АЗАМАТ-ЕРДІҢ БІР КӨРКІ – АСЫЛ ЖАРЫ
2026 ж. 25 наурыз
80
0
Арагідік әйгілі партизан Әди Шәріповтің тағдыры туралы толғанып қоямын. Ертеректе о кісінің атасы Қайранбай қажы, әкелері Шәріп пен Халел өміріне біршама тоқталғаным да бар. (Мұқаш Қ. Айдидар. Роман-эссе. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2024. – 128-137 б.б.).
Әйткенмен, уақыт өте кейіпкер әлеміне дендеп кіріңкірей түскеніңде осынау тау тұлға ғұмырының иірімдеріне аса терең бойлай алмағаныңды аңдайсың... Шәріпке топырақ Мекке жерінен бұйырыпты. Қайранбай да сол қажылыққа екінші барған сапарынан қайтар жолда дүние салып, Ресейдің Пенза қаласынан сая табады. Ертеректе Қайранбайдың әкесі Тоқтыбай: «Біздің үрім-бұтақ көп тауқымет шегеді, есесіне, келешекте нәсіліміздің атын дүйім елге паш ететін маңдайы жарық бір ұл туады» деп сәуегейлік айтқан екен. Сол айтөбел бала осы Әди болса керек.
Тоқаң қария айтса айтқандай-ақ, атышулы нәубет жылдарында үлкендері түгелге жуық «халық жауы» ретінде атылған әулеттегі әлгі перзенттің тағдыры да ауырлау басталып, әкеден екі жаста қалыпты. Әдидің бозбала шақтан-ақ бай тұқымы санатында қуғын-сүргінге ұшырағаны, одан Түркімен жеріне барып жан сауғалағаны, кейінірек Екінші жаһан соғысында таңғажайып ерлік үлгісін көрсеткені мәлім. Майданда «Қазақ Саша» деген аты аңызға айналып, жауға құбыжықтай көрінген партизан отрядының командирі Әди Шәріповтің басына неміс қолбасшыларының Германия мемлекеті атынан елу мың марка тігуі талай жәйтті білдірсе керек. Оқ пен от арасында жанын шүберекке түйіп, небір сынақты өткерген Әди өз өміріндегі кейбір көріністердің әрдайым көз алдында тұратынын айтады екен.
Мәселен, Шәріптің жамағайындарының бірі мұны төрт-бес жасында өлімші қылып соққыға жығады. Сөйтсе, ол шешесі Ғазизаны әмеңгерлік жолымен әйел үстіне алмаққа көп талаптанған жан көрінеді. Бірақ жесір одан үзілді-кесілді бас тартқан. Өзі мосқалдығына қоса ентігіп, екі иығынан зорға дем алып, үнемі терлеп жүретін өте семіз адам екен. Салмағының ауырлығы ат шыдатпапты. Әмбе айналаға асқан мейірімсіздігімен белгілі біреу болса керек. Күндердің күнінде осы жекжатжұраттың алысқа ұзатылған қыздарының бірі кішкене ұлымен төркіндеп келіп қалады да, әлгі «күйеу» оның баласына, ауқатты үйелменнің өзге малы құрығандай, дәл Әди мініп жүрген ұшқыр қаракөк тайды тарту етуді ұйғарады. Осыны біліп қалған Ғазиза Әдиді тайына отырғызып: «Мұнда оншақты күнсіз қайта оралушы болма!» деп отыз шақырымдай жердегі көл жағасында отырған нағашы атасына түнделетіп қашырып жібереді. Аталған мерзім аралығында анасын сағынған ұл ауылға қайтып келген бойда анау озбыр «сыйлы мейманның алдында бәрімізді масқара қылып жерге қараттың» дегендей қаршадай баланы бас салып, қан-жоса қылып қамшы астына алыпты. Осы жағдайдың үстінен кездейсоқ түсіп қалған Ғазиза шырқырап, ұлын әрең арашалап қалады. Құдайдың құдыреті ме, кім білсін, ертеңіне әлгі содыр өзөзінен жүрек талмасы ұстап шейіт болған көрінеді. Жазықсыздан таяқ жеген сәтін ғұмыр бойы ұмыта алмаған Әди сонда еттен өткен қамшыдан гөрі ағайынның қиянатына күйініппін дейді екен. Естен кетпес айшықты көріністердің тағы бірі соғыс аяқталған 1945 жылы болады.
Бұ кезде Қазақ ССР-і Оқу министрінің орынбасары қызметінде жүрген майдангер жігіт Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Құрманбек Жандарбеков бастаған топпен бірге Семей облысының Қарауыл ауылындағы Абайдың жүз жылдық мерейтойына барады. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Жағыпар Мыңжасаров комиссия басшысы ретінде астанадан келген қонақтарды қол қусырып күтіп алып, өз үйіне бастайды. Сонда төрағаның тұлымшағы желбіреп ойнап жүрген бес жастағы ерке қызы топ мейманның арасынан осы Әдиге айрықша үйіріліп, қасынан шықпауға айналыпты. Жайғасқан жерінде тізесіне отырып, мойнына асылып алады екен. Әди де бүлдіршін қыздың ерекше ықыласына сүйсініп, оны кетер-кеткенінше жанынан тастамай көтеріп жүріпті... Міне, жоғарыдағы жәйттің бірсыпырасын бізге арада қаншама жылдар өткенде әлгі бес жасар қыз әңгімелеп беріп отыр. Ал бұл сөзді ол қайдан біледі, өзі кім еді десеңіз, Клара Жағыпарқызы – Әди ағамыздың Құдай қосқан екінші зайыбы. Тағдыр екеуін 1970 жылдардың орта тұсына қарай Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында қайта жолықтырады. Бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болған Әдекең осында ауысып келіпті. Клара тәтей аталған институтта жұмыс істейді екен. Бұл – екіге жетер-жетпесте әкеден, он үш жасында шешесінен айырылған қабырғалы қаламгер, белгілі мемлекет қайраткерінің алғашқы жолдасы өмірден озып, тағы да тұлдыр жетімнің хәлін кешкендей қатты күйзеліп, жүдеп-жадаңқырап, азып-тозыңқырап жүрген кезі сияқты. Мән-жайға қаныққан Клара тәте ойлана келе қамқөңіл ағаны қамқорлыққа алуға, ыстық-суығын бірге көтерісіп, сүйеу болуға бел буады. – Бір күні жүрегімді қолыма ұстап, кабинетіне кірдім де: «Мен сізді жақсы көремін, Әди аға! Өзіңізбен тұрмыс құрғым келеді дедім» – дейді өзі. Әдекең тосын ұсынысқа біршама абдырап, ошарылып қалады. – Апырай, бұл қалай болар екен?! Сен әлдеқайда жассың ғой, айналайын! – Біраз жас айырмасында тұрған не бар, аға! Сізбен бақытты өмір сүретінімізге көзім жетеді. Қандай қиындықты бірге көтерісетін адал жар боламын сізге!..
Айтса айтқандай-ақ, жиырма жыл жарасымды ғұмыр кешеді. Әдекеңе қосылған соң көп ұзамай Әлия есімді қыздары дүниеге келеді. Перзенттерін қазақ мектебіне беріп, жақсы адам, білікті маман қылып өсіреді... Кейін отағасының туған-туысы мен дос-жараны Қазақ Қыздар педагогикалық институтында доцент, одан филология факультетінің деканы қызметтерін атқарған педагог, ғалым адамның биік адамгершілігін, мінезінің ашықтығын, бауырмалдығын жоғары бағалайды. Ал Әдекең Константин Федин, Михаил Шолохов, Леонид Соболев, Максим Танк, Александр Твардовский, Расул Ғамзатов сынды марқасқалар мен ірі әскери қолбасшылармен, даңқты ұшқыш Александр Покрышкин сияқты сайыпқырандармен етене араласқан кісі. Әдидің зайыбын өзіміздің алыптар тобының өкілдері де бек құрметтегені байқалады. Бірде заңғар суреткер Ғабит Мүсірепов қаламдастарымен бірге Әди шаңырағынан дәм татып отырып: – Жазушыға жар болу оңай іс емес. Осы Алматыда шақырса екен, барсақ екен деп ынтығатын екі-үш қана отбасы бар. Солардың бірі – осы Әди мен Клараның үйі. Келініміз қашан келсек те көңілден шығып, қонақты да күте білетінін, күйеудің де бабын табатынын көрсетеді. Ал мұнысы талай әйелге үлгі болатын нәрсе. Дегеніңе жет, шырағым! – деп батасын беріпті. Әди Шәріпов сексен бірге қараған шағында дүниеден өтті. Мұндайда майдангер ақын Семен Гудзенконың: «Мы не от старости умрем, – от старых ран умрем. Так разливай по кружкам ром, трофейный рыжий ром!» – дегеніндей, о кісінің де денсаулығына жастың ұлғаюынан бұрын ескі жара зардабын тигізді ме деп ойлаймыз. Соғыстың аяқ тұсында Әдекеңнің ауыр жараланғанынан хабардар едік. Бүгінде Клара Мыңжасарова апайымыз жолдасының шығармаларына ие болып, кітаптарын шығарып, оның бұрынғы отбасындағы балаларына да ұйытқы болып, түтінін түзу түтетіп отырған асыл адам.
– Әдекең ізгіліктен айнымаған кісі еді. Өзі: «Өмір деген мәңгіліктің алдындағы жалт ететін мезет қана, сол себепті, адам соңынан жақсы ат қалдыруы керек» деп отыратын өте кішіпейіл жан-ды. Қарап отырсақ, оның кітаптарында өзі ылғи тасада қалып, қарулас достарының ерліктерін көбірек көрсетуге күш салғаны көрінеді. Осыны біреулер түсініп, біреу түсінбейді. Қалай дегенмен, Әдидің сол мінезін ұрпағының бойынан көріп қуанамын, – дейді Клара апай.
Құлтөлеу МҰҚАШ, жазушы