Қазыбек Иса: Қазақ жазушыларының сөзі – қазақтың сөзі
2026 ж. 26 қаңтар
55
0
ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ. РУХАНИЯТ. ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімді баспасөзге берген кезекті сұхбатына арналған мазмұнды кездесу өтті. 2026 жылғы 5 қаңтар күні «Turkistan» газетінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты ауқымды сұхбаты жарияланған болатын. Бұл сұхбат Мемлекет басшысының ел дамуының басым бағыттары, саяси реформалар, қоғам алдындағы маңызды міндеттер жөніндегі көзқарасын кеңінен қамтыған бағдарламалық мәні бар сындарлы әңгіме болды. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса мен ҚР Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты, ақын Қалқаман Сарин арнайы келіп, қаламгерлер қауымымен кездесті.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп, Президент сұхбатының қоғамдық-саяси, рухани маңызына арнайы тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жыл сайын халыққа және зиялы қауымға ой салатын сұхбат беруі елдегі ашық диалог пен саяси мәдениеттің қалыптасуына қызмет ететін маңызды дәстүрге айналғанын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Мемлекет басшысының бағдарламалық сұхбатында көтерілген мәселелерге тоқталып, қаламгерлер қауымының ой-пікірлері мен ұсыныстарының мемлекет үшін аса маңызды екенін, халықтың үнін жеткізуші зиялы қауым өкілдерінің әрбір пікірі ескерусіз қалмайтынын, әсіресе әдебиет пен мәдениетке қатысты айтылған ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізуге ықпал ететінін баяндады.
Кездесуге белгілі қаламгерлер – Кәдірбек Сегізбаев, Смағұл Елубай, Қансейіт Әбдезұлы, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Бауыржан Жақып, Ғалым Қалибекұлы, Мұратқали Дүйсенбаев, Фархат Тамендаров және басқа да әдебиет өкілдері қатысып, Президент сұхбатында көтерілген мәселелер жөнінде пікір алмасып, өз ой-тұжырымдарын ортаға салды. Еркін форматта өткен жиын әдеби қауым мен билік өкілдері арасындағы мазмұнды диалогқа ұласты.
Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағының
Басқарма Төрағасы:
Баспасөз – жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық ізденіске бағыттайды
– Президенттің сұхбатта көтерген мәселелері қоғамдағы ақпаратты қабылдау мәдениетінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Президент: «Өз басым мерзімді баспасөзді бала кезімнен үзбей оқып келемін және бұл әдетімнен әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Қазіргі таңда газеттер тек жаңалық жеткізумен шектелмей, жан-жақты шолу жасап, терең сараптамалар ұсынуға басымдық беріп отыр. Мысалы, ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен еңбек адамдарының нақты жетістіктері туралы мәліметтерді мен көбінесе газет беттерінен аламын. Ал TikTok, Instagram немесе Telegram сияқты платформалар көбіне қысқа бейне-контентке негізделіп, өмірдің шынайы көрінісін толық аша алмайды. Сондықтан ақпаратты тұтынуда сапа мен мазмұнға мән беру аса маңызды», – дей келе, қоғамда оқу мәдениетін нығайтудың, дәстүрлі баспасөздің рөлін арттырудың және жас ұрпақты саналы ақпарат тұтынуға баулудың аса қажеттігін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, расында да оқу мәдениетін қалыптастыру – зиялы қоғам құрудың негізгі алғышарттарының бірі. Терең ойлануға, талдауға жетелейтін сапалы баспасөз материалдары жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық ізденіске бағыттайды.
Бүгін қазақтың қабырғалы қаламгерлері бастаған жазушылар Мемлекет басшысының сұхбатын талқылау үшін жиналып отыр. Сөз өздеріңізде.
ҚАЗЫБЕК ИСА,
ақын, Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазақ жазушыларының сөзі – қазақтың сөзі
– Қазақстан Жазушылар одағы – Алматының ғана емес, еліміздің рухани ордасы. Қандай маңызды кездесу болсын, осы қара шаңырақтан басталу керек деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы жылда қазақ баспасөзіне сұхбат беруді дәстүрге айналдырды. Әр сұхбат өздеріңіздің орталарыңызда кеңінен талқыланып, келелі кеңес ұйымдастырылып жүргені де бізді қуантады. Осындай бір талқылау қорытындысын депутаттық сауалыма енгізіп, «Қазақ жазушыларының сөзі – қазақтың сөзі» деп айтқаным бар.
Ел Президенті бұл сұхбатында да бірқатар жайттарды қозғап, «Сіз кімсіз?» деген сауалға: «Мен – мемлекетшіл адаммын» деп пайымды жауап берді. Әңгіме өзегінде адамгершілік мәселелері де, ауқымды мемлекеттік мүдде мәселелері де қамтылған. Салық кодексінің кемшіліктерін де Мемлекет басшысы дұрыс пайымдап өтті. Ішкі саясат тұжырымдамасына тоқталды.
Мен Парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Осы орайда руханиятты қолдау, Қазақстан Жазушылар одағына тиімді, пайдалы сауалдар ұсыну ел келешегі үшін де маңызды деп есептеймін. Сіздердің тұжырымдарыңыз маңызды болғаны үшін де арнайы сапарымды өздеріңізбен жүздесуден бастадым.
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
БӘРІНІҢ ЕСЕБІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ
– Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде 2025 жылы экономикалық табыс 6 пайызға өсіп, 300 млрд долларға жетіпті. Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі рекордтық көрсеткіш көрінеді. Әрине, қуанатындай табыс. Бұл – Президент жұмысының жемісі. Осы табыспен-ақ еліміз кереметтей бай тұруға болады. Бірақ мұның бәрін инфляция деген дүние жеп жатыр. Нарықтық экономикаға жүгінетіндіктен, бағаны тежеп отыру мүмкін емес. Мысалы, базардағы ет сатушылар тексерушілердің төбесі көрінген сәтте бағаны арзандатып қояды да, олар кете салысымен өздері бекіткен қымбат бағаға ауыстыра салады.
Елімізде құрықталмай келе жатқан басты мәселелердің бірі – жемқорлық. Әрине, қарапайым жұмысшы, қолында таяғы бар қойшы жемқорлық жасай алмайды. Жемқорлық бригадирден, дәрігерлер мен медбикелерден басталады. Осы түйткіл де сұхбат барысында айтылды. Айталық, біз отыз жыл бойына жебірлерге жем болып келдік. Солардың өте аз бөлігі аздап болса да қайтарылды. Ал басқаларына неге шамамыз жетпей отырғанына таңмын. «Биені бүгімен, түйені түгімен жұтқандар» жауапкершілікке тартылды дегенді естиміз де, аз уақытта-ақ заңдық жауапкершіліктен босап кетіп жатқанын тағы естиміз. Осындай қитұрқылықтарға қатаң тыйым салынбай ештеңе түзелмейді. Талан-тараж болған миллиардтар әлі де қайтарылса, халықтың жағдайы да жақсара түсер еді. Тәртіп деп жиі айтылып жатыр ғой, тәртіпті, жауапкершілікті күшейту керек деп санаймын. Бәрінің есебі болуы қажет.
Мана айтқан экономикалық өсімнің бәрі – Президент атқарған жұмыстардың жемісі. Қалай болғанда да, ол кісі халықтың шаруасымен, ел тіршілігін жеңілдету мақсатымен тыным таппай, бір жылдың ішінде қаншама алыс-жақын шетелдерді аралап шықты. Бірнеше дүркін барғандары да бар. Сондықтан кейде Президент болу оңай емесіне көзіміз жете түседі. Мемлекет басшыларымен келісім жасау, зауыт, фабрикалар салу, инвестиция тарту, осының бәрі елдің әл-ауқаты үшін қажет.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы:
ЖАСТАРДЫҢ КЕЛЕШЕГІНЕ СЕНІМ ҰЯЛАТАТЫН БІРДЕН-БІР ТЕТІК – БАСПАНА
– Жазушы деген халық – тек қана жазушы ғой… Бірақ өмір сүру үшін айлық алу керек, табыс табу керек. Мінекей, осындай жағдайда жазушылардың 90, тіпті 95%-ы нарықтық бәсекеге икемсіз келеді. Қаламгерлердің біршамасы Кеңес кезінде алған баспанасында отыр деп ойлаймын. Жаңа үй алу үшін тағы қаржы қажет. Осы жағдай еститін мемлекетімізді ойландыруы керек. Өйткені әдебиет – ұлттың айнасы, жетекші өнер ғой. Үлкен мегаполистердің әкімдеріне «жергілікті ақын, жазушылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын қаперде ұстаңдар» деп басшылық тарапынан пәрмен берілу керек деп ойлаймын. Шынтуайтына келгенде, Алматы, Астана секілді ірі шаһарлардың әкімдері бұл жұмысты өз беттерімен жүзеге асыруына кедергі жоқ секілді. Жазушыларға, өнер адамдарына арнап үлкен үй салынса, кем дегенде, елу жазушы үйге кіріп, жағдайы келіспей жүрген жас жазушыларға өмір бойы ұмытылмайтындай көмек болар еді. Өйткені жас жазушылардың да, тіпті ақсақалдық жастағы қаламгерлердің де әкімшілікке үйін кеңейтіп беру өтінішімен баратындары өте сирек.
Қақтығыстар, соның ішінде Қаңтар оқиғасы әлеуметтік мәселелердің көбейгенінен туындады. Жастардың келешегіне сенім ұялататын бірден-бір тетік – баспана. Үкімет те ең әуелі осыны ойлауға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайларды сұхбатта жан-жақты айтыпты. Бұл әңгіме Қазақстан халқына оптимистік рух сыйлайтын сұхбат болды. Лайым елімізде пессимистік күй болмағай деп тілейміз.
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
«АЗАМАТТАРЫМЫЗ ЖАҢА ДӘУІРГЕ БЕЙІМДЕЛУІ ТИІС»
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында қазақ басылымдарына сұхбат беруі жақсы дәстүрге айналды және мұның қоғам үшін үлкен мәні бар. Биыл «Turkistan» апталығына берген сұхбатын да үлкен қызығушылықпен оқыдым. Мұнда да, еліміз үшін бүгінгі таңда өзекті, болашағы үшін маңызды мәселелер жан-жақты сөз болған, маңызды да жинақы, терең сұхбат қалың көпшілік үшін Мемлекет басшысының адами қасиеттері мен өмірлік ұстанымдарын, тұлғалық болмысын аша түсетінін айтқым келеді.
Сұхбатта салық жүйесіндегі, энергетика, коммуналдық секторлардағы реформалар, туризм, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларын жетілдіре түсу, экономиканың сапалы өсуі, жасанды интеллект, өркениетті ел болудың бірден-бір жолы – цифрлық державаға айналу, түптеп келгенде, халық игілігі үшін екенін нақты да ұғынықты сөз еткен Президент руханиятқа қатысты да қадау-қадау мәселелерге тоқталыпты.
Сұхбаттың мерзімді басылымдар және олардың қоғамдағы рөлі мен салмағы туралы әңгімеден басталуының маңызы айрықша. Кезінде салиқалы мерзімді баспасөздің экономикалық қиындықтар өз алдына, мемлекеттік саясаттағы олқылықтан рухани, материалдық әлеуеті күрт төмендеп, қоғамдық сыни ойдың, сараптама, талдау, пікір алысулардың үлкен мектебі тоқыраңқырады. Бұдан, ең алдымен, жүйелі танымдық білім көзінен алшақтаған қоғам рухани зардап шекті. XXI ғасырдағы ақпараттық технологиялардың дамуы да дәстүрлі басылымдарды кері ысырғандай көрінгенмен, көзқарақты оқырманның, саны аз болса да, бұл басылымдарға деген сұранысы тоқтаған жоқ. Солардың бірі өзіммін.
Енді Мемлекет басшысының оқу, білім, руханиятқа байланысты тұжырымдарына назар аударсақ: «Газет-журналдар өрлеу дәуірінің алдында тұр»; «Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алдыңғы шебінде болады»; «Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі тиіс».
Бұл тұжырымдар бір-бірімен тығыз байланысты және бұл ретте қоғамның сараптамалық, талдағыштық дағдыларын қалыптастыруда елеулі рөл атқаратын газет-журналдардың алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл тұрғыда біз саяси-қоғамдық маңызы бар реформаларды жүзеге асыру жолында Үкіметке серіктес бола білу, демек қоғам үшін өткір мәселелерді пост-фактум түрінде емес, кәсіби түрде ашық талқыға салу, қоғамдық үдерістерге сараптама жасау, стратегиялық мәселелерге назар аударып отыру талабын айтып отырмыз. Өзге мәселелерді айтпағанда, мәдениет, өнер, білім салаларында кәсіби талқыдан өтуі тиіс қаншама мәселе бар!
Сұхбатта қоғам мәдениеті туралы да сөз қозғалыпты. Президент сауалға орай: ірі бизнес өкілдерінің сән-салтанатқа толы өміріне, тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас дей келе, шетелдік аса ірі де белгілі кәсіпкерлердің елден дараланып, көзге түскісі келмейтінін жақсы айтыпты. Қоғам мәдениетінің бұл қыры бізде күйіп тұрғандай.
Қазақ баспасөзінің міндеті мен көтерер жүгі бұрынғы кездегіден әлдеқайда ауыр. Ол үшін үлкен интеллектуалды күштерді жұмылдыру қажет. Бүгінгі басылымдардың мұндай күші де, экономикалық қуаты да аз. Бұл маңызды мәселені шешудің оңтайлы жолы – басылымдарды жақсы қаржыландыру. Мұның қайтарымын, игілігін қоғам көреді. Ал білімді, мәдениетті қоғам – қоғамның сапалық өсуінің көрсеткіші, мемлекеттің мықты, қуатты болуының бір кепілі. Азаматтардың жаңа дәуірге бейімделуіне, жаңа білім алуына да баспасөз айрықша үлес қоса алады. Оқу мәдениеті жоғары қоғам, Президент сұхбатында айтылғандай, алдыңғы шепте болары анық.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауқымы кең, алдағы жылдарға бағдар сұхбатының халыққа берері көп.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
филология ғылымдарыныың докторы, профессор:
ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫ ҚАМТЫЛҒАН ОЙЛЫ СҰХБАТ
– Республикалық ұлттық басылым «Turkistan» газетінде жарық көрген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты бүкіл елдің назарын аударды. Ең бастысы, халық күткен, бүгінгі дәуірде, XXI ғасырда өзекті болып отырған және қоғам мүшелерін алаңдатып жүрген көптеген мәселелерге, көкейдегі сауалдарға жауап таптым. Биылғы «Turkistan» газетінде басылған сұхбат өткен жылғы «Ана тілі» газетіне берілген сұхбатты қайталаған жоқ. Әңгіме «Түркістан» ұғымының мән-мағынасына, астарына үңіліп, осы атаумен аталған газеттің қоғамда өз орны бар екенінен басталып, жалпы, қазақ басылымдарының, қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының маңыздылығын айшықтаумен жалғасты. Алдағы жылдарда қазақ баспасөзінің өрлеу дәуірі күтіп тұрғанын айтқаны да өте орынды. Президент қазақ басылымдарының жолын ашар толымды тұжырымын жай ғана айтып қоймай, түрлі интернет көздері мен желі беттеріндегі жылт еткен дүниелерді қызықтағаннан гөрі ойлы дүниелерді оқу әлдеқайда пайдалы екенін салыстыра келіп, тасқа басылғандай құнды болып есептелетін БАҚ-тарда салмақты, терең, ұлт, ұрпақ үшін қажет, адамды өсіретін, жарқын болашаққа жетелейтін ағартушылық бағыттағы материалдар шығатынын, сол үшін де мәні зор екенін дәйектеп өтті.
Көп қырлы сұхбаттың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты» деген тақырыбының өзі көп жағдайды аңғартып тұр. Әңгіме барысынан Қазақстан даму жолында ешқандай кідіріске ұшырамайтынын, қазіргі бүкіләлемдік геосаяси, экономикалық, экологиялық, экоклиматтық жағдайлардың бәрін ескере отырып, еліміз халықаралық саясатта да, ішкі саясатта да, алыс-жақын шетелдермен жан-жақты байланыс бағытында да ешуақытта өз ұпайын жібермей, салиқалы, сарабдал саясат жүргізе беретінін көрдім. Әрине, кез келген қоғамның ең бірінші көрсеткіші – экономикасынан, материалдық, техникалық ахуалынан, инфрақұрылымынан, мемлекет тұрғындарының әлеуметтік, рухани тұрмысы қандай деңгейде екенінен айқындалады. Мемлекет басшысы өткен 2025 жыл Қазақстан үшін өте жемісті жыл болғанын, ішкі экономикалық өсімнің 6 пайызға жеткенін және өнімнің де бұрын-соңды болмаған жоғары сипатта көтерілгенін, алдағы уақытта да ел әлеуеті жоғарылай беретінін айтты.
Жарты ғасырға жуық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет етіп жүрген жан ретінде сұхбаттағы білім және ғылым саласы турасындағы Президент сөздеріне қатты мән бердім. Қазақстанның болашағы ғылымда, ғылыми инновацияда екенін, инновациялық-креативтік жобалар елімізді өрге сүйрейтінін, білім мен ғылымға әрқашан басымдық берілетінін алға тартқан Мемлекет басшысы цифрландыру, жасанды интеллект заманында Қазақстан алдыңғы көште болу керек екенін жеткізді. Бүгінде ғылымның басты жетістіктерінің бірі –жасанды интеллект барлық салаға енуде. Сондықтан ел Президенті бұл бағытта артта қалмауымыз керек деген мақсатты бекем ұстанып отыр. 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп атауға пәрмен бергені де осы ұйғарымнан туған.
Мемлекет басшысының сонымен бірге экономикаға, аграрлық секторға көңіл бөлінгені ұнады. Бұған дейін де бұл салаға аз қаржы құйылмағанын, ары қарай да солай жалғасатынын, дегенмен бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, осы жүйедегі тетіктер, ұлттық холдингтер, еңбек ұжымдары мемлекетке ауыз ашып отырмай, өз күндерін өздері көретін деңгейге көтерілу керегін, сырттан дайын өнімді алып тұтына бермей, өзіміз де өнім шығарып, мемлекет бюджетін толықтыруымыз қажеттігін нығырлап айтқанын қолдаймын.
Сұхбатта айтылған дүниелердің орындалуы маңызды. Бірнеше ай бұрын ғана Президент жарлығымен Ішкі саясат тұжырымдамасын қабылдадық. Бұл да ерекше мән беретін сала. Қоғамымыздың гүлденуіне мұрындық болатын бірден-бір күш осы Ішкі саясат тұжырымдамасында жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел тарихына қатысты әркім бір долбарлап, бұрмалап сөйлей берудің дұрыс емесін де айрықша сөз етті. Тілмен, тарихпен ойнауға болмайды.
Өткен отыз жылдың ішінде елге шынайы шындықты, ақты ақ, қараны қара деп айтпай, боямалап жеткізу қазақ қоғамына, қазақтың болашағына орасан зиянын тигізгенін, алдымен, «ең дамыған елу елдің ішіне кіреміз», содан кейін одан да ілгері кетіп «ең озық отыз елдің ішінде боламыз» деген құрғақ қиялға, өтірікке құрылған саясаттан гөрі елге ащы шындықты айтып, бүгінгі деңгейімізді қайтсек жақсартамыз деген ашық әңгіме керек еді! Шындық ашық жеткізілмесе, әділдік, шынайылық зардап шегіп, алдыңғы шепке құрық бойламас қулық, құйрығы бір тұтам жылпостық, адамды алдарқату, нәтижесінде ұлт тағдырын тығырыққа тіреу белең алатынын ашық айтқаны алғашқы отыз жылымыздың көптеген көлеңкелі тұстарын ашып тастады. Осы бағыттағы ой-пікірлерді Президент аузынан қалың елдің көптен күтіп жүргені де жасырын емес. Осыны да астын сызып атап өткім келеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
жазушы, сыншы:
МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛУЫ КЕРЕК
– Бұл жолы бұрынғы Кеңес заманында да, тәуелсіздік алғаннан кейін де басшылардың ешбірі айтпаған бір сөз айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Мемлекетшіл адаммын», – деді. Осы бір сөзге бәрі сыйып тұр деп ойлаймын. Бұл бізде ең басты идеологияға айналуы керек. Президенттен кейін іле-шала ірі мегаполистердің басшылары, заң шығарушы органдардың басшылары, облыс-аудан әкімдері де «Мен Мемлекетшіл адаммын» деп айтуы қажет. Бұрын оларды саяси тұлға деп атайтын. Ресми түрде, әрине, солай қала берсін. Ал іс жүзінде, дәл серт бергендей «Мен Мемлекетшіл адаммын» деп айтуы керек. Бүкіл депутаттар корпусы, әкімшілік қызметкерлері, ірі кәсіпкерлер бар, (сол қатарда біз де бармыз), бәріміз «Біз де мемлекетшіл адамбыз» деп айтқанымыз жөн.
Бұрындары бұлай жекелеген адамдар айтатын, дегенмен қандай оймен айтатыны беймәлім еді. Енді бұл сөзді Мемлекет басшысы айқын түрде жеткізді. Біз әншейінде науқаншылмыз ғой, кез келген нәрсені, дұрыс болсын, бұрыс болсын, іліп алып шапқылап кетеміз. Науқаншылдықты осы жолы көрсеткеніміз дұрыс және ол сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде бекітілуі керек. «Мен Мемлекетшіл адаммын» деген адамдар мемлекеттің мүлкіне қол сұқпай, халыққа қамқорлық жасап, қызметтерін адал атқаруы, осы елге мемлекетшіл адам ретінде қызмет етуі керек.
Жоғары оқу орындарының ұстаздары, мектеп мұғалімдері, бәрі бірдей көшеге «Мемлекетшіл адаммын» деп айқайлап шықсын деп тұрғаным жоқ, алайда соған сай қызмет атқаруы қажет. Кез келген мемлекеттік қызметкер осы қағиданы берік ұстанса, дамудың даңғыл жолы ашылмақ. Сосын осы жердің суын ішіп, отын оттап жүрген адамдардың барлығы да, кәсіпкерлер де, басқалар да осы идеологияға жұмылуы керек.
Мемлекет басшысы осы сұхбатында жұрт қалай ойлар екен деп халықтың, ұлттың тамырын басып көрген секілді. Ал біз оны дұрыс қабылдайтынымызды көрсетейік. Мен де «Мемлекетшіл адаммын» деп Президентке үн қосамын.