ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ ҚАС ЖҮЙРІГІ ЕДІ…
2025 ж. 19 шілде
298
0

Қазақ әдебиетінің тағы бір тарланы, аса көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Исрайл Сапарбай ағамыз да өмірден өтіпті…
Биылғы жыл ауыр жыл болды. Қазақ әдебиетінің классиктері Мұқтар Мағауин, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, енді міне Исраил Сапарбай келмес сапарға аттанып кетті… Әр жылдары туған ағаларымыз келісіп алғандай, араларына екі-үш ай салып, бір жылда кетіп отыр…
Өткен айда ауырып жатқан Исраил ағаның көңілін сұрап барған белгілі қайраткер Ислам Әбіштен ағамыздың кеселі қатты екенін естіген соң, ақын шығармашылығын қатты құрметтейтін Азат Перуашев інісі екеуміз ауруханаға барып, халін сұрап шыққан едік. Әлсіреп, төсек тартып жатқан ағамызды көріп, көңіліміз жабырқап қалған еді.
“Уайымдамаңыз, Алла шипасын беріп, әлі жақсы болып кетесіз,”-дегенде, қолымызды қысып: “Оған күмән жоқ”-деген еді өмірге деген құштарлығы зор қайран ақын…
Ағамызды емдеп, күтіп жүрген қазақ келіншек:
-Ағамыз маған “мен әлі жазылып кетіп, саған да өлең арнаймын” дегенде қатты қуанып қалдым,- деді күліп. Бірақ көзінде мұң тұрғаны байқалып қалды…
Махаббат жыршысының ажалмен арпалысып жатса да, рухының мықтылығының айғағындай еді бұл.
Сол кезде қоштасып кеткендей болған екенбіз ғой…
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді.
Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті.
Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады.
Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, – деп жазды.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов та Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты “Ақын ағамыз сөз өнерін биікке көтерген қарымды қаламгер, дарынды драматург, қалың қазаққа кең танымал тұлға болатын. Оның сыршыл өлеңдері, жүректен шыққан, бірнеше буын оқырманның жүрегіне жол тапқан жырлары қазақ поэзиясының рухани қазынасына, драмалық туындылары сахна сәніне айналды,-деп, ақын шығармашылығын жоғары бағалап, көңіл айту жеделхатын жолдады.
Ақынның қазақ поэзиясының асыл қазынасына қосылған"Аққу арман", "Бармақтай бақ", "Махаббат пен Ғадауат" секілді көптеген жыр кітаптары оқырманға жақсы белгілі.
Исрайыл Сапарбай 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Исраил Сапарбайдың “Сағыныш сазы” әні жастардың махаббат гимні секілді керемет туынды болды.
Бұл әнді ең алғаш Шымкенттің Әл Фараби атындағы мәдениет институтының "Достық" ансамблі орындаған еді. Кейін белгілі әншілер орындап жүрді.
Қазір интернетте жүрген видеода басқа әншілердің, Майра Есенғалиева мен Жантемір Абдрахимов екеуінің ерекше әдемі шырқауы жүр.
“Махаббат - мәңгі ертегі” әні де ел аузынан түспей келе жатқан әсем ән.
Исраил аға “Ақ жол” партиясы құрылған кезден мүшесі еді, Ақсақалдар алқасы төрағасы болды.
Біздің ұлттық мүддені қорғап жазған мақалаларымызға, депутаттық сауалдарымызға үнемі қолдау білдіріп отырды. Өзі де ұлттық рухани мәселелерді қозғап жазып жүретін.
“Ел оқитын санаулы басылымның басында "ҚАЗАҚ ҮНІ" тұр”-деп, газетімізге де тілеулес болып жүрді.
2020 жылы "Ақ жол" партиясы ұйымдастырған Қазақтың ұлы ақыны, данышпан хакімі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 100 жылдығына арналған «АБАЙ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» атты халықаралық мүшәйрада жүзден жүйрік атанып, бас бәйгені иеленген еді.
Өткен ғасырдың 80-інші жылдары “Оңтүстік Қазақстан” газетінде Исраил ағамыз менің өлеңдеріме алғаш жақсы баға берген еді. Кейін де өзінің жоғары бағасын беріп, мақала жазды.
Екі жыл бұрын Abai TV арнасында белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін
"Үркер" бағдарламасында Исекеңнің поэзиясы талқыланғанда белгілі саясаткер Әлихан Бәймен екеуміз қатысып, ақын ағамыздың маржан жырлары туралы өз ойларымызды білдірген едік.
Исраил мен Дулат ағаларымызға екі-үш жыл бұрын жан жарларынан айрылу ауыр тиді.
Сексеннің сеңгіріне шыққанда қаншама жыл бірге өмір сүріп, тірліктің барлық қызығын да, шыжығын да бірге көрген, еркін шығармашылық дәурен сүруге бар жағдайын жасаған өмірсеріктерінен айрылу - өмірдің ауыр сынағы болды.
Жаны жайсаң Жұпар жеңгеміз де, Нұрғайша жеңгей де, Ақынға, Жазушыға жар бола білудің жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Шайырдың шабытына тұсау салмай, қаламгердің қанатын кеңге жайып, қияға еркін самғауына бар жағдайын жасап, бабын тапқан, мейірлі ақ жүзіне ақшуақ үйірілген ақпейіл жандар еді…
Ақынға аяулы жар бола білген Жұпар жеңгеміз жыр жүйрігі Исраил ағамыздың ел жатқа білетін, халық қазынасына айналып кеткен талай маржан жырлары мен әсем әндері дүниеге келуіне себепкер болып, шабыт отын тұтата білді. Исраил аға “Ақын жары” атты өлеңінде барлық сырын, мұңын ақтара білген еді…
Енді міне, ақын ағамыздың өзі де асыл жарының артынан іздеп кетті …
Алла алдынан жарылқасын!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Араласып, бірге жүрген, ағалық алақандарын, қамқорлықтарын сезінген ағалардан айрылу ауыр қайғы. Дулат ағамыз бен Темірхан ағаларымыз қайтқанда, шығарып салудың басы-қасында болып, шапқылап жүріп едік. Исраил ағамызбен қоштасуда шетелде іссапарда болуыма орай бола алмағаным өкінішті…
Қазақ поэзиясыңың дүлдүлі, иірімі терең интимдік лириканың қас шебері Исраил Сапарбай Қазақ жырымен бірге жасай береді!
Жырсүйер қалың қазаққа көңіл айтамыз!
Отбасы мен туған-туыстарының, балаларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты