АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАН АҚЫНЫ ЕДІ…
2025 ж. 10 мамыр
254
0

Қазақ поэзиясының темірқазығына айналған Темірхан Медетбек көкеміз өмірден озыпты. Алла алдынан жарылқасын. Көк туын көтерген елімізге Көк түріктер сарынын қайта алып келген реформатор ақын еді. Өзі құрмет тұтып өткен алыптардың соңғы тұяғы еді…
Қамқорымыз болған еді…
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан күні сыртта жүріп, бара алмай, телефон арқылы сөйлесіп едік. Өзіне арнап жазған мақаламды оқып, қатты риза болғанын айтып, қуанып қалған еді… Үнемі хабарласып, қамқор болып жүретін еді. Елу жасымды ел тойлағанда ағаларым Мұқтар Шаханов, Дулат Исабеков, Көпен Әмірбектермен бірге шалғайдағы Шардараға арнайы ат басын тіреп барды. Қызылдың құмындағы “Қызылқұм” ауылындағы қарашаңырағымызда да болып, елдің құрметіне бөленіп, батасын берді.
Әдебиетте артынан ерген бүкіл талантты жастарға қамқор болды. Таланттарды тамыршыдай тап басады. Анау бір кезде әдебиетке тоқсаныншы жылдары, қиын кезеңде келген тегеурінді толқынға “Алтынкөпірліктер” деп ат қойып, айдар тағып, бір топ ақынның шығармашылығын зерттеп, ақ батасын бергені белгілі.
Өткен жылы мен мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түскенде, тақымын қысып, қатты қолдады. “Ақ маңдайың жарқырап алда келе жатырсың бауырым, күнделікті баспасөздің барлығын бақылап отырмын” деп, ақ жол тілеп отырған ағамыз кейін комиссия мүшесі ретінде әділетсіздікті көзімен көргенде, қатты ашуланып, қан қысымы көтеріліп кетіпті. Өзінің жақсы көретін ақын інісі Ғалым Жайлыбайға: “Мен мынадай әділетсіз комиссияға енді мүше бола алмаймын” деп кесіп айтыпты. Бұл да ақиқаттың алдаспаны атанған ағамыздың әділетсіздікке жаны төзбейтінінің бір белгісі еді…
Темірхан көкемді көрген сайын ағамыздың алпыс жасын тойлағанымыз еске түседі. Елулерге дейін Маңғыстаудың маң даласында маңғаз басып жүрген Темірхан көкеміз Алматыға кеш оралды. Ал Оңтүстік халқының көбісі Темірхан ақынды маңғыстаулық деп ойлайтын.
2005 жылы Темірхан Медетбек ағамыздың 60 жасқа толып жатқанын сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Ислам Әбіштің есіне салғанымызда, ол кісі бірден: “Иә, қаламгерлердің мерейтойларын өткізіп беріп жүрміз, қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің алпыстың асқарына шыққан мерейтойын алдымен неге елде тойламасқа? Мен өзім ұйымдастырамын бәрін, тойға дайындала беріңдер”-деді.
Сол жылы киелі Түркістанда Темірхан Медетбектің алпыс жасы дүрілдеп өтті. Алматы мен Астанадан бір топ әйгілі қаламгерлер арнайы бір вагон болып келді. Бұл мерейтой жігіт кезінде елден аттанып кеткен Темірхан ақынның Түркістанға түрік әлемінің тарлан ақыны болып оралған тойы болды!
Қазақтың алдаспан ақыны Темірхан Медетбек есімі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Отбасына, асыл жары Шолпан жеңгейге, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Ақынын ардақтаған Алаш жұртына көңіл айтамыз!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА
10 мамыр 2025 жыл
Сөзімнің соңында биыл Темірхан Медетбек ағамыз сексеннің сеңгіріне шыққан күні жазған арнаулы мақаламды қайта жариялап отырмын.
АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ
Қазақ поэзиясына Көк түріктер сарынын қайта әкеліп, дүбірлі өзгеріс жасаған классик ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек бүгін сексеннің сеңгіріне шықты.
Көптен ауырып жатқан ақынның сексен жасқа толған тойын Түркістандық жерлестері Алатаудың өрінде, Алматының төрінде атап өтпекші.
Темірхан Медетбектің шығармашылығын Көк түріктер сарынына дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. Тұтас Тұран тұлға тұтқан Көк түріктер дүбірін бастамай тұрып, оған дейінгі өзгеше қолтаңбасы да тек Темірханға тән тегеурінді еді.
Ал Күлтегіннің күмбірін, Тоныкөктің толғауын еске салардай Көк түріктер сарыны Темірханның түрі ғана емес, жыры да “Егеулі найза қолға алған” Ер Махамбетке келетінін дәлелдей түсті.
Темірхан Медетбектердің толқыны - Жұматай, Кеңшілік, Жарасқан, Жәркендер бастаған ақындар - соғыстан соң туғандар кілең өлеңде өздерінің өзгеше өрістерін ашқан дарындар еді. Бұларға қиыны - алдарында Қасым, Сырбай, Әбділда, Ізтай, Қуандықтардан кейін жарқырап шыққан алпысыншы жылдардың - алтын дәуірдің ақындары Мұқағали, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Жұмекен, Сағилар тұрды.
Темірхандардың толқынына алдарында асқақтап тұрған осы дарабоз ақындардан даралана білу оңай болған жоқ.
Темірхан Медетбек дегенде, ел ең алдымен ақиқаттың алдаспаны, шындық жыршысы деп біледі. Өйткені Темкең осы сексен жасына дейін жалған айтқан емес! Биліктің шотын шапқан емес! Қандай да бір қоғамдық-саяси оқиғаларда тек шындықты айтты. Биліктің әділетсіздіктерін ашық айыптады. Ойларына келгенін істеген отыз жылдық билікті ең көп сынаған қаламгер-қайраткердің бірегейі - Темірхан Медетбек!
Әр сөзінің қарымы атқан оқтай, жалыны жаққан оттай, арыны шапқан аттай терең де, кемел жырларымен ақиқаттың айбарын айшықтап, дәуір бейнесін бедерлей білді.
Темкең ел ішіндегі мәселелерге ғана емес, халықаралық жағдайларға да өз пікірін білдіріп те жүрді.
2014 жылы Алматыда Ұлттық кітапханада маған Қазақстанда тұңғыш рет 37 ел біріккен Ресей Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын Күз» орденін тапсыру салтанатында құттықтап сөйлеген Темірхан Медетбек көкем сөзінің соңын "Бізге Путиндік Ресей емес, Пушкиндік Ресей керек!"-деп, саңқылдап сөйледі.
Ол бұл сөзді халықаралық сыйлық тапсыруға келген Ресей жазушыларына қарата айтқан еді… Иә, бұл кезде Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталып, Қырымды басып алған кез еді…
Бір қызығы Есенин сыйлығын маған белгілі украин жазушысы, М.Шолоховтың әйгілі “Тынық Донын” украин тіліне аударған аудармашы, Ресей Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасы орынбасары Владимир Середин табыс етіп еді…
Темірхан Медетбек соңынан ерген кейінгі толқын қазақ ақындарына қамқор болып келеді. Өзіне ұнаған қазақтың дарынды ақындарына ағалық сөзін айтып, ақ батасын беріп, бағалап отырады. Тамыршыдай тап басады таланттарды. Анау бір жылы әдебиетке тоқсаныншы жылы, қиын кезеңде келген Әмірхан, Маралтай, Жарастардың толқынын “Алтынкөпірліктер” деп ат қойып, айдар тағып, бір топ ақынның шығармашылығын зерттеп, ақ батасын бергені белгілі.
Темірхан ағамыз менің поэзиям туралы да ақтарылып сөйлеп, ақжарма лебізін білдірді.
“Ғасырдың ғашықтық ғазалдары” атты мақаласында
“Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның туған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық. ...Ал оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманымыздың, ғасырдың ғашықтық ғазалдары десе де болғандай.”- деп, жоғары бағасын берді.
Темірхан ақынның сексен жасқа толған тойында Темірхан көкемнің туған жері киелі Түркістанда жүрміз. Алматыда өтетін тойдың хабарын кеш естіп қалғандықтан, алдын ала жоспарланып қойған “Ақ жол” партиясының іс-шарасымен оңтүстікке конференцияға келген бетіміз еді… Он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айында Арыстанбапқа түнеп, Әзірет Сұлтаннан тілеп жүрген жайымыз бар.
Бүгін Темірхан ағамызды сексен жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, осыдан он жыл бұрын 2015 жылы жемісті жетпіс жасқа толғанда арнаған жырымды жариялап отырмын.
ТЕМІРҚАЗЫҚ
Темірхан Медетбекке
Темір қанат кезінде,
Темір мінез танытып,
Түмен баптар мекені, Түркістаннан аттанған.
Текті, терең жырымен
Темірді де иіткен,
Темірхандай ақынмен,
Түгел түркі мақтанған.
Көк түріктер сарыны,
Күллі әлемге аттанған.
Көркем сандық ішінде,
Көп қазына сақталған…
Түркістаннан түлеген,
Пір Бекеттен тілеген.
Маң далалы Маңғыстау,
Маңғаз ұлын мадақтар,
Парқын білер сөздің ел,
Парасат жыр парақтар.
Балпаң басқан, маң басқан,
Балбал пішін батырдай. Шудаларын шаң басқан, Талайларға жолды ашқан,
Нарға лайық ақындай.
Атасын сөздің өлтірмей, Атыңа сөз келтірмей, Сермелген сайын қайралдың,
Семсерлі сөздің сертіндей!
Жеңіспен құрдас тарлан ең,
Жеңіске жеттің қаламмен.
Ту ұстар болдың бұл күнде,
Самсаған қолың желкілдей.
Қотара жұлдың тамырын, Қоғамның мынау дертін кей…
Өрісің әлем жауласын, Өлеңге біткен серпіндей!
Жанып тұрған жалынсың, Махамбеттің өртіндей!
Алатаудай ұранды, Алпамыстай жыр-әнді,
Әзіреттей құранды,
Әзіз елде тудың да,
Тұлға атандың бұл күнде,
Тік тұрғызған Тұранды!
Темір қанат кезіңде Түркістаннан аттандың.
Халқың тура айтқандай,
Ақындардың ішінде
Темірқазық боп қалдың!
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, С.Есенин атындағы Халықаралық сыйлық - “Алтын Күз” ордені иегері,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.
6 наурыз 2025 жыл