюландыра түседі. Оқиға мен әуен әдемі үйлесім тауып жатады. Көп нәрсені көрермен осылайша құдіретті әуенмен түсінеді. Оқиғаның ширыққан шағына келетін әуеннің де айна-қатесіз таңдалынғанына таңқаласың! Риза боласың! Композитордың шеберлігі арқасында музыкалық драма театрда отырғаныңды ұмытпайсың...
Драма театрда өзі көрермен көзіне көрінбейтін, бірақ еңбегі көз алдыңда жарқырап тұратын тағы бір маман бар. Сахнаны безендіру, ХІІ ғасырдың кескін-келбетін келтіру, декорация, бір сөзбен айтқанда сахнаның эстетикасын, атмосферасын жасайтын сценографтың өзі көрінбесе де оның қолтаңбасы «сөйлеп» тұрады. Әрине әр театрдың өзіндік спецификасы болады. Осы мәселені Ерлан Тұяқовтың ешқашан естен шығармайтындығын атап өткен орынды. Әрине мұндайда режиссердің талабын орындаумен қатар актерлердің ойын ерекшеліктерін ескеру де маңызды екендігі анық. Әрі қойылым мазмұнымен тереңірек танысу ең алдымен суретші үшін өте қажетті шарттардың бірі десек артық айтқандық емес. Ал қойылым өткен ғасырлардың оқиғасын, оқиға болғанда әлемді өзгерткен сәттерді қамтып жатса ше! Онда жауапкершілік жүгінің екі есе арта түсетіндігі анық. Мұндайда сценографияны өзгеше ойлауға тырысатындығың белгілі. Ерлан Тұяқовтың қолымен безендірілген сахнадан мін табуың қиын. Әр декорация өзінше «сөйлеп», қойылымды аша түсетіндігі сөзсіз. Театр суретшісі атағын бүге-шігесіне дейін меңгергендігіне көзіңіз жете түседі.
Жалпы, қорыта айтқанда, театрдағы драма дегеніміз ұжымдық еңбек дейтін болсақ, онда «Жошы хан» қойылымында осы ұжымның үлкен табысқа қол жеткізгендігін байқайсыз. Ал ондай бағаны тек көрермен қауым ғана бере алады. Зал толы көрерменнің дуылдата қол соғып, сахнадағы ұжымды жібермей тұруы – екінің бірінің қолы жете бермейтін бақыт!
Жақында 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынды. «Өнер» саласы бойынша тарихи-драмалық «Жошы хан» қойылымын осы тізімнен көріп көңіл қуанып қалды. Мыңдаған көрерменнің бірі ретінде біз де бұл қойылымды мемлекетміздің басты мәртебелі сыйлығын алуға лайықты деп санаймыз. Тек қана сәттілік болғай!
Мұхтар Анарбекұлы, журналист-жазушы, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты