БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҒЫ ҚАШАН ЖАНАДЫ?
2025 ж. 22 желтоқсан
35
0
Қазіргі таңда балалар әдебиетінің жайы көңіл көншітерлік емес екені ешкімге жасырын емес. Кітап оқудың бала үшін тигізер пайдасының қаншалықты орасан зор екенін көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманға қайта-қайта дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Кеңес дәуірінде балалардың кітаптан бас алмай оқыған кезеңі болғаны белгілі. Сол тұста балалар әдебиетінде шын мәніндегі дарынды қаламгерлер топ жарып шықты. Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Сапарғали Бегалин сынды жазушылардың тәрбиелік мәні зор шығармалары тұтас бір буынның дүниетанымын қалыптастырды. Мен де сол дәуірде осы авторлардың кітаптарымен сусындап өстім.
Алайда уақыт өте келе тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі келді. Ол жылдары жазушылар тек не жазарын емес, жазған шығармасын қандай қаржыға бастырарын білмей дағдарып қалды. Ал екі мыңыншы жылдардан бастап ғаламтор мен түрлі гаджеттер өмірімізге жаппай еніп, жас буын кітаптан алыстай бастады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кітап оқуға белгілі бір деңгейде көңіл бөліне бастағаны байқалады. Мектептер мен кітапханаларға түрлі әдеби кітаптар жеткізіліп жатыр. Бұл – әрине, құптарлық қадам. Жазушылар арасында жаңа есімдер де бар. Дегенмен, соған қарамастан, балалар әдебиетінің жалпы жағдайы әлі күнге дейін көңіл көншітерлік деп айту қиын.
Бәйгеге түсіп беті ашылмастан бағы жанбаған шығарма
Мен өзім мектепте ұстаздық етемін. Бірнеше жылдан бері «Балаларды кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?» деген сұраққа жауап іздеумен келемін. «Қазіргі балалар мүлде кітап оқымайды» деген пікірмен келіспеймін. Балалардың басым бөлігінің кітапқа ден қоймауының басты себебі гаджетте емес деп ойлаймын. Негізгі мәселе – балалардың сұранысын қанағаттандыратын, заман талабына сай жазылған шығармалардың аздығында. Ал бар шығармалардың өзі тиісті деңгейде насихатталмай отыр.
Сөзіме дәлел ретінде әлемде бестселлерге айналған Гарри Поттер шығармасын алуға болады. Оны оқымаған жас буын кемде-кем. Неге? Өйткені бұл туынды қазіргі заман баласының ойлау жүйесіне, қиялына, қызығушылығына дәл келеді. Ендеше, осындай татымды, тартымды шығармаларды қазақ қаламгерлері неге жазбайды деген заңды сұрақ туындайды. Жазады. Жас буынның талғамына сай жазатын авторлар бар. Бірақ сол авторларға мотивация беріп, шығармаларын жүйелі түрде қолдап отырған нақты тетік бар ма?
Өзім де осы оймен қазіргі балаларды қызықтыратын фантастикалық жанрда «Құз-қиядағы құпия үңгір» атты әңгіме жаздым. Әңгімені алдымен жас оқырмандарға оқытып, бірнеше әріптесіме беріп, балаларға қаншалықты қызықты болатынын байқауды өтіндім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Кейін шығармамды толықтырып, белгілі жазушы, журналист Сайлау Төлеуов ағамызға ұсындым. Ол кісі әңгімені жоғары бағалап, бірқатар құнды кеңестерін берді.
Осыдан кейін тәуекелге барып, ұлттық әдеби сыйлыққа шығармамды ұсындым. Шартқа сай, белгіленген уақытта жібердім. Қабылдап алған қызметкер телефон арқылы шығарманы жүктеп алғанын, өзі оқып шығып, лайық деп тапса, алқа мүшелерінің талқысына ұсынатынын айтты. Кейін тағы хабарласқанымда, әңгімені оқып, алқаға жібергенін жеткізді. Алайда бәйге қорытындысын тағатсыздана күтіп жүргенімде, нәтижесі жариялануға санаулы күн қалғанда әлгі қызметкер қайта телефон шалып, әңгімені электронды поштаға жедел түрде қайта жіберуімді өтінді. Ол қызға бұған дейін шығарманы жүктеп, оқығаны жайлы айтқанын еске салғанымда, ол сасқалақтап, «қатысқыңыз келсе, қайта жіберіңізші,уақыт тар» деп тұтқаны қоя салды. Сол сәттен-ақ еңбегімнің ешкім тарапынан шын мәнінде оқылмағанын, тек формалды түрде тіркеліп, қағаз жүзінде ғана хаттамаға енгізілу үшін ғана әңгімемді шұғыл түрде талап еткенін түсіндім..
Бақсам,бақа екен дегендей,кейіннен интернет арқылы сол әдеби сыйлықтың өткен жылғы қорытындыларының қып-қызыл даумен тәмамдалғаны жайлы оқып, «көңілім шыншыды».
Кітап бастырудың машақаты
«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дегендей, әреккетсіз отырмайын деп шығармамды ақылы баспаханаларға апардым. Бағасы удай. Кейін келісімшартпен кітап шығаратын баспахана ға да жүгіндім. Олар шығармамды оқырманды қызықтыратын туынды деп бағалап, сатылымға қарай қаламақы төленетін келісім ұсынды. Мен қаламақыдан бас тартып, тек кітаптың басылып, жас оқырманның қолына тиюіне көмектесуді сұрадым. Алайда бір жыл өтті — баспадан еш хабар болмады.Әлі күнге қаражат тапшылығын алға тартып, істі созбаққа салып келеді.Оларға еш өкпем жоқ,әрине.
Соңғы үмітім ретінде Жазушылар одағының Балалар әдебиеті кеңесіне жүгіндім. Кеңестегі жауапты тұлғалар әңгімемді оқып, ұнағанын айтып, ақылы баспаға беруге кеңес берді. Бұл жауап мен үшін күтпеген жағдай болды. Сонда бүгінгі таңда балалар әдебиетіне бет бұрып, қалам тартып жүрген жандарға көрсетілетін нақты қолдау тек туындыға баға берумен шектеле ме? Осы тұста заңды сауал туындайды: егер Жазушылар одағы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесі оқырманды қызықтырар шығармалардың жарық көруіне нақты қол ұшын созбаса, онда ол кеңес немен айналысып отыр?
Кеңес дәуіріндегі шығармалар бүгінгі баланы қызықтыра ма?
Елімізде балалар әдебиетіне арналған байқаулардың сипаты белгілі болды. Ақшаңды әкелсең, кітап басып беретін баспаханалардың да жағдайы анау. Сонда қаламгер өз шығармасын қайтіп жариялайды? Қаламгерлер арасында бәсеке қайдан болады? Бұл жерде көзі қарақты оқырман бұл мақала арқылы «менің шығармам неге бестселлер болмай жатыр?» деген мәселе көтеруде деп теріс түсінбесе екен деп ойлаймын. Мәселе – балаларға арналған шығармалардың көптеп, жүйелі түрде жарық көруіне елімізде еш жағдай жасалмауында.
Қырық жыл бұрын жазылған, мойнына қызыл галстук таққан ауыл баласының досымен қармақ ұстап өзенге барғаны туралы жазушы әңгімесі арқылы гаджетпен, өсіп жатқан бүгінгі баланы әдебиетке еш қызықтыра алмайсыз. Қазіргі баланың ойлау жүйесі де, қабылдауы да, қызығушылығы да мүлде басқа екенін неге мойындамаймыз? Кеңес дәуірінен қалған, оқырман бетін ашпайтын кітаптарды қайта-қайта жаңартып баса берудің қандай пайдасы бар? Сондай-ақ, мектептегі әдебиет оқулықтарында да баланы жас ерекшелігіне қарай қызықтыратын тәрбиелік мағынасы бар әңгімелер жарияланса деген ойым бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, бала кітапты міндетті болған соң емес, өзі қызығып, іздеп оқитындай деңгейге жеткенде ғана балалар әдебиеті дамитыны сөзсіз. Осындай шығармалар жарық көріп, сол туындылардың авторларына нақты қолдау көрсетілгенде ғана біздің балаларымыз кітапқа қайта бет бұрады деген ойдамын.
Азамат Құмарбекұлы,
Астана қаласы