ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ ӘКІМІ ЕДІ

ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ ӘКІМІ ЕДІ

Әйгілі жазушы Әкім Тарази өмірден өтті.

Белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 

Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.

Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген.

Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.

«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.

Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.

2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.

Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.

«Қазақ үні» редакцияның ұжымы қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Таразидің қазасына байланысты марқұмның отбасына, асыл жары, қазақтың дарынды жазушысы Роза Мұқановаға және туған-туыстарына көңіл айтады.

Қош, Әкім аға!

«Өмірден Әкім аға өтті!» дейді!..

Өзекті тіліп өткен өткір хабар, жүрек мұздатқан суық сөз... 

Әдебиет әлеміне жан-тәнімен берілген жазушымыздың бірегейі еді. Алдымыздағы асқар таудай ағалар кеткен сайын іргеміз опырылғандай күй кешетіміз рас. Жайдары мінезді, әр сөзі мен әзілінің өзінен үлкен ақылдың сәулесі ұшқындап тұратын, кеңінен ойлайтын, кенен көңілдің адамы, дүниені өзінше көріп, өзгеше суреттейтін жөні бөлек жазушы болатын.

Бүгін суық хабарды сіңіре алмай отырғанда басымыздан өткен сыйлас, сапарлас, қызметтес болған кездерім есіме түсіп, жарқын естеліктерді қайғы еңсеріп кетіп жатыр...

Менің әзіл-шыны аралас «Күйеу бала» дегенім ол кісіге ұнайтын, «О, қайнаға» деп, жорта қалбалақтай қалғаны өзіне үйлесетін. Менен жиырма бір жас үлкен болса да, жолыға қалсақ әзіліміз жарасатын. Арамызда көп жылдардан келе жатқан жарасым, сызат түспеген сыйластық бар еді. 

Бала кезімде Әкім ағаның «Құйрықты жұлдыз» романын оқып, Кірпішбай деген совет заманының шеңберіне сыймайтын ерекше кейіпкері өмір-бақи есімде қалып қойды. Мұндай ағысқа қарсы жүзетін кейіпкер Таразидің әр шығармасынан табылатын.

Содан кейін жылдар өте «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», т.б. романдарын оқып, білімдар, шыншыл, аңғарымпаз, юморы жүрегіңді жылытатын қайталанбас жазушының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын тайға таңба басқандай танитын болғам.

Ол кісі әдеби ортаға әйгілі «төрт тапалдың» үлкені еді. Барлығы да жойқын таланттар. Жақын достары Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтарлар оны «Әкім аға» дейтін. Бұл топқа Қабдеш Жұмәділ ағамыз қосыла қалса олар «бес тапал» болып шыға келетін.

Ал Шерхан Мұртаза ағаның Әкім қатарласымен әзілі тіпті бөлек еді. Қара сөздің қас шебері, қаһарлы Шерағаң Әкім аға дегенде ақындық шабыты ұстап, әзіл өлеңдер бұрқырататын, кейде, өзі дүдамал болған ұйқасын маған көрсетіп алатын. 

Бұл әдебиет алыптарының өзара сыйластығы әлі көз алдымда. Әкім аға енді сол достарының соңынан бүгінгі күннің сәлемін алып бара жатқандай. 

90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында мен Әкім Таразидің еңбегін тізіп жазып, өтініш білдіргенімде, ТҮРКСОЙ-дың Алтын медалін Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев Қазақстанға жолдап, табыс етуді өзіме ұсынған еді. Мәртебелі марапат ұшақпен жеткен кезде Әкім Тарази ағаның төсіне өз қолыммен тақсам деп Астанаға алып-ұшқаным, алайда ол кісі тымауратып қалып, дәрігерлер ешкімді қабылдатпай, Алтын медальді Астана жазушыларының сол кездегі басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бауырымызға аманаттап кеткенім есіме түседі. 

Әкім Тарази ағамыз проза, драматургия, киносценарий жанрларының қай-қайсысында да өшпес із қалдырып, өнер саласында соңынан қыруар талантты шәкірт ерткен биік Ұстазға айналғалы қашан?! Оқырманының, халқының, мемлекеттің лайықты құрметіне бөлене білді. Ұлағатты адамға ұзақ ғұмыр жарасатынын байқатты және ұлтқа қажет адамға қанша жас жасаса да аздық ететінін көрсетті. 

Әкім ағаның өмірден озуы – халқымыз үшін, әдебиетіміз үшін орны толмас орасан қаза. Қалың оқырман қауымға, Әдебиеттегі күллі қаламдас інілеріне, марқұмның әулетіне, Роза Мұқанова қарындасым мен отбасына,туған-туыстарына ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын! 

Әкім ағаның жаны жанатта болып, нұры пейіште шалқысын!

Алаш баласына ағамыздың жасын берсін!

Талантын тұрмыс саудасына салмаған жан

Болымды қазақты яки болатын адамды жанындай жақсы көретін жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті. Ол болымсыздардың сынына төтеп беріп, даттауынан күйреп қалуды ар санады. Өмір бойы қаламымен күресті. Бүкіл шығармашылық әлеуетін туған халқының болмысын түйсінуге арнады. Көркем де ойлы дүние жазып қалдыруды борышындай көрді. Оның дәлелі – 

салмақты әңгімелері, салиқалы хикаяттары, үздік повестері мен романдары. Киносценарий, драматургия саласында мақталып жүрсе де Әкім Үртайұлы еңбегін ешкімге бұлдамағанымен ерекшеленді. Мансап күйттемеді, талантын тіршіліктің күйбеңіне, тұрмыстың саудасына салғысы келмеді. Жақынды жағаламай-ақ, ешкімді алаламай-ақ адал дос, сыйлы аға, сүйікті жар, білікті ұстаз, ойшыл тұлға, классик жазушы бола білді. 

Әкім ағаның адамшылығын атағы, даңқы бұза алмады. 

Оның терең, орнықты ойы, байсалды байламы қазақ оқырманының, әдебиеттану мамандарының олжасы екені даусыз. 

Өткеннен сабақ алып, өмір шындығын жазу арқылы Әкім ТАРАЗИ өз ұлтын сүюдің үлгісін қалдырып кетті.  

Өйткені, дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ. 

Өмірде де, өнерде де өз орны бар зиялы жазушы Әкім ТАРАЗИДІҢ қайтыс болуына байланысты отбасына, ұрпағына, туған-туыстарына, жалпы қалың оқырман қауымға көңіл айтамыз.

Дархан МЫҢБАЙ

«Таразы» шоқжұлдызы да жерге түсіп барады

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әкім Тарази фәни жалғанның парағын жауыпты. Ғажайып сәйкестік: дәл осы уақытта «Таразы» шоқжұлдызы да Сүмбілені соңына салып, Үркерді жанына алып, жерге түсіп барады. Ол сонау таң суыр Тамыздың ілкі декадасында дүниеге қайта келеді. Яки жаңа дүние, жас төлмен, буынды шөп, бұлтты көкпен қайта қауышады…

Әкім ағамыз да ешқашан жербауырлап жүрмеген Рухты қаламдоз. Ілкі туындысы «Құйрықты жұлдыз» (1966) аталғанмен, қаламгердің Бұйрықты жұлдызы ұзақ жанды. Әбден толысқан шағында «Қорқау жұлдызды» жазғанмен, Алқау жұлдызы тұңғиыққа емес, тым биікке шырқады. Оның рух қыраны «ұясын бұлтқа салды»! Сол қасиет бәрімізге үлгі!..

Алыптар шоғыры азайып барады. Бұл Жылан жылы жақсыларымызды жұтумен жылжуда. Дегенмен, ілгеріден үміт күткен жұрт едік, түбі қайыр деп, қайырын сұрайық!

Шаңырағын сұлу сезімдерге бесік қылып, терезесін таза ойларға есік қылып, аңыз адамды бөпедей саялаған, абыз ағамды анадай аялаған Роза ханым Мұқановаға көңілқосымды білдіремін! Қастерлі шаңырақта ұялаған Бақтың сәулесі көшпегей, Құттың тәубесі өшпегей!  

Светқали Нұржан 

                 22.04.25.

Әдебиеттегі ұстазым еді

Жетпісінші жылдардың басында Целиноград (қазіргі Астана) қаласында Қазақстанның солтүстік өңіріндегі жас жазушылардың кеңесі өткен болатын. Алматыдан көш бастап Әкім аға келді. Қостанай, Торғай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Целиноград облыстарының жас ақын-жазушылары алдында Әкім ағамыз қазақ әдебиеті және оның болашағы туоалы сөз сөйледі. Әңгіме айтты. Бағыт-бағдар бере сөйледі. Жазып, күні бұрын ұсынған шығармаларымыз жайында жақсы пікірін айтып, қанаттандырып еді.

    Міне, содан бері Әкім Таразиді әдебиеттегі ұстазым деп таныдым, Шығармаларын, жазғандарын қызыға оқып жүрдік.

  Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қасында Шот-Аман Уәлиханов бар Көкшетауға келді. Ел аралады, жер көрді. Сапарлас болдым. Екі үлкен алыптың бір біріне деген сыйлас көңілдері мен адал жандары бір кішкене әзілдерінен-ақ байқалатын еді.

  Сырбаз, салиқалы жан еді! Барар жеріңіз жарық болсын! Әріптесім Роза ханымға көңіл айтамын. Қайырлы қаза болсын!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Ұлттық руханияттың дара тұлғасы

Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази өмірден озды деген қаралы хабарды үлкен күйзеліспен қабылдадым.

 Әкім Тарази – қазақ прозасының кемелденуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, көркем сөздің көрнекті шебері, ұлттық руханияттың дара тұлғасы. Әкім ағаның шығармалары – терең философиялық мазмұнға, биік көркемдікке толы, адам болмысы мен қоғам шындығын шынайы сипаттайтын өміршең дүниелер. Әдебиет арқылы ұлттық сананың оянуына ықпал еткен тұлғалардың бірі ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

 Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын. Жаны жәннатта, иманы жолдас болғай.

                  Арман ЖҮДЕБАЕВ