ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ ӘКІМІ
2026 ж. 05 сәуір
100
0
Бүгін Астанада қазақ әдебиетінің классигі, Еңбек Ері, жазушы-драматург Әкім Тарази ағамыздың жылдық асы өз атына лайықты, жоғары деңгейде күшті өтті.
Бүкіл қазақтың ұлт зиялылары бас қосқан жиын болды.
Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы жазушы әруағына бағыштап, құран оқыды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақтың көрнекті жазушысы, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың дүниеден өткеніне жыл толуына байланысты жиналған қауымға арналған ресми хатын ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев оқып берді.
ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, қоғам және мемлекет қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Қырымбек Көшербаев, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Абай облысының әкімі, Әкім Таразидың төл шәкірті Берік Уәли және тб жазушы тұлғасын асқақтатып, сөз сөйледі.
Асты Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізді.
Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік Әкім Таразидың әдебиеттегі ерекше орны туралы өте жақсы айтты. “Жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдарындағы әдебиеттегі жаңарудың басында Әкім тұрды. Сол кезеңдегі алғашқы сыни көзқарастардың басында да Әкім болды” деді. Мұндай жоғары бағаны кезінде классик жазушымыз Мұхтар Мағауин де берген болатын.
Әкім Таразидың асыл жары, белгілі жазушы-драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқан асқа келген ағайынға алғыс айтып, жазушының өмірден өтердегі күнделікке жазған соңғы сөзін оқып берді.
“…Уа, Жаратқан Ием! Жер бетінде Өзің құрған, Өзің еркіндік алып берген Қазақстан деген еліңнің еңсесін биік көтере гөр!
Уа, Жаратқан Ием! Тоздыра гөрме елімді, береке бере гөр, береке бере гөр, береке бере гөр! Сағат түнгі 24.00”
Әкім Таразидың еліне деген ақ тілегі осындай болған екен.
Біз жазушы Әкім Таразидың атымен бала кезде, мектепте 5-6 кластарда оқып жүргенде “Арман-атаман” кітабын ауыл кітапханасынан таласып оқып жүріп таныстық. Алматыға келіп, студент болып жүргенде Жастар театрында қойылған, көрерменді толқытпай қоймайтын “Жақсы кісі” пьесасын бірнеше рет барып көргеніміз есімде.
Редакциясы Қазақстан Жазушылар одағында орналасқан “Жас қазақ” газетінде істеп жүргенде Әкім аға Жазушылар одағының хатшысы болып істеп жүрді ғой деймін, жиі көретінбіз, сәлем беріп тұратынбыз.
Көркемсөз зергерінің «Қорқау жұлдыз», «Тасжарған», “Қиянат”, “Жаза” туындылары қазақ әдебиетінің асыл қазынасына қосылған туындылар.
Сонымен қатар Әкім ағамыз қазақ кино өнерінің алтын дәуіріне де үлкен үлес қосты. Көп жыл кино саласын басқарды. 1971–1980 жылдары Қазақстан Кинематографиялық одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. Ол Мәскеуге барып, арнайы курста оқып келіп, кәсіби сценарист атанған алғашқы қазақ. Драматургтің «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Мұстафа Шоқай», әйгілі “Қараш-Қараш оқиғасы” фильмдері қазақ киносының алтын қорына қосылды.
Қылышынан қан тамған кеңес империясы кезінде тегіне “ов-ова” отарлық жалғауын жалғамаған адам кем. Әрине, қаһарман Бауыржан Момышұлы, ғұлама Әлкей Марғұлан, сатирик ақын Шона Смаханұлы, қайраткер Сайлау Батыршаұлыларды жақсы білеміз. Ал Әкім ағамыздың әдеби есімі ретінде Тарази атын алып, өзі туған өлкедегі орта ғасырлардан бері екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласына деген зор құрметін осылай білдіруін ерекше атауға болады. Бұл соңғы үш ғасырда атауы өзгеріп кеткен ежелгі шаһардың тарихи атауын қайтаруға ең үлкен еңбек сіңіріп, өмір бойы насихаттап өтудің жарқын үлгісі бола білді. 1997 жылы қала атауы тарихи Тараз атауын алғанда ең бірінші қуанған кісі Әкім Тарази ағамыз болса керек.
Жазушы туралы фильмді қарап отырсақ, былтыр жылан жылы Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахмет, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай секілді талай тарландарымыз бақилық болған екен…
Пейіште рухтары шалқи бергей!
Халқының ықыласына бөленген Әкім Тарази ағамыз былтыр көктемде топтан озып, тоқсаннан асып, дүниеден өткенде ел “Әдебиет әлемінің Әкімі” атап, зор құрметпен шығарып салды.
Өрнекті прозасы, көрнекті Розасы бар Тарази ағамыздың сом туындылары қазақ халқымен бірге жасай береді.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні