«Күнәдан таза басым бар...»

     1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еліміздің тарихындағы естен кетпес ерекше оқиғалардың бірі. Азаттық жолында арпалысқан еліміз сан түрлі сәттерді бастан өткерді. Қазақ ұлтының басына сын сағат туғанда, өзінің жастық жігерін көрсетіп, әділетсіздікке қасқая қарсы тұрып, азаматтық мінез танытқан ұлтжанды ұлдың бірі, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков еді. Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Жәдігер», «Желтоқсан Рухы» сынды қоғамдық бірлестіктердің және Алматы қа­лалық ішкі саясат бөлімінің ұйым­дастыруымен «Қайрат деген атым бар...» атты Қайрат Рысқұл­бековты еске алуға арналған кеш өтті. Күнәдан таза басым бар, Жиырма бірде жасым бар, Қасқалдақтай қаным бар, Бозторғайдай жаным бар. Алам десең, алыңдар. Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, Еркек тоқты құрбандық. Атам десең атыңдар!» – деп жырлаған өр рухты Қайрат ақынның желтоқсан оқиғасындағы ерен ерлігін паш еткен деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Жиынды ашқан Қайрат Рыс­құлбековтың бауыры, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестінің жетекшісі Талғат Рысқұлбеков: «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» деп дана халқымыз айтпақшы Қайраттай қайсар ұлда­рыңызды құрметпен бүгін еске алып отырғандарыңыздың өзі ер қадірін білетін ел екендігімізді айғақтаса керек. Ендеше қазақтай қайсар халық барда, Қайраттай батыр ұлда­рыңыздың есімі ел жадында мәңгі сақталатынына сенемін», – деді. Сондай-ақ, Талғат Рысқұл­беков осы бір игі шараның өтуіне ұйытқы болып, басы-қасында жүрген азаматтарға, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының директорына, ҚазҰУ-нің ұжымына, ақпараттық қолдау білдірген «Алматы» телеарнасына алғысын білдірді. Шара барысында төрт ақынның қатысуымен өткен «Құлманбет айтысы» кештің мән-маңызын аша түскендей. Тартысқа толы айтыс арқылы көпшілік көрермен Қайрат Рысқұлбековтың қайраткерлік қырын толығырақ тани білді. Екеуара айтысты қыздыра түскен алматылық Асхат Қылышбек пен керекулік Рауан Қайдар жұбы Қайраттың ерлігін де, өрлігін де көрсете білді. Адуынды ақындардың ізін жал­ғап келе жатқан жас талант Асхат Қылышбеков Қайрат Рысқұлбеков туралы сөз қозғағанда, 21 санына айрықша тоқталып өтті. Қайраттай қайсар ұлдың 21-ге қараған шағында Колбиннің жебесіне ілігіп, қолына кісен салынып, тұп-тура 21 күн сот алдында нақақтан-нақақ күйіп-жанып, тас-түрменің 21-ші камерасында, 21 мамыр күні қапылыста қара ниет қарақшының құрбаны болғандығын, арада бес жыл өткен соң, 21 ақпан күні қайта ақталғандығын айтқанда жиылған жұрттың жүрегі тебіреніп, жанарына жас алды. Кештің ендігі бір ерекшелігі – «Жәдігер» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен төрт ақыннан құралған «Құлманбет айтысының» өтуі еді. Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Қанат Мырзахан, Талғат Мықи сынды ақындар, өз өнерлерін ортаға салды. Топтасып айтысқан өршіл рухты жас ақындар әнші Қайрат Нұртастың «Өкініш» фильмі, ел үшін елеулі қызметі жоқ, беймәлім біреу туралы «Қайрат-чемпион» сияқты мән-мағынасысыз кинолардың қаптап кеткенін сынға алды. Осындай жас ұрпаққа берері жоқ, туындыларды түсіргеннен ұлтымыздың ешнәрсе ұтпайтынын баса айтқан ақындар қазақ деген халықтың нағыз қаһарман ұлы Қайрат Рысқұлбеков туралы бір фильм түсірсе, нұр үстіне нұр болатындығын атап өтті. Бұл ақындардың назы болғанмен, расында биліктің тізгінін ұстаған ел ағаларының құлағына тағылған «алтын сырға» еді. Алтайдан келген термеші Алғысбек Дәуен «қос жанармен халқымды көр­ме­сем де, жүрегіммен сүйемін» деп қазақ халқына деген шынайы сүйіспеншілігін жеткізді. Игі шараның аясында «Жел­тоқ­сан» қозғалысының өкілдері Қайрат Рысқұлбековтың ерен ерлігі жайлы естеліктер айтты. Осы кеште ұлт жанашыры, жырау Бекболат Тілеухан Желтоқсан оқиғасы кезінде терме шырқап, жастарды алаңға шақырғандығын айтып, осы уақытқа дейін айтылмаған құпиясымен бөлісті. Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан «Елім менің», «Еділ», «Алтай», «Молдабайдың әні» секілді әндерін тамылжыта орындағанда, халықтың көрсеткен шынайы ықыласынан олардың ұлттық өнерге шөліркеп қалғандығын аңғардық. Елі үшін ерен ерлік еткен Қайрат Рысқұлбеков есімі ел жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.                                                                                                                                              Ақтолқын ТӘЖІК