ҰЛТҚА ДЕГЕН МАХАББАТЫ ҰЛЫ ЕДІ

ҰЛТҚА ДЕГЕН МАХАББАТЫ ҰЛЫ ЕДІ

Жарқын бейнесі жүректе сақталады

Айтыскер, ақын, журналист, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің белді өкілі Нұрлан Әбдібектің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Нұрлан Әбдібек қазақ руханиятына елеулі еңбек сіңірген қарымды қаламгер, шындықты ту еткен өткір журналист, жүректен төгілген жырларымен елдің ықыласына бөленген ақтаңгер ақын, сөз өнерінің майталманы еді. Оның қаламынан туған туындылар мен жариялаған мақалалары, айтыста айтқан алдаспан сөздері елдік пен бірлікке үндеп, ұлттық болмысымызды айшықтай білді. Өнегелі өмір сүріп, соңында өшпес із қалдырған тұлғаның жарқын бейнесі ел есінде сақталып, рухани мұрасы ұрпаққа мәңгі қызмет етері сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің еңселі болуы жолында атқарған еселі еңбектерін бүгінгі қоғам ұмытпайды. Қаламгер қазасы ұлт руханиятын құрмет тұтқан әрбір азаматқа ауыр тиіп жатқаны анық. Ұлтқа деген ұлы махаббаттан жаралған, ел мәдениеті мен әдебиетінің, отандық баспасөздің дамуына үлкен үлес қосқан асыл ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. 

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, 

Алматы облысының әкімі

Адал достың аяулы бейнесі ұмытылмайды

Белгілі ақын, танымал журналист, әдебиет зерттеушісі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Нұрлан Әбдуәлиұлы Әбдібек 66 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ол 1960 жылдың 2 шілдесінде Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келді. Мектеп табалдырығын Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылындағы интер натта аттап, Аққайнар ауылын дағы орта мектепті, 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірді. Еңбек жолын Аққайнар ауылында көмекші шопан болып бастап, 1984-86 жылдары Ұзынағаш ауылындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. 1986-88 жылдары Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде тілші, 1989-1991 жылдары Жамбыл музейінде аға ғылыми қызметкер болып істеді. «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет істеген жылдары «Көкпар» ток-шоуының редакторы ретінде аталған бағдарламаның танымалды ғын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Бірнеше жыл республикалық «Қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Бесаспап жан он шақты деректі фильмнің сценарийін жазды. Режиссер Текеев түсірген «Сағадат Нұрмағамбетов» атты фильмі Одессада гран-при алды. Күй атасы Құрманғазы, жыр алыбы Жамбыл, жырдың қара жорғасы Үмтетәлі Кәрібаев, талантты ақын Есенқұл Жақыпбеков туралы түсірген фильмдері көпшілік көңілінен шықты. Институт қабырғасында жүрген де-ақ сыршыл өлеңдерімен әдеби ортаға кеңінен танылған Нұрлан Әбдуәлиұлы 1982 жылы студент жастар айтысында, 1989 жылы Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 100 жылдығына арналған республика лық айтыста бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ айтыс өнерін насихаттап, бірнеше рет республикалық ақындар сайысын ұйымдастыруға қатысты. Жазба ақындар арасында өткен жыр мүшәйраларында да әлденеше рет топ жарып бас жүлдені иеленді. 2020 жылы ақынның «Күрең үн» атты поэзиялық жинағы жарық көрді. Халық ақындары Көдек Байшығанұлы мен Үмбетәлі Кәрібаевтың, Әбдіғали Сариевтің 3 томдығын, өлке тану бағытындағы өзге де бірнеше кітапты құрастырды. Дарынды ақын, белгілі журналист, адал достың жарқын бейнесі қашанда көңіл түкпірімізде сақталады.

 Достары, әріптестері

Қу ажалдың жылдамы-ай!

Қайран досым-ай! Осыдан бір ай бұрын ғана көңілін сұрап барғанымызда: «Жақсы болып қалдым. Енді таяғымды тастап, Алматыдағы күллі достарыммен бір дидарласып шықпақпын» – деп отыр едің... Тәңір-Тағала дегеніңе жеткізбеді-ау! Аһ ұрып күрсініп отырмын. Көзімнің жасын тыя алмай, жылап отырмын. Жалт өмірдің жарқын сәттері жасты жанарымның алдынан жылжып көшіп жатыр, көшіп жатыр... Оқуға бірге түскен күндер. Қарлығамен институт қабырғасында отау құрғаның. Алғашқы айтыстарың. Ұзынағаш пен Қарақыстақ арасындағы сейіл-серуендер. Қайтадан Алматыға оралғанымыз. Қазақ теледидарына қара теріңді сіңіріп, жаныңды жалдап еңбек еткенің. Қарқара-Албан көтерілісінің 100 жылдығына арнап 7 том еңбекті түн ұйқымызды төрт бөліп шығарғанымыз...Құдай-ау, қайсыбірін айтып тауыса алармыз? Осының бәрі бір күнгідей болмай, зыр етіп өте шығыпты. Өмір дегенің жалған десе, жалған екен-ау!!! Мына түннің тым қабаржып тұрғаны-ай! Ал, тұлдан, Ай, тұлдан, Ай! Жан-жүрегі Жырдан ғана жаралған, Түн жамылып қайда кеттің, Нұрлан-ай?! Ай, Нұрлан-ай, Нұрлан-ай, Қайда асықтың, Неге асықтың, Бұл қалай? Алды-артыңа бір қаратпай әкеткен, Қу тағдырдың, қу ажалдың жылдамы-ай! Бақұл бол, жан досым!!! 

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

Дәу Нұрлан дейтінбіз

Дүниеден Нұрлан көшіпті. Нұрлан деген есім көп қой. Солардан айыру үшін бе екен, студент кезімізде оны Дәу Нұрлан деуші едік. Осылай десек, бәрі де білетін. 

Мен 1983 жылы ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға түскенімде, Нұрлан соңғы төртінші (ол кезде төрт жылдық) курста оқитын. Үйленген. Жатақханаға анда-санда ат басын бұрып тұрады. Сол 1983 жылдың күзінде жазушы Оралхан Бөкеймен жатақханада кездесу болып, Нұрлан бір күн бұрын "Оралханға арнап өлең оқисың" деген тапсырма беріп, ертеңіне өлең оқығанымды осы фб-да Оралхан туралы шағын естелігімде жазғаным бар. Содан Нұрланмен әңгімеміз жарасып жүре берген. Сол жылдың күзінде Қайрат Әлімбекті ертіп келіп таныстырды. Одан бір күні Қазыбек Исаны ертіп кеп таныстырды. "Жазушылар Одағы осы үй" деп қасиетті шаңырақты алғаш көрсеткен де осы Нұрлан. Бір күні көшеде "Шахизада Әбдікәрімов деген ағаң" деп қара былғары кепкесін баса киген сары шайырмен таныстырды. Бір күні "студент ақындардың кітабы шығайын деп жатыр, тасқа басылам десең, өлеңіңді тез өткіз" деді. Содан "Жалын" баспасына барып өлеңдерімізді өткіздік. Мен оқуға түскен жылы факультетте өлең жазатындар бес саусаққа да ілікпейді екен. Менен бір курс жоғары оқитын Әбдіхайым Төлтебаев, Қонақбай Қожанияз ғана. Мағауин мақтаған мықты ақын деп еститін Кәдірбек Құныпияұлы 1983 жылы оқуды бітіріп кеткен екен. Соңғы курста оқып жүрген жерінен Тұрмағанбет Кенжебаевты екі жылдық әскери борышын өтеуге алып кетіпті. Содан Нұрланның айтуымен жоғарыдағы үшеуміз өлеңдерімізді баспаға апарып тапсырдық. 1984 жылы Нұрлан оқуды бітіріп кетті. Ұзынағашта мектепте мұғалім болып жүр екен, бір күні Алматыда оқитын студент ақындардың "Аудитория" деген тұңғыш жинағын ала келіпті. Соның біреуін маған беріп тұрып, "сенің ғана өлеңдерің ішіне енбей қалыпты, бірінші курс деді ме екен" деп қынжылды. Мен де қатарымнан қалып қойғаныма қынжылдым. Ішін ашсам, студент ақындардың көшін бастап Нұрлан бірінші бетте тұр екен маңдайы жарқырап. Өлең көшін қарт ҚазПИ-дің бастағаны мақтаныш па, мақтаныш. Ішінде Әбдіқайым мен Қонақбай да бар. Соның өзін дәтке қуат дедік. 

Сол кездегі ҚазПИ-дің бас ақыны Нұрлан өлең кітабын шығаруға мүлдем асықпады. Бірыңғай ғылыми зерттеу кітаптар шығарумен айналысты. 2020 жылы ғана "Күрең үн" деген тұңғыш жыр жинағын шығарыпты. Ол жинағы қолыма тимеді. Студент күніндегі біз білетін өлеңдері оның ішіне енді ме, білмеймін. Ал студент кезінде ол өте мықты ақын болды. "Көкпар", "Есенқұлға" деген өлеңдері есімде. Күншуақта қалт-құлт етіп отырған қара шал туралы өлеңі:

"Кәрілікпенен келгендей кезі санасар,

Кейпінде қазір кешегі мінез жоқ асау.

Аздаған малын алдына салып, атына

Қазықтай қонып кетті, әне, қырға қара шал.

Осы бір сәтте кеудемде толқып асқақ ән,

Өзімнен өзім жайраңдап қалам, мастанам.

Шуақта мүлгіп отырған шалдың өлмелі

Ат үстіндегі айбынынан жасқанам" –

деп аяқталатын. Студент күнінде үстінен қоңыр былғары плащын тастамайтын, алып тұлғалы, гүжілдеп өлең оқитын қауға бас сары жігіттің сырт тұлғасын Мұқағалиға ұқсатушы едік. Соның бәрі кеше ғана сияқты еді. Ой, дүние-ай, десейші...

Қош, Нұраға! Иманың саламат болсын! Рухың бейіште шалқығай!

Төреғали ТӘШЕН

Таза қалпынан танбай кетті 

Ақын, журналист, өлкетанушы, редактор Нұрлан Әбдібек ағаның да мына жарық жалғаннан татар дәмі таусылыпты. Тұздыбастауда алты жыл көрші тұрдық. Үйіміздің арасында қоршау жоқ кезде әр темекі тартқан сайын кезігіп жүрдік. Әр кезіккен сайын түтіндетіп тұрып талай әңгіме айттық. Түннің бір уағына дейін отырған сәттеріміз де көп болды. Кейінгі жылдары жартылай қалалық болып, одан кейін мұхит асып кетіп, арамыз алыстаңқырады. Сәби, таза қалпынан танбай кетті. Аңғалдығы ғой, менің қалжыңдарымның “құрбаны” болып қала беретін. Жаны нәзік еді, еңкілдеп жылай салатын. Айналайын деген сөзін талай естідім. Алтын ағатай, Алла алдыңыздан жарылқасын. Жаныңыз жәннатта болсын, пейіште нұрыңыз шалқысын. Мәңгі есіміздесіз. Жылы жүзіңіз, жұмсақ даусыңыз, жібек мінезіңіз жүрегімізде сақталады. Қош, ағатай.

Бейбіт САРЫБАЙ

Республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы белгілі ақын, танымал журналист, әдебиет зерттеушісі Нұрлан ӘБДІБЕКТІҢ қазасына орай марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.