Қуандық Түменбай. Бетпақты кезген біреу

Қуандық Түменбай. Бетпақты кезген біреу

(деректі әңгіме)

«Апырмай, әкемнің айтқаны рас екен-ау. Қарашы, мынау маң далаға». Ол осыдан тұп-тура отыз жыл бұрын осылай таңқалып, Бетпақдалада ақ селеуі тұтасып өскен құмды далаға көз құмары қанғанша қарап еді. Онда оқу бітіріп, диплом алғанына мәз кеудесінде бір қап желі бар көкөрім жігіт-тұғын. Әкесіне «Ұшқыш болып, аспанда самғаймын» дегенде, «Мынау құмды дала сенің байлығың да бақытың, осы жерге ие болсаң қатарыңнан кем қалмайсың», – деп екі ауыз сөз айтқан. Арабша, орысша, парсыша еркін сөйлейтін, бойы көк тіреп, мұрты едірейген әке сөзіне тоқтады. Қабағы қатулы әкенің аузынан шыққан лебіз – оның сөзі заң, өзіне ғана емес, өзгелерге де өтімді. Ел асып бара жатқан Мұстафа Шоқай да, қара күштің иесі Қажымұқан да келіп сәлем беріп, сұхбаттасып кететін. Алыстағы Ахмет Байтұрсыновпен де үшбу хат арқылы тілдесіпті. Бертінде келген ақын Әбділда Тәжібаевқа да орысша сөз айтып отырғаны есінде, сөйтсе Пушкиннің «Евгений Онегинін» жатқа соғыпты ғой. Орысы көп Жөлек деген мекенде мектепте бала оқытты. Сол білімпаз әкеден ерте қалды, көз алдында «хауіпті элемент» боп түрмеге бір түсіп, бір шығып жүрген әкенің бұлдыр бейнесі, сірә, «батыр бір оқтық» боп қайырылмай кетсе керек. Өзі сол күйі «хауіпті элементтің» атбайлары атанып, әкесі Жорабектің есімі туу туралы куәлігіне жазылмай қалды. Оған өкініші жоқ, әке сөзін аяққа баспай инженер атанып, тау-тасты аралағанына жаны риза, көкірегінде әкемнің рухы да риза болса деген бір үшкіл үміт те бүлкіл қағады. Осыдан отыз жыл бұрын политехникалық институтты бітіріп, Ұлытау өңіріне жолдама алып келгенде осы боз даланы көріп, жаны толқыды. «Ұшы-қиыры жоқ қандай шексіз дала» деп іштей толғанды. Институтта жүргенде арғы-бергіні көп оқыды, одақтық басылымдарға көп үңілді, «Наук и жизнь» деген журналдың әр санын күтіп жүріп, Пушкин атындағы орталық кітапханаға барып, орысша-қазақша басылыммен түгел танысып шығатын. «Шынында, осы қазақтың жерінде не жоқ десеңізші? Тек өндіріске жарамды сынап пен платина демесеңіз, әлгі айтып жүргеніміздей, Менделеев кестесіндегі элементтің бәрі бар ғой, бәрі бар. Бірнеше ондаған жылдан бері қорғасын, мырыш, күміс, вольфрам, хром, висмут, ванадий, барит, мыс, молибден, марганец, кадмий, боксит, фосфорит пен ақкеріш деп тізбектей берді де, тоқтап қалды. – Одақта біздің алдымызға түсетін ешкім жоқ» деп ғалымдық таразысының гір тасы тағы да өз еліне қарай тартып кетті. – Елімізде өндірілетін мыстың, мырыштың, қорғасынның да дені бізде. Қазақ жері бұл үшеуін Англия мен Францияны қосқанда өндірілетін өнімнен көп береді". Аудиторияда аузын ашып тыңдаған қасқа бас ғалым Қаныш Сәтбаевтың лекциясын қалай ұмытсын. Әлгі сөздер де сол кісінің аузынан шыққанда үлгергенін жазып, үлгермегенін санасына тоқып, әр сөзі тарам-тарам түйін боп өрнектеліп, көкірегінде жатталып қалған. Он бір жыл осы Жезқазғанда, барлау экспедициясында керзі етік киіп ап бұйрат-бұйрат қызыл құмды табан қыздырып басып жүріп, жер шұқып, түртінектеуден бір танбады. Ұлытау бөктерінде бұғып жатқан мыстан басқа темір, қорғасын, көгілдір асбест, мырыш, кобальт, күміс, никель тәрізді түсті металл кендерінің көзін тапты. Айдос, Жанай жер асты тұщы суының мол қорын анықтап, аңқасы кеуіп жатқан өңірдің шөлін басты. Сөйтіп, Қаныш ұстаз бетін ашып кеткен қазына қорын еселей арттырды. Ізденімпаз жас инженер-геолог Үлкен Жезқазған қойнауын ақтарған сайын өзінің де білім қорын молайтты, тәжірибесі толысты, ізденісін ғылыми тұжырымдарға айналдырды, бас инженер-геолог дәрежесіне жетті. Оған да дөңгеленіп отыз жылдың өте шыққанын қарашы. Ұлытаудан Алатауға самғады, тәуір қызметтер істеді, ғылымның басында отырды. Геология министрлігін басқаруға келген отыз үш жасында сол Қаныш Сәтбаев; «Шахжан, шен қуып кетпе, ғалымдығыңды қатар алып жүр. Ғылымға ие болатын, тың сөзді айтатын да өздерің», – деп батасын берді. Отызында орда бұзған ол бас изегеннен басқа сөз айтып, тіл қатпады. Тек көкірегінде «Қаныш аға, мен геологпын ғой, мен инженермін» деген сөз атой сап тұрды, тек оны ұлағатты ұстаздың алдында именіп, айта алмады. Әйтеуір күндіз-түні тірліктен қалған жоқ, бұлыңғыр бейнеге айналған әкесінің сөзі мен Қаныштай ғалымның аманаты қашан да екі бүйірінде жел боп ызыңдап тұрып алды. Маңғыстау өңірін жедел барлап, Жетібай мен Өзен мұнай-газ орындарын ашып, өндіріске пайдалануға белсене кірісті. Көбіне кеңседе емес, иен далада жүрді. Кеңседе отырса да ақ селеулі даланың саф ауасы мен құмға сіңіп бара жатқан бұрғының бұжыр-бұжыр бейнесі, құм астынан лекілдеп шыққан мұнай мен мыс ең әдемі сурет боп көз алдында тұрып алды. Алматыға келіп, басшылық тізгінін ұстағанда да көлеңкені сая қылмай күнгейде жүрді. Министрліктен кейін ғылымның басына қонжитты. Онда да тек мұнай мен мыс секілді пайдалы қазбаны іздеу емес, Әл-Фараби секілді ұлының есімін жаңғыртып, әлемге танытты. Сөйтіп жүріп, өз-өзінен жоғары билікке жақпай қалды, біреулер жақсысын жаман деп жоғарыға жеткізе берді. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында-ақ үлкен жиында Арал мен Әмударияның суын осы қарқынмен пайдалана берсек, түбі Аралдан айрыламыз, су шаруашылығын дұрыс жолға қою керек деп мәселе көтергенде, «Аралға келер бәле жоқ, сенікі жершілдік» деп тырнақ астынан кір іздеп, айып тағушылар алға шықты. Кемелденген социализмде сырттан айтылар қазақы күбір-сыбыр да кемелдене түсті, «іс тетігін кадр шешеді» деп ұрандатқанмен қолынан іс келер жігіттер арзан сөздің құрбаны боп кейін ысырылды. «Маған енді бәрібір, Қаныш аға керзі етікпен басқан Бетпақдала топырағы менің табаныма да сондай ыстық» деп өзін-өзі демеді. Ең сорақысы, әлгі орынбасарының әкесіне боқтау айтқаны жанына батып кетті. Ел тұтқасын ұстаған ағасына барып айтып еді, «Тағы не деді?» – деді түсін суытып. «Осының өзі жетіп-артылады емес пе», – деді бос сөзді жіпке тізбей жігітше қасқайып тұрып.

– Ештеңе етпес. Әкеңнің аты паспортыңда жоқ қой, – деп жымиып шығарып салды.

Сонан кейін билікпен арақатынасы суи берді, орынбасары ғылым ордасына басшы боп келді, өзі қайтадан маң далаға жол тартып, отыз жыл бұрынғы кәсібін қолға алып, барлау экспедициясын басқарып жүр.

Сол тақтан түскен күні көлікке отырмай үйіне жаяу қайтты. Жолай сұқ саусағын иегіне қойып ой кешкен Шоқанның ескерткішіне соғып, қасындағы орындыққа тізе бүгіп, бой жазды. Сосын аяңдап Қаныштың ескерткішіне келді. Тұғырда біраз үнсіз тұрып, іштей тілдесті. «Маң далаға кетіп барам, аға. Ұзаққа бара жатырмын. Ісіме адалмын» деп басын иді. Ғұлама ғалымның 70 жылдығын елдік мереке ғып атап өтпей тек Геология институтының шеңберіндегі жиын ғып өткізе салғаны әлі күнге жүрегін шымырлатып, жанын ауыртты. Билікті көндіре алмады, «осы жетеді» деген бір ауыз сөзден кейін ел-жұртын жиып, ұлының ұлағатын ұрпақтарына үлгі ғып таныта алмады.

Шахмардан адымдаған сайын табаны ыспа құмға сусылдай тиіп, анда-санда адамнан қорқып, жалт етіп ініне кіріп кеткен қара тышқанның әрекетін көріп, іші мұздай болды. Анау шатыр боп тігілген қосқа жеткенше шақырым жер бар, төбесі шошайған қостың да сұлбасы көрініп қалды. «Соған жетіп ап топографиялық картаны бір түгендейін. Тағы да көңілге түйген нүктелерді белгілейін». Төбесі шошайған дала қосы бірте-бірте жақындай түсті. Геолог қолына бояу қаламын алып, алабажақ картаны түрткенше алып-ұшып, алабұртып келеді.


* * *

Бетпаққа келіп, шалғайға үй тіккеніне де екі жыл болды. Маңқиған тас кеңсе, шырылдаған телефон, Үлкен Үйдің жөнді-жөнсіз ұсынысының біріне бас изеп, бірін қос көрмей бетке айтқан күндерді Бетпақдаладағы тіршілікпен салыстыра алар ма екенсің. «Мынау менің «өз үйім – өлең төсегім» емес пе? Мынау көсіліп жатқан кең дала халқымның көл-көсір байлығы емес пе? Ал осы ұшан-теңіз байлығынан халқым дәм татып, таңдай жібітіп отыр ма екен?» Шошаладан аттай бергенде даланың «қыдырма» телефоны шыр етіп, құлағына тосса, Евней екен. Қарағанды университетінің ректоры, Қазақстандағы химия алыбы, өзінен екі жас үлкендігі бар «бес жас – бел құрдас», көрген жерде Қаныш туралы кітабының атауымен «Атан қомында туған адам», қалайсың?" дейді. Аударма да жасайды, Маяковскийдің «Хорошо!» поэмасын қазақша сөйлеткен «жақсы адам», әйтеуір қарап жүрмейді. «Иә, бәріміз де атан қомында тудық қой» деп ойын іріккенде оның қоңыр даусы естілді.

– Иә, қалайсың, Бетпақта жортып жүрсің бе? Айқай даламен сырласқан қандай тамаша, – дей бергенде, «Сол жерде ел жоқ, көл жоқ өсіп-өнген, Жәндіктің киік деген баласы бар», – деп бұл әндетіп қоя берді.

– Хабарласып тұрғаным, сені өзің оқыған политехникалық институттың геология факультеті кафедра меңгерушілігіне конкурсқа түсуге ұсыныс беріп жатыр деп естідім. Мінез-құлқыңды білем ғой, қарсылық көрсетпе. Бетпақпен жиырма жасыңнан сырлассың ғой, енді бар білген-көргеніңді қазақ баласына бер, болашаққа инженер дайында. Лениндік сыйлықтың лауреаты, завкафедра атанып жүресің, – деді. – Сөз осы, – деп телефон құлағын қоя салды.

«Иә, бізге инженер керек. Біз әлі сол сот пен прокурор, мілитса болғанымызға мәзбіз» дей бергенде, «қыдырма» телефон тағы да қыңқ ете қалды. Политехникалық институт ректоры екен. Сол сөзді қайталады.

– Келісесіз бе? – деді нық сөйлеп. Бәрі асығыс, неткен зымыран заман.

– Келісемін, – деген сөз аузынан шықты.

– Онда хабар өзімізден.

Телефон тағы да шырылдады. Бір қыз баланың нәзік даусы, «Қазақстан коммунисі» деген журналдың журналисімін», дейді.

– Сізді Алматыға келе жатыр деп естідім, – деп бірден сөз бастап кетті.

– Оны кім айтып жүр?

– Ел-жұрт...

– Мен Бетпақтың төрінде отырмын.

– Онда келгесін сізден сұхбат алсам... Келісесіз бе?

– Қарағым, мен келісем, билік келісе ме екен?

– Келіседі. Қазір баспасөз еркіндікке бет алды. Бұны Мәскеу басылымдары бастап отыр.

– Қарағым, есімің кім?

– Айзат.

– Айзат қарағым, «Ақсақ киік» деген әнді білесің бе? Сөзін Сәкен Сейфуллин жазған.

– Естіп жүрміз ғой.

– Білмесең, сөзін жаттап ал. Ай шамасында хабарлас, Алматыға барып қалармын.

– Мақұл, көке, хабарласам.

Сонан бері де жылжып ай өтті, конкурс бойынша бұрын Геология министрі, Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Ғылым Академиясының Президенті секілді өткелектерден өткен Шахмардан Есенов геология және пайдалы қазбаларды бағалау кафедрасының меңгерушісі боп сайланды. Он адамға басшы ғып бекіткен жиында көкірегі алай-дүлей күй кешіп, алып-ұшып, көз алдына өзі студент партасына отырғанда аудиторияға кіріп кеп бірден лекция бастаған қасқа маңдай Қаныш Сәтбаев бейнесі көлеңдеп кетті. «Мен де қазақ баласының көкірегіне білім құйып, инженер ғып шығара алар ма екенмін?» деген ой да бұқпантайлап, бұрылысы көп жолды бастан өткерген қиялында кілкілдеп тұрып алды. «Бар білгенімді солардан аямаймын, қазақ баласына бойымдағы барды беремін» деп бір сәуле жалт етіп, көкірегі күндей жадырап қоя берді. Жұрт келіп құттықтап жатыр, алыстан тау тұлғасына сүйсіне қарап тұрған әйбат көздер де бар.

Бөлмесіне кіре бергені сол еді, бір үріп ауызға салғандай қыз есіктен басын сұқты.

– Көке, құттықтаймын! Қалаға қайтып келуіңізбен! Мен Айзатпын. Сіздің ізіңізді аңдып жүрмін ғой. Сұхбатты бастасақ, нөмірге кетіп барады. Осы нөмірге салсақ деп едік.

– Қарағым, ертең келші. Мен аптығымды басайын. 

Ректордан рұқсат сұрайын.

– Сізге жол ашық емес пе?

– Жол... жол...- деп жас көңілдің алдында тілін күрмеп қалды.

– «Ақсақ киікті» оқыдың ба?

Қыз «Арқаның Бетпақ деген даласы бар», – деп бастай жөнелді. Ол болса селт ете қап, өрімдей қызға көзін алмай қадалып отыр.

– Арқаның Бетпақ деген даласы бар,

Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар.

Сол жерде ел жоқ, көл жоқ өсіп-өнген,

Жәндіктің киік деген баласы бар.


Киікті қазақ және дейді бөкен,

Бетпақты байғұс бөкен қылған мекен.

Киікті атып аңшы өлтіргенде,

Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен.


Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Басқаға жануарды-ау теңгермедім.

Көздері мөлдір қара ақ бөкенді,

Адамның баласынан кем көрмедім.


Шахмарданның көз шарасы мөлтілдеп кетті. Құм кешіп, құбыр орнатып жүргенде маң далада адамнан сескеніп, атырыла жөнелген сұлу аңның мөп-мөлдір көзі мен дөң танауы көз алдына жалт ете қалды да:

– Жарайды, айналайын, қалғанын ертең келгесін айтарсың, – деді.

– Жоқ, көке, аяқтайын, – деп журналист қыз өршелене жөнелді. – Өзіңіз ғой, айт деген, – деп қосып қойды.

Бетпақта келе жатыр ақсақ киік,

Бір жүріп, бірде тоқтап, басын иіп.

Қоярға шыбын жанын жер таппайды,

Мергеннің кеудесінде болып күйік.


Сандалып келе жатыр ақсақ киік,

Бір тоқтап, бірде жүріп әлін жиып.

Ақбөкен сахараның ботакөзі,

Атты екен қандай адам көзі қиып.


Ақбөкен сахарада қына терген,

Кім екен жапан түзде сені көрген.

Аяныш сезімі жоқ бір қазақ-ау,

Дәл көздеп жүрегінен атқан мерген, – деді де, – Көке, таңертең тоғызда келемін, – деп орнынан тұрды. 

– Кел, қарағым, кел, – деп сөйлеп қала берді. - Осындай қазақ қыздарын журналист емес, геолог қылса ғой, – деп өрімдей қызды есіктен жас толы жанарымен шығарып салды.


* * *

Тұп-тура тоғызда Айзат қыз есікті қағып келіп тұр. Өзі еркін-ақ, қысылып-қымтырылуды білмейді. Сымы шұбатылған диктофонын қолына ұстап ап сөйлеп кетті.

– Көке, сіздің өмірбаяныңыз жалпақ жұртқа белгілі. Ғылымның қазіргі барысы туралы айтсаңыз, ғылымдағы қиындықтар, проблемалар дейді ғой, осы жөнінде сөйлесеңіз. Өз салаңыздан бастасаңыз, – деп нығыздап қойды да, – Бастадық, – деп қара нүктені түртіп қалды.

Құмды даладан көлеңке кабинетке келген күні жан сырын ағыл-тегіл ақтарды. Өрімдей қыздың да ой-болжамы, жүрер жолы бар, жолына кедергі болмайын, қолымнан келгенше қолтығынан демейін деп бастап кетті.

– «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды». Жас кезімізде әжелеріміз осылай деп жұмбақ айтушы еді. «Ай, жұлдыз» деп шешетінбіз оны. Енді қарап отырсам, ұлттық қазынамыз – қазба байлықтарымыз да дәл осының кебін киіпті. Қара жердің қойнына қолымызды аямай салып, армансыз-ақ ақтармалаппыз. Оңды-солды шашыппыз келіп, шашыппыз келіп атадан қалған мұраны. Ал содан не ұттық? Жоқ, ұтылдық, мықтап ұтылдық. Осыншама байлықтың иесі бола тұрып, башпайымызға қарап қалған жайымыз бар бүгінде. Тұрмыс деңгейіміз де, жан басына шаққандағы табысымыз да одақтық деңгейден көп төмен. Ол – ол ма, «масыл» деген «мөр» де басылып қалды маңдайымызға. Орталықты осынша қазынаға қарық қылып отырып, оған көп жылдан бері миллиардтаған сом қаржы қарыз болсақ, бұдан бұлтарар амал қайсы? Кім кінәлі бұған? Неден жаздық? Сұрақ көп...

Енді бір осал тұсымызды біраз пайымдап көрейін.

Бүгінгі қоғамның әл-ауқатының деңгейі көбіне оның энергетикасы, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылық индустриясы минералды шикізатпен қаншалықты қамтамасыз етілгендігімен байланысты екендігін екінің бірі бағамдай бермейді. Мәселен, АҚШ-тың шикізат стратегиясын алып көрейікші. Осы саясат арқылы әлемнің минералды шикізат көздерін иемденуге қолы жеткен ол аз уақытта-ақ шығынға шығып, шырқырап кетпеді ме?! Олар енді, тіпті, 70-жылдардан бері сырттан тасылатын қалайы, хром рудасы, алюминий, вольфрам, марганец рудасы, қорғасын, мырыш, мыс сияқты өндіріске аса қажет шикізатты сол күйі қоймаға құйып алып, келер ұрпаққа қор жасауға көшті. Жер асты местерінде қазір мұнайдың өзінің ғана 500 миллион тоннасы сақтаулы тұр.

Ал бізде ше? Осындай байлық өз жерімізде тұнып тұрса да, әлі түкке қолымыз жеткен жоқ. Неге? Өйткені жеріміздің қазба байлығына одақтық бағыныстағы кәсіпорындар қазірге дейін тұмсығын көмейлете салып жіберіп, пілше сорып келеді. Олар жыл сайын ондаған миллиард сом пайда тауып жүрсе де, жергілікті жерге соның жұқанасын ғана, 0,3 пайызын қалдырады. Бүкілодақтық ведомстволардың озбырлығы, шикізат алуға келгенде болымсыз баға мен одақтық кәсіпорындар пайдасынан жергілікті жер бюджетіне бөлінетін төлемнің төмендігі республикамызды әбден тұралатып бітті. Бұл, бір жағынан, жерді және оның қойнауын жыртқыштықпен пайдаланып, пайдалы қазбалардың сарқылуына әкеп соқса, екінші жағынан, жергілікті халық тұрмысына жанашырлықтың жоқтығынан және экологиялық зардаптардан әлеуметтік қиыншылықтарға алып келді. Былтырғы жылы болған Жаңаөзен оқиғасы, міне, тап осындайдан туған деп ашып айту керек. Оның тамырын басқа жерден іздеп тіміскілегеннен түк те шықпайды.

Көзі бақырайып қарап отырған қыз қара нүктені басып қап:

– Көке, тұра тұрыңыз, лентаны ауыстырып алайын, – деп бармағын батырып, төртбұрыш диктофонның бүйірін мытып жіберді. – Айта беріңіз.

– Ал енді мына бір, қызғылықты деймін-ау, күйінішті фактіге назар аударалықшы, – деп тамағын бір кенеп ап сөзін жалғады. – Қарағандының Топар шахтасында бір тонна көмір өндіру 22 сомға түссе, соны мемлекет 15 сомға сатып алады екен. Газ өндіру де дәл осындай. Мұндай жағдайда Орталыққа қарыз болмауға амалың жоқ. «Еңбегің еш, тұзың сор» деген осындайдан келіп шықпай ма?

– Көке, айта беріңіз.

– Қазақстан геологтары жерімізден мол минералды шикізат қорын тауып отыр. Бұл арада ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі ұлан-ғайыр. Ендігі міндет – жаңа экономикалық саясатқа сай, сол мол қазынаны есепсіз оңды-солды шаша бермей, бір түйірін де шашау шығармай, орнымен жұмсап ұқсатып, ел кәдесіне жарату. Ол үшін, ең алдымен, технологияны барынша жетілдіріп, қалдықсыз өндіріс дәрежесіне дейін жетуді діттеген жөн. Жапонияны алып қараңыз, оларда табиғи қор жоқтың қасы ғой. Біз болсақ, ен байлықтың үстінде отырмыз, – деп сығыр көзді қызға қабағын түйіп, суық жанармен қарады. «Шықсын, «Қазақстан коммунисіне", білсін Қазақстан коммунистері айтылмай жүрген құпияны» деп атой салған көкпар ой көкірегін тілгілеп өтті. «Мен айтпағанда кім айтады», – деп өзін-өзі қамшылап та қойды. – Алайда, – деп сөзін жалғады, – бұл жерде мықтап ескеретін бір жәйт бар. Біз қызды-қыздымен шет елдіктердің негізгі шикізатымызға қол салуына әсте жол бермеуіміз керек. Оларға тек ерекше өңдеуді, қалдықсыз жоғары технологияны байытуды және металлургиялық өңдеуді қажет ететін қалдықтарды, яки төменгі сортты шикізаттарымызды ғана ұсынуымыз керек. Онда да олардың сол шикізаттан халық тұтынатын тауар шығарып беруі жағын қарастырған жөн, – деген кезде жазып отырған диктофонның шылбыры шыр айналып, шұбатылып кетті.

– Көке, жетіп қалар. Бір сұхбатқа жетерлік сөз айттыңыз. Өзіңізге әкеп көрсетіп алам. Тағы да қосарыңыз болса, қосарсыз.

– Қызым, сөзімді «Ақ сандығым ашылды, ішінен моншақ шашылды» деп бастадым ғой, атауын да солай деп қояйық. Өзім қарап беремін, бәлкім, тағы да қосармын.

Айзат орнынан тұрып, диктофонын қол сөмкесіне салып жатып:

– Көке, өзіңіз істеген Геология министрлігі жабылғалы жатыр дейді ғой. Осы ра па? – деді.

– Қарағым, Айзат, оны білмеймін. Мен Бетпақтан кеше ғана келген біреумін, – деп жымиды. Арманын алға сап, алабұртып жүрген жас өскіннің сағы сынбасын, деді. Сұрап- білгенге не жетсін, «сұрағанның айыбы жоқ» деп өз сөзін өзі құптады. Қыз есікті ашқанда ауызда үйіріліп тұрған топты көрді. Құттықтауға келгендер қалақтай қыздың академикті осынша уақыт ұстағанына маңдайларын тыржитып, мазалары кетіп тұр екен.

– Көке, сұхбатты алып келгенде домбырамды да ала кеп «Ақсақ киікті» тағы бір айтып беремін, – деді табалдырықтан бері аттап.

– Мақұл, айналайын, домбыраңды алып келе ғой, – деп көкөрім қызды әрең шығарып салды.


* * *

«Мынау өмір не боп барады өзі, сөз емес сөзді айтып, іс емес істің басын шалып... Бұларға «қой дейтін қожа", басу айтатын біреу табылмай ма екен?». Журналист қыздың меселін қайтармай сауалына жауап беріп, журналға сұхбат шығарып еді, «келмей жатып ғылымға иелік етіпті ғой» деп ерін ұшынан күбірлегендер де табылды. Бірақ, жас қыз риза, «Журналистік жолымды жақсы дүниемен бастадым» деп алып-ұшып келіп кетті. «Ақсақ киікті» айт десеңіз, айтып берем", – деп желпініп-ақ тұр. Осы институттың «За инженерные кадры» деген қалақтай газетіне геология факультетінің доценті Бердюков деген жігіт «Біздің түлектеріміз енді бізге ұстаз» деп мақала жазып, менің аты-жөнімді атаған екен, партбюро жиналысына шақырып, «Сен өзіңді әдейі жаздырып отырсың, өзіңді насихаттап отырсың», – деп парторг тарпабассалды. Қалғандары үндемеді, тек әйтеуір автор орыс ұлтының өкілі боп аман қалды, «бұл мақалаға академиктің еш қатысы жоқ, шәкірттік лебізімді өз еркіммен жаздым» деп араша түсті, әйтпесе түп-тамырымды қопарып, Бетпаққа қайта аттандырар ма еді деп көкірегі суып, езу тартты. Мұндайда күлкі арсыз, күлкі көмек қолын созды.

Сонымен, кафедра меңгерушілігінен босатып, оқытушы-профессорлардың қатарына қосылды. «Осы Бетпақты кезіп, суырдың ініне керзі етігімнің тұмсығын сұғып, адамнан сескеніп, зу етіп ініне кірген қара тышқанды тамашалап, боз даламен сырласқан күніме ештеңе жетпейді екен-ау. Қаладағылар қатыгез боп барады. Қайта кетсем бе екен сол боз дала Бетбағыма... Бірақ, бірақ, – деп тосылып қалды. - Инженер-геолог боламыз деп ауылдан келіп, аузынан шыққан әр сөзін түртінектеп жазып отырған қазақ баласының жәудір жанары көкірегін мұздай қылды. – Соларды қиып, қалай кетем. Олар менің соңымнан ермей ме?». Қағаз-құжаттарын жинастырып, бір-біріне қабаттастырып, қол сөмкесіне салып, орнын босата бергенде алдындағы ақ телефон шыр етті. Өзінің «атан қомында туған адамы» Ебіней екен.

– Иә, «атан қомында туған адам», қалайсың? – деді тұлабойын тосын тұтанып кеткен көңілділік билеп.

– Өзіңмен Қарағанды университеті химия факультетінің лаборатория меңгерушісі сөйлесіп тұр, – деді маңғаз кейпін сақтап. – Кеше ректорлықтан босатты.

– Ал, өзіңмен Сәтбаев атындағы политехникалық институттың қатардағы профессоры сөйлесіп тұр, – деді бұл да «апама жездем сай» боп тіл қатып.

– Дұрыс-ақ болды, – деді Ебіней, – мұнайдан көмір алу мәселесімен айналыса алмай жүр едім, енді қол босады.

– Ал мен Бетпағыма кеткім кеп жүр, – деді бұл.

– Ауылдан келген көген көздерге жерден мұнай мен мыс, қорғасын мен жез алуды кім үйретеді? ... Бетпақты қалай кезуді соларға үйретпейсің бе?

– Бетпақдаланы көрмесем тұра алмайтын секілдімін. Біздегінің бәрі сол жерден ғой, – дей бергенде, есік серпи ашылып, журналист қыз Айзат кіріп келді. Арқасына асып алған домбырасы бар.

– Тартшы, қалқам, айтшы «Ақсақ киікті», – деп Шахмардан аптыға сөйледі. – Қазір-ақ қыздың нәзік даусы жанына жебеу боларын біліп, асығып- аптығып кетті. – Ебіней, саған кейін хабарласамын, қазір «Ақсақ киікті» тыңдаймын, – деп телефон құлағын қойғанда, 68 жасқа дейін көргенінің бәрі тізбектеліп көз алдынан көшіп жатты. «Домбыра сөйлесінші, «Ақсақ киікке» айтқызайықшы бәрін. Бұл дүниеде кімнің аузына қақпақ боларсың» деп көкірегін ащы ой удай ашытып өткенде көз алдында олақ аңшының оғынан жаралы болған жәндіктің киік деген баласы ақсаңдап бара жатты. Домбырасын безілдетіп, «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» деп ышқына шырқаған қыз даусына қозғалақтап қойып, құлағын тоса берді.