Жазушының жаңа кітаптары таныстырылды
2025 ж. 24 қараша
35
0
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Әділбек Ыбырайымұлының «Арзу» романы мен «Жалғыз жолаушы» атты хикаяттар мен әңгімелер жинақтарының таныстырылымы өтті.
«Арзу» – жаңа өлшем мен стильдегі роман. Оқиға 2022 жылдан басталады. Биолог ғалым Сәметтің ғылымға деген ынтызарлығы мен еңбегі әдемі өрбиді. Көкше көлдерінің жұмбағы мен Оқжетпес шыңының түбіндегі қайнар құпиясы оқырманды елең еткізеді. Сутегі бомбасын жасауға қолданылған дейтерий суы бұл күнге дейін беймәлім болып келген еді. Осы құпияны телескоппен барлаған әрі ұштығын Америкада жатып ұстаған шетелдік инвесторлардың қам-қаракеті нанымды бейнеленген. Олар енді дейтерийден марсқа ұшатын зымыранның отынын жасамақшы.
Бұған параллель өрбитін NASA-ның ғарыштық жобалары мен марс аумағынан ашылған «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель» (АБАЙ) кеңістігі адамзат өркениетіндегі ғажайып жаңалық еді. «Йельдің» («Yale») мағынасы «координат» деген ұғымды береді екен.
Галактикадағы магнит өрісі мен электр толқынын иегруге мүмкіндік беретін АБАЙ-ды тапқан америкалық астронавт Қазақстанға келіп, кездейсоқ ғұлама Абайдың философиялық ойларын оқығанда, хакімнің жандүниесіне ерекше құлқы ауады. Сөйтіп, Абай ғарыштық тұжырымның түйіні болады.
Романда қоғамның атрибуты дін мəселесі де көркем түрде жазылған. Иса (а.с.) бейнесі ашық, Мұхаммед (с.ғ.с.) бейнесі жасырын беріледі. Әлемдік оқиғаға айналған Украина соғысы да шынайы да көркем көрініс тапқан. Еуропа құрлығындағы майдан үшінші дүниежүзілік соғыс емес, ғаламдық жұлдызды соғысқа айналып бара жатқанын адамзат әлі біле қоймайды. Сонымен қатар, туындыда ұрпақты ұлт тарихына, құндылықтарына үлкен мəн беруге үндейді.
«Арзу» романы – парасат майданының парқын танытып, әдебиетті кісілік күмбезінің киесі деңгейіне апара алған. Адамзат ақыл-ойына ар-ұждансыз әрекеттер шабуыл жасап жатқанын көріп, қынжыласыз.
Жалпы, романның оқиғасы қызық, грамы екі жүз мың АҚШ доллары тұратын сирек металл осмийге таласқан ғарыштық держава өкілдері Қазақстанға келіп тоқайласады. Бұл руданы әлемде қазақ елі ғана өндіріп, қазақ елі ғана сатылымға шығаратын. Оған жергілікті коррупциялық күш иелері араласады. Романшының тілі шұрайлы. Тосын байлам, шешімімен оқырманға түрлі ой салады.
Кітаптың таныстырылымына қатысқан қаламгерлер сипаты мен мазмұны төл әдебиетіміздегі үрдістен бөлектеу шығарманың жаңашылдығына көңіл бөлді.
Ал, қаламгердің «Атамұра» баспасынан шыққан «Жалғыз жолаушы» хикаяттар мен әңгімелер жинағына «Мәңгілік формуласы», «Жалғыз жолаушы», «Жаңа туған ай» сияқты хикаяттар мен бір топ әңгімелері топтастырылған. Кітапта сан қилы тағдырлар баян етіліп, кейіпкерлердің бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі шебер суреттелген. «Құмқыз», «Алпар» сияқты әңгімелер әдебиетіміздегі сирек тақырыптарды қозғаған деуге болады. «Алпарда» қазақ оқырманына тосын, арыстанның тіршілігі, мінезі мен болмысы кескінделсе, «Құмқызда» түйе келесінің беймәлім көріністері өмірмен шынайы ұштастырылады.
Кейіпкерлер тағдырдың түрлі сынағынан өтіп, өз жолын табуға ұмтылады. Тұсаукесерге жиналған кітапқұмар оқырмандар көпшілікке арналған жинақтың тағлымдық мәні зор екеніне тоқталды.
Шараға белгілі қаламгерлер мен әдебиетші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен студенттер, журналистер қатысты. «24 kz», «Abai.TV», «Astana» телеарналары түсіріп, жаңалықтар блогынан көрсетті.