Айса Төленді. КҮШІК
2025 ж. 07 мамыр
244
0

(әңгіме)
— Ардақ! Бері шықшы! - сыртқы есіктен басын сұққан Әлидің дауысы көңілді естілді.
Ардақ илеп жатқан нанының бетін табақпен жаба салып, асыға есік алдына шыққанда Әли төрткөз көк сұр күшікті қағаз жәшікке салып жатыр екен:
— Бір айлық екен, Тәкең берді. Қасқыр иттің күшігі! Бір жарым айдан соң вакцина салдыру керек, - деді Ардаққа бір, күшікке бір қарап ыржиып.
— Қандай сүйкімді! - Ардақ еңкейіп келіп, күшіктің жонынан сипады. - Дірілдеп тұр ғой?!
— Қорқып тұр, жол бойы дірілдеп келді.
Байғұс-ай...
Тұмсығы мен құлағының ұшы сияға малып алғандай қап-қара, екі көзі мойылдай. Кісіге қарағаны қандай сүйкімді!
— Атын Құтпан деп қояйық, құтты күшік болсын, - деді Әли.
— Құтпан?… Жарайды, жақсы ат екен.
— Енесі ырылдап жолатпай, бауырынан әрең суырып алдық.
Қайтсін… - қыңсылаған күшікке қарап Ардақтың жүрегі шым етті.
Асқар жәшікті төңкеріп, бір жағына күшік сиятын тесік жасап, үйшік қып бергенімен, Құтпанның оған кіргісі жоқ. Итаяққа құйып берген сорпаны ішіп алып, қыңсылап, есікті аңдып отырды да қойды.
Кеш батқанша күшікті айналсоқтап қызықтап жүрген Ардақ жатарда Құтпанның түнде далада жалғыз қалғанын ойлап, мазасы кетті.
— Даланың шырағын жағып қойшы.
— Жақтым. Ертең ағаштан үйшік жасап беремін.
— Түнде қорқар ма екен…
— Қорықпайды.
— Жылап жатқан сияқты...
Әли мырс етті де, көрпесін қымтанып жатып қалды.
Құтпанның қыңсылаған дауысы ап-анық естіліп тұр, терезенің түбінде жүрген секілді. Ардақ күшігінен айырылған итті, бір сәтте жетім болып шыға келген күшікті ойлап, дөңбекши берді. «Күшігін сағынып енесі де құсаланып жатыр ма екен?» - деді ішінен. Осыны ойлап жатып ұйықтап кетіпті.
Түсінде үлкен қасқыр ит есіктің алдына келіп тұр екен, Ардаққа жасаураған, жалынышты көзбен қарайды. Құдды бір адамның көзі секілді. Бірте-бірте екі көзі үлкейіп, Ардаққа төніп келе жатты. Иттің өзі жоқ, екі көзі ғана қалған. Ардақтың аяқ-қолы қорғасындай ауырлап, қозғалуға шамасы келмей тұр. Әлгі екі көз маңайдағы дүниенің бәрін құйындай үйіріп жұтып, жақындап келеді, жақындаған сайын бұрынғысынан да зорайып өсіп келеді. Ардақты да жұтпақшы.
-- БісмілләҺир-рахманир-рахим... БісмілләҺир-рахманир-рахим...
Білетін сүрелерін оқымақшы болып еді, осыдан басқа ештеңе аузына түсер емес.
Көзін жұмып, бар даусымен айғайлағысы келгенімен, үні шықпады. Кенет құлағы шың етті де, біреу басынан сипап тұрғанын сезді. Қорқақтап барып көзін әрең ашып еді, қасында өзінің анасы мен бір кішкене сәби тұр екен. «Менің балам!» дейді бір дауыс жаңғырығып. Екеуі де бұған мейірлене жымияды. Көңілі жай тауып, бар қорқынышы сейіліп кеткендей. Тек бір сағыныш жүрегін тербеп, жанарынан жас моншақтайды. Балаға қарай ұмсынып, қолын созбақшы болып еді, қозғала алмады. Екеуі Ардақты бесікке бөлеп қойып, қос дауыста әлди айтып тұр екен. Жанының жарасы жазылғандай, әлдекімге алғыс айтып қуанып, қуаныштан жылап жатыр.
Ояна келсе көзінің жасы кестелі жастығын жуып кетіпті. Бас жағында тұрған дәрі құтысына бір қарады да, жастығын аударып, қайта жатты.
***
Осыдан төрт жыл бұрын алғаш ана атанғанда, ата-енесі Ардақтың көнбегеніне қоймай, сәбиді Әлидің ағасына бергізген. Он жыл бала көтермей келген абысыны кішкентайды құшағына ала салысымен өз баласындай жақсы көріп кеткеніне бір жағы қуанғанымен, бір жағы құлазып, қайтерін білмей жүруші еді. Ал, абысыны біраз уақыттан соң баланы бұдан қызғанатынды шығарды. Бастапқыда үлкен үйде бәрі бірге тұрып, сәбиін Ардақ өзі емізіп жүретін. Басқа уақытта құшағына қысып, емірене алмайтын бөпесін емізуге әкелгенде құшырлана иіскеп, әр тал кірпігіне дейін сүйсіне қарап, тамсанып, қанша құшақтаса да мауқы басылмайтын. Төсектің басында тықыршып тұрған абысыны бала ұйықтай салысымен қойынынан жұлып алғандай болып алып кеткенде тамағына тығылған өксіктің тығыны атылғандай, жастыққа бетін баса еңіреп қоя беруші еді.
Бәрін көріп, біліп жүрсе де үйдегілердің түк білмеген кейіп танытатыны Ардақты есінен адастыра жаздайтын. Тіпті, Әли де бұған бір ауыз жылы сөз айтып, көңілін аулауға тырысқан емес. Ол өзі баланы жақсы көрмейтін секілді, иіскеп-сүйгенді қойып, қыл аяғы бетіне де қарамайтын.
Содан бастап жүрегінде Әлидің туыстарына деген зәредей жылылық қалған жоқ. Ал, Әлиге деген өкпе-реніші, ызасы ішінде қазандай қайнап жатса да, оның өзіне сыр бермеді.
Баласын алып кетіп қалғысы-ақ келеді. Әттең, барар жер, басар тауы жоқ. Әке-шешесі алыс ауылда. Оның үстіне анасы телефонмен: “Ағайын адам бір-біріне баласын беру қазақтың салты, онда тұрған ештеңе жоқ. Әлі жассың, Алла берсе тағы туасың. Оған бола ажырасам дегені несі? Елге не бетімді айтам? Әли ішімдік ішіп, ұрып-соғып жатса бір сөз. Жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Киімің бүтін, ақшаң бар. Өзіміз әрең жүргенде ондайыңды айтпа, қарағым, әкең естімесін,” - дегенде тауы шағылып, түңіліп кеткен. Жалғандағы жалғыз жанашырынан мұндай сөз есту ауыр тиді. Алайда, көнбеске шарасы жоқ еді.
Кеудесін құртша кемірген қайғысы үйреншікті жағдайға айналып, «ең болмаса көз алдымда жүр ғой, оған да шүкір» деп, тағдырына мойынұсына бастағанда қайынағасы мен абысынының басқа елге көшетінін естіп, төбесіне жай түскендей болды. Қанша жалынып-жалбарғанымен, оларды райынан қайтару мүмкін емес еді. Баласын шығарып салатын күні ата-енесі мен Әли Ардақты әуежайға да ертпей: «Босқа өзің де қиналасың, бізді де қинайсың», - деп үйге тастап кеткен. Одан кейінгі әр күні бітпейтін қорқынышты түс секілді өтіп жатты. «Осының бәрі түс боп шықсыншы, өтірік болсыншы...» - күні-түні тілейтін бар тілегі осы еді. Өз-өзіне қол салмақ та болды, бірақ, әттең, оған да күші жетпеді. Шарасыздықтың түпсіз терең шыңырауы үйіріп әкетіп бара жатқандай.
Біраз уақыттан соң осы жағдайына да бойы үйреніп, қолынан келер қайран жоғын мойындағандай болған. Күндіз-түні бөбегін ойлап, сүйкімді бейнесін көз алдына келтіріп, ойша аймалап, сүйіп, сонысын ғана медет тұтып, өз қасіретінің ішінде өзі қамалып қала берді.
Бір жыл бір ғасырдай сүйретіліп өтіп, әне-міне баласын алып қайынағалары қыдырып келеді деп күтіп жүргенде, баланың оқыс жағдайда мерт болғаны туралы хабар келді. Бұны естігенде ендігәрі жылауға да, қайғыруға да шамасы қалмаған. Құдды бір меңіреу, мылқау жандай мелшиіп отырды да қойды. Әли көз жасын тыя алмай еңкілдеп қоя бергенде, Ардақтың өлі аруақтай бозарып отырып алғаны туыс-туғанын әбден қорқытқан еді. “Енді адам болмайды-ау”,- деп күдер үзгендер де, “Обал болды-ау бейшараға”, - деп мүсіркегендер де болды.
Сол күннен бері Әли баласының тағдыры мен Ардақтың жағдайына өзін жазалы сезінетін. Тәуір деген дәрігер мен психологтың бірін қалдырмай апарып жүріп, әрең дегенде қайғысынан серпілткендей болған. Одан бері де екі жыл аунап өте шыққан екен.
Ардақ ол күндерді есіне алмауға тырысатын. Тек әредік-әредік түсінде бөпесін көріп, аласұрып оянатын да, дәрісін ішіп, қайта ұйықтайтын.
Ал, бүгін көптен бері алғаш рет түсінде қуанып, жаны тыныштық тапты. Осы түсін жалғастырып көргісі келіп, дәрі ішпей қайта ұйықтауға тырысқанымен, таң атқанша көз іле алған жоқ.
* * *
Біраз жылдан бері еш нәрсеге зауқы соқпай, әйтеуір шықпаған шыбын жанын бағып қана жүрген Ардақтың бар пейілі енді Құтпанға ауды. Келгеніне аз ғана уақыт болса да, осы үйдің қызығына айналған қасқыр иттің күшігі күндіз Ардаққа еркелеп асыр-салып ойнап, түн баласы ұйықтамай қыңсылап шығатын. Ардақ оны жыладыға жорып, кейде таң атқанша жанынан шықпайтын болып алды. Біресе үйге кіргізіп, біресе астына төсеніш салып далаға шығарып, әбден әуреге түсуші еді. Қалған-құтқан жуындыны да бергізбей, ет жегізіп, су беріп, әйтеу бір сылтау тауып, жанына қысқа күнде қырық баратын.
Әли іссапарға кеткен күндері түнде жанына алып жататынды шығарды. Әлидің мұны сезіп қалып, ұрысқанын құлағына да ілген жоқ. Құтпанның жәудіреп қарағаны, еркелеп ойнағаны Ардақтың жүрегінде ұйықтап қалған әлдебір сезімдерді түртіп оятқандай.
“Бұл да бір бөпе ғой, бөпе... Жәудіреген көзіңнен, сүйкімдім! - деп айналып-толғанады келіп. - Менің бөпем де сен сияқты, кіп-кішкене, сүйкімді еді...
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем...»
Қыстығып үнсіз ғана жылайды, неге екенін, дауысын шығарып, емен-еркін шерін тарқата алмайтын.
* * *
Қас қарая жұмысынан келген Әли есік алдында жайылған кірді жинап жүрген Ардаққа:
— Бүгін кетпейтін болдым, келесі аптаға қалды! - деді дауыстап.
Бүгін түнде іссапарға шығуы тиіс еді.
— Неге? - Ардақтың дауысы жарықшақтанып шықты.
— Бастықтың жоспары өзгеріп қалды аяқ астынан, - Әли осыны айтты да, үйге кіріп кетті.
Ардақтың көңілі құлазып, жанарына жас үйіріле берді. Құтпанды қойнына алып жатқанды әдет қылып алған, Әлидің іссапарларын асыға күтуші еді. Бүгін де соны ойлап алып-ұшып жүрген көңілі су сепкендей басылды.
Төсек салып, жатқалы жатқанда Ардақ кенет тоқтап, жерге қарап біраз үнсіз тұрды да:
— Құтпанды қасыма алып ұйықтаймын! - деді өктем дауыспен.
Әли телефонынан көз алмаған күйі:
— Қайдағыны айтпашы! - деп, жақтырмай қабағын түйді. Дауысы қатқыл шығып кетсе керек, Ардақ бірден шамданып шыға келді:
— Неге?! Саған не зияны бар? Неге осы үнемі маған қарсы шығасың?
Әли басын көтеріп:
— Денің сау ма сенің? - деп барып, кілт тоқтады. Бұл сөзі орынсыз екенін аңғарғандай. - Күндіз онсыз да қасынан шықпайсың, енді түнде қойныңа алып жатқаның артықтау ғой, мұсылман адам итті үйге кіргізе ме екен, - деді жұмсақтаған болып, бірақ, сонда да ашуын жасыра алмай.
Ардақ қызыл-ала халатын желбегей жамылып сыртқа шығып кетті де, сәлден соң Құтпанды көтеріп бөлмеге қайта кірді.
— Қойсаңшы, болды ғой енді, қырсықпай!
Ардақ күшікті қойнына алып, Әлиге арқасын беріп жатып қалды.
— Болмағанда жерге жатқызсаңшы, үсті-басы кір емес пе! – деген Әлидің сөзін құлағына ілген жоқ.
Құтпанды сипап жатып көзі ілініп кетіпті. Тағы түс көрді. Бұл жолы да анасы басынан сипап тұр екен, бірақ, қасында бала жоқ. «Менің балам қайда, мама, айтшы, қайда кетіп қалды?» дейді жаңғырыққан бір дауыс. Анасы басын шайқап жымияды да, сұқ саусағымен Ардақтың өзін нұсқайды. «Мама, айтшы, сөйлеші!» дейді әлгі дауыс айғайлап. Сөйтіп жатқанда Әлидің даусынан шошып оянды:
— Үй, әкеңңңнің! – деп біреуді сыбап жатыр. Басын көтеріп қарап еді, Құтпан ырылдап, Әлидің көрпесін тістеп жұлқылап жатыр екен. Әли ұйқылы-ояу атып тұрып, күшіктің шүйдесінен қысып ұстаған күйі барды да, есік алдына лақтырып кеп жіберді. Құтпан қаңқ ете түсті.
Ардақтың оған бірдеме деуге шамасы келмей, өзінің жалғыздығын, шарасыздығын ойлап күйіне түсті де, жылағаннан басқа қолдан келер амалы жоғына ызаланып, еңіреп қоя берді.
– Ыңырсымай жатшы-ей! - деп күңк еткен Әли түк болмағандай қайтадан ұйқыға басқан.
* * *
Тымық түн. Шегірткенің шырылымен жарыса әлсін-әлсін көкектің дауысы, торғайдың шықылығы естіледі. Ай нұрына малынып, самал желмен сырласқан жапырақтар ғаламның сырын ұғып жатқандай, тоқтаусыз бас шұлғысып тұр.
Түн ортасына қарай сіркіреп өте шыққан өткінші жауыннан кейінгі жұпар иіс тыныс алған сайын сарайды ашып, жанды жадыратады. Көктегі жұлдыздарды да жаңбыр жуып өткендей, күндегіден де жарқырай түскен.
Алайда, Ардақ бұның ешбірін байқаған жоқ. Үйден солқылдап жылап шыққан ол есік алдындағы жасаңға сылқ етіп отыра кетті.
Ардақтың далаға шыққанын көріп, құйрығын бұлғаңдата жанына жетіп келген Құтпан оң жағынан бір, сол жағынан бір шығып, қолын тіміскілеп, иіскеп жатыр. Ардақ оны көтеріп, құшағына алды.
– Неге мен осындай болдым екен, неткен бейшара едім! - қайта-қайта айғай салғысы келген оның дауысы еркінен тыс сыбырлап шыға берді.
Көзін жұмып теңселіп, бірдемелерді айтып сыбырлаған күйі қанша отырғанын кім білсін, жердің сызын, бойын тоңазытқан желдің салқынын сезбеді, бауырын жылытқан Құтпанның денесінің ыстығын ғана сезді.
Құтпан одан мейірім тіленіп тұрғандай, қос жанары мөлдіреп, көзін алмайды. Құтпанға қараған сайын Ардақты оның мұңлы жанарының тұңғиығы тартып бара жатты, тартқан сайын тұңғиықтың түбіндегі таныс жамал бұлт астынан шыққан айдай айқындала түсті. Мұрнына әлдебір ыстық, жұпар иіс сезілді де, көз алдына ұмыт болған аяулы бейнені әкеліп, сағынышын қозғап кеп жіберген…
– Міне екен ғой, жанымда екен ғой! Құдайым-ау, бәрі түс болып шықты, бәрі өтірік екен! Рахмет! Рахмет! Рахмет... - моншақтаған жасы екі бетін жуып, ышқына сыбырлады. Сәбиі сол баяғы, түрі де өзгермеген қалпы құшағында жатыр екен. Езу тартып, жымиып қояды. - Мені тастамаған екенсің ғой, жарығым-ау, рахмет! - Ардақтың бар күшімен шыңғырған дауысы аузынан жан түршіктірер қорқынышты сыбыр боп шығып, жапырақтарды жұлқылап, шегірткелерге жай таптырмай шырылдатып барады. -- Жаным менің, бөпешім, тәттім... - тұла бойы бір сәтте шымыр етіп, омырауы сыздап қоя берді. - Иісіңнен сенің! Жұмақ аңқыған бөпешім!
Құтпанның үсті-басын құшырлана иіскеген Ардақтың жан-жүйесі босап, кеудесін жарып шыққандай ауыртып барып шып еткен ыстық тамшы киімінің сыртына дөңгелене жайылды. Сол сәтте ол өзіне ие болудан қалған. Қолы көйлегінің түймесін өздігінен ағытып, тырсиып тұрған омырау ұшын Құтпанның тұмсығына қарай ыңғайлай берді. Езуіне тамған уыздың дәмін алған күшік қыңсылаған күйі тастай қатты емшекті әуелі жалап, тістелеп көрді де, содан соң жұлмалай бастады. Аққан қанды, ашыған жараны Ардақ елең қылған жоқ. Екінші омырауынан аққан сүт жібек көйлектің кеудесін бірақ жуып кетті. Бір омыраудан қан, бір омыраудан сүт саулап, дір-дір етеді. Осынша жыл ішінде беріш боп қатқан қасіреті бір-ақ сәтте жібіп сала берген.
– Балапаным, сағындым ғой, жаным менің, жалғызым! - жан айқайы көкте жаңғырып тұр... Бейбақтың көзінен моншақтаған мылқау тамшылар өңіріне тырс-тырс тамады. Дәл қазір мына әлемде күшігі… баласы екеуінен басқа ешкім де, ештеңе де жоқ еді. Құтпанды тас қып құшақтаған күйі дымқыл топыраққа қисайып құлай берді, құлай берді…
Айса Төленді,
Қазақ үні