Қуандық Түменбай. ИТТІҢ ДАУСЫ
2026 ж. 07 қаңтар
121
0
(әңгіме)
Әкесіне ырза, бәрі әкесінің арқасы. " Мен өмір бойы темір жол жағалап, рельс түзеумен өттім, сен енді темір жолға жолама, наныңды басқа жерден же,"-деп жүрдек пойызға отырғызып жіберді.
Бұл аймақта пойыздың үш түрі бар. Алматыдан Мәскеуге қатынайтын жалғыз жүрдек пойыз, әр разъезге бір тоқтап, сәлем беріп, сықитып жүк артқан "есек" пойыз, сосын әр бекетке хат- хабар мен төртбұрыш "посылке" тастап кететін "поштабай" пойыз. Әкесі қолға қондырған жалғызын осы үшеуінің ең жүрдегіне отырғызып, алыс жолға аттандырып салды.
- Үш күнде Мәскеуге жетесің. Доғдыр боп қайт,- деді күбір етіп. Көп сөзге жоқ, бір ауыз сөздің өзі болмысында барға жетіп жатыр. Өмір бойы май сіңген қара шпал көтеріп, қара рельстің жыртығын жамаған әкесінің сыздаған құяңы мен асқазандағы аузы ашылған жарасы осы бір ауыз сөзден кейін жазылып кеткендей болды.
Дүрсілдеген доңғалақ үш күнде Отан жүрегі - Мәскеуге алып жетті. Төбесінде бес жұлдыз жарқыраған Кремльді көрді. Сосынғы арманы - күн көсем Лениннің өлі денесін бір көру еді, таң атпай тұрып кезек алып, оны да көрді. Оң жұдырығын түйіп ап, маңдайы жарқырап жатқан бір кезден сәл ғана асқан тапал адам. Тағы да әкесін ойлады, "осы жатысын әкем көрсе не дер еді? Жүрегі айнып, бұрылып кетер ме еді?" Әрі кірпияз, әрі бірбеткей әкенің қаққан қазықтай тік мінезі өзіне күш бергендей алапат сезім өнбойында тулап қоя берді. "Қайтсем де түсемін доғдырдың оқуына, әкемді емдеймін. Менің әкем біреуден кем бе? Көсемді де көрдік қой".
Ақыры, медициналық үністеттің емдеу факультетіне түсті. Химиялық элементтерді көз жұмып отырып айтты,биологияны жатқа соқты. Темір жолдың орыс мектебінде оқығандығының пайдасы тиді, орысшаны нәшіне келтіре сөйлеп, көк көздерден кем қалмады. Бір курста мұсылманнан бір өзі, қалғандары түгел христиан ұл- қыздары.
Қайран әке ақшадан кем қылмады. Ай сайын 20 сом салып тұрды, бір сабақтан "3" алып, стипендияға ілікпей қалып еді, деканы жөйт кісі жанашырлық танытып, "кембағал отбасынан шығып едім" деп арыз жазғызып алды, сөйтіп, стипендияға ілікті. "Ағай, мен кембағал отбасынан емеспін" дегенде мұрны қоңқайған декан Арнольд Мойсеевич: "Жарайды, бір жыл ала бер стипендияны, кейін өзің- ақ үлгеріп кетесің. Мен дәл сенің аулыңда айдауда болғам, бәрін де білем ғой" деген соң жұмған аузын ашпады. Сөйтіп, бір жылдан кейін кілең "4" пен "5"- ке тапсырып, толық стипендиат атанды. Декан Арнольд Мойсеевич өзіне туған әкесіндей қамқор болды. Өзі қазақшаға судай, іштей "Арнольд көке" деп атады. Әкесіне хат жазғанда "осындай бір көкем бар" деп сырттай таныстырып қойды.
2- ші курстың соңында Арнольд көкесі шақырып ап бір сыр айтты. Әуелі жартылай ашық тұрған есікті жапты, сосын иегіндегі теке сақалын бір сипап қойып:
- Ергешбай, саған айтар сөзім бар, - деді баппен сөйлеп. - Бұл әңгімені тек екеуміз ғана білуіміз керек. Мен сенің аулыңда бес жыл айдауда болдым, Сталин жолдас өлгесін бір жылдан кейін қайттым. Сол сен туған темір жолдағы медпунктте фельдшер болдым. Бәлкім, сенің әкеңді де көрсем танырмын. Өйткені, темір жолдағы бекет бастығы мен еден жуушыға дейін бәрі менің қолымнан өткен. Әкең мені көрсе де, көрмесе де сырттай білуі мүмкін. Хош де, бұл өткен әңгіме. Мәскеуде Кремльдің ерекше ауруханасы бар, оған тек ерекше адамдар жатады. Так... бұл сөз де тісіңнен шықпауы керек. Сонда төменгі медициналық қызметкерлер жетіспейді. Медсестралар бар, бірақ олар көбіне тұрақтамай тоғыз ай, тоғыз күнде өздерінің табиғи демалысына кетеді екен,- деп жымия қарады. - Енді еркек медбрат керек сол жерге. Олар көбінесе ауыр зат көтереді, өлім- жітім болмай тұрмайды, мәйітхана мен екі арада жүреді дегендей... Соған сен барсаң. Себебі, сен тазасың. Ол жерге анадан жаңа туғандай таза адамдар керек. Дінің мұсылман, көп нәрседен хабарсызсың.Саясатпен ісің жоқ. Олар көбіне славян тектестерге сенбейді, өзіне- өзі сенбейтін заман туды ғой. Сондықтан ештеңеден хабарсыз, "сүттен ақ, судан таза" дегендей ұлттың өкілі керек екен сол жерге. Сен қай жағынан болса да келіп тұрсың. Сабағың жақсы, күндіз сабақта, түнде күнара кезекшілікте боласың. Дәрі егу мен қан қысымын өлшеуден ешкімнен ақыл сұрамайсың. " Теория - тәжірибесіз соқыр" дейді, алып жүрген біліміңді тәжірибемен дәлелдейсің. Бұның өміріңе де, кәсібіңе де пайдасы болмаса, зияны жоқ. Толық айлық аласың. Қашанғы Жаңақорғандағы әкеңді сорасың,- деп шоқша сақалы селкілдеп, күрек тісі ақсия күлді. - Солай болсын, бірақ қай жерде, не істеп, не қойып жүргеніңді екеумізден басқа бір адам білмесін. Білсе, екеуміз де Жаңақорғанға жер аударыламыз,- деп тағы да өң- жүзін күлкі буды.
- Келістім, Арнольд көке, - деп қазақшалап жіберді ( жөйттің өзі "оңашада көке деп айта бер" деген- ді. "Бұл Жаңақорғандағы ең тәтті сөз" деп қосып қойған).
Сонан кейін екі күн бойына бір сұп-суық мекемеге барып тексеруден өтті. Әуелі денсаулығын бақылады, сосын погон таққан біреу сұрақтың астына алсын кеп.
- Ұлттың қандай?
- Қазақ.
- Орыс тілін білесің бе?
- Орыс мектебін бітірдім.
- Шет тілін білесің бе? Ағылшын, неміс, француз тілдерін...
- Жоқ, білмеймін.
- Әкең сотталған ба?
- Жоқ, тұқымымда ондай жоқ.
Бәрін біліп отырса да, осылай жорта сұрақ қойды, бұл болса жауаптан жаңылған жоқ.
Ертеңіне кешке Арнольд көкесінің бөлмесінен біреу кеп ертіп кетіп, зәулім ауруханаға алып келді. Үш қабатты емдеу орталығы, сырты да, іші де сұп- суық. Жүйке аурулары бөлімшесіне әкеліп, бөлімше меңгерушісі деп таныстырған Исаак Френкель деген кісі жұмыс ережесін тәптіштеп түсіндірді.
- Бөлімшедегі аурулардың күнделікті жүріс- тұрысын бақылау, дәрі егу, аспалы укол салу, дәрілерін дер кезінде таратып беру, жалпы тазалықты қадағалау сенің міндетің,- деп баппен сөйледі. Сондай сыпайы екен, сірә, Арнольд көкесі айтып қойған- ау деймін. - Сені озат студент деп мақтайды,- дегенде іші жылып қоя берді. - Түкпірде 13 және 14-інші екі жеке палата бар. Онда бір адамнан жатады. Соларды көзден таса қылма. Шақырса кешікпе. Сұрағанын бер. Қарсы сөз айтпа. Әсіресе, 13- інші палатадағы ауруға ерекше қара. Су сұраса су бер,- деді.
Үстіне ақ желең киген жиырма жасар Ергешбай тік тұрған қалпы "Құп болады!" деді басын иіп.
Меңгеруші күлімсіреген қалпы жылы жүзбен шығарып салды. "Сірә, бұл да біздің ауылда айдауда болған біреу- ау деймін" деп ойға шомған Ергешбай кезекшілікке бірінші күні осылай кірісіп кетті. Әуелі 13-інші палатаға бас сұқты. Тап- тұйнақтай бөлме. Кереуетте тіп- тік отырған сидам денелі, маңдайы бір сызық, жағы төмен салбырап кеткен кісінің бет- бейнесі ә дегеннен көрер көзге қораш көрінді.
- Саған не керек?!- деді жау көргендей ала көзімен атып.
- Мен медбратпын. Атым Ергешбай.
- Болсаң қайтейін.
- Не сұрайсыз. Орындауға дайынмын,- деп ереже бойынша білген сөзін айтты.
Шығып бара жатқанда байқады, бас жағындағы тумбочка үстінде қырлы стақан мен шашылып жатқан дәрілермен бірге тапаншаның былғары кобуріне көзі түсіп, тұлабойы мұздай болды. Кинода комиссарлар беліне байлап жүрген бір- екі эпизодты көз алдына әкелді, суық қарудың өзі түгілі қабын өмірі көрмепті. Жастық әулекілікпен бұрылып бір қарады да, тұрып қалды. Әуелі көзіне сондай суық көрінді, сосын ем алып жатқан адамның бас жағында, дәрі-дәрмектің арасында тапанша қабының тұрғаны жүрегін зірк еткізді.
- Не жоғалттың?!- деді науқас көзі шатынай қарап. Сонда анық байқады, мұрны мен беті тұтасып кеткен бейне екен, тіпті танауы жоқ десе де болғандай.
- Жәй, әшейін, - деді де, шалт бұрылып жүре берді.
"Аурудың өрескел қылығын байқасаң маған келіп айт" деген сөз ми қауашағында жыбыр ете қалды әрі мына суық көріністен сескеніп, көрген- білгенін меңгерушіге жеткізгенде ол сәл жымиды да:
- Қорықпа. Ол әшейін кобур, көне былғары ғой. Ішінде тапаншасы жоқ, тапанша атылып кеткен. Жұмысыңды істей бер,- деп жайбарақат шығарып салды.
Осыдан бастап Ергешбай 13-інші палатаға кіргенде өзін бейжай сезініп, былғары кобурдан сескеніп, "бұны неге бас жағына қойды екен?" деген сұрау тамағында кептеліп, бір жағынан, жағы салбыраған тәмпіш танау науқастан қорқып та жүрді. Дәрісін кобур тұрған тумбочканың үстіне қойғанда да, қолым тиіп кетпесе екен деп тез тартып ап, саусақтарын үстіндегі ақ желеңіне сүйкеп, сүртіп- сүріп алды.
Бүгін науқасқа аспалы укол салды. Адырайып тұрған тамыры жоқ, иненің ұшын жіп-жіңішке тамырға кіргізе алмай түртінектеп жатқанда науқас сондай жанаяр екен:
- Неге бірден салмайсың. Ауырттың ғой, - деді зіркілдеп.
Білегін сипалап отырып сытылып кеткен жіп- жіңішке тамырды әрең тауып, саусағы дірілдеп:
- Кешіріңіз, міне, таптым,- деп инені сұғып жібергенде науқас көзін жұмып:
- Ауырды,- деді балаша аузын ашып.
Төмен төңкерілген бір бөтелке дәрі мөлт-мөлт етіп тамшылап біткенше қайта- қайта келіп қарап тұрды. Бұл кісінің диагнозы - " жұқарған жүйкені бір қалыпта ұстау үшін профилактикалық ем- шара". Бөтелкедегі дәрі ортан белінен асып, тамшы жиілеген тұста "Ай!" деген ащы дауыс шықты. Ергешбай жүгіре басып келіп еді:
- Мынаны алып таста, бүгінге жетеді. Медбрат болғаныңа сенің, - деді зекіп.
- Таусылсын да, аз- ақ қалды ғой.
- Мен саған алып таста дедім!
Инені жіңішке тамырдан еппен суырып, нүкте боп тесілген жерге мақта жапсырып еді, титімдей мақтаны жұлып ап:
- Мен бір қан көрмей жүргендей,- деді сызданып.
Аспалы уколын көтеріп жылдам шығып кетті. Есікті жауып тұрып қырынан қарағанда ине сұққан қолымен көне былғары кобурды сипалап отырғанын көріп, неврология пәні бойынша кеселде мұндай мінез- құлық орын алады деген тәмсілге өз ойын жеңдірді. Ал 14- інші палатада жеке жатқан атом бомбасын сынақтан өткізген физиктің мінез- құлқы мұндай емес, сабырлы да салмақты, палатаға кірген кезде сәлеммен қарсы алып, жылы қабақпен шығарып салады. Мынау өмірбойы НКВД- да істепті, қазір зейнетте, әскери шені майордан аспапты. "Адамзат әртүрлі ғой". Мейірбикемен кезек ауыстырған мейіржігіт алғашқы жұмыс күндері осындай мінез- құлықты көріп, адамзат болмысына қайран қалды.
Сабағынан бір сәт те қол үзген жоқ. Күндіз лекция тыңдап, анатомия мен физиологияның небір сырларын ұғып, медицинаның құпиясына қанықса, түнде кезекшілікке келіп, науқас жандармен бетпе- бет кездесіп, теория мен тәжірибеге қабат көз жеткізіп жүр.
Бүгін кешкі кезекшілікке келгенде өзіне күлімдей қарап отырып, қақсал мейірбике біраз сөз айтты.
- Ережа, анау 13- інші палатадағы Потапов, такой дурной, өзі ертең шығады, бірақ мінез- құлқы өзгеріп кетті, маған бас жағындағы былғары кобурін кезеніп:
- Атайын ба?- деді.
- Ат,- дедім.- Мен майдандық госпитальда талай жынды мен контужды көрген мейірбикемін. Ат!- дедім қайталап.
- Бәрін атып кеткем,- деп кереуетке шалқасынан түсіп, сықылықтап күлген болды, күлкісі иттің қыңсылағаны секілді. Исаак Френкельевичке айтып едім, "Дымыңды шығарма, ол атылып кеткен тапаншаның кобуры, тағы да адам атқысы кеп жүр ғой,"- деп әдеттегідей мән бермеді. Ертең шығады, құтыламыз. Адам болса, 14-інші палатадағы атомщик профессордай болмай ма? Атомщик болса да, кісімен қалай сөйлесуді біледі.
- Жарайды, тетя Лена, мен түнгі кезекті өзіңізден қабылдап алдым,- деп мейірбикені арқасынан қағып, шығарып салды.
Түнгі кезекшілік жеңіл емес. Ұйқы деген тәттінің шалғайыңнан тартып қоймайтынын қайтерсің. Науқастардың дәрісін егіп, дәрі- дәрмегін таратып беріп, бөлмелерді желдетіп болғасын бір сәт соғыс кезінен қалған көне диванға жайғасып, мызғып алады. Мұны басшылар білсе сөз естисің, аурулар байқап қалса, жеткізіп баратындар да жоқ емес, салпаңқұлақ ұстаудан бұл жер де кенже қалмапты. Бөлімше меңгерушісі Исаак Френкельевич жұмысқа келгенде осы жағын да ескерткен. "Мызғып алғаныңды ешкім көрмесін, көрсе атыласың" деп әдеттегідей селк- селк күлген. Осы кісінің күлкісі сондай ұнамды, өтірігі жоқ шын күлкі, өзімен дәл бір туған әкесіндей сырласады. Сол сәтте алыстағы туған әкесін ойлап кетеді. Рельстерді реттеп, жол қарауға шыққанда кейде қасына ертіп алатын. Алыстан айқайлап келе жатқан паровоз әкесі дайындаған рельске дөңгелек тигізіп зуылдап өте шығады. Бәріне жол ашып беріп тұрған өзінің әкесі.Сонда мен де әкемдей болсам ғой деген балаң қиял өнбойынан жүгіріп өтетін. Түн баласына ұйқысы да келмейтін. Түнгі салқын самалмен май сіңген рельс исін иіскеп, пойыз доңғалағының тарсылынан көкірегі бір әдемі күйге бөленіп, секіріп түсіп сергек жүретін. Мұнда келгелі қою түнде үстел басында отырып анда-санда қалғып кеткені болмаса, ұйқы қысып, көзі қызарған емес. "Ертеңгі лекциядан кейін ұйқыны қандырасың" деп өзін-өзі демеп, көзінің астымен 13,14 деген палата жазуларын бір сүзіп өтті. Осы жерге келгелі талай-талай әңгімеге де қанықты. Фрося деген орыс мейірбике өзіне имандай сеніп, жақын тартып жүрді. Оның да күйеуі Қазақстанның Сарысу деген жерінде "халық жауы" атанып, айдауда болған екен, он жыл сол жердегі қазақ мектебінде музыкадан сабақ беріпті. Ол оқытқан оқушылар кейін скрипка мен виолончельде ойнайтын белгілілер болыпты. Өзі де қосағын артынан іздеп барып, қазақтың қонақжайлылығы мен мейірімін айтып тауыса алмайды.
- Сен тазасың, мөлдірсің,- деді ә дегеннен. - Сендерді Құдай кең даладай кең ғып жаратқан, сендердің жандарың уілдеп соққан желдей таза,- деп бастап, жазықсыз "халық жаулары" мен өзінің бастан кешкенін жыр ғып айтып берді.
Бірде Сталин туралы айтты. Көсем соңғы демі үзілерде қасына келген мейірбике қызға: " Мені кешіріңдер, маған сондай қорқынышты",- деп күбірлепті. Оны құлағымен естіген подрушкам айтты. Сталин өлгесін оны осы жерге ауыстырды. Таңға дейін әңгіме соғатынбыз. "Жауыздар қорқақ болады"- деп сөзін бітіргенде Ергешбайдың көзіне тумбочка үстіндегі тапаншаның қабы елестеп кетті. Сол аузын ашса жүрегі көрінген апайды күнібұрын зейнетке шығарып жіберді. "Қазір қайда екен?" деп анда-санда ойлап қояды...
Үстел басында отырып қалғып кеткен кезде құлағына иттің үргені естілді. Жүгіре басып терезе пердесін түріп қарап еді, сығырайып шам жанған көшеден ербеңдеген ештеңе көзге шалынбады. Дәл балкон тұсынан тағы да қыңсылаған дыбыс шықты. Тағы да терезеден үңіле қарады, дауыс сап тиылды, көзге көрінер ештеңе жоқ. Орнына келіп, алақанын иегіне тақап отыра бергенде иттің қыңсылаған даусы 13- інші палатадан естілді. Жүгіріп барып есікті ашқанда күңгірт жарықта бетін жастықпен бастырып алған ауру Потапов үздіге қыңсылап жатыр. Қыңсылаған сайын құс жастық бүлк-бүлк етеді. Ергешбай сілейіп тұрып қалды. "Мұндайда шұғыл көмек көрсету керек ". Шамды жарқыратып жақты да, қос қолымен Потаповтың бетін жапқан жастықты жұлып алды.
- Ах, это собачонок!- деп ұшып тұрып, сілейіп қарап қалды.- Мен оны баяғыда атып тастағам...- деп, ұшы үшкір бос кобурды қолына ап, бір көзін қысып тұрып Ергешбайды көздегенде жалт бұрылып, дәлізге атып шықты. Жаман қорықты. Құр қабы болса да, адам атқан суық қарудың сұлбасын кезенгенде сол қаруды тұмшалап жылы ұяда ұстаған көн тері көзіне сұмдық сұсты көрінді. Дәл бір оқтаулы тапаншаның алдында тұрғандай әрі-сәрі жанаяр күй кешті.
Шам жағулы қалды.
Ергешбай тәулік дәптерге не болып, не қойғанын бұлжытпай жаза бастады. Кезекшілікті тапсырарда бұл дәптерді бөлімше меңгерушісіне қоса тапсырады. Ереже бойынша шамды сөндіріп кету керек еді, бойын билеген қорқыныштан қабырғадағы оймақтай нүктені шырт еткізуге де үлгере алмады. Есік жартылай ашық қалды. Ереже бойынша ауруды көзден қалт жібермеу керек, "жедел көмек қажет пе? "деп қасында тұрып сұрау салу керек. "Мені тыңдай қоятын Потапов болса... Кобурын тағы да кезенер ме екен? Әлде түс көрді ме екен?Адам түс көрсе де бастығырылып, есеңгіреп қалады. Бірақ неге жастықпен бетін жауып жатыр, ит болып қыңсылағаны несі? Ертең бөлімше меңгерушісіне бәрін де баяндаймын".
Есіктен қырындап қарап еді, Потапов өзімен-өзі сөйлеп отыр.
- Әуелі Куйбышевке аттандырамыз деп алдап, бәрін жертөлеге түсірдік. Питердегі Свердлов деген дөкей: "Сен өз қолыңмен ат!" деп бұйырды. - Николай II-ні өз қолымен атқан адам тарихта қалады. Ат!" деді. - Кесел буырқанып сөйлеп отыр. - Ленин халық талқысына салайық, солар шешсін деген екен, көзілдірік киген еврей одан асып кетті. "Жоқ, бұны халыққа білдіртпеу керек " деп бір өзі шешім шығарды...
Есіктен сығалап қарап тұрған Ергешбай Лениннің атын естігенде мавзолейде өзі көрген өлі сүйекті көз алдына әкелді. "Е-е, оның сөзін де ә дегеннен- ақ ешкім сөз деп тыңдай қоймаған екен де". Буырқанып отырған науқасқа әудем жерден құлағын тоса берді.
- Патшаның өзі мен әйелін , әппақ боп киінген төрт қызы мен он-он бір жасар ұлын жертөлеге алып кірдім. "Мына жерде отыратын орындық да жоқ қой ",- деп патшаның әйелі сылқым кейпіне салып сөйледі. Қасымдағы солдат бірінен кейін бірін екі орындық әкеп қойды, бірақ сылқым әйел кіршең орындыққа отырмады. Сол сәт: "Осы сен не істеп жүрсің?"- деп Николай патша кеудесіндегі жез шынжыры салбырап, маған қарсы келе бергенде, міне, қорабы, дәл осы қораптан тапаншамды шығарып, қақ маңдайдан басып салдым. Ақ көйлектерінің етегі сүметіліп жерге тиген патшаның төрт қызы төрт жаққа шыңғырып қаша жөнелгенде әйелі маған қасқая қарап тұрып дауыс шығарды, қақ маңдайдан оны да басып салдым. " Браунигіме" қарасам, дәл осы қораптағы "Браунигіме" қарасам, әлі алты оғым бар екен, қабырғаға жабысып тұрған төрт қызды бірінен кейін бірін арқасынан аттым, бәрі шалқалап құлады. Сосын ең соңғы құлаған әпкесіне қарай жүгірген гимназист ұлын оқ шығармай- ақ қасымда тұрған жасауылдың мылтығын жұлып ап штыктің ұшымен арқасынан кірш- кірш түйредім. "Брауниктегі" оқ шығын болмасын дедім. Патшаның мұрагері арқасы шұрқ тесік боп етбеттеген күйі қансырап жатты. Сол сәтте, қайдан келгені белгісіз, патшаның ең бірінші құлаған үлкен қызының шұбатылған етегінен қыңсылап шыққан ала күшік маған өршелене ұмтылды. Үшкір штыкті қарнына кірш еткізіп бір сұғып ап, тағы да екі- үш рет сұққыладым. Қыңсылаған үні сондай ащы екен, нәлеттің. Әлгілер өлгенде дәл бұлай үн шығармап еді, иттің даусы, күшіктің қыңсылағаны неткен жаман, әлі күнге құлағымнан кетер емес. "Иттің кінәсі не?" деп аянышпен қараған қасымдағы жасауылдың ішіне де өзінің штыгін кірш еткіздім. Ол да ішек- қарны шұбатылып, солармен бірге қалды. Мен "Браунигімнің" қабын бір сипап, қан сасыған жертөледен атып шығып, канцелярияға барып, "Бұйрық орындалды" деп көзілдірікті кісіге баян еттім,- деді де, меңіреу адамдай үн- түнсіз қалып, бір сәт ит құсап үріп қоя берді. Екі рет үрді де:
- Әй, медбрат, бәрін көріп тұрсың ба? Мына күшіктен қалай құтылам. Маған тез мақта әкел де, екі құлағымды тығындап таста, - деді әмірлі үнмен.
Ергешбай шалт бұрылып кетіп, бір уыс мақта әкелді.
- Мінеки,- деді қолы дірілдеп.
- Өзіме бер. Мен ешкімге сенбеймін, бізге көсемдер осылай үйретті. Құлағымнан атайын деп тұрсың ғой, - қолындағы үлпершек мақтаны жұлып ап, шетінен шиыршықтап, құлағына тықты. - Сәл де болса тыншыды,- деді төбеге қарап. - Бәрібір ішімде үріп жатыр ғой, күшік,- деп шалқасынан түсіп, қайта ұшып тұрып, тумбочка үстіндегі көне кобурды бұжыр- бұжыр алақанымен сипалады.
- Ішіндегі " Брауник" Питердегі революция музейінде тұр. Менің отырысым мынау. Мені ешкім білмейді, Николай II-ні бәрі біледі, - деді де, тәмпіш танауы бүлкілдеп,- Сен кет, шамды өшірме, қараңғыда дәл құлағымды көздеп атып кетуің мүмкін, - деп былғары кобурды шалт қолына алып, Ергешбайға кезенді.Ол айтқанын екі етпей кері бұрылып, дәлізге шыққан бетте үстелге отыра қап қолы дірілдеп, көрген- білгенін тәулік дәптеріне түсіре бастады. Бір жағынан "Исаак Френкель не дер екен?" деген ой көкейін тесіп, сұрау сап барады.
ххх ххх ххх
Ергешбай алты жыл оқып, медициналық үністетті бітірді. Орыс пен қақолдан қалысқан жоқ, көптің ортасында жалғыз мұсылман боп жүріп, жүйке ауруларын емдейтін дәрігер дипломын алып, елге қайтты. Сол мейірімді көкесі Арнольд Мойсеевич те зейнетке шығып, декандықтан босады, сөйтіп, факультетте жәй профессор боп қалды. Кетерінде республиканың Денсаулық сақтау міністіріне хат жазып берді, ол да алдынан дәріс алған бір кездегі шәкірті екен. Хатты төрт бүктеп қалтасына салып тұрып, екі иығы төмен түскен осы бір жөйт шалдың айдаладағы қазақ деген халыққа мейіріммен қарайтын таза көңіліне таң қалды. Өзінің көрсеткен бар сый-сияпаты - "көкеңе апарып бер" деп әкесінің анда-санда беріп жіберген төрт- бес кілә ақ күріші мен оншақты қаяз балығы.
Кәнігі маман - атақты дәрігер жазған хаттың септігі тиді, Ергешбай үш- төрт жыл бір қалалық ауруханада дәрігер боп істеп, кейін Министрлер Кеңесінің арнайы аурухананасына невролог- дәрігер боп ауысты. Зейнетке шыққанша бөлімше меңгерушісі болды. Бәрі сол Мәскеудегі жөйт баласы Арнольд Мойсеевичтің демеуінен басталды, бұл салада оның есімі естіле қалса кім болса да құрметпен қарайды. Сосын өзі де қара жаяу емес, әркез өзін- өзі дамытып, жаңалық атаулыға көз салып отырады. Кремль аурухананасында медбрат болған бала бір республиканың Министрлер Кеңесінің арнайы ауруханасында бөлімше меңгерушісі болып, білгір маман, бәрі аузына қараған беделді дәрігер атанды.
Талай жыл он екі ай дегенің зымырап өте шықты. Кешегі медбрат бала бүгін самайын қырау шалып, зейнетке шығайын деп отыр. Бас дәрігер таңертең ерте шақырып ап:
- Ергешбай Жұмабайұлы, қатардағы дәрігер боп істей берсеңізші,- деді.
Қарттық шаужайынан алып, сәл еңкейе бастаған дәрігер бойын тіктеп ап:
- Қарағым, сен менен он жас кішісің. Осы жерде менен жиырма жас кіші қазақтың қыз- жігіттері жүр. Ендігі тірлікті солар істесін, біз сырттай бақылап, білгенімізді үйретіп отырайық,- деді.
Бас дәрігер көз алмай қарап қалды да:
- Бір ұсынысым бар, аға,- деді. Аға деген сөз жанына майдай жақты. - Жарты айлықпен дәрігер- невропотолог боп істесеңіз. Сосын бір ұсынысым бар, аға. Мына ұрлық деген науқан біздің мекемеге де жетіпті. Біздің ауруханадан бір жылда 300 одеял, 300 матрац, 300- дей ақ жамылғы жоғалып отыр. Сестра- хозяйка мойнына алмайды, маған инвентар бойынша осылай түскен, дейді. Енді осыған да антикор шақырамыз ба? Кеше жұмыстан шығардым. Орнына...
- Орнына мені қойғың кеп отыр ма? Оу, оның сестра– хозяйка, қазақша аудармасы қалай еді, шаруашылық жөніндегі мейірбике деген аты бар емес пе? Ол қатын істейтін жұмыс қой. Қарағым- ау, сен не деп тұрсың?!
- Аға,- деді бас дәрігер орнынан ұшып тұрып, - сіздің қолыңыз таза. Осы жерге еркек, қолы таза ер адам керек. Оның үстіне бәрін бүге- шігесіне дейін білесіз. Коррупция біздің ақ халат жамылған ауылға да жетіпті. Не істейміз, аға?
Ергешбай басын ұстап отырып қалды.Самайын қырау шала бастаған еркектің жүрегі аттай шауып, дүрсілдеп кетті.
- Қан қысымыңыз көтеріліп кетті ме? Өлшейін бе?- деп бас дәрігер бәйек болды.
- Қысым қайда кетеді дейсің, орнына келеді де. Жолаушы пойызының тамбурына қой мен ешкі сап тасыған ұрыларды көріп едім, енді ауруханада ақ жамылғы мен одеял сатқандарды естіп отырмын. Ол тағы да екеуміз істейтін жерде... Бұған бір тиым болар ма екен?
- Ергешбай Жұмабаевич,- деді бас дәрігер, - кеше Министрлер Кеңесінің мүшесін 10-ыншы палатаға жатқыздық. Сол кісі "ұйықтай алмай шықтым" деп жаңа ғана келіп кетті. Бүгін зейнетке шығар алдындағы соңғы түнгі кезекшілігіңізді өткізесіз ғой. Сол кісіге баса назар аударыңызшы. Бәлкім, назначение жасарсыз. Үкімет басшысы ғой.
- Мен осы жерде енді істемей- ақ қояйын. Жастардың алдын орамайын, бүгін соңғы кезекшілігімді атқарайын. Үкімет адамының қал- жағдайын білейін. Сырттай бақылайын. Диагнозын келісіп қоя жатармыз,- деп сызық- сызық алақанын ұсынды.
Дөңгелек күн ұясына қонды, кешкі 5-те кезекшілікті қабылдап алды. Ауыр науқастар жоқ, бәрінің жағдайы бірқалыпты. Тек тәулік журналында "10-ыншы палатадағы Үкімет мүшесі кеше түнгі ұйқыдан қалды" деген жазу тұр. " Көремін, сөйлесемін".
Кешкі астан кейін 10- ыншы палатадағы Үкімет мүшесіне келді. Өзін таныстырды. Маңдайы жарқырап, көзі бір нүктеге тоқтамай алақ- жұлақ еткен азаматтың өңі сынық. Газет пен журналдан, теледидардан көргенде тойған қозыдай боп монтиып тұрушы еді, жақыннан көргенде анық байқады - көз қарашығы жылыстап бір орнында тұрмайды екен, қарама- қарсы отырған дәрігерді әпсәтте басынан аяғына дейін әлденеше рет шолып өтті.
- Сіз Мәскеудің мектебінен өткенсіз, сізді білеміз, - деді ә дегеннен.
- Сіз де сол жаққа тіркеулісіз ғой.
- Мәскеуге барғым келмейді, өзімізде сіздердей алтын қолды мамандар тұрғанда... сенім де сұйылып барады. Мәскеуде бар дәрі- дәрмек бізде де бар емес пе?
- Не мазалап жүр?- деп дәрігерге тән төте сауал қойды.
- Ұйқы жоқ. Күнді күйбеңмен өткіземіз, түнде ұйқы жоқ. Сонан кейін ғой жатып емделгенім.
- Түс көресіз бе?- деп жүйке ауруына тән сауалды төтесінен тартты.
- Өмірдің өзі түс боп тұр ғой, - деп басын жұлқи көтерді. - Дәл үстінен түстіңіз. Біз не көреміз, көретініміз тек мінбе. Кеше ғана 1-інші май ма, әлде 7-інші ноябрь парады ма, білмеймін, еңбекшілерге қол бұлғап тұрған Сталин жолдасты көрдім. "Комсомол - жасампаз күш" деген лозунгіні көтеріп келе жатқан маған қарап, саусағын шошайтып, қол бұлғады. Шошып ояндым. Қалың ұйқы жоқ қой, көзім ілініп кеткенде шошып ояндым. Басқа басқа, Сталиннің менде не шаруасы бар- ей? Осы жерде қалсын, сіз дәрігер болғасын шынымды айтып отырмын,- деп сөзін сақтана аяқтады.
Үкімет мүшесі жүдеп, шөгіп бара жатқандай көрінді. Екі иығы салбырап, "мен шаршап қалдым",- деп жастыққа жантайды
- Жарайды, мен осындамын. Керек жағдайда шақырыңыз. Өзім де келіп тұрамын,- деп есікке беттеді.
"Ішінде алай- түлей арпалысы бар. Сталинді көргенін уайымдап отыр. Қазақ түсті жақсыға жориды. Бүгінде өзі өң мен түсті айыра алмай қалдық қой" деп дәрігерлер бөлмесіне кіріп, Үкімет мүшесінің "кесел тарихы" кітапшасына естіген сөзін ережеге сай жазып қойды. "Бүгін ұйықтар ма екен? Осыны бақылау керек" деп мейірбикені шақырды. "Үкімет мүшесі қатты ұйықтады ма, әлде көз іліндірді ме, әлде түрегеліп отырды ма, бәрін сырттай бақылап, маған баян етіңіз, - деп тапсырды.
Түн ортасында құрым диванда "Медицинская газетаның" жаңа санын жайып тастап, оқып отырғанда мейірбике қыз жүгіре басып кеп:
- Доктор, 10-ыншы палата жақтан иттің даусы естіліп жатыр, - деді.
Ергешбай жәй басып барып терезе пердесін түріп, сыртқа қарап еді, шам жарқыраған көшеде жанды зат көзге шалынбады, марғау түн секунд сайын таңға қарай баяу жылжып келеді. Іле медбике қыз тағы да ентіге басып келді, көзінде үрей бар.
- Доктор, 10-ыншы палатадағы ауру ит болып ырылдап жатыр, - деді.
Ергешбай "Медициналық газетаны" қолына ұстаған күйі селт тұрып қалды. Отыз жыл бұрын, медбрат кезінде, Кремль аурухананасындағы 13- ші палатада ит болып қыңсылаған үн құлағына қайта естілгендей аңтарылып, айналасына қарады. Жедел басып, палатаға келді. Тып- тыныш палатаға тың тыңдағандай болып біраз құлақ түрді.
- Байқадың ба, көз іліндірді ме?- деді дәлізге шығып, үрей жеңген мейірбикеге қарап.
- Иә, әжетханаға кіріп шыққаннан кейін біраз үнсіз қалды. Сосын пысылдап ұйықтады да, бір мезет әлгіндей дыбыс шығарды,- деп үркектей сөйледі.
Сол сәт ит болып қыңсылаған адамның даусы қайта естілді Мейірбикені иығынан басып артта қалдырды да, палатаға кіріп, шырт еткізіп шам жақты. Ауру шалқалап жатыр, көз шағылыстырар жарық астында қос жанары бір орнында тұрмай жылжып жүр.
- Сізге не болды? Шошып ояндыңыз ба?- деп сұрау салғанда жарқырап жанған шамнан көзі шағылысқан ол:
- Өшірші мынаны, жарқыратпай - деді бетін алақанымен көлегейлеп.
Ергешбай үлкен шамды өшіріп, тумбочка үстінде иіліп тұрған үстел шамын жақты.
- Шошып ояндыңыз ба? Бір нәрседен сескендіңіз бе?- деп дәрігерге тән сауал қойды.
- Мына бір иттер маза берер емес. Дәл құлағымның түбінен үріп... қыстың көзі қырауда...
- Қайдағы иттер?- деп дәрігер нақтылай түсті.
- Алаңдағы иттер. 86- дағы иттер. Күн қақап тұрған желтоқсандағы иттер. Өзім Мәскеуден шақырып алдырып едім, алаңдағы бала-шағаны қусын деп... - мас адамдай өз- өзінен сөйлеп кетті. - Өңшең овчарка. Мәскеудің овчаркалары. Өзім шақырған овчаркалар өзімді қауып... Мен де...- сөзінің соңын жұтып қойды да, ит даусына салып бір үріп, томпиған құс жастықпен бетін басты. Отыз жыл бұрын, өзінің медбрат кезінде Потаповтың бетін жастықпен тұмшалағаны селт тұрған Ергешбайдың есіне түсті.
- Өшірші мынаны,- деп үстел шамын саусағымен нұсқап, бетін жапқан құс жастықты лақтырып тастады. Сөйтті де, апыл- ғұпыл тумбочканы ашып:
- Менің қара көзілдірігім қайда кеткен?- деп майда- шүйдені қопарыстыра бастады. - Міне, таптым, киіп жатамын, жарыққа қарағым келмейді, - деп күңгірт бөлмеде күнге қарсы киетін қара көзілдірікті көзіне тақты.
- Ештеңені есіңізге алмай бейқам ұйықтай беріңіз. Мен қасыңыздамын.
Науқас шалқасынан түсті де, шалт басын көтеріп алды.
- Маған құлағымды тығындайтын мақта әкеліңдер. Өңкей овчарка шәуілдеп... жас қызды жабылып талап жатыр. Сен кетісімен маған да бас салады,- деп бірден "сенге" көшті.
Мейірбике жүгіріп барып бір уыс мақта әкелді. Ауру үлпілдек мақтаны шиыршықтап, екі құлағының тесігін бітеп тастады.
- Бәрібір үріп жатыр,- деді естілер- естілместей күбірлеп.
Ергешбай отыз жыл бұрынғы көріністің көшірмесі дәл бүгін көз алдына тартылғанына таң қалып тұр.
Тезірек таң атып, күн шықса екен, тысқа шығып, таза ауа жұтсам екен деп көңілі бей-жай боп асығып тұр.