ДАРЫНДЫ АҚЫН, ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУШІ ЕДІ…

ДАРЫНДЫ АҚЫН, ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУШІ ЕДІ…

Ой, дүние жалған-ай!

Өмірден Нұрлан досымыз да өтіпті… Дарынды ақын, зерделі зерттеуші, терең тележурналист Нұрлан Әбдібектің соңғы сағаты соғыпты дегенді естігенде төбемнен жай түскендей болды…

Студент кезден өмірдің қиындығын да, қызығын да бірге кешкен қандыкөйлек дос едік. Жарты құртты жарып жедік, бүтін құртты бөліп жедік. Шәй дескен кезіміз болмапты. Бір-бірімізді қадірлей білдік.

Кейінгі екі жыл ғана ауырып қалғасын, телефон/уатсапқа жауап бермейтін болғасын ғана байланысымыз сиреп кетіп еді. Осы өткен жаңа жылда ғана, он күн бұрын Алматыға келгенде Нұрланның хал-жағдайын біліп келейін деп ойлап отырғанмын. Өзім аяқ асты суықтап қалып, тұмау ұстап, оған ескі ауру аллергиям қосылып, жеделжәрдем шақырып, үйде жатып емделуге тура келгесін сыртқа шыға алмай қалып едім… 

Екі апта ел аралап, Қызылорда облысынан келгенім бүгін, 13 қаңтар, түстен кейін еді… Нұрланның өмірден өткенін оның шығармашылығын бағалай білетін Бауыржан Омарұлының жазбасынан көріп қалып, жүрегім солқ ете қалды... Содан соң Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы орынбасары Бейбіт Сарыбайдың, “Қазақстан” ұлттық арнасында бірге істеген әріптесі Зұлхаят Маханованың жазбаларын көзім шалып қалды.

Дүние-жалған деген осы. 

Өткен жылы қазақтың асыл тұлғаларының бірінен соң бірінен айрылып, есімізді енді жидық па дегенде, жаңа жылда жан досымыз Нұрланнан айрылып қаламыз деп кім ойлаған?!. Түн болып қалғанына қарамай, Бейбіт Сарыбай бауырыма хабарласып, мән-жайды білдім.

Кеше ғана студенттік жас дәуреннің қызығын бірге кешіп едік. Достар да кетіп барады біртіндеп. Бұның алдында қатарластардан Есжан Айнабек, Шараф Әмір, Қайрат Әлімбек, Мұратбек Оспан достарымыз өтіп еді өмірден. Енді міне, бүгін кешке Нұрлан ақын да бақи дүниеге бағыт алыпты…

Алла алдынан жарылқасын.

Ақын Нұрлан Әбдібек туралы алғаш рет маған шабысы бөлек шайыр Шаһизада Әбдікәрім ағамыз айтқан болатын. “Өлеңдері күшті, сондықтан болар, сырт көзге тәкаппарлау көрінеді”-деген еді. “Танысып алыңдар, мықты ақындар бірге жүруі керек” деп қосып қойды сол кезде дүрілдеп тұрған ақын гүрілдеп… 

Шәкең Нұрланға да мен туралы “Көркемсурет факультетінде бір күшті ақын бар, Қазыбек деген, танысып алыңдар” деп, айтып жүрген екен. Кейін институттағы бір кеште кездесіп, танысып қалдық. Әйтеуір, бір көргеннен бұрыннан бірге жүргендей бірден тіл табысып, ажырамас достарға айналып шыға келдік.

Нұрлан арқылы Ұзынағаштағы ақындар Есенқұл Жақыпбек, Нүсіп Әбдірахым, Рәтбектермен таныстық. Ауыл аралап, жата қонып жүре беруші едік ол кезде. Есенқұлдар да біз секілді шайыр інілерін Алматыға іздеп келіп, тар пәтерлерімізді кеңітіп жататын… Алғаш айтыс басталғанда Алматыға келіп жүрген Есағаң біздерге келіп, қонып кетіп жүретін…

Сексенінші жылдары институттар арасында да студенттердің айтысы жандана бастаған кез еді. Сол кезден бастап айтысқа араласқан Нұрлан 1982 жылы ең алғашқы республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Біз институт бітіріп кеткесін, айтысқа бел буып кіріскен ол арынын күшейте бастады. 1989 жылы Жамбылдың өзі “жырдың қара жорғасы” атаған ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста да бас жүлдені иеленді.

Сондай-ақ айтыс өнерін насихаттап, бірнеше рет республикалық ақындар сайысын ұйымдастыруға қатысты. Халықаралық Жамбыл сыйлығы лауреаты атанды (1996 жыл).

Елге белгілі Көдек, Әбдіғали, Үмбетәлі секілді халық ақындарының жырларын архивтік нұсқадан жинап-теріп, зерттеп-зерделеп, әрқайсысын үш томнан, тоғыз том кітап шығарды. Ол тоғыз том - тоғыз нарға артқан асыл қазына ретінде қазақ фольклорына үлкен үлес болып қосылды.

Өзінің өлеңдерін шығаруға асықпаған, алдымен қараусыз қалған халық ақындарын зерттеумен айналысқан Нұрлан 2020 жылы ғана “Күрең үн” атты поэзиялық кітабын шығарды. Ал “Алаш Алаш болғанда” атты прозалық жинағы баспада жатқан еді…

Тележурналист ретінде терең білігімен ерекшеленді. Әйгілі тележурналист, марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы бастап кеткен алғашқы ток-шоуларымыздың бірі “Көкпарды” кейін Нұрлан Әбдібек редакторы ретінде дамытты. Бұл ток-шоудың қоғамдық-саяси салмағының арта бастаған кезі еді. Ол кезде оны журналист Серік Жанболат жүргізіп жүрді.  

2010 жылы бір күні Нұрлан Кеден одағы туралы хабарға “Ақ жол” партиясы төрағасы Әлихан Бәйменовты шақырады. Кәнігі саясаткер, білім-білігі терең Әлекең Кеден одағының болашақта тигізер кесір-кемшіліктерін саралап, ашық айтып берді. Бұл хабардан соң сол кездегі вице-премьер наразылығын білдіріп, бұның ақыры сол хабардың жабылуымен тынды. “Көкпарға” қатысы бар бірнеше журналист жұмыстан кетті. “Қазақ үні” газетінде мен бұл туралы 

“Ұлт мүддесін қорғаған редакторлар...Ұлттық арнадан қуылуда...”-атты сын мақала жарияладым.

Нұрлан Әбдібек сол кезде біраз жұмыссыз жүріп, ақыры “Қазақ үні” газеті араласқасын қайта жұмысқа алынды… 

Нұрланның ауылы Алматы облысы Жамбыл ауданы “Аққайнар” (Прудки) ауылында талай болдық. Нұрлан да біздің Шардараның шаңын шығарған кезі аз емес. Қызылқұм кеңшарын құраған белгілі ел ағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қайраткері Батырбай Сейданов кеңшар басқарып тұрғанда біздің ауыл туралы “Қызылқұмда ауылым” атты телефильм түсірді. Арыста көкпар туралы күшті фильм жасады. 

Әке-шешеміз Нұрланды жақсы көретін. Әсіресе, апам марқұм Нұрланды Әнәпия әпкесінің қайтыс боп кеткен баласы Қалдан бөлемізге ұқсатып, әрі ұлы жүздігін айтып, ерекше іш тартып, “інім” деп қоятын… 

Нұрланның түсірген телехабарлары тереңдігімен, мән-маңызымен ерекшеленіп тұратын. Не жасаса да, біліктілікпен жасайтын. Тілі де төгіліп тұрады. Нұрланның телеарнада жүріп жасаған еліміздің тарландары туралы портреттері өз алдына бір көркем галерея. Жыр алыбы Жамбыл, күй атасы Құрманғазы, “қара жорға” атанған Үмбетәлі Кәрібаев, Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов, ерекше ақын Есенқұл Жақыпбек тб туралы фильмдері көркем дүние ретінде көптің көңілінен шықты. 

Киносценарийлері халықаралық фестивальде, Одессада Гран-При алып жүрген Нұрлан Әбдібектің “Орбұлақ шайқасы” мен “Қарқара көтерілісі” киносценарийлері өз режиссерін күтіп жатыр… 

Айтпақшы, биыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 110 жыл толады. Яғни 10 жылдан бері қозғалмай жатқан “Қарқара көтерілісі” киносценарийінің іске асатын кезі келді. Бұл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атқаратын іс болуы керек.

Қарқара көтерілісі демекші, 2016 жылы Торғайдан, Қарқарадан бастау алған қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын көрші елдің көлеңкесінен қорқумен келе жатқан біздің бейшара билік мемлекеттік деңгейде атай да алмады. Тек Алматы облысы Кеген ауданында Қарқара көтерілісі бір облыстың көлемінде ғана аталып өтті. Осы шараға біз Нұрландардың шақыруымен белгілі журналист Шараф Әмір екеуміз бардық. Әйгілі Ереуілтөбені көрдік. Ата-бабалардың Азаттық үшін күрескен ерлігі шабыт берді. Бір киіз үйде қонақ болып отырғанда сөз бергенде ойыма келіп қалған жыр шумақтарын сол жерде төгіп жібердім. Кейін “Қазақ үні” газетінде жарияланған “ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ” атты жырдағы:

Тәуелсіз ел, алған ба тұзақ байлап, 

Ұлтшыл біткен, шығамыз біз-ақ қайнап... 

Амангелді батыр боп атысқан ек, 

Ұзақ батыр секілді ұзақты ойлап... 

Қарсы шыққан патшаға күнді атамай, 

Қалтыраймыз, қона алмай жүз атқа ойнап...   

Біздер күткен атады таңдар алда, 

Тұяқ серпи алмаса, мал болар ма? 

Ұлт азаттық дегеннен шошитындай, 

Ұлт азаттық әлі де ел алмаған ба?-

деп басталатын жырды шабыттана оқығанымда өлеңім шалқып отырғандарға қатты ұнап, қанаттанып кетті бәрі. Нұрлан: “Керемет жыр екен қазір суырып салған өлеңің! Отты жырыңнан от алған Албандар атқа қона жаздап, зорға тоқтаттық қой!”-деп дән риза болған еді…

Нұрлан мен Ердің жасы - елуге толғанда елге келіп, менің шығармашылығым туралы да “Сырымды айттым далаға” атты фильм түсірді. Ол сол кездегі “Мәдениет” телеарнасынан және Алматы арнасынан көрсетілді. 

Кейін Нұрлан біздің “Қазақ үні” газетінде бірер жыл бас редактордың орынбасары болып істеді. Не жазса да, саралап, салмақты жазатынына риза боласың. Саясатқа жүйрік Нұрлан үнемі “Ақ жол” партиясын қолдап жүрді. “Ақ жол” ұйымдастырған халықаралық мүшәйралардың жүлдегері болды. Көп мүшәйраларымыздың қазылар алқасы құрамында болып, үлкен үлес қосты.

Нұрекең кейінгі кезде, ауырып жатып қалғанша, ғылыми зерттеулермен айналысып жүрді. Ол да жеміссіз болған жоқ. Бірнеше құнды дүниелер шығарды. 

Нұрлан туралы 2022 жылы “Қазақ үні” газетінде жарияланған “Кемелдікке бастаған тереңдік” атты оның ерекшелігін барынша көрсете білген мақалам шыққанда ол қатты риза болып, балаша қуанып жүрді.

Екі жыл бұрын асқаралы алпыс жасымды ел тойлағанда, Оңтүстік жұрты арнайы шақырғанда Алматы мен Астанадан баратын бір топ тілеулестердің ішінде Абай атындағы ҚазПИ-де бірге оқыған достарымнан Нұрлан Әбдібек бірге барып еді. Шағаласы мен шағылы жарысқан Шардарада шалқып, Қызыр аралаған Қызылқұмды кешіп, киелі Түркістанды түгендеп, шырайлы Шымқаланы шарлап, бауырын жазып шауып қайтып еді…

Одан кейін 2023 жылы Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған “Ақ жол” партиясы ұйымдастырған халықаралық мүшәйраға әділқазылар алқасы құрамына қосып едім. Кейінгі кездері бәйгеге түскен өлеңдерді оқуға шамасы келмесе де, денсаулығын қаратуға қаржылай көмек болсын деп, үнемі мүшәйралардың қазылар құрамына кіргізіп жүретінмін. Сол кезде Мағжан мүшәйрасына келгенде, қарағайдай қайран Нұрланның жүрек ауруынан жүдеп, шаршап, шөгіп қалғанын көріп, жүрегім зырқ ете қалып, сыздап кетіп еді…

Содан бері әне барам, міне барам деп, күйбең тірлікпен жүріп, көре алмай да қалғаныма күйініп отырғаным осы енді…

Қайран, Нұрлан досым-ай! Жігіттің сұлтаны, адамның сырбазы еді… Нұрлан ақ көңіл, адал, әділ еді. Азаматтығы зор, адамгершілігі мол, көкірегі көмбе, білім мен білік иесі, жайсаң жан еді. Кез келген тақырыпты саралап, салмақтай білетін. Жауға бірге баратын, жан аяспас дос едік. Есіл дос туралы “еді” деп өткен шақта жазудың өзі қандай қиын еді…

Жарты ғасырға жуық отасқан жары Қарлығаға, Ұлан, Талғат ұлдарына, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз. 

Қазақ әдебиетіне көңіл айтамыз. Нұрланның артында қалған шығармашылық құнды мұрасы халқымен бірге жасай береді.

Алдың пейіш, артың кеніш болсын!

Жатқан жерің жайлы болсын!

Бақұл бол, Нұрлан досым!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Қазақ үні