АЛАШ ЖҰРТЫ АЛДАСПАН АҚЫНЫМЕН ҚОШТАСТЫ

АЛАШ ЖҰРТЫ АЛДАСПАН АҚЫНЫМЕН ҚОШТАСТЫ

2025 жылы 12 мамырда Алматыда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Темірхан Медетбекті қалың жұрт ақтық сапарға арулап шығарып салды.

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен қаралы митингке жұрт толып кетті. 

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен Темірхан Медетбектің қазақ әдебиетіндегі біртуар тұлға екенін атап айтып, ақын өміріндегі айрықша сәттерге тоқталды. 

«Темірхан Медетбек — бүтін қазақтың жүрегіне жол тапқан, поэзияны рухани биікке көтерген, алаш рухын ардақтаған ақтаңгер ақын еді», — деп, еске алды.

Ақын Темірхан Медетбек туралы Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке:

«Темірханның түркі дүниесіне арнаған жырлары — қазақ сөз өнерінің шыңы. Ол күллі ғұмырын туған халқының мұраты мен рухын жырлауға арнаған асыл азамат еді», — деп толғанды.

Қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тынымбай Нұрмағамбет Темірхан Медетбектің Көк түріктер сарыны алдағы ғасырларда да ұлт рухын көтере беретінін атап айтты.

Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай: «Ол жұтаған рухтың түбіне үңілді, көк түріктер дәуірінен бастап бүгінгі қазаққа дейінгі асыл мұраны жырға қосып, халықтың тарихи жадын оятты», — деп жоғары баға берді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбай: «Темірхан — қазақ поэзиясына жаңа леп, соны сүрлеу әкелген санаулы ақындардың бірі. Оның жырларында ұлттық болмыс пен заман үні қатар өрілді», — деді.

Темкең ақ жол тілеп, ақ батасын беріп, “Алтынкөпірліктер” деп атаған толқынның басында жүрген белгілі ақын Маралтай Райымбек ақын рухына арнаған айшықты жырын толғана оқыды.

Темірхан ақынның туыстары атынан мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш қайғыларына ортақтасып, көғіл айтып жатқан мемлекет басшысына, Парламент Сенаты мен Мәжілісі төрағаларына, үкімет басшысына рахмет айтты. Ақын әруағын ардақтап жатқан қалың қауымға алғыс білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағы ғимараты алдындағы алаңда марқұмның жаназасы оқылды. Жаназаға тұрғандар алаңға толып тұрды. Жаназаны белгілі имам Асылхан шығарды.

Темірхан Медетбек Кеңсай-2 зиратынан жай тапты.

Алматыдағы Қабылдау үйінде ақынның әруағына арналып берілген аста ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаевтың көңіл айтуын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен оқып берді.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтың жеделхатын 

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса оқып берді.

“Темірхан Медетбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнап, жалынды жырларымен, өрнегі ерекше өршіл өлеңдерімен қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған Алаштың айтулы ақыны еді. Бағзыдағы бабалардан бастау алған Көк түріктер сарынын қайта жаңғыртып, ұлттық поэзияға соны құбылыс әкелді, асқақ рух дарытты.”-деп жоғары бағалады Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар Қазыбек Иса Темірхан ақындай біртуар тұлға туралы өз ойын білдіріп, елге көңіл айтты. “Темірхан туралы нағыз сөз енді басталады…

Темірхан дәуірі басталады.

Көк түріктердің көк семсері, Қазақтың алдаспан ақыны қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді!”-деп, тереңнен толғады. 

Содан кейін ҚР Мәдениет министрі мен ақынның туған жері Түркістан облысы әкімінің, Алматы қаласы әкімінің, Атырау, Абай облыстары әкімдерінің, Түркістан облыстық мәслихат төрағасының жеделхаттары оқылды. 

«Тасқа тамыр бітіру, темірге жан бітіру — бұл Құдіреттің ғана қолынан келеді. Ал сондай Құдіретті өнер иесі — Темірхан Медетбек. Сол себепті мен оны Құдіретті ақын деп айтамын. Темірхан ағамыздың өмірден өтуі — бір үлкен мектептің, бір дәуірдің аяқталғаны сияқты. Бірақ шынайы қарасақ, сол мектептің шәкірттері бар, сол дәуірдің оқырмандары бар. Сондықтан бұл рухани жол, бұл әдеби бағыт өз жалғасын табатынына мен сенемін», – деді Түркі мемлекеттері Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.

Түркістан облысы Ақсақалдар кеңесі төрағасы, еңбек ардагері, ел ағасы, ақынның туыс ағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы,

белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман, нұртастанушы ғалым Гүлсім Оразалиева, туыс інісі Еркебұлан Марғұлан және ақынның жары Шолпан жеңгей сөз сөйледі.

Темірхан Медетбектің қырық күндігі Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 15 маусымда, осы Қабылдау үйінде өтетін болды.

Ақтаңгер ақынның ардақты аты қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.

ҚАЗАҚ ҮНІ

ҰЛТТЫҚ ПОЭЗИЯҒА ҚҰБЫЛЫС ӘКЕЛГЕН АҚЫН ЕДІ…

   Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған туыстарының орны толмас ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

   Темірхан Медетбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнап, жалынды жырларымен, өрнегі ерекше өршіл өлеңдерімен қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған Алаштың айтулы ақыны еді. Бағзыдағы бабалардан бастау алған Көк түріктер сарынын қайта жаңғыртып, ұлттық поэзияға соны құбылыс әкелді, асқақ рух дарытты. 

   Сонымен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласып, халықтың үнін, азаматтық ұстанымын жеткізуде табандылық танытты.

   Соңына мол әдеби мұра, өшпес өнеге қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

   Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын. 

 Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы