ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛДІ ШАЙЫР

ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛДІ ШАЙЫР

Қазақ көне заманнан сөзге шешен халық. Ата-бабаларымыз айтар ойын астарлап, тұспалдап айтуға келгенде алдына жан салмаған десек артық айтқандық емес. Кез келген қазақ екі ауыз сөзді ұйқастырып айта алған. Сондықтан да өзге халықтар қазақтар жайлы «Әу демейтін қазақ жоқ» деп баға берген. Құдайға шүкір, бұл қазақ аузы дуалы ақындарға кенде болмаған. Әзір де кенде емес. Қайта қазіргі уақытта қазақ ақындарының деңгейі анағұрлым биіктеген сыңайлы. Ол топта біздің де жерлестеріміздің бар екендігі көңіл қуантады.

Ардагер ұстаз, өзіндік ойымен, өзіндік қарым-қабілетімен өзін өзгелерге таныта білген ақын, «Періште пейіл» жыр кітабының авторы, республикалық жыр мүшәйраларында топ жарып жүрген Нұрғали Ибрайымды жерлестері әрдайым мақтан тұтады. Таяуда Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйінде ақынның «Періште пейілді шайыр» атты жыр кеші өтті. 

Шараның негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлықты ұлғайту, ұлттық әдебиетке деген оқырмандар қызығушылығын арттыру, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеу. 

Жыр кешін ақын, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лаханов жүргізіп отырды. Мазмұнды да мәнді кешке ақынның құрдастары, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» мүшелері, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты.

Кеш барысындағы жыр шашуларынан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Шермұхамед Қаппаров, ақынның әріптес ағасы, ардагер ұстаз Махмұд Момынов, ақынның құрдастары атынан Үсен Қамбаров, Шара Тұрысбековалар сөз алып, ақынға деген ізгі тілектерін білдірді. «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» мүшелері, ақындар – Әбдіғаппар Айдаров, Қанат Дауылбаевтар ақын ағаларына деген ыстық сезімдерін жыр жолдарымен білдірді. Ауылдас аға-інілер атынан сөз алған Әнуарбек Нысанов, Есенбай Күленбаев, Құдайберген Жүзеевтер Нұрекеңді әрдайым «біздің жерлесіміз» деп мақтан тұтатындарын атап өтті. 

Кеш барысында мектеп оқушылары ақын ағамыздың жырларын жатқа оқыса, ақынның өзі тыңдарман тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, соңынан жалынды жырлар оқыды. Мәдениет үйінің әншілері мен домбырашылар үйірмесінің өнерпаздары әуелете ән салып, төгілдіре күй тартып, өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сөз реті кеп тұрғанда Нұрекеңнің өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек артықтық болмас. 

Нұрғали Сәкүнұлы 1955 жылы 16 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының Шардара ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, аталған білім ордасын 1977 жылы аяқтап, филолог-оқытушы мамандығын иеленді. 

Еңбек жолын Жезқазған облысы Ақадыр ауданы Абай атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 1978 жылы туған жеріне оралып, «Қызылқұм» орта мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. 1982 жылы «Өскен өңір» газетіне мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып ауысты. 1986-1999 жылдар аралығында Шардара аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қазметтерін атқарды. 1999-2009 жылдары аралығында Құрманғызы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2009 жылдан зейнетке шыққанға дейін А.Иманов атындағы жалпы орта мектепке басшылық етті. ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 

Нұрғали Ибрайым қолы қалт еткен шақта сөз патшасы – өлең жазумен шұғылданады. Оның қиыннан қиыстырған қилы тақырыптағы өлеңдері республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Болашақ» газеттерінде, «Жалын», «Қазақстан мектебі» журналдарында жарияланып тұрады. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан облыстық жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Облыстық «Мұғалім-қаламгер» жыр сайысында екінші орын иеленді. Республикалық «Қазақ үні» газетінің Түркістанның 1500 жылдығы мерекесіне орай өткізген жазба ақындар сайысында 1-ші орынды, Мақтаарал ауданының 80 жылдық мерейтойы құрметіне арналған республикалық жыр мүшайрасында Бас жүлдені жеңіп алды. 2015 жылы республикалық «Қазақ үні» газетінің ең үздік қаламгерге арналған «Қаламдоз» сыйлығымен марапатталды.

Н.Ибрайым елге сыйлы, абыройлы отбасының иесі. Мәруа жеңгеміз екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді.  

Шабыты шалқыған шайырға әрдайым шығармашылық табыс тілейміз.

Ақбота ӨСЕРБАЙ.

Жыр-шашу

Нұрғали Ибрайым

АЛАТАУ АЯСЫНДА

Таяуда күйеубалам Мұхит пен қызым Жансая ұйымдастырып, отбасымызбен Алатаудың аясындағы «Көлсай» мен «Қайыңды көлге» саяхаттап қайттық. Қазақ даласының мынадай сұлулығын көріп, толқымау, толғанбау мүмкін емес. Тау мен орман ғажайыптарын тілім мен ойым жеткенше кестелеп, сіздерге жолдадым, достар! 

Кеген кереметі

Қалың Арша, дара Қайың, 

Қараңызшы қарапайым. 

Қазақ емге дауа дейді, 

Қаптап өскен Қалақайын! 

Ғажайыпқа қанбай қалып, 

Қарай бердім таңдай қағып. 

Мойылы мен Қарақаты, 

Жайқалады жарды айналып! 

Жарасымды барлығы да, 

Таң нұры да... Шалғыны да. 

Жиекте бұлт желіндеп тұр, 

Жаңа күздің жаңбырына. 

Татиды бал-қаймағыңа, 

Қайнап аққан қайнары да. 

Аңтарылдым. Қаңтарылдым. 

«Қайыңды көл» аймағына! 

Шатқал-шатқал атырабы, 

«Шарын» ойға шақырады. 

Шақырады биік шыңдар, 

Саты төсеп «Сатыдағы»! 

Шуағымен ұйқымды ашқан, 

Сүзіледі сүйкімді аспан. 

Ұя салған құс та ерекше, 

Басқа құстан қиқылдасқан. 

Қиям қалай «Жалағашты», 

Қиялымды ала қашты. 

Сағымдармен сай-қырдағы, 

Сағынышым араласты! 

Қайтарыңда Ай туады, 

Ай сырғадай айқын әрі. 

Жанға рахат ән тыңдаған, 

Ақ боз үйде «Қайқыдағы»! 

«Көлсай» сыймай тереңіне, 

Көбік шашты кемеріне. 

Кереметті көрем десең, 

Кел, ағайын, Кегеніме! 

16.09.2021жыл. Шардара. Алматы. 

«Көлсай» көркі

Алатауға шықпаған, 

Түсінбейді, тіпті, оған. 

«Көлсай» қандай керемет, 

Таудың ішін ықтаған! 

Айна десем аумаған, 

Кім айтады дау маған?! 

Шомылады шуақтар, 

Айдынына саулаған. 

Ақ қайыңы, аршасы, 

Бас қояды баршасы. 

Қайықпен жүр қызықтап, 

Жан біткеннің қаншасы. 

Сұлу осы сәттегі, 

Ойлар қандай тәтті еді. 

Поэзия ауылы, 

Кетті алысқа ап мені! 

Суы адал, дәмі бал, 

«Көлсайымды» танып ал. 

«Көлсайы» бар қазақтың, 

Маңдайының бағы бар! 

Шардара. Алматы. 22.09.2021 жыл. 

«Қайыңды көл» ғажабы

«Қайыңды көл» қайыңды, 

Қасиетті өлке байырғы. 

Алақан болып аялап, 

Құшақ болып жайылды! 

Арша толы аңғары, 

Аршасындай жандары. 

Таудың исін сапырған, 

Самалын айт таңдағы! 

Жарқыл қағып жартасы, 

Тамсандырды әр тасы. 

«Қайыңды көл» таулардың, 

Таңғажайып алқасы! 

Билеп-төстеп төскейді, 

Құстар даусы өшпейді. 

«Қайыңдымен» құс түгіл, 

Жыртқыш біткен дос дейді! 

Аруларды ақ тамақ, 

Кім қадаған тақталап? 

Тамырынан қайыңның, 

Жатыр сая, бақ тарап! 

Артымда асу, қап белең, 

Жолға шықтым атпенен. 

Тосты дәмін ақ боз үй, 

Осы емес пе Бақ деген?! 

Дәстүрменен дәйімгі, 

Жолдар бізді айырды. 

Жұлдызды түн тіледім, 

Таң тіледім қайырлы, 

Қош болып тұр көргенше, 

«Қайыңды көл» қайыңды! 

Шардара. Алматы. 18.09.2021жыл.. 

Қайықта

Ақ толқындар сылқылдайды, бір тынбайды әй, тегі, 

Жүрегімді жұлып алып қалмақшы ма, қайтеді?! 

Қиялдаймын, сыя алмаймын сұлу сырға байып мен. 

Қандай ғажап Көлсай жақта суда жүзген қайықпен?! 

Көз тоймайды реңіне, біледі ме, қарашы, 

Көмкерілген көкорай бел, көк орманмен жағасы?! 

Көлеңке мен күн сәулесі көл бетіне таласып, 

Көп ұзамай екеуі де қалқып тұрды жарасып! 

Қарт сеңгірлер қажымайтын қатар түзген сән құрып, 

«Ау-у- у!» десең тіл қатады, үн қатады жаңғырып! 

Ерке самал елітеді, ерітеді әрі емдеп, 

Арғы беттен ақ тамақтар қол бұлғайды: «Сәлем!» деп. 

Даусымды естіп атын бұрып, жақын біліп Шелектен, 

Ақын Мұқаң арамызға келетіндей кенеттен?! 

...Дәл осылай қуанышқа көрмегенмін байып мен,

Қандай ғажап Көлсай жақта суда жүзген қайықпен!

Шардара. Алматы. 15.10.2021 жыл. 

САҒЫНЫШТЫҢ САУМАЛЫ

немесе Қарағандыға хат 

Қазыналы, Қарағандым, 

Жазың әлі есімде. 

Шашымды алғаш тарағанмын, 

Кербез, сұлу кешіңде! 

Жарық түнде айыңменен, 

Сырласып тау кезгенмін. 

Сыбырласып қайыңменен, 

Жас қайыңдай өзгердім! 

Таң алдында тарап әнім 

Таңшолпанмен табысты. 

Арман соғып барабанын, 

Асау қиял алысты! 

Саттар жүрген, Қарағандым, 

Көзісің, сен, асылдың. 

Сарқылмайтын сабақ алдым, 

Ізін басып Қасымның! 

Тағылының қабағынан, 

Мамыр көрдім, наз көрдім. 

Бұғылының балағынан, 

Сағым қуып мәз болдым! 

Қарасазға барып едім, 

Қаз-үйрегі қарсы алды. 

Жырымды оқып бәрі менің, 

Арулары тамсанды! 

Аюлыдан аю емес, 

Сурет көрдім әдемі. 

Іздегенім-баю емес, 

Сәулет пенен сән еді! 

Жаңаарқаның жайлауында, 

Тұрдым тәтті күй тыңдап. 

Сүтке тойған қойнауында, 

Төлің даусы сүйкімді-ақ! 

Қызыларай қызарады, 

Кешкі нұрға малынып. 

Көлеңкесі ұзарады, 

Етегіне шалынып! 

Толағай тау толғанады, 

Қос иығы көк тіреп. 

Жуып-шайып кең даланы, 

Жазда жаңбыр төкті кеп!

Балқаш көлі ауылымдай, 

Бас-аяғы көсілген. 

Бар Сарыарқа бауырымдай, 

Бауырында өсірген! 

Хат жазып ем қарыңа мен, 

Аязыңда таудағы. 

Береді енді жаныма дем, 

Сағыныштың саумалы! 

19.02.2022 жыл. Шардара. 

Қаратауда

Арқа-басты кең жазып төріңде мен, 

Төсіңде өскен ұлыңдай көрінген ем. 

Құлазыған көңлімнен құстар ұшып, 

Қаламымнан дес бермей өрілді өлең!

Күй төгіліп, салғандай сай да, қыр да ән, 

Желмен ойнап жел есті айдарымнан. 

Жас көктемдей құлпырып шыға келдім, 

Қанып ішіп қымыздай қайнарыңнан! 

Шалғын басқан асудың төңірегі, 

Барады ма шайқалтып, тегі, мені?! 

Қалың бұлтпен таласқан қасын керіп, 

«Келіншектау» биікте керіледі! 

Баурайыңдай аумайтын қара нардан, 

Бауырымнан бас алды тарап арман. 

Мінезіңді бауырмал Мамырдағы, 

Таныдым мен жолыққан бар адамнан! 

Тамыр жайған тау-тастың қатпарына, 

Тал-теректер сыр айтты ақтарыла. 

...Қаратауым, қарашы қайтқан көңіл, 

Баяғы асау оралды шақтарына! 

Шолаққорған. Шардара. 27.05. 2023 жыл.

Сөзсырға

БАУЫРЖАН БАТЫРДАН БАТА АЛҒАН

Шайырмен шүйіркелесіп қалдық. 

– Нұреке, келіп жеткен мерейжасыңыз құтты-қайырлы болсын. Биіктен-биікке жете беріңіз. Реті келгенде өзіңіз туралы бір ауыз лебізіңізді естісек, – дедік. 

– Е, айта берсе әңгіме көп қой. Алыс шағыл құмда туып, сонда ержетіппін. Қызыр қонған Қызылқұм аталады.

Әкемнің аты – Сәкүн. Арабша сөз екен. Анамның аты – Оразкүл.

Бұрынғы салт бойынша әжемнің қолында өстім.

Машина қорабына жаңа туған қозыларды салып, кеңшар орталығына шығады. Бізді де сол қорапқа салып, мектепке жібереді. Елтірі үшін сүт ембей сойылатын, терісі сылынып алынатын бейшара қозылар шырқырап маңырайды. Мен де әжемді қимай егілемін-ай келіп. Алты жасымда мектепке жіберді.

Әжем кезінде Қызылорда жақта бір байдың қызы болған көрінеді. Аты – Күлпәт Құлмырзақызы. Руы – Қыпшақ.

Ол әулетімен тәркіленіп, ашаршыдыққа ұрынған. Адасып, қаңғып жүрген жерінен атамыз Ыбырайымға қосқан. Оқиғаны кейін айтты. Өмірден төркінсіз өтті.

Мен шопанның баласы ретінде мектеп-интернатта оқыдым.

Бала кезімде Асқар Тоғамағанбетовтен, Бауыржан Момышұлынан өлең арнап бата алдым. Кейін Әбділда Тәжібаевтан, Шыңғыс Айтматовтан, Тұрсынбек Кәкішев, Тұманбай, Мұхтар Шаханов ағалардан жылы баға алдым.

Қарағандының жақсылығын ұмытпаймын. Қуан Лекеров, Задан Жұмағалиев, Мұрат Смағұлов, Ақселеу Сейдімбек, Жайық Бектұров, Қанат Жойқынбек, Кәрім Сауғабай сияқты ағалардың шәкіртімін. Жас доцент Бақыт Кәрібаева әдебиет жайында көп айтты. 

Екі ғылымның докторы, академик, университет ректоры Евней Арыстанұлы Бөкетовтен диплом жұмысын қорғадым.

Қазыбек Исаға, Әмірхан Балқыбекке, Әлібек Шегебайға, Ұлмекен Лесбекке сабақ бердім...

Айтпақшы, бүгін Тәңір қосқан жарым, Арқаның аруы, Шардараның ардақты келіні, келіндерінің сыйлы енесі, немерелерімнің сүйікті әжесі Мәруа Кәрментайқызының да туған күні! 

Құттықтау ретінде бұрынырақта өзіне арналған өлеңімді оқып берейін: 

ЖАРЫМА

Сарыарқаның елігі едің кермиық, 

Кермиықты кете алмадым мен қиып. 

Содан кейін ғашық болдым сан қызға, 

Бәрінен де тұрасың ғой сен биік! 

Ерің сенің билемесе кеңсені, 

Қайдан оған үй тиеді еңселі. 

Өзгелердің жұбайындай жұп-жұмсақ, 

Көліктермен қыдырпадым мен сені! 

Көкірегімде лаулап жатты отты өлең. 

Отты өлеңмен сыйлы болдым көпке мен. 

Төркініңе апара да алмадым, 

Құнды самолетпенен. 

Жиһаз қуып жан емеспін шарқ ұрған, 

Айнымадым бәз баяғы қалпымнан. 

Гауһар тастар сыйлап туған күніңе, 

Сақина да сала алмадым алтыннан! 

Кафелерден тамақ ішіп күнде біз, 

Курорттарда дем алмадық бірге біз. 

Қос жүректе бір ылтифат жатты үдеп,

Сондықтан да бұзылмады іргеміз! 

Мінезімді мәйін әрі бірбеткей, 

Ұқпайтындар от тастаса үрлеп кей, 

Сыр алдырып қабағыңды шытпадың, 

Сезіміңді ұстадың, сен, кірлетпей! 

Жолын біліп бағалайтын келінді, 

Енең елге етеді ғой сені үлгі. 

Бұрымыңды бүлдірмедің бұйралап, 

Бүлдірмедің артық бояп ерінді! 

Барды иыққа іліп алып кешқұрым, 

Достардың да мезі етпедік ешбірін. 

...Біз баратын қызық алда, кеш алда, 

Аман болса, құдай берген бес құлын!

***

Біз ақ самалдай аңқылдаған ақынға сәттілік тіледік. Шабытыңыз шалқи берсін, Нұреке. Ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын!

   Құлтөлеу МҰҚАШ.

Құттықтау

Құрметті Нұрғали Сәкүнұлы!

Жетпіс жас – ардақты ағалықтың жасы. Сіз осынау асқаралы белеске жоғары кәсіби білік-парасат арқылы, кір шалмаған кісілік, зор адамгершілік қасиетіңізбен жеттіңіз. 

Сіз жас күніңізден-ақ руханият ісіне еркін араласып өстіңіз. Қай кезде де отаншыл азамат екеніңізді анық көрсетіп, тұтас ғұмырыңызда елдік мұраттарға адалдығыңызды әлі де айқындап келесіз.

Осынау мағыналы ғұмырыңыздың жетінші белесін шығармашылық толысу үстінде қарсы алып отырсыз. Оқырмандарыңыз Өзіңізден әлі талай шығарма күтеді.

Мерейтойыңыз құтты болсын! Отбасыңыз аман, деніңіз сау болсын! Сізге шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Құрметпен, республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы.

Ақын ағаға

Ұстазым Нұрғали Ибрайымға

Жүйріктігі ойының желге жақын,

Ақынменен қағады ел қанатын. 

Шардарадан кетіп ап шабыт қуып, 

Арқаланып Арқадан келген ақын.

Жүрегімде от лаулайды мына менің, 

Жайып салып едіңіз жыр әлемін.

Сіздей болса ұстазы бар баланың,

Шығарады ел ертең-ақ Құлагерін.

Жақсы жырдан жаныңыз азық күтті,

Жүрсіз елде сондықтан жазып мықты.

Айқайы мен ақшасы көп ағайын,

Түсінбейді-ау сіздегі нәзіктікті...

Қарағанды жерінде қалмадыңыз,

Ақындықпен Алматы бармадыңыз.

Таңдап жүріп Арқадан алғаныңыз, 

Қызылқұмды жерсінген жеңгей болды, 

Осыменен бітпесін арманыңыз...

Азды-көпті бәйгеден келгеміз де, 

Ерекше үміт артады

 ел де бізге.

Халық үшін жаралған жақсы ақынды

Жекешелеп алмасын жеңгеміз де...

Шағылмаңыз –

Шағылға сыр айтыңыз.

Шағаламен қиялды тыңайтыңыз, 

Ғашықтарды өлеңмен мұңайтыңыз...

Қызуыңыз басылмас қызыл қуар

Қызылқұмда ішсеңіз бір ай қымыз...

Ақындық күй ауылда жүріп кешкен,

Сіздей жанды демейді ел шығыпты естен...

Күміс күмбез соғыңыз Жыр жолынан,

Қамал бұзар қуат ап қырық бестен!..

Қазыбек ИСА.

2000 жыл