АУЫЛҒА БАРУДЫ АҢСАП ӨТКЕН АҚЫН
2026 ж. 12 қаңтар
181
0
Қаңтар айының бар күнін тойлағысы келген еді…
✅ 2025 жылы 3 қазан күні Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылындағы орталық мәдениет үйіне қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Исаевтың аты берілді.
✅ “Қаңтар айының барлық күні туған күнімді тойласам ба екен, сонда әйтеуір бір күні туған күніме тура келеді ғой” деп жұртты күлдіретін...
✅ Сол кеште қазір ән жазылып, әйгілі болып кеткен "Ауылға барғым келеді" -деген жырын ерекше егіліп тұрып оқып еді Ибрагим аға! Ақын жүрек аңсаған ауылына жете алмай кетті!..
✅ Мен Алматыға келіп, мекенмөрдің меңдеп тұрған кезеңінде жұмысқа тұру үшін тіркелуге үй таппай жүргенде, "Екеуміз де Исаевпыз, біздің үйге тіркеле сал"-деп, азаматтық көрсеткен ағамыз еді...
✅ Ибрагим ағам маған қатты риза болды:
-Ер Төлеген мен Бекежан батыр алып бере алмаған темір тұлпарды Қаз дауысты Қазыбек ақын жұлып алды!-деп, құшақтап бетімнен сүйіп, балаша мәз болды.
✅ "Жетпіске жете алам ба, жетпеймін бе, бір құдай біледі, 65 жылдығымда ел алдында бір есеп беріп алайыншы" деп өзі айтқандай, сол кеші өте салысымен бір аптадан кейін мәңгілік мекеніне аттанып кетті…
АУЫЛҒА БАРУДЫ АҢСАП ӨТКЕН АҚЫН
Бүгін 7 қаңтар - қазақтың көрнекті лирик ақыны Ибрагим Исаевтың туған күні. Ибрагим ағамыз баладай ақкөңіл еді. Өмірі біреумен ұрсып, ерегісіп, жағаласып жатқанын көрген емеспіз. Үнемі әдемі жымиып қана, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болып жүретін.
Ол кісі осы туған күнінің өзін әдемілеп әңгімелеп беретін.
Қаңтар айының қай күні екені белгісіз, әке-шешесі туу куәлігін кейін алғандықтан ұмытып қалған. Әйтеуір “Жеті деген қасиетті сан ғой, деп, 7 қаңтарды жаздырып алыпты. Сондықтан, Ибрагим аға айтады, “Кейде қаңтар айының бір күнінде ішіп қойсам, “осы бүгін менің туған күнім емес пе екен? Онда дұрыс атап өтіп отыр екенмін ғой” деп өзімді жұбатып қоямын. Кейде қаңтар айының барлық күні туған күнімді тойласам ба екен, сонда әйтеуір бір күні туған күніме тура келеді ғой” деп жұртты күлдіретін.
Былтыр 2025 жылы Ибрагим Исаев үшін әруағын тербегендей әдемі шара өтті. 3 қазан күні Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылындағы орталық мәдениет үйіне қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Исаевтың аты берілуіне байланысты салтанатты шара өтті.
Бұл іс-шараға Астанадан арнайы ат арытып келдім. Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары,
"Ақ жол" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Сандыбаев пен кәсіпкер Нұрымжан Сопбеков және облыстық филиал заңгері Нұрлыбек Амангелдиевтер де қатысты.
Іс-шара алдымен ауылдың орталық мешітінде ақын Ибрагим Исаевтың рухына арнап ас беруден басталды. Одан соң Мәдениет үйінің алдындағы алаңда Ибрагим Исаевты еске алуға арналған әдеби-сазды әдемі кеш өтті. Ақынның өлеңдері оқылып, өзі өлеңін жазған көптеген әсем әндер жазылды.
Аста да, салтанатты жиында да Ибрагим ағамның ақын ретінде де, адам ретінде де ерекшеліктерін көрсетіп, естеліктер айттым.
Салтанатты шараға жиналған халық алдында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтің Ибрагим Исаев туралы еске алу лебізін оқып бердім.
-Ақынын ардақтаған ел алда болады. Осында облыс орталығына қарайтын үлкен ауылдың сәнді Мәдениет үйіне қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Исаевтың атын беріп жатқаны үшін халыққа, облысты қарқынды дамытып жатқан Нұрлыбек Нәлібаев бастаған әкімдікке алғыс айтамыз.-деп, сөзімнің соңында халықтың қалауымен ардақты ақын ағама арнаған өлеңімді оқыдым.
Шара соңында эстрада жұлдыздарының орындауында Ибрагим Исаевтың өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Айта кету керек ақын өлеңдеріне мыңға жуық әндер жазылып, көбісі шырқалып келеді.
Қазақтың дарынды ақыны Ибрагим Исаев осыдан он бір жыл бұрын 2014 жылдың соңғы күндері 27 желтоқсанға қараған түнде жүрек талмасынан қайтыс болды... Соның алдында бір апта бұрын ғана 20 желтоқсанда Алматыда Студенттер сарайында 65 жасқа толған шығармашылық кеші өтіп еді... Сонда қалың ел Ибрагим ақынның өлеңдеріне жазылған әсем әндері мен жаңа жырларына жақсылап сусындап қайтып еді... "Жетпіске жете алам ба, жетпеймін бе, бір құдай біледі, 65 жылдығымда ел алдында бір есеп беріп алайыншы дедім" деп еді өзіне тән жылы жымиысымен ақын ағамыз... Ақынды туған өлкесі- өзі талай жырлаған Сыр өңірі қоңыр күзден бері күтіп жүрген болатын. Қыркүйекте өткізеді деген кездесу кеші екі-үш рет кейінге шегініп, ақыры көктемге қалған болатын... Бәрі де сол жүректің мазалауынан... Өткенде қазақтың көрнекті Театр сыншысы, тарланымыз Әшірбек Сығай ағамыз қайтыс болғанын есіткенде, қатты күйзеліп, "Менен екі ай бұрын операция жасатып еді жүрегіне"-дей берді. Осы сөзін тағы екі-үш жерде қайталай бергесін: "Көке, ондай сөзді айта бермесеңізші" деп ескерту жасап қойғанымыз да күні кеше еді... "Жүрегіме ота жасар кезде Әшірбек аға жиі келіп, "ой, қорықпа, түк те болмайды. Міне, мен шауып жүрмін ғой" деп қатты қайрат беріп жігерлендіріп кетіп жүрді. Қатты риза болдым" -деп бұрын да жиі айтатын... Енді міне, екі ай да болмай, тура бір ай дегенде Ибрагим ағамыз да аттанып кетті... Алматыдағы өткен шығармашылық кешіне тура қоштасқандай, қазақтың бұлбұл қыздары Роза мен Мақпалдан бастап, барлық өнер жұлдыздары бірі қалмай келді. Батырхан Шүкенов інісі Мәскеуден ұшып келіп қатысты. Бәрі тізіліп тұрып, сыршыл ақынның сырлы жырларына жазылған әсем әндерді әуелете шырқады... Сол кеште сахнада қазір дарынды композитор Құралай Сәтмұхамедова әнін жазып, әйгілі болып кеткен "Ауылға барғым келеді" -деген жырын ерекше егіліп тұрып оқып еді Ибрагим аға! Ақын жүрек аңсаған ауылына жете алмай кетті!..

Сол керемет кеші өткесін, екі-үш күннен кейін хабарласып еді. "Кешіңіз керемет болды! Сол күні 3-4 жерде концерт өтіп жатса да, сарайға халық лық толды, барлық жұлдыздар қатысты"- деп едім: "Ой, алтыным, сенің сол сөзіңді есітейін деп хабарласып жатқаным ғой. Өткенде ұшақта Қырымбек Көшербаевты көрдім. Азамат қой, жағдайымды сұрап, "Кешіңіз өтеді "деп еді, елге келмей кеттіңіз ғой"деді. "Құдай қаласа, көктемде барамын" дедім. Наурыздың кезінде елге бірге барамыз, Қазыбек інім"- деп риза көңілмен ақтарылып еді... Бұл Ибрагим ағамыздың мен естіп тұрған ең соңғы сөзі, соңғы дауысы екен ғой... Cол кештен жазылған көлемді де, көркем мақала "Сарыала күзді сағындырған сазды кеш" деген атпен ақын өмірден өтерден бір күн бұрын ғана 26 желтоқсанда "Қазақ үні"газетінде жарияланып еді... Көзі тірісінде жазылған ең соңғы мақала болып қалды...
Мен 90-шы жылдардың басында Шардарадан Алматыға келіп, мекенмөрдің меңдеп тұрған кезеңінде жұмысқа тұру үшін тіркелуге үй таппай жүргенде, "Екеуміз де Исаевпыз, біздің үйге тіркеле сал"-деп, азаматтық көрсеткен ағамыз еді... "Мен саған жезде болғанмен, екеуміздің де тегіміз Исаев қой, ағаң болайын" -дейтін Ибрагим көкем. Қайран ақынның бақилық болғанын естіген кезде біраз жұрт маған көңіл айтты. Оның көбісі мені Ибрагим ағаның өлеңдегі інісі деп білсе, енді біразы өмірдегі інісі деп біледі екен... 60 жылдығын еліміз дүркірете тойлағанда, "Үш Исаев немесе Ибрагим көке" деген жыр арнағанымда балаша қуанып қалып еді ағамыз... Өлеңдегі, қысқаша айтқанда:
...Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі,
Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді.
Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып,
Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді…
Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын,
Жүлдегер өзің – Жарысқа түссе жүз ақын…
Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда,
“Тегіміз бір” деп, ұсындың үйдің құжатын…
Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың,
Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың.
Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен,
Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын…
Ұнаған бізге – Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?.. «Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын…
“Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін,
Ибрагимнің інісі болып қаламын!-
деген жыр жолдары шын жүрегімнен шыққан еді...
Арнау жырдың айтулы шебері Ибрагим ағам да мен 50 жасқа толғанда маған әдемі жыр жазды. Газетіміз туралы да “Қазақ үні” қазақтың іздеп оқитын ұлттық газетіне айналды”-деп, лебізін білдіріп, өлең де арнады.
Екеуміз еліне - Сыр өңіріне талай сапарлап едік. Сол кезде Атырауда сот болып жүрген жақсы көретін ақынжанды інісі Иса Момбай шақырғанда да, қоярда қоймай мені ертіп кетіп, апталап шарлап қайтып едік... Ибрагим шайырды Тұманбай ағасы қатты еркелететін. "Қадыр ағамыз екеуміздің туған күніміздің арасы екі-ақ күн" деп жүретін. Өткенде кеште: "Енді он бес күн өтсе, 66-ға толып кетер едім, әйтеуір өткізіп үлгердім 65 жылдығымды..."- деп, бәрімізді күлдіріп еді... Сол 7-ші қаңтарға 9 күн жетпей, өзі жақсы көретін ағаларының артынан өзі де іздеп кеткен еді… Мәңгілікке... Алладан үкім келді де... алды да кетті.. Жаңа жылды қарсы алу қамымен ескі жылды қорытып жатқан телеарналар мен баспасөз құралдары 26 желтоқсанда кешке жақын 2014 жылы айрылған асылдарымызды Фариза апай, Қалихан, Әшірбек ағаларды, Әмірхан, Таласбек бауырларымызды тағы бір еске алып жатты... Бірақ олар сол күні түн ауа жылқы жылы тағы бір дүлдүлімізден айыратынын білген жоқ...
Осы кезде еске түседі. Ибрагим аға біздің “Қазақ үні” газеті редакциясына жиі келетін. Ол кісі өмірі жалғыз жүрмейтін. Қасында “Қыз Жібекте” Төлегенді сомдаған қазақтың аңызға айналған актері Құман Тастанбек бастаған достары болады.
Бір күні көктемнің аяғына таман маған келіп бір әңгімесін бастады. Осы біздің өңірден шыққан қаламгерлердің бәрі мерейтойларында ауылға барса, темір тұлпар мініп қайтады. Менің 50 жасымда облыстың атқамінерлері көлік атаған. Бірақ сол әкімдер артынша ауысып кетіп жатады немесе ұмытып кетеді. Кейін сол әңгімені айтып едім, досым Құман Тастанбек “Ойбай-ау атаған көлікті алмай неғып жүрсің осы уақытқа дейін?”-дейді. “Онда ел алдында беделің зор, өзің барып алып бер” деп, ауылға ертіп бардым. “Қатырамыз” деді де әкімдер алдап-сулап шығарып салды”-дейді. Кейін бұл әңгімені Ибрагим ағамыз атағын атан тарта алмайтын Асанәлі Әшім ағасына айтады ғой. “Ой, сол да сөз болып па, біздің бір сөзіміз жетеді ғой, арнайы атаған көлік түгілі, атамаған көлікті де алып жүрміз ғой” деп, ағамыз Бекежанның қиялай қарайтын қырғи көзқарасымен бір қарап қойып, ыңырана сөйлейді.
Ибрагим ағамыз Асанәлі ағамызды да Қызылордаға ертіп барады. Бірақ елдің қошемет-пейіліне мейлінше шомылған әртіс пен ақын тағы да көліксіз қайтады. Төлеген алып бере алмаған көлікті Бекежан да алып бере алмайды. Асанәлі ағамыз бірақ әдетттегідей өз шаруаларын шешіп қайтқанға ұқсайды…
-Содан?-деймін көкемнің жүзіне сұраулы жүзбен қарап.
-Содан, “Ер кезегі үшке дейін” деген. Енді сені ертіп барсам ба деген ой келіп жүр маған?
-Ойбай-ау, атағы жер жарған Асанәлі мен Құман ағалар ала алмаған көлікті мен қайтып алам, күнін зорға көріп отырған тәуелсіз газеттің редакторымын ғой?!.
-Жоқ, олай емес, Қазеке! Сенің қазір беделің күшті. “Қазақ үні” газетіңнің аты дүрілдеп тұр. Ұлт мүддесін қорғауда ханға да, қараға қарамай, ақиқатын айтып келесің! Сөзден өткір не бар? Қаламыңды қылыштай сілтеп келесің!
“Қазақ үні” газетіндегі Парламенттегі қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттар тізімін жариялап жазған өткір мақалаң сенсациялық бомба болды.
Сенің сөзің өткір болған соң, кімге де болсын өтеді. Бір тыңдаса, сені тыңдайды әкімдер. Әртістердің сөзінен ақынның сөзі өтімді ғой қай кезде де!-деп інісін біраз мақтап алды. Қарасам, шын көңілімен айтып, шынымен қиылып, қолқа салып тұр.
-Онда былай болсын. Сіз мен не айтсам, соны істейсіз. Қазаққа белгілі екі ақын, екі Исаның баласы бара жатырмыз. Мен елге белгілі республикалық “Қазақ үні” газетінің бас редакторы болғандықтан, біз босқа, құр қол бармауымыз керек. Облыс сіздің туып-өскен өлкеңіз. Облысыңыз туралы, қазіргі әкімі туралы жақсылап, мақала жазасыз. Оны газетке айқарма бетіне жариялаймыз. Газетті алып барамыз.
-Келіскеніңе қуанып отырмын Қазыбекжан. Сөзімді жерге тастамайтыныңды білгенмін, рахмет! Бірақ, сен мені босқа қинап отырсың, мен мақала жаза алмаймын ғой!?. Өлең десең қазір-ақ жазып берейін.
-Неге жаза алмайсыз? Ең қиыны, ең күрделісі - өлең жазғанда қарапайым мақала не тұрады? Ақындар мақала жазса, қатырып жазады. Біз газетте өзімнен бастап көбіміз ақындармыз. Сөзді қойыңыз да, мені ертіп барам деп отырсаңыз, майын тамызып тұрып, мақала жазып келіңіз. Келесі аптадағы газеттен сіздің мақала үшін бір бет алып қоямын.
Содан Ибрагим аға мақаланы келесі апта дайын қылмады. Одан кейінгі аптада да жазбады. Әр апта сайын - “газеттің бір бетін алып қалып отырмын, қайда мақала? Онсыз мен бармаймын”.-деймін қамшылап.
Ақыры, төртінші апта дегенде, бір айда бір мақала жазып келіпті. Жап-жақсы мақала. Ол кезде Қызылорда облысы әкімі Серікбай Нұрғисаев еді. Облыс әкімінің Сыр өңіріне істеп жатқан шаруаларын көрсетіп, жақсы қолдау білдіріпті.
Содан газетке жарқ еткіздік те, бір аптадан кейін “Қызылорда қайдасың?” деп тартып кеттік. Қызылордада Ибрагимнің досы, қаламгер Асқар Кіребай күтіп алды. Облыс әкіміне кірер кезде алдымен бізді сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ерімбетов қарсы алды. Байқаймын, Нұрекең Ибрагим ағаға онша назар аудармай, маған көңіл аударып сөйлеуде. Әңгіме арасында Ибрагим ағаны меңзеп, “Сізбен еріп келген бұл кісі де әкімге бірге кіре ме?” деп сұрап қалды. “Әрине! Ойбай-ау, қазақтың белгілі ақыны Ибрагим Исаев маған, Қазыбек Исаға еріп келген жоқ, мен ол кісіге еріп келдім, сол кісінің шаруасымен”-дедім. “Солай ма?” деген Нұрекең әкімге қайта кіріп, ақпаратты дұрыс жеткізіп шықты.
Көп күттірмей, әкімге кірдік. Келісті келген Серікбай Нұрғисаев жақсы қарсы алды. Көңілді екен. Газетіміз алдында жатыр.
-Көп рахмет газеттеріңізге. Ең бірінші Алматыдағы анам оқып, хабарласты. Ибрагим аға, ағалық ақ тілегіңізге, өзіңіз туған өлкеге қолдау жасап жатқаныңызға алғысымыз мол.-деп ризашылығын білдірді. Ізет сақтап, Ибрагим ағаға қарап отыр едім, ол кісі айналсоқтап отыр. Тізгінді өз қолыма алуға тура келді. Алдымен “Керімсал” кітабыма жазған қолтаңбамдағы әкімге арнаған екі-үш шумақ жырды оқып, жақсылап мақтап алдым.
-Газет редакторының облыс әкіміне кездескендегі ең басты шаруасы - газетке жазылым мәселесі. Бірақ мен бұл жолы біздің басты шаруамыз “Қазақ үні” емес, Қазақ ақынының мәселесі. Бес жыл бұрын туған өлкесіне келіп, 50 жасын дүрілдетіп тойлаған ақынға облыс атқамінерлері темір тұлпар атаған. Бірақ ол тұлпарымыз аңызға айналған “Қыз Жібек”киносының бас қаһармандары Асанәлі мен Құман қуып келсе де жалын ұстатқан жоқ. Енді тек “Иең қайда, ақбоз ат?!”-деген Қыз Жібектің өзі келмесе, не істерімізді білмей қалдық. Қазақтың сүйікті ақыны, классиктеріміз Қадыр мен Тұманбайдың жоғары бағалайтын інісі, Олжастың еркесі, Сыр өңірі-жыр өңірінен шыққан өзі қатарлы ақындардың серкесі, Роза мен Мақпалдан бастап, бүкіл эстрада жұлдыздры әндерін айтатын Ибрагим Исаев содан бері туған елінен тұлпарын күтіп әлі жүр. Екеуміз де Исаның балалары болған соң, ағамның шашбауын көтеріп келіп тұрмыз. Енді ақынына елінің атаған атын мінгізіп жіберем десеңіз де, бір Иса емес, екі Иса қатар келгенде Алматыға бізді жаяу қайтарам десеңіз де, ақынжанды әкімсіз ғой, бір сіздің ғана қолыңыздан келеді.-деп, сары майдан қыл суырғандай сыпайылап, әзілмен әдіптеп отырып, әдемілеп жеткізгендей болдық.
Серікбай Нұрғисаев сері мінез, ер көңіл азамат екен. “Жарты сағат қана уақыты бар” деген әкіммен бір жарым сағаттай әңгіме дүкен құрдық. Сол күні кешке өтетін облыстың бір шарасына шақырды. Ол жерде де Шәкизада Әбдікәрім бастаған арқалы ақындармен кездесіп, арқа-жарқа әңгімелесіп, әкіммен еркін сөйлесіп, ашық-жарқын жүрдік. Сонымен не керек, Ибрагим Исаев бес жылдан бері күтіп жүрген бесті айғырын мініп қайтты. Әрине, темір көлік көлемді конвертке сыйып кетті.
Ибрагим ағам маған қатты риза болды:
-Айттым ғой саған, сенің қолыңнан келеді деп! Нағыз Қазыбек бисің сен, әкең атыңды тегін қоймаған. Ер Төлеген мен Бекежан батыр алып бере алмаған темір тұлпарды Қаз дауысты Қазыбек ақын жұлып алды!”-деп, құшақтап бетімнен сүйіп, балаша мәз болды.
Көлік қалтаға сыйып кеткесін, оған дейін бейиазданып жүрген Ибрагим ағамыз маңғазданып шыға келді. Оны бірден байқаған бала күнгі сырмінез досы Асқар Кіребай ағамыз:
-Бұл Ибрагим енді көпеске айналып шыға келді. Қарашы, маңғазданып, айтқан сөзімізді тыңдағысы келмейді?.-деп біз кеткенше біраз тиісті қалжыңдап.
Аста осы темір тұлпар хикаясын айтып беріп, едім, бүкіл жұрт қатты риза болып қол шапалақтады.
Ибрагим аға өмірден еркелеп өтті. Атақты ағаларына еркеледі. Белгілі саясаткерлер, “Ақ жол” партиясының тұңғыш төрағасы Әлихан Баймен мен “Ақ жолдың” қазіргі көшбасшысы, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Азат Перуашевқа, ақын інілері бізге еркеледі.
Елімізге белгілі ұлт зиялылары, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серік Тұрғынбек, Ибрагим Исаев, Ханбибі Есенқарақызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай, киноактер Асылболат Смағұл және тб “Ақ жол” партиясы құрылған кезден, қазығын қағысып, бірге болды. Ибрагим аға “Ақ жол” ұйымдастырған Алаш арыстарына арналған республикалық мүшәйраның бірінші жүлдесін жеңіп алды.
Шығармашылық кеш өткіземін деп, бізге Астанаға “Ақ жол” партиясына келген кезде Ибрагим ағамызға: “Жетпіс жасқа жеткенде жақсылап бір-ақ өткізбедіңіз бе?”-дегенімде: "Жетпіске жете алам ба, жетпеймін бе, бір құдай біледі, 65 жылдығымда ел алдында бір есеп беріп алайыншы" деп өзі айтқандай, сол кеші өте салысымен бір аптадан кейін мәңгілік мекеніне аттанып кетті…
Ақынның азабы мен ғажабы қатарлас болады... Оны ең алымен көтеретін асыл жары... Артында қалған Әния әпкемізге, алтын асықтай үш ұлына, ұрпақтарына Алла ұзақ ғұмыр берсін!
Қызылордадағы ауылдық Мәдениет үйіне Ибрагим Исаевтың есімін беруге арналған шараға Алматы мен Астанадан қаламгер-қайраткерлерді, әншілерді шақырып, ұйымдастырып жүрген, қашанда әкесіне арналған істерге жүгіріп жүретін Дастан бауырымызға көп рахмет! Өзі де балажан Ибрагим ағамыз осы баласын ерекше жақсы көретін.
Ибрагим Исаев көрнекті ақын ретінде қазақ халқымен бірге жасай береді.
Иманы салауат болып, пейіште нұры шалқи бергей!..
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің иегері.
ҮШ ИСАЕВ немесе ИБРАГИМ КӨКЕ
Өткен өмірде белгісі жатыр әр күннің,
Шайырмен Сіздей шалқып бір талай желпіндім.
«Қасқырға қойды бақтырған» дейтін достарым,
Көкеме көрші қыздар жатағында мен тұрдым…
Қызығы менен шыжығын айтып жастайғы,
Әдемі көкем әріден сөзді бастайды:
«Исаевпын» деп кеудемді қағып келгенде
«Базарбайсың ба?» деп танысқандар жасқайды…
Өтті ғой уақыт, өлеңмен өрген әр күні,
Танылдым мен де, жыр сыйлап әсем таң нұры.
Базекең кейін фамилиясын айта бастаса,
«Ибрагимсің бе?» дейді екен елдің барлығы…
Алматыға, інім, ақын боп дайын келдің-ау,
Ақындық деген қилы да қилы жол құрау.
Мен енді қазір «Исаевпын» дей бастасам,
«Қазыбексің бе?» дейтін де болды ел мынау».
Дегеніңді, аға, демеуіңе зор баладым,
Қолдадың сонда пейіліменен даланың.
Дүбірі бөлек, дүлдүлі де көп бәйгеде,
Ақын боп мен де көсіле шауып барамын…
Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі,
Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді.
Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып,
Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді…
Көңілің ашық көрікті жансың деп білсем,
Талантың барда, тақпай-ақ тегі кеттің шен…
Атырау барып арқырап шарап ішкенде,
«Бауырмыз» деп те баршаға мәлім еттің сен…
Шабыттың буы шарпыған кезде таза шын,
Шаршасаң кейде аласың елдің мазасын…
Шапқылап жүріп, шалқып бір мен де кеткенде,
Ауырып қалсам… ағалық сөзбен жазасың…
Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын,
Жүлдегер өзің – Жарысқа түссе жүз ақын…
Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда,
«Тегіміз бір» деп ұсындың үйдің құжатын…
Келеді күтіп керім ұлдарын кең дала,
Ақынның нағыз қадірін білер ел дана.
Тұма жырыңа Тұмағаң берді зор баға!
Жұмыссыз жүріп, еркелеп Олжас ағаға,
«Еңбектегі ерлік» медалін алған сен ғана…
Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың,
Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың.
Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен,
Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын…
Ұнаған бізге –
Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?..
«Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын…
«Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін,
Ибрагимнің інісі болып қаламын!
Қазыбек ИСА
2009 жыл.