Алтынның сынығы, асылдың тұяғы еді
2013 ж. 28 мамыр
3270
2
1988 жылы әкем Кеңес «Ара» журналында жарияланған Сейіт Кенжеахметұлының «Сіз неше жастасыз?» атты мақаласын күлкіге шомыла отырып оқып бергені әлі есімде. Сейіт аға турасында ойға шомғанда, ол кісінің осы бір мақаласы еріксіз есіме орала кетеді. Аталмыш мақаласында С.Кенжеахметұлы адам жасының әрбір ондық белесіне түсініктеме беріп өтеді.
Жиырма жасқа берген анықтамасында:
«Өзіңе ғашықпын,
Тобылдай тасыппын,
Құшақты ашыппын,
Сүюге асықтым.
Сөйтіп, ұры иттей итиіп, жыртыс аңдыған кемпірдей жыртиып немесе алашағы бар алыпсатардай ыржиып, қызды үйдің босағасын аңдисың. Сол күннен бастап сен адамнан гөрі күндіз ұйықтап, түнде жортатын түз бөрісіне көбірек ұқсайсың. Оқтан да, топтан да сескенбейтін сері, періп кететін перінің тап өзісің. Аузың сарғайып, көзің қарайып, бір қыздан бір қыз сұлу көрініп, әр-қайсысының танауын, құлағын, ернін сүліктей сорып, бет-аузын аш күшікше жалап күн кешесің. Жолатпаған не жалатпаған қыздың досына, не жас жеңгесіне жалынып, «аңдаусызда» олардың да бетінен бір «шөп» еткізесің. Сөйтіп, жүргенде бір өзіңе екі қыз таласып немесе жіптіктей жеңілтек қыздарды «жуандатып» жіберіп, басың дауға, аяғың «жауға» қалатын да тұсың, міне, осы сәт», – деп түйіндейді жиырманы.
Ағамыздың орда бұзар отыз турасындағы ойы төмендегідей: «Мойныңа бұғалық түскен асаудай арының басылып, кейде араның ашылып, тіпті, екінші рет үйленіп те үлгірген болдырмас болат тұяқсың. Екі-үш балаң бар, келін келіссе, одан да көбейтетін шамаң бар, қоңыр қошқардай қойқаңдайтын тұсың. Қабырғаң қатып, буының бекіп, жалғандағы жақсылық пен жамандықтың, қулық пен сұмдықтың, пәле мен жаланың оқуын оқып болған пәтшағар шағың. Ол, ол ма, реті келгенде қыздарға көз қысып, ол аз болғандай қойқиып барып, қол салып жіберуден де тартынбайсың. Яғни, жының басылмаған, кедергіге тосылмаған, азулымен алысатын, жуанмен жұлысатын, күштімен күресетін, тентекпен тіресетін қырма сақал, күзен шақар, «келсең кел», «ә десе мә» әпербақан әйдіктің бірісің», – дейді.
Адам баласының ойланатын жасы қырық дейтін болсақ, қырық турасында: «Қылшылдаған жас та емессің, қалшылдаған кәрі де емессің. «Балық та емес, ет те емес» дегендей ары де емес, бері де емес, әрі-сәрі әбігер біреусің. Бурадай бұрқанып, ойда да, қырда да оңай оталып, тұратын отызың ойдан шықпай, қырықтың қыл шылбырына бойың үйренбей құландай мөңкіп, арақ иісің мүңкіп, ұлыңнан ұтылып, қызыңнан тұтылып, жастарға ере алмай, қараша төбеде қалқиып қалған қарағым сен боларсың. Ал оның есесіне дүние десе дүлейленіп, алуға келгенде арыстандай атыласың. Оңай олжа дегенде отқа да, опқа да, шоққа да түсіп жүріп, басың айналып, қолың байланып, басқа жаққа да барып келесің», – деген екен.
Ердің жасы елу деп, елуді еңсергендерді ел ағасы атайды біздің қазақ. С.Кенжеахметұлы болса «әлі талай жерді кеземін деп жүргенде, сені еземін деп еңсегей бойлы ерсілеу елуің келіп қалады» деп бастайды елу турасындағы әңгімесін.
«Сол кезде қызбен де, келіншекпен де ат құйрығын кесіп қоштасып, үйдегі үйілмеңдей «пәлеңмен» амалсыз достасып, «тостасып», жасты көріп жұбанып, кәріні көріп қуанып, қазығын айналған аттай «әйнәләйіннің» өзі боласың да шығасың. Бұл жылдары әке-шешені «жұмаққа» аттандырып, дүние-байлығыңды мақтан қылып, «әй, балам!» дейтіндерге қақпан құрып, адамдық пен арамдықтың тізгінін қосып ұстайсың.
Бала-шаға, келін-кепшікке, жас-масқа ештеңе көрмегендей «ей, арақ ішпеңдер», «әй, шылым тартпаңдар», «өйтпеңдер-бүйтпеңдер» деп ұялмай ақыл айтып отырасың. Талай жазықсыз жұдырықтаған жұдырықтай жарыңа «кемпөшке», «бәйбіше», «біздің ақ қатын» деп мүсәпірсіп сөйлеп, мүләйімсіп күліп, маймыл құсап маймаңдап, қайнысы құсап қайнаңдап тұрасың», – дейді елу турасында.
Қарттықтың белгісі біліне бастайтын, алшаңдап келген алпысқа «Адырайып алпыс келеді! Бойыңнан түзулік, қойныңнан қызулық кетіп, төркініне қайтып келген кемпір қыздай қадірсіз халге түсер шақтың басы осы. Кейінгілер «ақсақал» деп төрге шақырғанда, сақал-мұрттан жұрдай иегіңді уқалап, іштей күрсінесің. Қайрат күшің аузыңда ғана қалып, «баяғыда тас қопарып, тау тескенбіз» деп өтірік мақтануға әбден үйреніп аласың. Қарақшыдай қалбиған қараңды сыртыңнан қарағанда аңдап басқан аңшыға да ұқсайсың, құмалақ салатын балшыға да ұқсайсың, бөркі қисайған малшыға да ұқсайсың, музейге тапсырған қамшыға да ұқсайсың. Содан былай «армысың» деп келіп ауру, «саумысың?» деп келіп сырқау айналдыра бастайды. Сосын «ойбай, белім», «сегізкөзім», «құлағым», «жүрегім», «тізем», деп дене мүшелеріңнің атын баяғыда қыздардың атын жаттағандай күндіз-түні жаттай бастайсың», – деген екен.
Желкілдей қоймайтын жетпісте «Енді кемпіріңе «көке» деп, ұлыңа «әке» деп, келініңе «әже» деп әдеп сақтап күн кешесің. Егер айта алмасаң өз обалың өзіңе, ұлың мен келінің арық қойды ет комбинатына өткізгендей, «өлсе құны сұраусыз» деп қарып-қасерлер үйіне «өткізеді» де жібереді», – деп қоғамдағы осы бір өзекті мәселенің аясында сөз қозғайды.
«Ал сен соққандай сексенді айтсам, сен де жылайсың, мен де жылаймын. Әйеліңнен таяқ жеген мас емессің, ұят басып қалып шарасыздан шалға тиіп бара жатқан қыз емессің, сап-сау адамның мезгілсіз жылағанынан жаман нәрсе жоқ. Олай болса сенсең бөрікті сексеннің сергелдеңін, онан арғы топшысы сынған томар бас тоқсанның тоңқайып жатқанын айтпай-ақ қояйын. Егер кімде-кім оның қандай екенін білгісі келсе, соның өзіне сексен, тоқсан жылдық ғұмыр тілеймін», – деп жазып кетіпті жарықтық.
Есейген соң, Сейіт Кенжеахметұлының өмір жолына үңілуге тырыстым. Ол кісі 1939 жылдың 12 қаңтарында Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел аумағының «Сарықопа» атты жерінде дүниеге келген. Бабасы 1922 жылдың аштығында, атасы 1932 жылдың ашаршылығында аштықтан көз жұмған. Әкесі Кенжеахмет болса, 1942 жылы Ұлы отан соғысында қайтыс болған. Үшеуінде де ешбір белгі қалмаған. Қайда жерленгені де белгісіз. Тек 1981 жылы анасы Сәлима дүние салғанда басы-қасында болып, ақтық сапарға шығарып салған. Жер қойнына тапсырған анасының бейітінің басына жалғыз ұлы Сейіт аға жиі барып, құран бағыштап тұрған. Сейіт аға өз өмірінде жоқшылық пен қиыншылықты көп көріп, тағдыр тауқыметіне мойымай өскен.
Торғай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1969 ж). 1957-1965 жылдар арасында Торғай орта мектебінде мұғалім, аудандық мәдениет бөлімінің халық театрында режиссер, аудандық мәдениет үйінде және А.Иманов мемориалдық музейінде директорлық қызметтер атқарған. 1965 жылдан бастап баспасөз саласында еңбек етті. Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» (1965), Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (1966-1970), Торғай облыстық «Торғай таңы» газеттерінде (1970-1977), бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндетін атқарды. 1977-1989 жылдары Жазушылар одағының Торғай облысындағы әдеби кеңесшісі, 1989-2002 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1990-1995 жылдарда Торғай облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы міндетін қоса атқарды. 2003 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» Ғылыми зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
Әдебиетте алғашқы қадамын сатиралық өлеңдер мен мысалдар жазудан бастаған оның тұңғыш туындылары 1957 жылдан бастап «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды. 1965 жылдан бастап әзіл-сықақ әңгімелерімен бірге шағын интермедиялар жазды. Оның сәтті шыққан интермедиялары «Тамаша» ойын-сауық отауында 30 жылдан астам уақыт бойы қойылып келді. Сатиралық шығармалары республикалық конкурстарда бірнеше рет жүлдегер атанды. Этнографиялық-танымдық еңбектері үшін «Ана тілі» газетінің «Ана тілінің саңлағы» құрметті атағын жеңіп алды (1992 ж). «Жеті қазына» атты үш кітаптан тұратын ұлт мәдениетіне арналған ғылыми еңбегі үшін Қостанай облысы меценаттарының «Қазына» атты сыйлығын алды (2002 ж). Сейіт аға жастайынан, Торғай өңіріндегі ел аузында жүрген әңгімелерді батыр, би, шешендердің халық арасындағы ұмытылмас сөздері мен билігін қағазға түсіріп, халыққа жеткізеді.
Кенесары, Саққұлақ, Шеген би, Мұса, Алмат, Ноғайбай, Тана мырза сияқты ел арыстары мен сал-серілердің әңгімелері нағыз тәрбиелік, ұлттық қасиеттерді ұлықтайтын көркем әдебиетке келуіне ықпал етті. Атағы елге кең тараған шешен Ахметқанды, төкпе ақын Нұрқанды, танымал молла Қапышты тыңдады. Одан қала берді, аты аңызға айналған әңгімешіл Айсаны естіп өсті. Бұған өз анасы Сәлиманың тәрбиесі қосылды. Сәлима анамыз да діни медрессені тәмамдаған, Торғайдағы қолөнер мектебін бітірген он саусағынан өнер тамған тігінші, тоқымашы кісі болған. Сондай-ақ, Сәлима ананың белсенділігі болса керек, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрайымы болғандығы да. Ер азаматқа бергісіз батылдық қасиеттің иесі болған ардақты ана, жалғыз өзі әкесінен үш жаста жетім қалған Сейітті қатарынан кем қылмай өсіріп, өнердің өрінен көрінуіне септігін тигізді. Анасының өзі үшін еткен ерен еңбегін Сейіт ағамыз да ақтай білді.
Сейіт Кенжеахметұлы Торғай өңіріне танымал пешші Темірғалидан үй салуды үйренсе, ағаш пен темірден ою ойған ұста Мырзахамиттан ұсталықтың қыр-сырын меңгерді. Өз кәсібінің білікті маманы болған білгірлерден тәлім алып, өзінің шеберлігін шыңдай түсті. Сейіт ағаның ұсталық өнердің хас шебері екендігін елдің бәрі біле бермейді.
Сейіт Кенжеахметұлын қазақ мәдениетінің де шынайы жанашыры бола білді десек, артық айтқандығымыз емес. 1962 жылы Амангелді Имановтың суретін Сейіт аға қоқыста жатқан жерінен аман алып қалып, Өзбекәлі Жәнібековтің мұражайына тапсыруының өзі ол кісінің қазақ ұлтына деген жанашырлығын көрсетсе керек. Сейіт ағаның көзі тірісінде тұтынған заттары, атап айтсақ, киіз үйі және өз қолымен жасаған бесік және Торғай өңірінен табылған екі мамонттың сүйегімен қоса мұражайда сақтаулы тұр.
Сейіт Кенжеахметұлы 1985 жылдан бастап қазақ мәдениеті мен тұрмысын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын терең зерттеген ғалым-этнограф ретінде ел-жұртқа кеңінен таныла бастады. Оның «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» (2004-2007) «Қазақтың дархан дастарханы» (2006-2007) атты көлемді энциклопедиялық еңбектері қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, әзірбайжан т.б. тілдерде басылып шықты. Бұл кітап 2006-2007 жылдары Мәскеуде өткен әлемдік кітап баспаларының көрмесінде екі рет екінші және үшінші дәрежелі диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болған. С. Кенжеахметұлы Торғай және Арқалық қалаларының құрметті азаматы, (1989ж) ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері (2002ж) ҚазССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері (1991ж), ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған ардақты азамат.
Жақында ғана Арқалық қаласында Сейіт Кенжеахметұлының өмірден өткеніне екі жыл толуына орай өткізілген еске салу шарасы өтті. Жиынға Секеңнің әруағын сыйлаған барша азаматтар қатысып, құран бағыштады. Жатқан жерің жайлы болып, пейіште нұрың шалқысын, асыл аға.
Жұмамұрат ШӘМШІ