МӘШҺҮР-ЖҮСІПТІҢ МӘДИГЕ СӘЛЕМІ

МӘШҺҮР-ЖҮСІПТІҢ МӘДИГЕ СӘЛЕМІ

Бұл туындыны дәл осы аталыммен ең алғаш «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі қоғам қайраткері Әшімбек Бектасовтың 1964 жылы жариялағаны белгілі. Әшімбек Бектасов өлеңді ұсына отырып, белгілі ақын, сазгер Мәди Бәпиұлы өмірі туралы мәліметтер берумен бірге осы туындының қандай жағдайда жазылғаны туралы құнды дерек келтірген: «Мәдиге жолығуға 1915 жылы көкек айында Баянауылдан белгілі оқымысты, ақын Мәшһүр-Жүсіп келеді. Ол өлеңмен амандасыпты. Сол өлең тексін түгелімен Секжанның Әбділдасы маған сыйлыққа беріп еді». [Бектасов Ә. Ел аузында елу жыл // «Қазақ әдебиеті» газеті, №51, 18 декабрь, 1964 жыл, З-б.]. 

Бес жыл өткеннен кейін шыққан кітабында Әшімбек Бектасов бастапқы деректі біршама нақтылай түскен: «Мәдидің Атбасар түрмесінде жатқанын өлеңінен естіп, Қарқаралы, Баянауыл, Семей жақтан келгендер оған соқпай кетпейтін болады. Бір жолы ел аралап жүріп, ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеев іздеп келіп, жолыға алмай, өлең жазып қалдырып кетеді». [Бектасов Ә., Адамбаев Б. Мәди // Алматы, Қазақстан, 1969, 93- б.]. 

Сонымен бірге бұл кітапта алдындағы газеттегі шумақтардың орын ауысуы мен жекелеген сөз қолданыстары өзгешеліктері бар екен. Салыстыру үшін бұл үлгіні де келтірейік:

Армысың, аманбысың, Мәди батыр,

Түрмеде тұтқын болып әркім жатыр.

«Жуымас аққа пәле» деген сөз бар,

Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр.

Бұл қақпа талай ерді кісендеген,

Сонда да ажал жетпей, кісі өлмеген.

Лашын баласы үшін торға түсер,

Кім тілеп, мұндай күйге түсем деген.

Бұл сөзді жазған ағаң – Мәшһүр-Жүсіп,

Керуендей жалғыз басы жүрген көшіп.

Сол зайғы қадіріне жетпеске айтқан,

О да бір алтын жүзік қалған түсіп.

Өлеңнен кейін мынадай мәлімет келтірілген: «Заманында ақындығымен, адамгершілігімен аты бүкіл қазақ еліне жайылған Жүсіп Көпеевтің бұл өлеңіне арнап, Мәди ән шығарады. Ән «Мәди» деген атпен маңайдағы елге тарап кетті. [Сонда, 94-6.].

Осы орайда Мәшһүр-Жүсіп сөзіне Мәди ән жазған болса, оны іздеу, табу Мәди мен Мәшһүр-Жүсіп мұрасын зерттеушілерге қойылар жаңа талаптың бірі дегіміз келеді.

Біздіңше, жеке сөздердегі өзгешелік өлеңнің екі нұсқа түрінде кездесуінен ғана емес, 1964 Жылғы ел назарын аударарлық газеттік нұсқада: «Бекітіп талай ерді кісендеген» дегенде, сын деңгейі түрме беріктігімен шектелсе, кейінгісі: «Бұл қақпан талай ерді кісендеген» тармағы отаршылардың белгілі бір ұлт қайраткерлерін қуғындау, азаптауды қаншалық әдет еткенін аша түскен. Демек, сын өткірлігі деңгейі мен сол кездегі тыйым салуды ескерсек, кейінгі үлгі түпнұсқаға неғұрлым сай келеді деуге болады.

Ал, Мәшһүр-Жүсіптің Мәдиді әдейі іздеп келіп, жолықпай кету себебі кейінгі бір еңбекте анық ашылған екен. Сондай-ақ онда Мәди туындысындағы жеке сөз қолданыстарында өзгешеліктер бар екенін де байқаймыз:

«Қаз дауысты Қазыбек бидің бесінші ұрпағы Мәди Бәпиұлы жазықсыз қуғындалып, Қарқаралының түрмесіне қамалған екен. Оған: «Үйірлеп жылқы ұрлаған, болыстың қыстауын өртеген, ояздың адамдарына тілі тиген» деген жалған жалалар жабылған.

Мәди Қаркқаралы қаласының түрмесінде жатқанда елдегі бай ағайындары: «Ол Қарқаралының оязын таниды, ертең босатып жібереді» деген күдікпен өздері арыз ұйымдастырып, Омбының генерал-губернаторына арнайы кісі жіберіп, табыс етеді. Омбының генерал-губернаторының арнайы комиссиясы бұл арызды қарап, Мәдиді жазасын өтеуге Атбасар қаласына ауыстырады.

Күзгі қара суықта аяқ-қолы кісендеулі тұтқындарды арнайы күзетпен, жаяу Қарқаралы қаласынан Атбасар түрмесіне апарады. Осы жолда өкпесіне қатты суық тиіп, Мәди ауырып қалады. Мәди өзі жалғыз жігіт, шешесі қартайған, әйелі ауру болғандықтан, артынан ешкім іздеп барып, ас-су апармайды. Ауру жанына батып, түрменің аштығына шыдамаған Мәди қатты налып, өзінің хал-күйін өлеңмен жеткізеді:

Атбасар түрмесінде жыл жатамыз,

Көңілді құмалақпен жұбатамыз.

Таласып тар төсекке, дыбыс шықса,

«Бар ма деп Қаракесек?» тіл қатамыз.

Мәдидің осы өлеңі түрмеге келіп-кетушілер арқылы қалың елге тарап кетеді.

Осы жағдайдан кейін сол кездегі ұлттық намысы бар, зиялы қауым өкілдерінен хабарлар түсіп, Мәдиге жолығып, ас-су әкеліп, көмектескен азаматтар табылады. Сол кезде Мәдиді Мәшһүр-Жүсіп іздеп барған екен. Бұл тұс қазақ даласында Әбдіғапар хан, Кейкі мерген бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың дүмпуі шығып жатқан уақыт екен.

Мәдиді Атбасардың оязы арнаулы бақылауға алып, оған жолыққан адамдардың кім екенін, қайдан келгенін арнайы тексеріп отырған. Мәшһүр-Жүсіп Мәдиді іздеп барғанда Атбасардың оязы екеуінің жолығуына рұқсат бермей қойған екен.

Атбасардың оязы Сарыарқаның қос тарланы жолығып, келісіп алса, бүкіл Сарыарқаны көтеріліске шығарып жіберуі мүмкін екенінен қауіптеніп, жолықгырмаған.

Мәшһүр-Жүсіп елге сөзі өтетін кемеңгер, Мәди болса – қолбасшы, екеуінен сол үшін қауіптенген.

Мәшһүр-Жүсіп жолыға алмайтынына көзі жеткеннен кейін, түрме маңына ас-су дайындап, шаруашылықпен айналысатын адамдармен сөйлесіп, тіл табысуға кіріседі. Сол адамдардың арасынан бір қазақ жігіті арқылы Мәдиге жазған хатын жібереді. Ол хат былай басталған екен:

Армысың, аманбысың, Мәди батыр,

Түрмеде тұтқын болып әркім жатыр.

«Жуымас аққа пәле» деген сөз бар,

Халас боп құтыларсың бір күн ақыр.

Бұл сөзді жазған ағаң Мәшһүр-Жүсіп,

Керуендей жалғыз басы жүрген көшіп.

Сөз зайыры қадіріне жетпеске айтқан,

Сен де бір алтын жүзік қалған түсіп.

Бұл күнде сен де ғаріп, мен де ғаріп,

Ағайын алыс жатыр сөзді ұғарлық.

Күшім жоқ, ақылдасар кісім де жоқ,

Кететін еркіне қоймай жұлып алып.

Осы хатты алған кезде Мәди жылап жіберген екен. Қасындағы азаматтар: «Не болды, бүл кісі кім?» – деп сұрағанда: «Бұл кісі ағам да емес, әкем де емес, менің қадірімді түсініп алыстан, елімнен іздеп келген кдзақтың пайғамбары Мәшһүр-Жүсіп» – деген екен.

Содан хат тасушы азамат қайтып келіп, Мәшһүр-Жүсіпке:

«Хатыңызды бердім, ол кісі қатты риза болып тебіренді. Сізге алғысын айтып, сәлемін жеткізуімді өтінді» деген екен. Сонда Мәшһүр-Жүсіп:

– Ай, заман-ай, адамды заман билейді ғой! Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде болған заман ғой! – деген екен». (Нұрғалиев Р. Мәшһүр-Жүсіп пен М»дидің кездесуі, // Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті №85, 23 қазан, 2001).

Енді сол өлеңнің толық нұсқасына кезек берейік:

Аман сау жатырмысың, Мәди батыр,

Тұтқын боп бұл түрмеде әркім жатыр...

Жуымас аққа пәле деген сөз бар,

Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр...

Жаңбырдай жауа берген көздің жасы,

Ат пенен не көрмейді ердің басы.

Шөп шулап, ағаш шулап сәлем айтты,

Он екі қазылықтың тау мен тасы.

Біз елден шығып едік өткен қыста,

Болмады, оңдалмадық асығыста,

Қағыстық бір-екі ауыз амандықты,

Анадай ат үстінде тұрып тыста.

Құмарым тарқамады көріп көзбен,

Білмеймін жүргеніңді қай түрлі ізбен.

Кіруге қайта-қайта қарауылшы

Қарайды ұрсып-зекіп жаман көзбен.

Бекітіп талай ерді кісендеген.

Сонда да ажал келмей кісі өлмеген.

Басына бір кемшілік түскен кезде

Рас деп шындығына бір сенбеген.

Жүргенде басы боста жігіттікпен

Кісі көп баратұғын «мен сендікпін».

Жанында жүз бір достан бірі қалмас,

Түсер күн болған күнде бір кемдікпен.

Ақ сұңқар аспандағы түсер торға,

Өрлеген өнерпаздар жығылды орға.

Ес кетіп жан шыққандай іс болғанда,

Құтылып кейбіреулер шығар зорға.

Ниетің болу керек хаққа дұрыс,

Әркіммен жасай берме жанжал ұрыс,

Зынданда жалғыз жатқан сен емессің,

Әр түрлі жақсылар бар қылған қоныс.

Жақсылыққа тырмыса бер, басшы бала,

.............................................................

Қадірін білсең сөздің нұрлы гауһар,

Сырға қыл құлағыңа, әнші бала.

Бұл сөзді айтушы ағаң Мәшһүр-Жүсіп,

Елдей боп қара басы жүрген көшіп.

Сен қадіріне жетпесең болып зайғы,

Жоғалып қалған бір сөз жерге түсіп.

Бұл жерде сен де кәріп, мен де кәріп,

Мойны ұзын алыс жерде жұртым қалып.

Күшім жоқ, ақылдасар кісім де жоқ,

Кететін ерікке қоймай жұлып алып.

(Көпейұлы М.-Ж. Көп томдық шығармалары. 1-том. – Алматы. «Алаш», 2003. – 260, 471-б.б.)