АЛАШ ЖҰРТЫ АЛДАСПАН АҚЫНЫМЕН ҚОШТАСТЫ
2025 ж. 20 мамыр
81
0

2025 жылы 12 мамырда Алматыда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Темірхан Медетбекті қалың жұрт ақтық сапарға арулап шығарып салды.
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен қаралы митингке жұрт толып кетті.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
Жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен Темірхан Медетбектің қазақ әдебиетіндегі біртуар тұлға екенін атап айтып, ақын өміріндегі айрықша сәттерге тоқталды.
«Темірхан Медетбек – бүтін қазақтың жүрегіне жол тапқан, поэзияны рухани биікке көтерген, алаш рухын ардақтаған ақтаңгер ақын еді» – деп, еске алды.
Ақын Темірхан Медетбек туралы Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке:
«Темірханның түркі дүниесіне арнаған жырлары – қазақ сөз өнерінің шыңы. Ол күллі ғұмырын туған халқының мұраты мен рухын жырлауға арнаған асыл азамат еді» – деп толғанды.
Қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тынымбай Нұрмағамбет Темірхан Медетбектің Көк түріктер сарыны алдағы ғасырларда да ұлт рухын көтере беретінін атап айтты.
Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай: «Ол жұтаған рухтың түбіне үңілді, көк түріктер дәуірінен бастап бүгінгі қазаққа дейінгі асыл мұраны жырға қосып, халықтың тарихи жадын оятты» – деп жоғары баға берді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбай: «Темірхан – қазақ поэзиясына жаңа леп, соны сүрлеу әкелген санаулы ақындардың бірі. Оның жырларында ұлттық болмыс пен заман үні қатар өрілді» – деді.
Темкең ақ жол тілеп, ақ батасын беріп, «Алтынкөпірліктер» деп атаған толқынның басында жүрген белгілі ақын Маралтай Райымбек ақын рухына арнаған айшықты жырын толғана оқыды.
Темірхан ақынның туыстары атынан мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш қайғыларына ортақтасып, көғіл айтып жатқан мемлекет басшысына, Парламент Сенаты мен Мәжілісі төрағаларына, Үкімет басшысына рахмет айтты. Ақын әруағын ардақтап жатқан қалың қауымға алғыс білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағы ғимараты алдындағы алаңда марқұмның жаназасы оқылды. Жаназаға тұрғандар алаңға толып тұрды. Жаназаны белгілі имам Асылхан шығарды.
Темірхан Медетбек «Кеңсай-2» зиратынан жай тапты.
Алматыдағы Қабылдау үйінде ақынның әруағына арналып берілген аста ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаевтың көңіл айтуын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен оқып берді.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтың жеделхатын
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса оқып берді.
«Темірхан Медетбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнап, жалынды жырларымен, өрнегі ерекше өршіл өлеңдерімен қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған Алаштың айтулы ақыны еді. Бағзыдағы бабалардан бастау алған Көк түріктер сарынын қайта жаңғыртып, ұлттық поэзияға соны құбылыс әкелді, асқақ рух дарытты» – деп жоғары бағалады Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар Қазыбек Иса Темірхан ақындай біртуар тұлға туралы өз ойын білдіріп, елге көңіл айтты. «Темірхан туралы нағыз сөз енді басталады…
Темірхан дәуірі басталады.
Көк түріктердің көк семсері, Қазақтың алдаспан ақыны қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді!» – деп, тереңнен толғады.
Содан кейін ҚР Мәдениет министрі мен ақынның туған жері Түркістан облысы әкімінің, Алматы қаласы әкімінің, Атырау, Абай облыстары әкімдерінің, Түркістан облыстық мәслихат төрағасының жеделхаттары оқылды.
«Тасқа тамыр бітіру, темірге жан бітіру – бұл Құдіреттің ғана қолынан келеді. Ал сондай Құдіретті өнер иесі – Темірхан Медетбек. Сол себепті мен оны Құдіретті ақын деп айтамын. Темірхан ағамыздың өмірден өтуі – бір үлкен мектептің, бір дәуірдің аяқталғаны сияқты. Бірақ шынайы қарасақ, сол мектептің шәкірттері бар, сол дәуірдің оқырмандары бар. Сондықтан бұл рухани жол, бұл әдеби бағыт өз жалғасын табатынына мен сенемін» – деді Түркі мемлекеттері Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.
Түркістан облысы Ақсақалдар кеңесі төрағасы, еңбек ардагері, ел ағасы, ақынның туыс ағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы,
белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман, нұртастанушы ғалым Гүлсім Оразалиева, туыс інісі Еркебұлан Марғұлан және ақынның жары Шолпан жеңгей сөз сөйледі.
Темірхан Медетбектің қырық күндігі Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 15 маусымда, осы Қабылдау үйінде өтетін болды.
Ақтаңгер ақынның ардақты аты қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
qazaquni.kz
Соңына әдеби бай мұра қалдырды
Темірхан Медетбек ғибратты ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, төл әдебиетіміз бен өнеріміздің жанашыры болған тегеурінді ақын еді. Көне түркі сарынын жаңғыртқан рухты шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнегелі өмір сүрді. Соңына әдеби бай мұра қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті
ҰЛТТЫҚ ПОЭЗИЯҒА ҚҰБЫЛЫС ӘКЕЛГЕН АҚЫН ЕДІ…
Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған туыстарының орны толмас ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Темірхан Медетбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнап, жалынды жырларымен, өрнегі ерекше өршіл өлеңдерімен қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған Алаштың айтулы ақыны еді. Бағзыдағы бабалардан бастау алған Көк түріктер сарынын қайта жаңғыртып, ұлттық поэзияға соны құбылыс әкелді, асқақ рух дарытты.
Сонымен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласып, халықтың үнін, азаматтық ұстанымын жеткізуде табандылық танытты.
Соңына мол әдеби мұра, өшпес өнеге қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Ерлан ҚОШАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы
Ұлт руханиятының дамуына сүбелі үлес қосты
Қазақ әдебиетінің тағы бір бәйтерегі құлады. Халық жазушысы, көрнекті қаламгер, алаш жырының алдаспанына айналған Темірхан Медетбек ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды.
Барша қазақ еліне, ақынның ағайын-туыстары мен отбасына қайғыра көңіл айтамын.
Темірхан Медетбек — өз заманының азаматтық үнін жеткізген, ұлттық болмыс пен тарихтың жарқын жыршысы бола білген үлкен жүректі ақын еді. Оның поэзиясы елдік пен ерлік рухын биікке көтеріп, ар мен намыс, ел мен жер туралы өршіл ой-толғамдарымен ұрпақ санасына терең сіңді.
Темірхан ағамыз отты әрі асқақ жырларымен көк түріктер сарын қайта жаңғыртып, қазақ әдебиетін жаңа биікке көтерді. Кейінгі буын жастарға жылы сөзін айтып, ұдайы қолдау білдірді. Соңында өшпес ізін, соны қолтаңбасын қалдырды. Сексеннің сеңгірінен асып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр сүрді.
Ұлт руханиятының дамуына сүбелі үлес қосып, еселі еңбек еткен қаламгердің жарқын бейнесі жұртшылықтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.
Қош болыңыз, Темірхан аға!
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын! Алла рақымына алсын. Рухыңыз шат болғай!
Аида Балаева
ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі
Өскелең ұрпақ елді сүюде Темірханнан үлгі алады
Ол қазақтың бүкіл өмірін жырлап өткен, бойындағы талантын, ақыл, білімін қазақ үшін сарп еткен қимас, сыйлас ініміз еді. Ол талантты, білімді ақын ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы – кең жүректі адам болатын, азамат болатын. Темірхан ел-жұртын құр сөзбен, өлең жолдарымен емес, жан-тәнімен жақсы көрді.
Оның «Көк түріктер сарыны» – Йоллығтегіннің өзінен кейінгі түркі поэзиясының жігерлі жырлары еді. Ол «Көк түріктер сарыны» арқылы кейінгі ұрпақты өткен тарихын құрмет тұтуға, тегін білуге, сол жолды лайықты жалғастыруға шақырды. Темірхан күллі ғұмырын туған халқының мұраты мен рухын жырлауға арнаған асыл азамат еді. Болашақ ұрпақ елді, жерді сүюде Темірханнан мәңгілік үлгі алады деп ойлаймын.
Бексұлтан Нұржекеұлы,
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Ең бақытты ақын
Темірхан өзінің күреспен, айқаспен өткен, махаббатпен, сезіммен өткен сексен жылдық ғұмырына бүгін нүкте қойды. Ол шын мәнінде шаршады. Дәрігер «жүрегіне көп салмақ түскен» деп дұрыс айтады. Ол жүрегін дем алдыру үшін өзінің өмірін қиды деп есептеуге болады. Темірханның өмірі күрес, сәтсіздермен, айқастармен басталып, әрі қарай саналы ғұмырға ұласты. Жақсы қызметтер істеді, елдің аузына ілікті, алдында жүрді, халық пен билік тарапынан да бағаланды. Оның өмірінде небір сәтсіздіктер болды. Бірақ, соның бәрі оны тәрбиеледі, өсірді, жеткізді. Қай жағынан алып қарағанда да, Темірхан – бақытты ақын. Қош бол, Темірхан досым!
Тынымбай Нұрмағанбет,
жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Шырқау биіктегі аспани шайыр еді
Темірхан Медетбектің топырағы Түркістан болғанымен, табиғаты Маңғыстау еді. Ол телегей теңіз-талант Төлеген Айбергенов жырлаған құмды мұнараларға барып, Жаңаөзеннің, Жетібайдың даласында маңдай терін төгіп еңбек етті. Сол жерде жүріп ол жұмысшы, өндіріс тақырыптарындағы алғашқы өлеңдерін жариялады. Сөйтіп, ол қазақ поэзиясына жаңа леп, соны сүрлеу әкелген санаулы ақындардың біріне айналды. Оның жырларында ұлттық болмыс пен заман үні қатар өріліп отырды. Ұтырлы сөздің, ұшқыр ойдың адамы болған оның тұлға болып қалыптасуына, мінезінің, болмыс-бітімінің жаңаша сипат алуына Маңғыстау үлкен әсер етті.
Оның Маңғыстауда, облыстың газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргенде жазған өлеңдерінен кейінгі «Көк түріктер сарынының» алғашқы нышандары байқалатын. Күлтегіннің тасының көшірмесі Астанаға әкелінгенде бүкіл қазақ «Көк Түріктің көзі келді» деп шын қуанды. Ал Темірхан Көк Түріктің сөзін алып келіп еді. Ортеке ойнатқан атақты Өскінбайдың баласы, жыршы Мұрат Темірханның өлеңдерін тыңдап «Сен аспани ақын екенсің» деп баға беріпті. Темірхан сол «аспани биігінен» өмір бойы түскен жоқ.
Өтеген Оралбайұлы,
ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Елінің тарихи рухын жаңғыртты
«Алладан шыныменен жарлық келсе. Жұлдыз да жерге түсер аспандағы» деп Шал ақын бекер айтпаған. Бүгін осы сөздің растығына амалсыз иланып отырмыз.
Біз Темкеңмен сырлас болмасақ та, сыйлас едік. Өйткені, ол да, мен де соғыстан кейін туған ұрпақтың басы едік. Соғыстан кейін туған ұрпақ 60-жылдары етек-жеңін жинап, ес жиған кезде ашаршылықтан, небір зұлматтан аман-есен шықса да әбден еңсесі езілген елді көрді. 60-жылдары әдебиетке қосылған Темірхан бастаған ұрпақтың басты мақсаты осы еңсесі түскен халықтың рухын ояту, жоғын түгендеу болатын. Сондықтан да ол жұтаған рухтың тереңіне үңілді де, көк түріктер заманына сүңгіп кетті. «Көк түріктер сарыны» арқылы ол халықтың тарихи жадын оятты, күндей күркіреп өткен көк түріктердің рухына тағзым етті. Қош бол, Темке! Алдыңнан жеті тозақ жабылып, сегіз пейіш ашылғай!
Смағұл Елубай,
Қазақстанның Халық жазушысы
Барған сайын даңқы озып, абыройы арта береді
Темірханмен қатар өстік, бірге қаламдас, армандас, қызметтес болдық. Жасымыз да, басымыз да бөлінген жоқ, ойнап күлдік, еркін жүрдік. Оның керемет күлкісі болатын, ол күлгенде бәрін ұмытып кететінбіз.
Ақынның бір жырында «Аспанның шаңын шығарып» деген образ бар, мұны қатарымызда ешкім айтқан жоқ. Сондай-сондай образды өлеңдер Темірханда көп болды. Сонымен ол ерекшеленіп, ортамызда дараланып тұрды.
Бір уақыттарда біршама жыл Маңғыстау сапарына барып, сол жақтан қайта түлеп, мүлде басқа Темірхан болып оралды. Алматыда жүре бергенде бір қалпында, бір арнада бұрнағыдай жүре берер ме еді, батыс сапары оған ерекше әсер етті. Онан соң Әбіш пен Фаризалар Темірханның шығармашылық жолын қадағалап отырып, қолынан келген көмекті аяған жоқ. Өзі Түркістанда туса да, оны көбі батыста туды деп шатастыратын. Өйткені өзі де Атыраудай шалқып, қалқып ерекше өмір сүрді.
Атың Темір,
Қатты тисе есінен тандыратын еді,
Сөзің көмір – Жүректі жандыратын еді.
Атақ-даңқтың шаппай бер иесі болған,
Саған баяғы көк түріктің киесі қонған...
Сен өлген жоқсың, Темірхан! Барған сайын даңқың ғасырларға озып, абыройың арта береді. Өзің де, сөзің де ірі болды. Аяғың жерде, төбең көк тіреген көк түріктің бірі ретінде танылдың. Тәңір сені төбесіне тұтсын, Темірхан! Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын!
Серік Тұрғынбекұлы,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Аты қазақ поэзиясында мәңгі сақталады
Темірхан ағамызды соңғы сапарға шығарып салып тұрған сәтте бүкіл ағайын-туыстың, бала-шағаларының барлығының атынан Президентімізден бастап, Үкімет басшыларына, Сенат, Мәжіліс төрағаларына, бүкіл халыққа ризашылығымызды білдіреміз.
Темкең киелі Түркістан өңірінде дүниеге келіп, қастерлі топырақтан нәр алып, бойына ең ізгі қасиеттерді дарыта білді. Кейінгі жиырма бес жылда Маңғыстау өңірінде өмір сүріп, жоғары деңгейден көрініп, керемет өлеңдер жазып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сондықтан біз осы ағамызды тәрбиелеген, шыңдаған, Маңғыстау халқына алғыс айтамыз.
Бағаналы бері Темірхан Медетбекті қазақ поэзиясына көк түріктер сарынын әкелгенін тілге тиек етіп жатсыздар. Мен инженер ретінде: Исаак Ньютон механиканың заңын ашса, Эйнштейн салыстырмалы теориясын дамытты. Осы сияқты табиғаттың заңдарын ашқан ғалымдар өте көп. Ол адамдар адамзат тарихында мәңгі болып қалды. Біздің Темірхан ағаның да аты қазақ поэзиясынан өмірі өшпейді. Өйткені ол дүниежүзіне ғылыми жаңалық әкелген ғалымдар сияқты адамзатқа жаңа бір бағыт алып келген ұлы адамдардың бірі. Ағамыз осындай үлкен азамат ретінде өмірге келді, солай өмірден өтті. Ағамыздың жырлары арқылы жас ұрпақты патриоттыққа, еліне деген сүйіспеншілікке мықты азаматтар болуға тәрбиелейтіні анық. Ағамыздың жаңа ғұмыры енді басталғалы отыр. Енді тілейтініміз жатқан жері жәннаттан болсын. Бала-шағасының ғұмыр-жасы ұзақ болсын!
Ислам ӘБІШ,
мемлекет және қоғам қайраткері
Көкжалдардың алдындағы Көк бөрі!..
Бұл қазақта айтылған ғой сөз неше,
Бұлтартпайтын мергендерім көздесе.
Медетімен демеп жүрер рухымды,
Медетбектің Темірханы өзгеше.
Қарымы да, жалыны да бір жосын,
Дабылына түмен ерген бір қосын.
Шатағын көп естімедік, алайда,
Атағынан ат үріккендей үркесің.
Жүрер, тұрар алшайып та талтайып,
Шамырқанар шалқайғанға шалқайып.
Қара тасты қақыратар қайратқа
Қараймыз-ау таң қалып та, марқайып.
Қара жерді тітіреткен сілкінсе,
Көкте күнді күркіреткен күрсінсе,
Көк түріктің жаңғырығы ол,
Бұлттарды бұлқан қылған,
Тауларды талқан қылған
Қақақулап бір күлсе.
Болмас әсте жалпаңы да, жалтаңы,
Болмысында – болат сауыт, қалқаны.
Жылқы мінез жампоздардың ішінде
Темағам ғой, өр ағам ғой тарпаңы.
Қайшыласқан зарядтары кереғар,
Жай түсіріп, жан өзені кері ағар.
Қиындыққа мойымайды десек те,
Қиянатқа төзе алмасы және бар.
Жайшылықта бұл Темағам жайдары,
Қайшылықта бетке шығар айбары.
Түркістанның тек, киесі дарыған,
Тезге салған Маңғыстаудың майданы.
"Жаным - арым садағасы" деп еді,
Жамағаты ақынына сенеді.
Өйткені бұл Темағамдай тектілер
Ақиқаттың өлген күні өледі.
Шындықтан ол шықпас әсте шеткері,
Өтірікке өлмес, сірә, еттері.
Қазағымның қанындағы Көк түрік,
Көкжалдардың алдындағы Көк бөрі!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Аспанымда күн жаурады
Бұл жалғанан озды бәрі,
Жан тәніңді тоздырады.
Өмір соңы өзгермейді,
Ұлылар да көз жұмады.
Жылдар өтер шырмаудағы,
Қоймапты ажал ұрлауды әлі.
Көңілімнен жылу қашып,
Шуақ берген күн жаурады.
Сөзді әрледі шырай қашқан,
Көктүрікше құрай дастан.
Жанарымды жалға алғандай,
Ағыл-тегіл жылайды аспан.
Жыры қалды – сол астана,
Өлген жоқ ол ағаш дара.
Көздің жасын көрсетпеймін,
Бүгін маған жарасса да.
Бар құрметке ол лайықты,
Ешкім сүймес олай ұлтты.
Жан тапсырған сәтін оның
Естімеген болайықшы.
Адам түгіл құланға алаң,
Батыр туған тұран далам.
Шындығы бар ақыныңды
Шынжыр тұсап тұра алмаған.
Аузымызға тобаны алып,
Біз кетеміз домаланып.
О дүниеден бір хат келсе,
Ұйқасы бар болары анық.
Бекжан Әшірбай,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Есімі ешқашан ұмтылмайды
Темірхан Медетбек ерекше дарынды адам еді. Одан бөлек тау-тұлғаның мейірімшіл, көпшілдігі де елдің есінде. Аяулы ағаның әдебиетке сіңірген еңбегі мен біртуар ақындығы баршаға аян.
Ең алдымен, адамгершілігі мықты адам еді. Барлық дүниеге жаны ашып, әйтеуір болса екен деп тұратын ғажайып жан болатын. Бәріміз аяулы ағаны осы бір кіршіксіз көңілі үшін, кең жүректігі үшін жақсы көретінбіз. Ағамыз туралы көп жақсы әңгіме айтуға болады. Дегенмен, арда ақынның азаматтығын ерекше құрметтейміз. Жазушылар одағының хатшысы болып тұрғанда да, басқа қызметте жүргенде де әрқашан ар сөзінен аттаған жоқ, ақиқатынан айныған жоқ. Әдебиетке ешқандай бір жеке мүддесіз шынымен жаны ашитын, қай сәтте де өзінің азаматтық пікірін айта алды. Таланттарға қамқор, өнегесі көп, болмысы бөлек адам еді. Қай істің басына барса да жауапкершілікпен, азаматтық көзқараспен қарады. Кейінгі жастарға да жылы сөзін көп арнады. Аға буынның ақындық шеберлігі мен азаматтық келбетіне кейінгі буын – біз, әрдайым сүйсініп өттік. Темірхан ақын Маңғыстауда жүріп оқырманға кеңінен танылды. Сонда әдебиетсүйер жұрттың жапа-тармағай оқыған авторы Темірхан Медетбек болды. Өзіміз де шығармаларын оқып өстік. Ерекше сыйладық. Әрине, көз алдымызда жүрген аяулы жанды кім өлімге қисын? Қимаймыз. Десе де арда азаматтың уақыты келген екен. Қайталанбайтын талантты ақын, жаны ізгі адам еді. Ол кісінің есімін бар қазақ ұмытпайды.
Мейірхан Ақдәулетұлы,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты