Әлия Іңкәрбек: «...СЕН БИЫЛ БАСПАҒАН АҚ ҚАРДЫ...»
2025 ж. 04 шілде
63
0

Әлия Іңкәрбек ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.
"ALpoetry" әдеби агенттігінің негізін қалаушы, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты.
"Тәңіртау", "Тасқын", "Сен менің мерекемсің" атты кітаптардың авторы.
60-тан астам өлеңі түрік тіліне тəржімаланып, қазақ-түрік ақындарының "Тəуелсіздік киесі" жинағына енген.
2024 жылы Парижде «Сен менің мерекемсің» жыр жинағының тұсауы кесілді.
ШАТТЫҚ
Тағы да таңы атты Сәуірдің,
Өткенім, ертеңім, бүгінім,
Көктемге ілескен ғұмырым.
Шаттыққа толғандай уысым,
Іңкәрім, шыққан Күн – туысым.
Арайлап атқан таң ардағым,
Мен бүгін күлуді таңдадым,
Өмірді сүруді таңдадым!
Жанымды ұғар деп бір адам,
Жылаған кезім көп, құлаған.
Өзімді іздедім мен сонда:
Кітаптан, ойлардан, дұғадан...
Тағы да таңы атты Әлемнің,
Бақытқа мәні жоқ дәлелдің.
Жер болып айналғам өзіңді,
Мәңгілік іңкәрім
– Сәлем, Күн!
Мен өзің жайында:
Тек жақсы сөз айттым бәріне,
Әлемге, Ұлыңа, Аспанға.
Жаза алмай келемін әлі де,
Мейірім туралы дастан да,
Ізгілік туралы тастарға –
Жазар ем, жазар ем, емі де
табылмас, дертімді бұрынғы.
Жетектеп төрттегі Ұлымды,
О, сонда оралсам өткенге,
Құрап ап бақытты шақтарды,
Сен биыл баспаған ақ қарды,
Сен биыл бермеген гүлдерді,
Кешер ем. Дүние түрленді!
Мен өзің жайында:
Естідім естелік-лебізді,
Естідім сөздерді ең ізгі...
ЖОҚТАУ
Жаным ауырады,
Жүрегім жылайды!
Өзіңсіз тағы да түгесіп бір айды.
Бос қалған үстелің "қайда" деп сұрайды,
Қаңырап көңілім "НЕГЕ" деп сұрайды...
Басылмас өксігім,
Жүзім тек күледі!
Күрсінген күні-түн кеудем бұл Мұң елі.
Өртеніп көргендер біледі –
Жүректің орнында күл еді...
ЗЫНДАН
Қиын дегенің бұйым ба?
Ауыр дегенің – тым жеңіл.
Қат-қабат менің миымда
Елесің кезіп күнде жүр...
Сөйлейсің Ғарыш тілінде,
Дейсің бе мені ұғар шын.
"Кетті деп кегім Бүгінге,
Ертеңге" жеткен шығарсың.
Жап-жарық деген түнекке,
Итердің, "Өмір" аты оның.
Білсең ғой, сенсіз Жүрекке –
Балың да заһар екенін.
Жарықтың жылдамдығына,
Жеткен бе пенде, Құдірет...
Қалдырмай зындан мұңыма,
Құтқаршы мені, бір рет!
АЛТЫ АЙ
Алты ай өтті – алты күндей, ардағым,
Бес күн жалған қияр кімге бар бағын?
Ауырсынған ақиқаттын салмағын,
Өзімді емес, жүрегімді алдадым.
Алты ай өтті,
күбірледім ішімнен,
Содан бері жан жоқ мені түсінген...
Үнсіздіктің бұзар едім қамалын,
Лебізіңді бір тыңдауым үшін мен!
Алты ай өтті, сағыныштың не екенін,
Айта да алмай өкініште кетермін.
Мәңгі өмірде күлімдеген бейнеңді,
Іздей-іздей бұл фәниден өтермін.
МЕНІҢ ДРАМАМ
..маған оңай деймісің?
Күн батарда түсірем көңілімнің пердесін,
Қайта келмес сәттерді көкжиектен көремін.
Мына жалған сиқырлы күлкісімен жеңбесін,
Саған ғана мен бүгін шынымды айтсам деп едім –
Сыздағанын жүрегім,
Мұздағанын жырымның.
Түзу жолмен жүр едім,
Суық сөзден сүріндім.
Құламадым, алайда,
Құлатқан жоқ, Тәңірім.
Күнмен келген арайдан,
Болмысымды таныдым.
Тапаншасын бұл Тағдыр тақағанда тосыннан,
Ұрланып кеп артымнан дыбысын еш шығармай...
Мен де сендей тосылғам –
Жылай да алмай, күле алмай!
Жалғасады дүрмек бұл,
Қонар басқа тағы бақ.
Маған өмір сүр деп жүр,
Өлеңдерім жамырап!
Өкінішке жолдаспын, құрбысымын Үміттің,
Сәттік көңіл-күйіме сеніп қалдың сен несін?
...Маған оңай деймісің шыққан кезде күліп күн,
Түк болмаған секілді ашу көңіл пердесін??!
ӨМІР
Баянындай бақытты ертегінің,
Өмір, сенің ұнайды келтелігің.
Домбырадай көңілді бұрап қойып,
Қандай жақсы, болғаны шертерімнің!
Өмір, сенің ұнайды асаулығың,
Тасығанның көзіне жас алдырдың.
Жалғанмын мен, шүкір ет,-дейсің жиі,
Бəрі өтірік болса да рас-ау мұның.
Өмір, сенің ұнайды мың бояуың,
Табиғаттан үніңді тыңдағанмын.
Аяйтын да шығарсың, бəлкім, мені,
Ал мен болсам, айтылмас сырды аядым.
Өмір, мазаңды алмаймын күнде сенің,
Арманым Айға мəлім, түнге − шерім.
Мен де саған ұнаймын! Білем оны –
Ұнамасам жер басып жүрмес едім.
ҮРЕЙ
Жүрегімді тыңдашы сен өзі
шын –
бас бермейтін асаудай,
өзімді алып қашардай,
Сенемісің?!
Жүрегімді тыңдашы... зымырандай,
Мен осылай жүрем бе тыныға алмай?
Тасқынына жанымның төтеп беріп,
Түннен аман шығам ба, бүгін Алла-ай?!
Жүрегімді тыңдашы, мен тыңдадым,
Онда менің айнымас сертім барын.
Өзімді-өзім жүргенде жоғалтып ап,
Көріндің де көзіме, еркімді алдың.
Жүрегімді тыңдашы, мұңды менің,
Туласын деп мен оған түнді бердім.
Білмейсің ғой, сəт сайын қорқам, күнім,
Соқпай қалар секілді бұл жүрегім!
ЖАҢА ЖЫЛ
«Жаңа жыл күзден басталу керек,қалай да,
...Ал неге күзден басталу керек?
Білмеймін.»
Есенғали Раушанов
Мен үшін күзден басталып қойған,
Күтпеймін оны қаңтарда.
Жаныма бақта тасталып ойран,
Жаңа адам болдым сол таңда.
Күз келсе мұңлы атырапқа кеп,
Жалғыздық жылап жатпайды.
Былтырдан қалған жапырақ та жоқ,
Таппайсың күзгі бақты әйгі.
Күзден кейінгі жауатын аппақ,
Ұлпаның түсін өзің көр.
Көгершінге ұқсап қанатын қақпақ,
Бір ғажап жаңа сезімдер.
Алдандым-ау деп өзімді сөгем,
Арбады мезгіл деп кейде.
Гүл жұпарының өзі бір Өлең!
Күзді өткермесе көктей ме?
Тәтті тілекпен тасталу керек,
Таяқ жеткен жер – тағдырым.
Жаңа жыл күзден басталу керек,
Күзбенен бітіп барлығы!
МӘСКЕУДЕН ХАТ
Ләйләнің сөзі
Ғазалды ғазиз ғұмырдың,
Тұмасы болдым тап-таза.
Жұпарын сездім жырыңның,
Оқымасам да жастана.
Дәуір мен ғасыр тартысты,
Неше жыл мені жыр еттің?!
Мәскеуде соқты жартысы,
Сендегі сырбаз жүректің.
Жырыңды сүйем, Өзіңді,
Жалғанға жанын жықпаған.
Көзіңе, тұнған сезімді,
Айыбым шығар ұқпаған.
Жоқ еді түк те бүлінген,
Қарамап едім асқақ тым.
Ғарышқа кеткен күніңнен,
Өмірден мен де бас тарттым.
Жұматай-жүрек лүпілі,
Естілді маған шалғайдан.
Тәңірдің осы үкімі,
Кім асар дейсің маңдайдан...
Сабылған сағым санамда,
Тонады көптен күлкімді Ой.
Жар салмай жарты ғаламға,
Үнсіз сүюім мүмкін ғой!
ЖОЛДА
Сезімді көрдім –
бұлбұл боп бақта сайраған,
Төзімді көрдім –
сабырға арқан байлаған.
Не көрмейді адам, көңіл көзімен қараса,
Жүрегім менен жанымды көрдім айнадан.
Уақытты көрдім –
жылдарға еріп әрі ұшқан,
Бақытты көрдім –
балалығыммен жарысқан.
Аялдай тұршы,
дәл осы жерде мен кеше,
Тағдырдың талай тосқауылымен танысқам.
Жақынды көрдім –
тамшы болса да тасыған,
Ақынды көрдім –
дерт еміп өскен жасынан.
Мен бұл ғаламнан Өлеңді көргім келеді,
Сол үшін бәрін бастасам ба екен басынан ?!.
Әлия Іңкәрбек,
Қазақ үні