Адамзаттың ақыны

Адамзаттың ақыны

Қолымызға ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Әнуар Тарақовтың «Адамзаттың ақыны – ақиқаты» атты монографиялық кітабы тиді. Мемлекеттік тапсырыспен 23 баспа табақтағы туынды оқырман үшін көзайым болары анық. Зерттеу ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының классигі атанған, ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын талдап сараптаған. Ақынның халыққа кең тараған жырлары мен дастандарына және прозасы мен күнделігіне назар аударыпты. Автор Мұқағалиды Адамзаттың ақыны дей келе, бұл тіркесті ақынға арнап, оған жауап іздейді. Әлем әдебиетінің Хафиз, Жәми, Рудаки, Омар Һайям, Гете, Шекспир, Байрон, Пушкин, Абай сияқты әйгілі ұлы тұлғалары, алыптары тұрғанда олардың қатарына Мұқағалиды классик деп қабылдай ма деген сұрақ қояды. Сұраққа автор: «Мұқағалиды көрнекті ақын, ақиық ақын, дарабоз талант, кейін ғасыр ақыны деп мадақтадық деп, ақын поэзиясы – баладан бастап, кәріге дейін барша халқымызды баурап алған, оқыған сайын тебіреністі сезімге, керемет әсерге бөлеп, ой тереңіне жүздіреді. Әр адамның нұрлы жүрегіне жарық сәуле берер тұстары бар» – депті.

Кітап екі үлкен тараудан тұрады. Бірінші тарауы – «Өміршең өлең өнегесінде» ақынның 1949-1950 жылдарда жазған алғашқы балауса өлеңдері сәттілікпен басталғанын жазған. Поэзиядағы сөз құдіретіне баға берген неміс философы Ф.Шлегельдің пікірін келтіріп, Мақатаев өлеңдерінің көркемдігі мен сезімталдық, адам жүрегіндегі ішкі үндестікпен астасып жатқандығын ғұлама тұлғаның пікірлерімен салыстырады. Онда: «Поэзия мен философия – барлық ғылымдар мен өнердің арасындағы ең жалпыға ортағы. Поэзия барлық өнерді біріктіреді, философия бұл – барлық ғылымдардың ғылымы. Поэзия бұл – музыка, бұл – сөзбен бейнелеу... Позия – философиясыз бос әрі үстірт нәрсе, фиолсофия поэзиясыз әрекетсіз болып қалады» деп өлең өнеріне төселген бейімділікті ақынның алғашқы қадамынан байқау қиын еместігін айтады зерттеуші.   

Мұқағали өлеңінде адамның жан дүниесіне әсер беретін, көңілдің кілтін ашып, сөздің ғажап қуаттылығы мен сезімге бөлейтін құдіреті барын баяндайды. Өлеңдегі кеңдік пен кемелділік, шұрайлы сөздің нәрлі шумақтары мен сұлулықтың сыры оқырманның жан дүниесі бірден қабылдайтын тұстарына тоқталады. Поэзия – ішкі дүниенің әні, Мұқағали қандай өлең жазса да, оған жан бітіріп, көркем бояумен әрлей білу шеберлігін өзі өскен Қарасаз бен Шибұттан қанатын қатайтып ұшқанда танытқан. «Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?» деген ұғымын есінен шығармаған. Асыл сөздің маржанын жырына қосуды мақсат етіп, оқырманына мойындатқан. «Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес» деп өлең өміріне жан бітіріп, сөйлетеді де, әуенмен тербейді.  

Оны ақынның алғашқы «Армысыңдар, достар» деген кітабынан бастаса, кейінгі жыр жинақтарында дамытқан және дәлелдеген. Зерттеуші жасынан жарқ етіп көрінген Мұқағалидың бұдан кейінгі республикалық газет бетінде жарияланған жырларына да тоқталып, оны ұлы классик ақындармен салыстырып бағасын да берген. Өлеңдегі әр шумақ, бір-бірімен іркес-тіркес болып келетін ұйқастарына жаңаша түрленген нәрлі сөздің шұрайлылығын кез-келген өлеңдерінен байқау қиын емес дейді. Автор Мұқағали өлеңдерінің ақын Мағжан жырларына сарындас тұстары аз болмағанын да еске алады. Сонымен қатар алдыңғы буын ақындар – Ғали, Әбділда, Сырбай сынды ағаларының өлеңдегі сыршылдық сезімдері сезілсе, оны түрліше құбылтып, көркем сөздің алуан түрімен түрлендірген жаңашылдығын айтады.

Ақынның өлеңдері өмірдің шынайы шындығы мен дүниетанымдық таныммен жазылған. ер Махамбеттің жыр лебін байқау қиын емес. Мұқағали поэзиядағы қарапайым сөзді оқырманына шапан жапқандай қайтарып, айтар ойдың қазығын қаққандай жазуына тоқталып, әдеби сыншылардың ой-тұжырымдарымен келіседі де өлең тұңғиығына үңіледі. Мұқағалидың өлеңдерін оқыған кез келген оқырман қашан да өздеріне рухани байлықты ала отырып, бойларына сіңіре білетініндігін де ескерген.   

 Монографияның бірінші тарауы алуан тақырыпқа бөлінген. Туған жер, Отан, табиғат әлемі, өмір, елге деген махаббатқа арнаған өлеңдерін атақты классиктердің туындыларымен салыстырып, ондағы поэзияға тән үндестіктің барын да зерделепті. Поэзия туралы белгілі әдеби сыншылардың пікірлерімен келісіп, ақынның өлең-жырларында сай келетін тұстары аз кездеспейтінді дейді де, олардың ой-тұжырымдарымен өлеңдерін салыстырады. Мұқағали поэзиясы туралы ақын-жазушылардың жылы пікірлері мен лебіздері және сындарына да тоқталып, пікірін де білдіріп санасқан. Пікірдегі әділ баға да ескеріліп, өлеңдегі көркем сөздің кереметтілігі мен мағынасына, мәніне де үн қосады. Жалпы бірінші тарау автордың Мұқағали позиясын әлем поэзиясымен салыстыра зерттеуі үлкен ізденістің жемісі екенін көреміз. Сонымен қатар автор «Мұқағали – ХХ ғасыр ақыны ғана емес, болашақтың ақыны» деп бағасын береді.

     Монографияның екінші тарауы «Айхай, далам, сусындат дастаныңнан!» деп аталады. Бұл тарауда ақынның дастандары туралы әңгіме өрбітеді. Соның бірі – тарихи тақырып «Райымбек! Райымбек!» поэмасы. Кеңес заманы өткен ғасырдағы қазақ хандары мен батырлары, билері туралы жазу қиындау болғаны анық. Соған қарамастан, Қ.Бекхожин қатал коммунистік жүйеде «Батыр Науан» поэмасын жазса, 1970 жылдардан бастап, қаламгерлері – І.Есенберлин, кейін Ә.Кекілбаев, С.Сматаев қазақтың хандық дәуірлеріне қалам тартты. Бұл лекке көп кешікпей Мұқағали Мақатаев та қосылған. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысында Төле бимен бірге талай елдік мәселерді шешуге белсене атсалысқан әйгілі қолбасшы, айтулы тұлға Сырымбетұлы Хангелді батырдың немересі Түкеұлы Райымбек батырдың ерлігіне арналған дастан. Заманында Райымбектің есімі ел ұранына айналған. Әйгілі батырдың ерлік даңғын, әулиелік қасиетін ақын елден естіген аңыз-әңгімелер мен жырлардың негізінде қанығып өскен. Дастан тарихи оқиға болғандықтан қазақ халқына қасірет төндірген «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған жоңғар шапқыншылығын суреттеуден басталып, белгілі тарихи тұлғалардың атымен, жер аттары да шынайы шындықпен суреттеліп жырланған. Ел басына түскен ауыр да азапты жылдардағы соғыстағы Райымбек сияқты батырлардың, ақылгөй даналардың бейнелерін ақын поэзия тілімен тамаша жеткізгенін зерттеуші тарихи ізденіспен жазыпты. 

Зерттеуші ақынның «Аққулар ұйықтағанда» екінші поэмасында Мұқағали табиғат пен адам тағдыры туралы аз жазбағаные әңгіме етеді. Соның ең көлемдісі табиғат пен адамның мәңгілік байланысы бар киелі аққу туралы. Дастанның композициясында ауыр да аянышты тағдыр, адам қасіреті мен табиғат қасіреті ажырамас бірлігін жырлаған. Ананың бесіктегі жалғыз баласы кенеттен ауыр дерттен айыға алмай, қиналып жатқанында емші аққуды атып әкеліп, сонымен емдеп жазуды ұйғарады. Бұл іске ананың қалай барып, аққуды атуы, тәңір мен табиғат, адамдар алдында кешірілмес күнәға барғандығы. Оны ақын көркем тілмен жеткізеді. Айналасын тау қоршаған Жетім көлдің көркі мен сұлулығын ақын поэзияның әдемі тілімен айшықтаса, көктемдегі ажарлы келбетін суреттей келе, жаздың жайдары күндерінде мекендеп, қоңыр күзде жылы жаққа қиқулап ұшқан аққулар айдың көлдің бересі мен бағы, базары, мереке болған сәтті ғажап бейнелерін әдемі шумақтармен жырлаған. Айдындағы аққудың сұлу бейнесі, суға қонуы мен тыныш әлемдегі мөлдір суда жүзуі бір ғажап дүниенің ажарын ашатын сұлулығын айшықтайды. Осы арқылы табиғаттың жаңа дүниесінің есігіне ендіреді. Дастанда ежелден аққудың қасиеті де киелі екенін жоғары бағалап, «құстың төресі, бейбіт өмірдің бейнесі» туралы аңызды жыр жолдарына арқау еткен. Көлдегі аққулардың тыныштығы мен табиғаттың бейжай болмысын мылтықтың дауысы селт еткізген сәті дастанның ең күрделі жері. Тыныштықты бұзған бесіктегі өлім мен өмірде күйіп, жанып жатқан сәбидің болашағы үшін ананың киелі аққуды атуы. Оған тек себепші тәуіп шалдың тапқан емі аққумен аластауы дегені. Дастанда аққуды атқан ананың ішкі ойы, оны қалай атуға қолы барғанын зерттеуші ақынның тамаша тілмен жеткізгендігіне жүгінеді. Жаз бойы айдын көлді мекен еткен аққулардың осы қорқыныштан ұшуы, жаралы аққу мен амалы құрып оны атқан ананың жан дүниесі, аққулардың үдіре ұшып, үлкен қорқынышпен аспанға көтерілуін автор үлкен тебіреніспен жазған дейді автор. Тыныш әлемді бұзғанды естіген жылқышы қарияның сюжеті де оқиғаны дамытады. Ол да киелі құсты кім атқанын біліп, жалғыз баласы үшін тәуіптің сөзіне сенген ананың табиғатқа жасаған қастандығына күйінген. Енді Жетім көлге аққулардың келуі неғайбыл деп, зұлымдық әрекет табиғатқа да адамға да үлкен қасірет әкелгені поэмада көркем тілмен жырланады. Зерттеуші табиғат пен адам арасындағы ішкі сезімге толғана тоқталады. Бұл оқиғада табиғат пен адам арасындағы трагедияны салыстырады. Тәуіптің тіліне ерген ана қайғыдан қан жұтқан жағдайға енсе, Жетім көлде киелі аққулардан мәңгі айырылады.   

Ғалым ақынның үшінші дастаны «Алатау – Алтай – Атырау» туралы тың ой, жақсы пікір қалдырыпты. Еліміздің географиялық картасындағы қазақтың ошағының үш бұтындай «А» әріптерінен басталған атамекеннің келбетіне тақырып қоюуында үлкен мән бар дейді Әнуар Тарақов. Дастанның негізгі арқауы халқымыздың тұтастығы мен береке бірлігі, ынтымағын жырлаған. Мұндай дастан Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» деген тарихи туындысы болғандығын автор еске салады. Онда қазақтың өткен тарихы, жүріп өткен жолы жырласа, Мұқағали кең байтақ еліміздің жерінің кеңдігін, географиялық ерекшелігін, ұл-қыздарын қадірлеп, даңқын асқақтатқан. Алатаудың асқарлы шыңдарын, Жетісудың жеті құты мен ырысын, ондағы сан ұлттың туыстығын жырға қосады. Алтайдың көрікті сұлу табиғаты, Шығыстың киелі мекенінде дүниеге келген ұлы Абай мен Мұхтарды, Бибігүлдей бұлбұл атанған әнші де жырға қосады. Алатау мен Алтайдың елдімекендері мен қалалары да толғауға енген. Ақын Сарыарқаның сары даласына, Көкшенің көркем бейнесіне, Бурабайдың әсем келбетіне қалам тартса, есімдері тарихта қалған Мағжан ақынның рухына тағзым етіп, өзі солтүстікке барғандағы іссапарын тебіреніспен еске алады дейді автор. «Толғауда, дейді автор – ешкім байқап, білмеген байлам жасайды» деп, ақынның ой тереңдігіне қайран қалады. Ақын Атырау, Каспий, Жайық, Орал, Ақтөбе, Жем, Сағыз, Мұғалжар, Ырғыз, Шиелі, Сыр аймағының табиғатына, тіршілігіне де сипаттап кеткендігіне тоқталып өткен. Жердің қадір-қасиетін білу мен игеруді көрші Қытай мен Израильден үйренуіміз керектігін де ақын айтып өткен. Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан алып жаһан емес, елдің болашағын жарқыратын құрлыққа теңейді ақын» депті. Дастандағы жыр жолдары еліміздің көркем табиғатындай көркемделіп жазылғанын автор түрлі мысалдар келтірген. Автор Мұқағалидың «Алатау – Алтай – Атырау» дастанын жазудағы еңбегі ұшан теңіз десе, елге, атамекенге деген шынайы сүйіспеншілік мейірімін төгіп жазған десе, бұл дастанға «Қазақстан – өзінше бір материк» деп ат қойған зерттеушінің де еңбегі көп нәрсені аңғартады. Біз монографияда ақынның өзі «Осы мен, өлмейтін, өлмейтін шығармын...» деп айтып кеткен сөзінде шынымен ақиқат барына кәміл сенуге болады депті. Өйткені өмірге келген көп ақындар өмірден өткен соң айтылмай, ескерілмей қалады. Ал Мұқағали өмірден өткенімен елінің жүрегінде, зердесінде, ойында айырықша орын алуы да осыған дәлел. Бала да, кәрі де ақыннның өлеңдерімен өмір сүріп, бірге жасауы ақынның мәңгілігі деп қабылдағанымыз жөн дей келе, Мұқағали Мақатаев адамзаттың ақыны деп айтуға толық негіз бар деуі ақиқат.

Зерттеуші кітабын Мұқағалидың жоғарыдағы дуалы сөзімен түйініндейді. Өлең деген өнердің құдіреті ақын бойында шынайы қалыптасып, талантына қанат бітірген, ізденісі мен білімнің нәрінен сусындап, жазған жырларына алуан түрлі мысалдар келтірген. «Мұқағали – ақын, көреген тұлға, керемет ұлы классик. Әлем әдебиетінде де маңдайы жарқырай көрінер таңдаулы таланттарының бірі де бірегейі, Мұқағали Мақатаев – адамзаттың ақыны, алып ақын! Мұқағали да – Жаратқан Ием ерекше ақындық қабілет, талант дарытқан ұлы тұлға. Айтар ойдың алауы да, ақиқаты осы! Әдебиет әлемінде Абайдай ақындық абызымен абырой-намысы асқақ қазақ халқы Мұқағалидай муза мұзбалағымен де мәңгі мерейлі, мәңгі мәртебелі!» – деп туындысын аяқтапты ғалым.  

Жексен Алпартегі