КӨКБӨРІ

КӨКБӨРІ

Ол кезде Серік Ақсұңқарұлы трендте емес еді... Біздің орта Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Жұбандармен өстік. Кейіннен Иран-Ғайып, Жарасқан, Ұлықбек, Есенғалилармен жолдас боп жүрдік десек те көп ақынды кеш таныппыз. Соның бірі – Серік Ақсұңқарұлы... 

 Секеңмен алғаш осыдан 15 жылдай бұрын таныстым. Қарағандыда өткен Республикалық театрлар фестивальінде әділ қазылар алқасында бірге болудың сәті түскен. Бірақ оның дүр ақын екенін кейін білдім. Шамасы Москвада әдебиет емес, кино жағалап оқу оқығаным болар... Хош делік...

..Жек көрем итті!

Алысып жүрем,

Шабысып жүрем!

Қағынып...

Сайын даланың тағысымын – мен,

Не деген ғажап – тағылық!

.. Иттің баласы " деген сөзді мен жақсы білемін... Өте ауыр сөз. Мына монолог қасқырдың... дұрысы қасқыр-жүректі жігіттің ойы... Мұндағы МЕН – құйған мүсіндей... Махамбеттің "Мен, мен едім МЕН едім" деп атқа қонған сәтіндей... Қандай сурет... неткен образ...Тура Дороти Херстің "Волкиіндегі" басты кейіпкері Каалас дерсің!.. Болмаса Джоди Пикольттің "Одинокий волкі". Ол да емес... Жо-жоқ қасқыр мен адамды біздің әдебиетімізде Мұхтар Әуезовтен артық кім суреттейді? "Көксерек!.."

Сонан соң Шыңғыс Айтматовтың Аққұртқа мен Тасшайнары адамнан артық ақылды дерсің... Міне, Ақсұңқардың темасы. Көтерген жүгі! Тым ауыр тақырып, алайда ақын қысқа ғана өлеңмен қалайша әдемі өрген!

Қазақта "Иттің иесі болса бөрінің тәңірісі бар" деген сөз бар. Сонда бөрі бізге сонау көне заманнан таныс екен-ау?! Аң патшасы арыстаннан бастап бәрі циркте өнер көрсетеді. Қолға көнбейтін тек қасқыр ғана... Неге??? Оның жауабын әлі ешкім білмейді. Білетініміз қасқыр ешқашан өз жатырына шаппайды, өз құртқасына жақындамайды. Тек өзінің жұбымен ғана бірге тұрады. Бөрі қартайғанда оларды бөлтіріктері бағады екен. Міне, тек қайда жатыр?!

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп тұрған жан емен,

Бөрідей жортып кетсем де,

Бөлініп тұрған жан емен.

Бұл – Сүйінбай жыры. Көк бөріге риза болып бізді осылай қасқырға теңеген! 

..Шауып түсемін!

Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме.

Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!

...Апыр-ай.. ә ... Махамбет қалай сөйлейді? Соның шапқан қылышы дәл осылай сермелер... Жоқ, әлде бұл буырқанған Бауыржанның жан айқайы ма?! Жоқ, бұл – Ақсұңқар ақынның арыны. Секеңнің серпілісі... Ақынның азу тісі өмірі емес — өлеңі!

Сөз құдіреті деген осы шығар... "Қиыннан қиыстырар ер данасы.. " деп Абайдан артық өлеңді кім бағалар?

..Қасқыр – бабалар!

Бар ұлыстардың

Мазасын алып манадан –

Иттермен болған қанды ұрыстардың

Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді

Қорлық – қарғысқа барабар.

Бізбенен иттің тегі бір дейді...

Рас па қасқыр – бабалар?!

Қасқыр бабалар... Иә, біз көк бөріден тараған ұрпақпыз деген тәмсіл бар. Бұл –біздің ақыл пайымымызға сыяды. Әйтпесе адам маймылдан жаралған деп шатасқан Дарвинді де оқыдық емес пе?

 Біздің бабаларымыз ұрпағына құндылықтарды құлағымызға құйып кетті. Жеті атаға жетпей қыз алысуға болмайды. Әйтпесе әруақ атады! 

Атаңа не істесең алдыңа сол келеді... Иә, бұл – ұлы Дала философиясы және оны бүгінгі күнге алып келген көк бөрі мен Қазақ қана...

.. Өлексе үшін жұлысқан болсақ

Өмірі бітпей кегіміз,

Иттермен бірге туысқан болсақ

Не болды – ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар

Күн туғаны ма ақыры...

Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,

Қағынып кеткен жатыры?!

 ..Өкінішке қарай ала төбеттердің астында қаншама қаракөз қалды?!Қаншама аруларымыз көрінген көк аттының жетегінде кетті... Және бұл трагедия әзірге толастар емес... 

Бүгінде ұлтты сақтап қалу біз секілді азғантай халық үшін басты проблема. Әйтпесе Ғабит Мүсірепов қайтарында бір топ зиялы қауым ішінде Мұхтар Шаханов Ғабеңе: "Ғабе, ел-жұртқа не сәлем айтасыз?", дегенде Ғабең: "...Көбейіңдер" деп бекер айтпаса керек-ті...

Неге үндемейсіңдер?

Ұрлық түн еді:

Жатқаным мынау – жау іші.

Аспанның астын дүрліктіреді

Үрген иттердің дауысы...

 .. Бүгінде қасқырлардың ұлығаны емес шиебөрілер мен бұралқы иттердің үні естілетін заманда бізге осындай поэзия керек... және оны басқа емес қасқыр мінезді Ақсұңқар сынды ақынның жырлауы заңдылық.

Талғат ТЕМЕНОВ, 

Қазақстанның халық артисі