Түркияда Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романының тұсаукесер рәсімі өтті
2025 ж. 29 мамыр
736
0

Түркі тарихы және мәдениеті қоры «TURKTAV» атынан, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен, Түркия Республикасының Президенттік кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің және «Mecenat.kz» романдар жүлдесінің иегері Сәуле Мағазбекқызы Досжанның түрік тіліне аударылған «Өмір бәйтерегі» романының тұсаукесер рәсімі 2025 жылғы 27 мамырда Түркия Республикасының Президенттік кітапханасында өтті. Іс- шараға Түркиядағы зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің өкілдері және де басқа елдердің дипломаттары қатысты.
Қазіргі қазақ әдебиетінде оқырманға терең ой салып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалар сирек кездеседі. Осындай ерекше туындылардың бірі – белгілі жазушы Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы. Бұл шығарма қазақ халқының рухани дүниетанымы мен тарихи жадын сақтай отырып, бүгінгі қоғамның шынайы келбетін көркем тілмен бейнелеген.
Роман – тек бір адамның өмірін суреттейтін жеке тағдырдың тарихы ғана емес, бүкіл қоғамның айнасы іспетті кең тынысты туынды. Мұнда ұлттық дәстүр мен қазіргі заманның құндылықтары, салт пен сана арасындағы қақтығыстар шынайы бейнеленеді. Басты кейіпкердің өмір жолы арқылы автор отбасы институтының маңыздылығын, ата-баба дәстүрін сақтау қажеттілігін және рухани тамырдан ажырамаудың мәнін көрсетеді. Қазақ қоғамында жеті ата ұғымының ерекше орны бар екені белгілі. Бұл шығармада осы дәстүр кейіпкердің тағдырымен сабақтасып, әлеуметтік мәселелермен қатар өріледі. Бүгінгі қоғамдағы тұлғаның өзін-өзі табуы, генеалогия мәселесі мен адамның өз тегін білуі – романның басты арқауы.
Сәуле Досжан романда кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне терең бойлай отырып, олардың сезімдері мен ой-толғаныстарын шынайы жеткізген. Басты кейіпкер Нұржанның тағдыры арқылы автор қазақ қоғамындағы белгілі бір әлеуметтік мәселелерді көтереді. Оның жеке басының трагедиясы, өмірдегі күресі, қоғамдағы көзқарастармен бетпе-бет келуі – бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі. Қазақ әдебиетінде жетімдік, жалғыздық, тектілік мәселелері бұрыннан бар болғанымен, «Өмір бәйтерегі» бұл мәселелерге жаңа қырынан қарайды. Бүгінгі қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістерін сипаттай отырып, автор әр кейіпкердің ішкі жан айқайын оқырманға сезіндіреді.
Роман көркемдік тілінің шұрайлылығымен, образдарының тереңдігімен ерекшеленеді. Жазушы әрбір оқиғаны бейнелеп қана қоймай, оны оқырманның санасында жаңғыртып, терең ой салатындай етіп жеткізеді. Қазақ әдеби тілінің байлығын пайдалана отырып, автор әрбір кейіпкердің мінез-құлқын, ішкі сезімдерін нанымды суреттейді. Сюжет желісі шынайылығымен ерекшеленеді. Романның композициясы оқырманды басынан бастап соңына дейін жетелеп, әрбір оқиғаға терең бойлататын сипатқа ие. Әрбір деталь ойластырылған, әрбір эпизодтың өзіндік мағынасы бар.
Сәуле Досжанның бұл романы тек қазақ оқырмандары үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды туынды. Бұл шығарма – ортақ мәдениетіміздің айнасы, рухани құндылықтарымыздың көрінісі.
Кітап тұсакесерінде Түркия Республикасының кітапхана қорына
қазақ ақыны, филолог және қоғамдық қайраткер Олжас Сүлейменовтың ұйтқысымен құрылған UNESCO қамқорлығындағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» кітап сыйға тартты.
Орталықтың басшысы Профессор Муналбаева Үмітхан Дәуренбекқызы
кітаптар арасында Олжас Сүлейменовтың «АЗ и Я» еңбегінің бар екенін және 50 жылдығына орай осы кітаптың түркі әлемінің рухани тұтастығына, мәдени дербестігіне және зиялы еркін ойлауына апаратын жолдардың бірі екенін айтты.