ҚУАНДЫҚ ТҮМЕНБАЙ. ЕКІ ӘҢГІМЕ

ҚУАНДЫҚ ТҮМЕНБАЙ. ЕКІ ӘҢГІМЕ

Қанжар

Зейнетке күні кеше шықсам да, аяқ астынан аудандық ардагерлер кеңесіне мүше болғаныма балаша қуандым. Күнде таңғы тоғызға үлгерсем деп жаяу соқпақпен бүлкілдеп жұмысқа тартып бара жатушы едім, енді мен де осы жердің құрметті адамымын. Ардагермін, анау-мынау емес, аудандық кеңестің мүшесімін. «Сонда бұл өзі қандай мәртебе, немен айналысады екен?- деп сумаң ойды суыртпақтап та қойдым. -Біз не айтса соны орындаймыз, бас шұлғудан бірінші орын аламыз ғой,- деп миығын тартты. -Бұрын, кемелденген социализм кезеңінде, Ақсақалдар алқасы деген ұйым болушы еді, кезінде соларды қол-аяғын жер-көкке тигізбей талай жаздық, бұл да соның атауы өзгерген көшірмесі шығар,- деп тағы да өзімді-өзім келеке қылдым. -Қолтырауын деген жәндік түр-түсін өзгертіп тұрады екен, уақыт та солай ғой» деп көкірегім күлім қаға бергенде үй телефоным безілдеп қоя берді. Көтеріп едім, өзімді кеше ғана Ардагерлер кеңесіне мүше ғып қабылдаған сол кеңестің төрағасы екен. Түсі суық, тұлғасы тұтас, сөзі қолмен қойғандай нық, кәрілік шырмауына алып сәл имие бастаған болмыс. Бұрынғы ірі шенеунік үйреншікті мәнеріне сап атымды атап: «Сенсің бе?» – деді де, тоқтамай сөйлеп кетті.

– Иә, жас ардагер, ертең нөл-нөл 10-да, Төлебаев көшесіндегі патша тұрған үй-мұражайға саяхатқа барамыз. Бұрын онда болып па едің?

– Жоқ, жолым түспепті.

– Онда, жолың түсейін деп тұр. Ардагерлердің бәрі тұмау-сымау, белдері сыздап, аяқ-қолы қақсап, аурудан арыла алмай жатыр. Қысқасы, сол жерге баруға да біреуден сескенеді. Саған бәрі қызық қой. Нөл-нөл 10-да, үйдің Төлебаев жақ бұрышында кездесеміз, – деп тағы бір қайталап, телефон құлағын тастай салды.

Нөл-нөл 10-нан жарты сағат бұрын айтқан жерге аяқ басып, үй маңында қыдырыстап жүрмін. Көңілім тоқ, қоғамдық қызметімді саяхатпен бастағаныма дән ризамын. Бұрын анда-санда осы көшені бойлап өткенде тазалығына тәнті болушы едім. Күйбеңдеп көше сыпырып жүргендерді көріп таңқалатынмын, «неге басқа жерде осындай тазалық болмайды» деп өзіме-өзім сауал да қоятынмын. Сөйтсек бұл жерде үкімет мүшелері, патшадан бастап, ірілердің бәрі іріктеліп қалған екен ғой. Олар тұрған жер жылан жалағандай тап-таза, бір селкеу жапырақ жерге түсіп жатпайды, оншақты адым сайын жамбас тигізіп, дем басар ыңғайлы ағаш орындық. Енді, міне, сол көшенің бойында арнайы шақырумен өзім де келе жатырмын. Қазір патша тұрған үйге мен де аяқ басамын. «Шіркін, патша боп тақта отырғанда тұтқасын тартқанымда ғой осы үйдің» деп бір жылт еткен жылмаң ой көзін қысып қалды. -Бұған да шүкір. Кім болса сол шақырумен барып жатқан жер емес. Оның үстіне құрметті топпен бірге...». Сол сәт басына дөңгелек татар топы киіп, жеңіл плащының жағасын көтеріп ап, таңғы салқыннан бойын жылыта алмай бүрсеңдеген біреу сол үйдің қасына кеп тұрды, іле арт жақтан келген өзі құралпылас еркекке қолын сермеп, тұрғын үйді нұсқап, сөйлеп кетті. Сірә, бұлар да ардагерлер, кеше мені салтанатты жағдайда таныстырғанда біреуін байқап қалғанмын. Қастарына келіп, кішілік танытып, сәлем бердім.

– Қай баласың? – деді еңкейіңкіреп, үнжұрғасы түскен кейіннен келген кісі.

– Ардагермін.

– Өзіміздің бала ғой, – деді қолын сермеп сөйлеп тұрған белсенді кісі.

Сол сәт Ардагерлер кеңесінің Төрағасы селт басып қасымызға келіп қалыпты. Қасында біреу бар, бойы тіп-тік, таза киінген, сірә, атақты ғалым болу керек, көгілдір экраннан көрген сияқтымын.

– Жүріңдер, кеттік, – деді Төраға сәлемнен соң алға озып. – Онның бесеуі келді, бұған да шүкір. «Өзі жоқтың, көзі жоқ», патша тірі кезінде үйіне шақыра қалса бәрі де қыңқыл-сыңқылдан бір сәтте айығып кетер еді, деп сөйлеп келеді. - Бұрын мұнда келіп пе едіңдер?

Бесеудің ішінде біреуі ғана:

– Мұражай ашылған жиында болғанмын, – деді.

– Бірінші рет келуім, – дедім мен.

– Ал, мен патшаның туған күнінде жыл сайын келем, – деп Төраға пәтер-мұражайдың есігінен аттай берді.

Мұражай атын алған үй патша ширек ғасыр өмірін өткізген үш бөлмелі қарапайым пәтер екен. Бір подъездегі қос пәтердің бірі, алып бара жатқан көрнекілігі жоқ, патша тұрыпты дегендей әшекей-жылтырақ та көзге ілінбейді. Ұстаған заттары, оқыған кітаптары, киген киімдері қыз жинаған жүктей боп сықиып тұр. Бұл кісі аңшылыққа әуес екен, аңшы мылтығының үш-төрт түрі ұңғысы үңірейіп қабырғаға ілініпті. Сосын от тұтатқыш шақпақ жинауды әуес көріпті, бір бұрышта лып ете қап жалын лаулатар шақпқтың түр-түрі тізіліп тұр.

Мына бір жерге алған сыйлықтарын қойыпты. Шет елге сапар шеккенде үкімет басшылары берген сыйлықтар, астына сол елдің атауы мен мерзімі жазылыпты. Мына бір төрт бұрыш көне телевизор бір бұрышта көзге елеусіз көрінеді. Бұл баяғы басына бәле боп жабысып, Мәскеуден келген тергеуші пара деп тізімге енгізген, жапон императоры сыйға тартқан топ-томпақ көгілдір экран екен. Осыған дейін кеңседе сақталып, көзі жұмылған соң мүлік қып мұражайға жайғастырыпты. «Апырмай, дүниеге қызықпаған қандай адам» деген ой жас ардагердің көңілінде қылаң етті. Менің зердем күшті, арғы-бергінің бәрін оқимын. 1945 жылы Германияны тізе бүктіру актісіне қол қойған Жеңіс Маршалы Жуковке де Сталиннің: «Сен Германиядан қап-қап байлық арқалап қайттың» деп айтаққа еріп, бәле салғанын білеміз. Неге осы адамзат есегі судан өткесін өзгеріп шыға келеді? Әйтпесе сол Сталин 1941 жылы «Мәскеуді қорғап қала аламыз ба? Коммунист ретінде шыныңды айтшы?»- деп Жуковтың табанын жалай жаздаған жоқ па? «Жуковқа тимеңдер, Жуков қайда болса, жеңіс сонда» деп қырын қарағандардың да бетін қайтарып тастап отырды. Ұлы Жеңісті уысына толтырғаннан кейін өзі де, сөзі де өзгеріп шыға келді. Осы дәстүр біздің ауылда да әліге дейін заңды жалғасын табуда. Кеңестік заманда қолы таза біреу болса, соның нағыз өзі – біздің патшаға да көз көргендері жоқтан барды дәлел ғып қақпан құрған жоқ па?

– Жарықтық, дүние жинамаған адам ғой, -деді манағы қолын сермеп сөйлеп тұрған белсенді кісі.

– Дүниені қайтсін, – деп Төраға шалт басып, алға озды.

Шүпірлеген көп сыйлықтың ең шетіндегі бір затты ақ шүберекпен қымтап жауып қойыпты.

– Мынау не? – деді Төраға таяғын шошаңдатып таныстырып тұрған сидам қызға суық жүзбен сұқтана қарап.

– Бұны ашуға болмайды, – деді таныстырушы қыз тосылып қап.

– Неге болмайды? Мұражайда тығулы зат тұрмайды. Бұны ел-жұрт көру үшін қойған жоқ па?

– Өзіңіз білесіз ғой, – деп қыз именшіктеп төмен қарады.

– Нені білем, – деп Төраға шап етіп, етсіз құр сүйек саусағымен ақ шүберек жамылғыны желп еткізіп көтеріп қалғанда көздің жауын алған алтын қанжар шұқшия қараған бес ардагерге сұсты көрінді. Ұшы үшкір, жүзі төбеден түскен шам сәулесімен ойнақшыған көздей бір орнында тұрмай жалт-жұлт етеді. Сабы да ұстаған алақанның уысына батып кетер бұжыр-бұжыр екен. Қанжардың жалтылдаған жүзінде ойып жазылған жазу тұр. Не жазылғанын оқуға сөздің парқын түсінер шал-шауқан ынтықпады, тек бас жағындағы «70 жасыңызбен!» деген сөз бен есім-сойының бадырайған бас әріпін көріп, бәрі бір адамдай бұрылып кетті.

– Талайдың арқасына кірш еткен қанжар ғой бұл,- деді ақ шүберекті сілкіп тастаған Төраға күбір етіп. – Қара шүберекпен қымтап қойу керек еді.

Таныстырушы қыз ішінен тынып сілейіп тұр, қарамен баттастыра бояған кірпігін жиі-жиі қаққаннан басқа әрекеті жоқ.

– Енді ас бөлмеге кірейік, – деді алдымыздан шыққан қара юбка киген толықша әйел, сірә, осы жердің басшысы болу керек, ширақ басып, алға түсіп кетті.

– Мынау патша мен зайыбының бірге отырып ас ішкен бөлмесі, – деп сөз бастай бергенде, бесеудің ішіндегі белсенді шал имиген мойнын бір сілкіп тастап:

– Патша ішкен шәйнектен бізге де шәй ішуге болатын шығар, – деп қытымыр дауыспен саңқ ете қалды.

– Болады, болғанда қандай. Жайғасыңыздар. Ол кісі осы жерде отырып шәй ішкенді сондай ұнатады, – деп гүлді кесені бір-бірлеп алдымызға қойды. – Кейде өзі де шәй қойып ішкен.

– Адамға тән нәрсе ғой, – деді белсенді кісі ыстық кесені ерніне тигізіп,

Бір-бір кеседен шәй ішіп бола бергенде әлгі таныстырушы қыз қасымызға келіп:

– Мына жақта қол жуатын бөлме бар, – дей бергенде, жас ардагер – менің қуығым дыз ете қалды.

Шалдар неткен шыдамды, олардың сүйегі сірі ғой, зейнетке шықпай жатып қуық ауруына шалдыққан мен М.Ж. деп әріп ілінген екі есіктің ерлерге арналған бергісін серпи аштым. Кәдімгі жып-жылтыр мрамор еден, қабырғада бір тал гүлдің бейнесі өрнектеліпті. Әжетхананың ою-өрнегі көп болғанмен ауасы бірдей. «Жақсыны көрмек үшін», патша кірген жерге мен де кірдім деп айтып жүремін”. Шығар есікті қайта бипаздай жаптым.

Келген жолмен кері қайттық.

Мұражайдан шығып бара жатқанда көз қиығымды тастадым, алтын қанжардың үстіне ақ шүберек қайта жабылыпты. «Шүберектің аты – шүберек, ол сүрту мен жабуға арналған. Адам өлгенде де бетін ақ шүберекпен жаппай ма?» деп өзімше ой тізбегін құрастыра бергенде Төраға бәрімізге шәй беріп, шығарып сап тұрған әйелге қарап саңқ етті.

– Анау ақ шүберекті алып тастаңдар. Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың, – дегенде, бүкшиген белсенді шал да «Иә, иә, солай», – деп ытқып алға шықты.

Шүберекпен қымтаулы, сабының бүдірі көп сол қанжар көз алдымнан кетпей қойды.

Жер-бесікке таласу 

«Ертең мәйітті жерге тапсырамыз. Имам табылды, енді жер-бесік табуымыз керек”. Марқұмның туған інісі Әлімбек іштей жеңілдеп қалғанмен тағы бір зілдей міндетті оң иығына салды. «Жер-бесік» бес шақырым жердегі «Ай-Абылай» мешітінде бар, сонан алыңыздар», – деп ауыл имамы ақыл айтты. - Жаназа намазда мәйіттің жер-бесікте жайлы жатқаны дұрыс қой, – деп өзіне тән мәнермен тағы бір сөзді қосып қойды. Сосын: «Осы Жаңалыққа жерлейміз, Сәкен мен Бейімбет сияқты қыршындар жатқан жер ғой, ағаңның да азды-көпті елге пайдасы тиді, атышулы болмаса да, ұсақ шенеунік боп қатарда жүріп, кеңсе қызметін атқарды», – деп бар білгенін тағы да інісіне тізбектеп жеткізді. – Сол жер дұрыс. Бір түнетіп ап, Құдай қаласа, жамбасын жерге тигіземіз», – дегесін Әлімбек алыс жолды жақын ғып бес шақырым жердегі мешітке тартып кетті. Кеңестен қалған ескі «Волга» қазіргі сәйгүліктерден қалысар емес, төрт дөңгелегі шыр айналып, қытай мен жапонның таңбасы басылған сұлу көліктерден шақырымды артық алмаса кем алмай жүйткіп келеді. Сүйегі ауыр, сыртқы сүйкімі шамалы осы автокөлікке қарасаң көз тояды, кемелденген социализмнің тоқшылық көрінісі секілді.

Әлімбек алты ай обырмен ауырып, бұ дүниені тастап кете берген ағасын ойлады, өзіне жасаған жақсылығы көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Оқуға да түсірді, бірақ құжынаған адамы көп Алматыда оқи алмады. Машина-трактор инженерінің сабағы сондай қиын екен, шимай-шимай есеп, тіп-тік боп тартылған түзу сызықтар, әр санның шекесіне шоқиған тағы бір «квадрат» деген сан миына кірмей-ақ қойды. «Онсыз да мәшине айдап, нанымды табармын» деп қайтып кеп, ауылдағы жалғыз самосвал-төңкергіштің тізгінін ұстады. Колхоз тарап, «екі қолға бір жұмыс» табыла қоймағасын осы сүйегі ауыр «Волгамен» таксилетіп жүр. Қалта телефон деген Құдайдың берген құты екен, керек адам шыр еткізсе болғаны, бағасына келісіп, жетіп барады. Жаңалық пен Алматы, Қайназар мен Қапшағайдың арасы қырқасы мен бұтасына көз тойдырып, жолаушының келіскен бағасына көңіл толқытқан арман жолға айналды. Қалта телефонын «рада» деген билікке қосып қойып, бұрылыс пен бағдаршамға дейін айтып отырған «рада-билікке» бағынып ап таппайтын тесігі, ашпайтын есігі қалмады.

Қазір де «радасын» қосып қойып, жүйткіп келеді. «Солға бұрылыңыз да, 150 метр жүрсеңіз сіздің жүру бағытыңыз аяқталады» деп орысшаның қазақша аудармасымен сөйлеген қыздың тұйық даусы саңқ еткенде әудем жерден «Ай -Абылай» мешіті” деген бадырайған жазу көзге шалынып, үйіріліп тұрған көп мәшиненің қасына тоқтап, моторын өшірді. Іле дыбыс күшейткіштен ғыр-ғыр еткен дыбыс шығып, бір қақырынып алған ер адамның «Аллауакбар!» деген тұнық дауысы естілді. Әлімбек мешіт табалдырығының алдында шүпірлеп жатқан аяқ киімді көрді, іле «Аллауакбар!» деген дауыс азан шақыруға ұласты. «Дәл жұма намаздың үстінен түсіппін-ау» дей бергенде, мешіт қабырғасына сүйеулі жер-бесіктің бір қырына отырып ап шылым шеккен үсті-басы кіршеңдеу жігітке сұрау салды.

– Имам қайда?

– Азан шақырып тұр ғой.

– Сен кімсің, неге жер-бесіктің үстінде отырсың?

– Осы жердің жұмыскерімін.

– Мына жер-бесікті қалай алып кетеміз?

– Имамның рұқсаты керек. Қазір жұма намаз бітсін. Көлігіңіз бар ма? – деп темекісін құшырлана сорды. «Ай – Абылай» мешітін ұстап тұрған өзі секілді, жер-бесіктен жамбасын көтерер емес.

– Көлік бар... «Волга». Соның артына саламыз.

– Артына сыйа қойса... – деп дүдамал сөз айтты.

– Сыйғызамыз! – деді Әлімбек нық сөйлеп.

Осы сәт мешітке тақау тұрған маңдайшасында «Медресе» деген бадырайған жазуы бар тапал тамнан бастарына тақия киген бір топ бүлдіршін-бала атырылып шықты да, бірі доп лақтырып, қалғандары қуалай жөнелді. Екі жақ боп допқа таласып, дауыстап сөйлеп, кейде ауыздарынан орыстың боқтық аралас белгілі сөздері де лықсып шығып жатыр. Бір сәт ұшқан доп темекісін түбіне дейін сорып бітпеген жұмыскердің басына сарт еткенде ол жамбас тигізіп отырған жер-бесіктің қырынан ұшып тұрып, бүлдіршіндерді жеті атасынан түк қалдырмай сыбай жөнелді, арасында орысша боқтық та өріп жүр.

– Намаз біткенше шыдай тұрмайсыңдар ма, шешеңнің... – дегенде, тақия киген тарамыс бала қарсы дау айтты.

– Намаз біткенше ойнай тұрайық та. Ұстаз шыққасын бізге рұқсат етпейді, шешеңнің... Сіз де бір аяқ астынан бастық боп шыға келесіз.

Жұмыскер жым болды. Жер-бесік қабырғаға сүйеулі күйі қалды.

Бір сәт намазға жығылғандар лақ етіп сырқа шықты да, шүпірлеген аяқ киімдер біртіндеп азая бастады. Әркім көлігінің есігін ашып, мешіттің алды лезде оталған мәшиненің гүріліне толып кетті. Бөтен аяқ киім киіп кетіп, ақсаңдай басып, орысшалап боқтап оралып жатқандар да жоқ емес.

Бір сәт сұңғақ бойлы ашаң жүзді, өңінен нұр төгілген тақиялы жігіт сұқ саусағымен дәсбі тасын біртіндеп санап, мешіттен шықты да, әлгі шалқайған жұмыскерге тап берді.

– Сен, ит, анау сынық терезені қашан саласың?! Өзің бір ақпақұлақ екенсің. «Ақпақұлаққа айтсаң ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң құйып алады» деп мақалдап жібергенде жұмыскер дәлел айтты.

– Әйнек болмаса атамның басын салам ба, имеке! Әуелі әйнек тауып беріңіз.

– Әйнектің ақшасын бергеніме неше күн болды? Терезеден жел улеп жамбасым сыздап тұр, – деп бөксе тұсын ұстады.

– Оны жаратып қойғам, тағы да беріңіз. «Әзір күн жылы, асықпа» деген өзіңіз емес пе, шешеңнің...

– Сен маскүнемнен қалай құтылсам екен, а? Нағашым айтқасын алып ем. Сіздерде жұмыс іздеп жүрген тамыр-таныстарыңыз жоқ па? – деп Әлімбекке бұрылғанда ол шаруасын айтты.

– Мен жер-бесікке келдім, имеке, – деп қабырғаға қырынан сүйеулі тұрған төрт құлақ жұқа тақтайға мойнын бұрды.

– Жаназа қашан еді?

– Бүгін таң ата үзілді, ертең шығарамыз.

– Алыңыз. Анау тұр ғой. Көлігіңіз бар ма?

– «Волгам» бар, артына салам.

– Оған сыйар ма екен?

– Сыйғызамыз.

– Көрерсің, – деді салқын ғана.

Осы сәт алды «Джип», арты арбаның қорабындай кеп-кең жеңіл мәшине қатты қарқынмен үйіріліп кеп мешіт алдына тоқтай қалды. Есіктен шыққан жігіт ағасы шалт басып келді де, имамға қос қолдап сәлем берді.

– Сіз бе, имам, бізге жер-бесік керек еді.

– Қашанға?

– Осы қазір шығарамыз. Анау тұр ғой, – деп сүйеулі тақтайға ұмсынды. – Қанша сұрасаңыз да берем.

– Жер-бесікті бір күн бұрын дайындап қоймай ма? Мына кісі ертеңге сұрап тұр.

– Имеке, ел-жұрт жиналып қалды. Екі бағасын төлейін, тіпті үш бағасын... Сосын осы жігіттің үйіне апарып берейін, – деп қалтасына қол салып, теңге шығара бастады.

– Жер-бесік тегін емес пе? Мен бұрын келдім, алып кетем. – Әлімбек төрт қол төрт құлағынан ұстап, мәйітті соңғы сапарға аттандырар ортасы шүңет тақтайды жамбас қырына салып, мәшинеге қарай бет алды.

– Осындай да адам болады екен-ау... – Өтініш айтқан жігіт күбірлеп қала берді.

Сөз естіп қалған Әлімбек те қалыспады.

– Өзіңді жөндеп ал, шешеңнің...

«Волганың» жүк салғыш қақпағын ашып, кісі бойындай тақтайды бір қырынан төңкеріп салғанмен жер-бесіктің жартысы сорайып сыртта қалды. Дегбірі кетіп, боқтау естіп, қобалжып қарап тұрған жігіт қасына кеп сөйлеп кетті.

– Оу, жігітім, артына сыймайды дедім ғой. Бұны дәл осылай жеткізе алмайсың. Мен марқұмды жөнелтіп болғасын үйіңе апарып тастайын. Әдірісіңді берші, – деп еді, жүк салғыштағы бұрыш-бұрышқа тығылған майда-шүйде мен томат толтырылған топ-томпақ екі банкіні артқы орындыққа еппен қойып, тар дүниені кеңіте алмай зығырданы қайнаған Әлімбек шырт ете қалды.

– Басымды ауыртпа дедім ғой, шешеңнің...

– Сізге дауа жоқ екен... – Әлгі жігіт жүк салғышы кең даладай далиған мәшинесін гүр еткізіп, басқа мешітке жер-бесік іздеп жөнеп кетті.

Әлімбек енді «Волганың» төбесінде қатар тартылып, тарбиып тұрған темірдің үстіне тақтай жер-бесікті қойды да, байлайтын жіп таппай әбігерге түсті. Көз алмай қарап тұрған имам:

– Дайындықсыз келіпсіз-ау, бәтшағар, – деп еді, тіліне үйірілген ыза боқтық аралас сөз боп аузынан шықты.

– Жер-бесікті байлайтын бір метр жіп тауып бере алмай тұрып, ақыл айтасың. Сендей имамды ұрғаным бар ма, – деп жүк салғышта шырматылып жатқан майға бөккен кіршең сымды салбыратып алып шығып, тақтайды ортан белінен бір тартып байлады да, «қош» деместен жөнеп кетті.

Әлімбек ақсұр «Волгамен» жүйткіп келеді. Көз алдында түнде бақилық болған ағасының кескін-кейпі бұлдырап, Алматыға оқуға апарғаны, онан оқи алмай қайтып келгені, алғаш аузына арам ас – жүз грамм алып, масаң күйде үйге кеп әйеліне тиіскенде күректей алақанымен сарт еткізіп жағына бір салғаны есіне түсіп, оң қолын рөлден босатып, жағын сипады.

Ақсұр «Волга» жүйткіп келеді. Бір сәт төбесі шайқатылып, тық-тық дыбыс шыққандай болды. «Қазір-ақ жетеміз, енді үш шақырым қалды». «Рада, рада» деп саңқылдай берген дауысты дөңгелек нүктені шырт басып, өшіріп тастады. «Мені адасып кетеді деп саңқылдап тұр ма?» Рөлден қолын босатып, күректей алақанымен тағы да оң жағын сипады. «Ішсем өз арағым, ұрсам өз қатыным, сенің шаруаң қанша?!» деп бақилық болған бір туғанына кінә арта бастады. – Жатасың енді жер-бесігіңде. Жайлы төсегіңді қазір-ақ жеткізіп беремін?!”

Осы жаз келсе болды, жол жөндеу деген қарбалас басталады екен. Қарашы, жолдың бір шеті ыңыранған көлік, бір шеті қызыл жалау байлап қойып асфальт төсеп, оны тасбақа жүріспен басып-жаншып таптаған зілмауыр піл-трактор. Мына бір алысқа жүк таситын ирелеңдеген «дальнобойщик» сәл ығысып, жол берсе қайтер еді? Құдай біледі, Қытайдан қайтқан мәшине, осылар-ақ тегіс жолды шұңқыр ғып бітірді. Ирелеңдеген төртбұрыш «контейнер» мәшине қарқынға қарқын қосып, басып оза бергенде көлігі шайқалақтап, төбесінен адам даусы естілгендей болды. “Мынау ағамның даусы, түнде ғана көз жұмған Қайырбектің үні ғой. Оу, ол түнде жан тапсырған жоқ па еді? Мынау жер-бесікті сен үшін әбігерге түсіп әкеле жатқан жоқпын ба? Қиылып тұрып сұраған жігітке бере салғанымда...” деп қылаң ой қылт еткенде дәл төбесі найзағай ойнағандай шатыр ете қалды. Кілт тоқтағанда машина тұмсығы тасбақадай тырбаңдап асфальт тегістеп келе жатқан піл-тракторға тиіп кетіп, екпінмен алға итініп, топ-томпақ маңдайы терезе әйнегіне соғылып, қып-қызыл қанға малынды. Маңдай-пешенеге қан шылаған әйнек сынықтары жабысып, қос жанарын көмескі дүние жаулап алды. Есеңгіреген күйі есікті ашып, төбеге қарай бергенде алты дөңгелекті алып мәшине көне «Волгаға» жамбас тигізіп, сүйкеніп өтті. Ортасы шүңет тақтайды ортан белінен бір тартқан кіршең сым шорт үзіліп, есеңгіреп тұрған Әлімбектің қақ маңдайына жер-бесіктің қыры тиіп, қара жерге сылқ түсті.

Алты дөңгелек ауыр мәшине ауыр аяңмен жөнеп кете берді.

Піл-трактор буы бұрқырап, қолқаны атқан қара асфальтті зілмауыр салмақпен арлы-берлі таптап жүр.

Адамзаттың жамбас тигізер ең соңғы көлігі – жер-бесік төңкеріліп түсіп, Әлімбектің үстіне құлапты. Жалғыз аяқ соқпақта дір-дір етіп бара жатқан үсті-басы алба-жұлба бір қаңғыбас жер-бесік денесін жапқан өлімші жігітке қарап тұрып: «Бүгін астындасың, ертең намаздыгер-намазшамда үстінде жатасың»,- деп күбір етті.

Жол шетінде таяққа ілулі қара май жұққан қызыл жалауша көрінер-көрінбестей боп қылтиып тұр.

Қуандық Түменбай,

Қазақ үні