Әдебиет институтын ашу ұсынылды

Әдебиет институтын ашу ұсынылды

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса ұлт әдебиеті мен руханиятының өзекті мәселелеріне қатысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалға классик қаламгер Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбаты өзек болды.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатына жоғары баға бергенін, Президент бұл қадамымен қаламгерлердің қоғам алдындағы миссиясына құрмет көрсетіп, мемлекеттің рухани саясатында әдебиеттің өзіндік орны бар екенін байқатып отырғанын тілге тиек етті. 

«Мемлекет басшысының жазушыға жеделхат жолдап, қазақ әдебиетінің болашағына алаңдауы мемлекет пен әдебиет арасындағы жаңа рухани байланыстың басталғанын аңғартады. Үкімет бұл үнқатысуды дәстүрге айналдырып, әдебиетті ұлттық сана мен рухты жаңартудың негізгі тетігі ретінде дамытып, қазақ әдебиетінде жаңа заман кейіпкерін қалыптастыруды рухани стратегиялық саясаттың басым бағытына айналдыруы керек», деді Қазыбек Иса депутаттық сауалында.

Ол қоғамдық сананы қалыптастыруда жазушылардың рухани көшбасшылық рөлін мойындап, әдебиетті ұлттық идеяны жүзеге асыру құралы деп танитын кез келгенін, әдебиеттің мемлекеттік саясаттағы мәртебесін арттырып, «Рухани Тәуелсіздік» идеясын нақты іске асыруға кірісу керек екенін мәлімдеді.

«Әдебиет – мемлекеттің мәдени және идеологиялық күші. Әдеби шығармалар халықты бір мақсатқа ұйыстырып, патриотизмді оятады.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ поэзиясы ұлттық бірегейлік пен рухты қалыптастырды. Қазір саяси тұрақтылық мәдени және рухани үйлесімге тәуелді. Мысалы, Еуропадағы Ағарту дәуірі (XVIII ғасыр) әдебиет пен философияның өрлеуі арқылы ғылым мен саясаттың да өркендеуіне жол ашып берді. Әдебиет – мемлекеттің рухани коды, ғылымның идеялық тірегі және ұлттың мәңгілік жаны. Яғни мемлекеттің дамуы да, ғылымның дамуы да ең алдымен әдебиеттен, яғни руханияттан басталады», деді депутат.

Қазыбек Иса әдебиет пен идеология арасындағы өзара ықпал әлсіреп, қазіргі әдебиет заманауи кейіпкер бейнесін сомдауда кенжелеп қалғанын, сондықтан да бұл бағытта жүйелі мәдени саясат пен рухани бағдар қажеттігін айтты.

«Бүгінде әдебиетте рухани дағдарыс байқалады. Көп туындыда өткен заманың сүрлеуінен шыға алмай отыр. Қазір елдің болашағына сенім білдіретін, жарқын жол көрсететін шынайы шығармалар керек. Әсіресе жастарға ұлттық ұстаным мен технологиялық жаңа заманды ұштастыра білген ұлттық кейіпкерлер қажет», деді Қазыбек Иса.

Депутат ұлттық әдебиеттегі тұлғалық, рухани жаңару идея­сын жүзеге асыру үшін қаламгерлерді рухани терең­дік пен кемелдікке бағыттайтын Әдебиет институтын ашу­ды ұсынды. Мұндай институт АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан секілді мемлекеттерде бар екенін мысалға келтіріп, әлем­дік деңгейде мойындалған 100 прозалық, 100 поэзиялық туындыны қазақ тіліне аудару қажеттігіне тоқталды. Соны­мен қатар қазақ әдебиетінің озық шығармаларының сапалы аудармаларын жасап, Орта Азия, түрік мемлекеттерінен ­бастап, әлемге насихаттау ісін жолға қою керек деген ойын да ортаға салды. 

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Үкімет пен Жазушылар одағы арасында тұрақты «Рухани кеңес» құруды ұсынамыз. Жылына екі рет әдебиет, тіл, мәдениет мәселелерін талқылайтын консультативтік кеңес өткізіп тұру керек. Ол кеңестің құрамына белгілі жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер енгізілуге тиіс. Осы қадам арқылы әдебиетті ұлттық идеологияны қалыптастыру ісіне бағыттай аламыз», деп түйіндеді өз ойын. 

Қанат Бірлікұлы,

Дереккөз: egemen.kz