ӨЗІ ҚОЙҒАН ӨРТКЕ ӨЗІ ӨРТЕНІП КЕТТІ...
2025 ж. 30 қазан
67
0
Ұлбосын Кенжебайқызын көрген емеспін... Тек сыртынан білемін. Соңғы фильмім «Қара қызды» түсіріп жатып, осы қыздың әніне іңкәр болдым. Киноға қолдандық. Содан бері осы қарғадай қыздың дауысына да, оның Отанына деген сүйіспеншілігіне де ризамын.
Ұлбосынның дауысында қазақтың сағынышы, мұңы, махаббаты жатыр. Қарлығаш ұясын салғанда кіп-кішкентай саз балшықтан салады. Ұлбосынның әні де осы сағыныш сазынан өскен, өрілген, көмкерілген, көктеген...
Күнес-ай... Қытайдағы Іле қазақ автономиясындағы қазақтар көп орналасқан өлке. Табиғаты ғажап. Хан Тәңірі тауының етегінен орын тепкен құтты мекен. Ал Ұлбосын Кенжебекқызы – сол өлкенің аруы, әншісі. Аты аңызға айналған ерекше дарынды қызы...
Басы Күнес Іленің, деген ақын кім едің,
Туған жерін аңсамау – жұмыр басты мін едің.
Сары ауру сағыныш, табар дейсің кім емін,
Бір аралап қайтуға қиял тұлпар мінемін.
Бұл ақын-сазгер, өмірден ерте кеткен Ермұрат Зейіпханның өлеңі. Әнін өзі шығарған. «Туған ел» деген ұғым болса – бұл осы қасиетті жерге арналған әуен, дұрысы – реквием. Сонау ерте кезеңдерде Совет үкіметі деген атақ жамылған қандықол қызыл кісілер елді жерінен, ерді төрінен айырған зұлмат кезеңде… Бұл аймақ қазақтың ортақ өрісі болған. Аспан ортақ, жер ортақ, су ортақ кезеңді… Бұл ән – шекараның арғы жағында қалған, сонау туған жерді, өскен ортаны, сылдырап аққан бұлағын, жыңғылын, жықпыр-жықпыр тау тасын іздеу, сағыну, сарғаю…
Кейде өзіңе бұлданып,
Алушы едім, Күнес-ай.
Алыс кетсем мұңданып,
Қалушы едің, Күнес-ай.
Бауырыңа бір барып,
Енейінші, Күнес-ай.
Көзім алды буланып,
Келейінші, Күнес-ай…
Ермұрат ақын туған жерін Анаға теңейді. Құдды ана мен баланың әңгімесі, еркелегені. Өтірік... Жо-жоқ емес, шыны. Сәбидің анасына деген бұлдануы, жақсы көрген, жанына жақын жанға деген сүйіспеншілігі, сезімі.
«Алыс кетсем мұңданып» – қандай образ, қандай көркем сурет!
Ана мұңаяды, туған жер мұңданады. Ән – сағыныш пен махаббаттан өрілген өрнек.
Қыстың күнгі қырау басқан терезеге ыстық ерін тиген салқын сурет… Тұла бойың дірілдеп, сонау ішіңе, жо-жоқ, өзегіңе шоқ түскендей… Аяқ-қолың байлауда, тырп етуге шамаң келмей жатқанда, өңешіңнен жау қорғасын жайлап аққандай күй кешесің...
Бұл әуен Іледен келген туысқанның әні емес – бұл Отанына оралған бар қазақтың өлеңі. Сағынышы, сазы, назы... Бұл сезімді ұғу үшін ақын болу керек дүр. Ермұрат осылай жазды, шығарды. Шығарды да өзі қойған өртке өзі өртеніп кетті. Қызыл жалынға оранған Шыңғыстың Раймаласы іспетті – алысқа, тым алысқа асығып кетті. Артында Күнес-ай мұңданып қала берді...
Ұлбосының дауысында, үнінде, сазында, мақамында үзіліп кетердей, таң алакеуімде керегеден түскен бозалаң сәуледей... болмаса бозінгеннің бейқамда ботасын таппай жоғалтып тыпыршыған түйе ананың өкініші, өкіргені бар...
Бір қызығы – мен Ермұрат Зейіпханды білетінмін. Дұрысын айтсам, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында (ол кезде Театр және кино институтында) ректор болған кезімде көргем. Менің алдымда ғана осы институтты бітірген екен. Енді визаның мерзімі бітіп, қайтуы тиіс еді. Маған Ермұрат пен Тлеубек Қожанұлы кіріп, мән-жайын айтқан. Өмір бойы бірге жүрген екі дос. Екеуі де әнші, Алтайдың ар жағынан келгендер.
«Алматыға үйреніп қалдық, қалайық десек визамыз бітті, көмектесіңіз» деген. Әрі ойланып, бері ойланып, проректор Қарлығаш Мырзахановамен ақылдасып, екеуін қайтадан сол институтқа қалдырдық. Сценарист мамандығына оқитын болды. Визаларын жөнге келтіріп, арқаларын кеңге салды. Кейін олар еліміздің азаматтығын алды. Алматылық болды. Арғы жағы айтпаса да белгілі жайт...
Ал мен кейде сол ісіме риза болам. Бірақ ондай іс – қол ұшын беру тек мен емес, кез келген басшының азаматтығы болар деп іштей пайымдаймын. Және солай болуы тиіс қой.
Ермұрат артына біраз ән, өлең қалдырды. Көбісі елге таныс емес. Бірақ оның керемет бір туындысы – «Көк тудың желбірегені».
Нағыз гимн. Нағыз патриоттық дүние. Енді оны басқалар айтар деп үміттенем.
Бәрін-бәрін жиып-теріп айта берсем, не қызығы қалады...
Талғат Теменов,
Қазақстанның Халық артисі