ТЕРЕҢ ДАРИЯ ТЫНЫП АҒАДЫ

ТЕРЕҢ ДАРИЯ ТЫНЫП АҒАДЫ

«Қаламгерге жар болу оңай ма, әлде қиын ба?» деген сауалды ертеректе Күләш Бейсенбіқызына да қойған едім. Белгілі публицист-жазушы Сапар Байжановтың зайыбы өзі де педагог-журналист адам бұл сұраққа: 

– Бір шаңырақта екі қаламгер болуының еш қиындығы жоқ. Қайта мұның өзара пікірлесіп, жазылған шығарманы талқылап, шыңдай түсуге пайдасы көп емес пе, – деп жауап қатты. 

Осындайда аталмыш тақырып өзімізге тән еместей, асыл атаулыны ұдайы алыстан іздейтін әдетімізді ойлайсың. Мысалы, қит етсе атағы жер-жаһанға жайылған жазушылардың жұбайлары Софья Толстая, Анна Достоевская, Вера Бунина, Елена Булгакова, Наталья Солженицына, Мерседес Барча сияқты ханымдарды тілге тиек етуіміз мүмкін. Ал қазақ әйелдерінің сүйген жарға адалдығы осылардан кем бе екен? Немесе сонау Сапар ағаларымыздың тағдыры әлгі танымал тұлғалар тәлейіне татымай ма? 

Сапекең жарық дүниеге келмей жатып-ақ ата-анасы озбыр өкіметтің қиянаты салдарынан мал-мүліктен айырылып, анау Арқа даласының бір шетінен жел айдаған қаңбақтай, азып-тозып, бұрын көріп-білмеген Жетісу өлкесінен бір-ақ шығады. Сәбидің аты да сол жол үстінде тууына орай қойылса керек. Одан көп ұзамай аштық алапаты басталған. Бұл нәубеттен Құдай қарасып аман қалған бала ес біле бастағанда соғыс өрті бұрқ етіп, әкесі майданға аттанады. Ендеше тас шайнап өскен жігерлі буын өкілі әдебиетке «жетіскеннен» келмепті. 

Қысталаң заманаларда небір теперішті өткеріп, от пен суда шыңдалған жан қаршадайдан-ақ аса зерделі екенін байқатады. Академик Телғожа Жанұзақ кейін бірде жасы қатарлас досымен табиғат қойнауында серуендеп жүрген сәтін еске алып: 

– Анау биік төбеге қараңдаршы. Көрдіңдер ме? Оны Манас төбе деп атайды. Біз Шырғанақта тұрғанымызда үлкен кісілерден естігенмін, – деді Сапар. – Мен бірінші класқа осы Шырғанақта барғам. Әкем о кезде осы совхозда есепші еді. Анау тұрған төбені Манас төбесі, ал Құйғанға жетеберістегі сазды Қараш сазы деп атайтын. Енді аңғарсақ, Манас қырғыз халқының атақты батыры, ал Қараш өзіміздің айбынды, қаһарлы баһадүріміз екен. Асы жайлауы жағында Қараш деген тау да осы батыр атымен аталыпты. Халық кейде Үш Қараш деп те атайды, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» романындағы Қараш та дәл осы тау деген еді, – деп жазыпты. 

Бұдан қабырғалы қаламгердің небір тарихи жағдайды жастайынан көкейіне құйып, әр құбылысты жан-жүрегінен өткізіп, ойланып-толғанып есейгені аңғарылып тұр. Осындай биік өренің көрінісіндей, жазушы қолынан жиырма екі кітап туған екен. Оның бәрін тізбей-ақ «Қияңқы тағдыр», «Әке», «Ар-көпір», «Ойтолғақ», «Санаңмен сарала», «Есіл заңғар», «Арғымақ аттың белгісі», «Ақ маржан», «Сұңқар көңіл самғайды», «Ұлыма хат», «Нартәуекел», «Алакөбеде оят мені» сынды сүйекті туындылар тақырыбының өзі талай жәйтті аңғартар. 

Ынтымақ-берекесі жарасқан жұптың бір-бірін қалай тауып қосылғанына да таңырқайсың. Тәрізі, неке әдетте зеңгір көкте қиылады деген рас секілді, құдіретті Жартушы Күләш апайымызды Сапекеңе күрделі тағдырының «өтеуі» ретінде жолықтырған сияқтанады. 

Сондай-ақ, әрбір ақжолтай ер-азаматтың сыртында ақылды әйел тұрады дейтініндей, Абай атамыздың: «Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр, бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр. Жар көңіліне бір жанын пида қылып, білместігің бар болса қылар сабыр» деген өлең жолдары дәл осы Күләш апайымыз жайында жазылғандай көрінетіні жоқ емес. 

Әңгіме барысында тәтеміздің кейбір қастерлі, құпия жәйттің өзін бүкпей, ағынан жарылатыны қуантты: 

– 1956 жылдың ақпан айы еді. ҚазПИ-дің екінші курс студентімін. Қысқы демалыста ауылға барып аунап-қунап дегендей жаңа оралған бетім. Сырттан кірген Зулия есімді қыз маған: «Күләш, саған екі жігіт келіп тұр» деді. Иығыма ақ түбіт шәліні жамыла салып дәлізге шықсам, жанында аққұба, орта бойлы бейтаныс жігіті бар жеңгемнің ағасы, журналист Молдабек Шолпанбаев тұр екен. Амандық сұрасқан соң, Молдекең бейтаныс жігітті мектепте, университетте бірге оқыған досым деп таныстырды. Аты Сапар көрінеді. Қол алысып танысатын әдет қой, мен де қысыла тұрып есімімді айттым. Бұдан кейін де ол жігітті Молдекеңнің қасынан, үйінен бірнеше рет көрдім. Өзін салған жерден ұнатып қалдым демеймін. Маған ол біртүрлі ересек, үйлі-баранды адамдай көрінген... 

Сапекеңді сыртынан ара-тұра біз де байқап, амандасып жүрдік қой. Жүзінде нұр ойнап, масайрай күлетін осынау маңдайы кереқарыс азаматты жаратпау мүмкін еместей-тін. Адамды ақжарқын мінез, риясыз ниет-пейілімен іші-бауырына тартып, еріксіз баурап алатын қасиеті сонадайдан-ақ сезілер-ді. 

Ескі үнтаспаға ден қойсам, Күләш апай көбіне жолдасының мінез-құлқы туралы айтыпты. Суыртпақтап сыр тартпаса, өзі жөніндегі сөзге сараң. Ылғи аялап құрмет тұтатын күйеуінің көлеңкесінде қалуды қалайтындай екен.

– Балалық шағым, қазіргі Ұйғыр, Кеген, Нарынқол өңірінде өтті. Соғыс жылдарында әкем колхозда ауылдық кеңестің төрағасы болып істеді. Таң бозынан тұрып, ауылды аралап, әрбір түтіннің хал-күйін біліп шығатын. Екі-үш келілеп болса да ұн, бидай таратып, отын түсіріп беріп, мүмкіндігінше халықтың қамын ойлайтын жанның бірі болды.

Мына бір әңгіме әлі есімде. Әкем бригадирдің бір әйелді «жұмысқа ерте шықпадың» деп қамшының астына алып сабап жүргенінің үстінен шығады. Ол кезде «бидайдың бір дәні – жауға қарсы атылған оқпен тең» деген ұранмен еңбек тәртібіне талап қатал болғаны белгілі. Сөйтсе де, бригадирдің орынсыз қатігездік көрсетуінің үстінен шыққан әкем: «Бұл отбасының ер-азаматы жаумен жағаласып, оқ пен оттың ортасында жүр. Қамкөңіл жандарды қайраттандырудың орнына әңгір-таяқ ойнатуыңды енді көрмейтін болайын» деп бригадирге қатты ренжиді. Біз үшінші, төртінші кластан бастап масақ теріп, еңбекке араластық. Бала кездегі көрген-білген, алған әсер өмір бойы санадан өшпейді ғой. Қазір көпшілігіміз осыған мән бермейміз... 

Бұндай жағдайдың бәрі балауса Күләштің де қиялын ұштап, естілікке, зейінділікке бастағандай: 

– Журналист болуды орта мектептің жоғары кластарында жүргенде армандадым. Сапекеңмен жол түйістіруге осы ниеттің септігі тиюі де ғажап емес, – дейді апайдың өзі. – Бейтаныс жігітпен дәліздегі әлгі жүздесуімізден кейін Молдекеңнің отбасы туған күн, атаулы күндер мен мерекелерде «үйге қонақ келеді, көмектесіп жібер» деп мені үйіне шақыруды жиілетті. Туған құданың үйінде өзімді еркін сезінемін. Молдекеңнің әйелі Ләйлә марқұм мінезге бай өте жақсы адам болатын. Мен ол кісіден көп тәлім алдым. Қонақ күтудің шебері еді. Ол кісі қазан-ошақ басында жүріп-ақ, достары жайында талай әңгіме айтып үлгеретін. Әсіресе, Сапекең жөнінде көп айтатын. Мұнысы менің көңілімді аудара беру екенін кейін аңғардым. 

Сапекең – Молдакең үйінің тұрақты қонағы. Қашан көрсең де әзіл-қалжыңымен, әдемі әнімен айналасына шуақ шашып отырғаны. Билегенде қимыл-қозғалысымен өзгелердің назарын өзіне аударып алатын да қасиеті бар. Жасырары жоқ, мұндай сәттерде Сапекеңе іштей сүйсініп отыратынмын. Бір жолы бір тамаша әнді тамылжыта шырқап тұрғанда қарасам, жүзі албырап, жоғары көтерген екі қолы әуен ырғағымен ауада қалқып, өзі керемет бір күйдің әсерімен теңселіп тұр екен. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, жүрегімді бүлк еткізген әлдебір әсерден бетім дуылдап қоя берді. Осы бір сәт менің өмірімнен Сапекеңнің мәңгілік орын алуына жол ашты.

Біз 1957 жылдың тамыз айында үйлендік. Ата-анамның алдынан өтіп, тойдан соң қалаға келдік. Сапекең Тастақта екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады екен. Әке-шешесі, екі қарындасы, інісі – бәрі осы шаңырақта. Біз келген соң, үй иесі тағы бір бөлмесін босатып беріп, кішігірім той жасауымызға жағдай туғызды. Сапекеңнің «Лениншіл жаста» бірге істейтін әріптестері және достары – Кәкімжан, Ұзақ, Кекілбай, Мұқан, Телқожа, Камал, тағы басқа жігіттер бар, той жақсы өтті. Үй тарлық еткен соң, қарсы беттегі мектеп алаңына барып, түн жарымы ауғанша билегенімізді достарымыз күні бүгінге дейін әңгіме етеді. Тойда Баукеңнің (Момышұлы) бәйбішесі Жамал апай: 

– Өмір бойы махаббаттарың суымасын, бақытты ғұмыр кешіңдер! – деп бата беріп еді. Айтқанын Алла қабыл қылды ма, Сапекең екеуміз жұрт қызығардай ғұмыр кештік. Біз алғаш бас қосқанда Алматыға ұзата келген анам Теңге: «Күйеуің жаман жігіт емес, пір тұтып сыйла, тыңда. Жұмыстан келгенде және кетерінде алдында асы, таза киімі әзір тұрсын, туған-туысқанына кең бол. Сонда өзің де сыйлысың, қор болмайсың» – деп оңашада ақылын айтқан. Шешемнің айтқанын екі етпедім. Сапекеңді сыйлай жүріп, өзім де биіктей түстім... 

***

Өзіне айтпаппын – «Қазақстан әйелдері» журналының 1960 жылдардың қарсаңындағы тігіндісінен бе, апайдың «Тұйықта» деп аталатын көлемді әңгімесін көріп қайран қалғаным еске түседі. 

Тілі құнарлы, болмысына қазақы бояу сіңген кәдімгі қоңыр проза. Сюжеті де тартымды, оқиғасы да қым-қиғаш тартысқа құрылған қызықты дүние. Бертінде білгенімдей, дәл осы шығарманы қайын атасы Илияс аға да оқып қалса керек, көзіқарақты ақсақал: 

– Балам, оқуыңды бітірген соң жұмысты газет-журналдың бірінен бастағаның жөн, қаламыңды тастама. Түбінде еңбегіңнің рахатын осы саладан көрерсің, – деп ақыл қосыпты. 

Жағдайды мақпал үнмен мәнерлі баяндайтын апай сөз желісін тағы да жолдасына қарай бұрады: 

– Сапекең өте еңбекқор адам еді. Біз тұрмыс құрғанда «Лениншіл жас» газетінде бас редактордың орынбасары. Пәтерде қысылып-қымтырылып тұрғанымызға қарамастан жазудан бас алмайтын. Жазда алма ағаштың түбінде қағазды тізесіне қойып алып, ойға алған тақырыбын жазып бітіретін. Басқа кезде кеңсесіне асығады. Оның «Көз алдымда көк теңіз», «Жақсы адамдар жанымызда», «Жаңа леп» деп аталатын кітаптары дүниеге осылайша келген... 

Қашанда алғыр, өз ісінің шын шебері, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жаңашылдығымен журналистиканы өнер деңгейіне көтеруге зор үлес қосқан Сапекеңнің қызмет бабында жедел өскенін байқаймыз. Партияның Орталық Комитеті аппаратында қызмет атқарды, одан республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Социалистік Қазақстан» басылымдарына жетекшілік жасады. Дегенмен, осы ахуал қаламгердің жеке шығармашылығына едәуір кедергі де келтіргендей.

– Қолы көп босай бермейтін. Тек сенбі, жексенбі күндері саябаққа шығып, стадионға барып спортпен айналысып келген соң біраз тынығып алып барып қаламды қолға алатын. Ал кешке жұмыс істеуге мүлде мүмкіндігі болмайды. Түнде қайта-қайта газет беттері келеді ғой. (Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, күнделікті шығатын газеттің кезекші редакторлары өндіріске жөнелтілгелі жатқан гранканы басшының үйіне әкеліп көрсетіп, тексертіп, басуға рұқсат алып отыратын. Авт.). Әмбе Мәскеу мен Алматының арасында үш сағат айырма бар. Кешкі алтыда түскен материалды КазТАГ аударып бетке орналастырғанша талай уақыт керек. Осылайша түннің бір мезгіліне дейін – жұмыс. Кейінгі он жылы өстіп жалғасты. Тіпті, кейде сенбі күндері де үкімет шаруасын атқаруға мәжбүртін. Қол байланады. Ал жай күндері Орталық Комитеттегі, Министрлер кеңесіндегі жиналыс, басқа да толып жатқан мәжілістер босатпайды. Бұған қоса үнемі күйіп-жанып жататын редакцияның өз қарбалас ісі тағы күтіп тұрады... 

Іште ұзақ піскен шығармаларыңды армансыз жазуға мұршаң болмауы, әлбетте, қаламгердің жанын күйзелтетіні анық. Ал осы ахуал жұбайыңа оңай тие ме. Және өзі де жазушы Күләш тәтенің сондай қиын кезеңдегі жай-күйін біз де жіті сезінеміз. 

– Әрине, жолдасыңа жаның ашиды. Мен де ылғи оңашада онымен қоса уайымдап, қоса толғанумен жүруші едім. Сапекең, әйтеуір, демалыс күндері түске дейін жазу үстелінің қасынан табылады. Сәске ауа балалармен, немерелерімен айналысуға ұмтылады. Жаяу сейілдеуді, тауға шығуды да ұмытпайды. Бильярд, бадмитон ойнаудың да ретін табады. Ой еңбегін спортпен ұштастырмаса болмайды деп санайтын. 

Әйтсе де, мәселен, бүгін бастаған шығармашылық ісіңді келесі демалысқа дейін доғарып қою өте ауыр ғой. Арада ой үзіледі. Белгілі ырғақтан шығып, қалыпқа қайта оралып түсу үшін орасан күш-жігер қажет болады. Қатты қиналасың. Алайда қабілетті кісі көкейіндегі көрікті дүниені қағаз бетінде кестелеу ісін жалғастырудан танбады. Қазір де таңырқаймын, сөйтіп жүріп-ақ жиырмадан аса кітап қалдыру – нағыз жанкештілік емес пе! Кейде денсаулығына кері әсер еткен де осы ма деп күдіктеніп қоямын. Сөйтсе де жақсы достарының арсында отырса ән-би, әзіл-қалжыңмен көңілді демалатын. Пианиноға қосылып, кәнігі өнерпаздарша әуелетіп, «Әпитөк» секілді халық әуендері мен Абай мен Ақылбайдың әнін, «Келші, айым», «Алматы таңы» әнін айтатын, «Жан сәулем» деген әндерді шырқайтын. Сондайда жақсы тынығып отыр-ау деп қуанатынмын. 

О кісінің барлық әрекеті белгілі кестеге құрылатын еді. Уақыттың бәрін отбасы ісіне, үй тіршілігіне, кітап оқуға, жазуға деп реттеп, бөліп тастаған. Бағдарламасын шолып, пайдалы нәрсе болса телевизор қарайды. Көп нәрсеге сондай ұқыптылығы арқылы үлгерді ме деп те топшылаймын. Радиодан әсем ән естісе де керемет қуанатын мінезі бар еді. Жақсы кітап оқыса дереу авторына қоңырау шалып, рахаттанып пікірін айтып, ой бөлісетін. Тәуір кино көрсе, мағыналы сөз естісе де шаттанып, мәз болады. Жанының шырайлылығы, жақсылыққа құмарлығы да, бір жағынан, қажымай-талмай жұмыс істеуіне көп көмек тигізген сияқты. 

Және бір қасиеті – тек жақсылыққа құмартты. Титтей нашар, жағымсыз нәрсеге жуымайды. Осы да жәрдемдескен болуы керек. Егер адам әлденеге қажып, шаршап, ренжіп жүрсе ісі өне ме. 

Сәкеңнің тіршілікте қамқорлық жасаған адамы көп. Ауылдан да туыстар келіп көмек сұрап жатады. Ондай ділгірлікті де шамасы келгенше тезірек шешіп беруге тырысатын. Әлдебір ойлы жастың мақаласын оқи қалса, ол кім, қай жердің баласы, мінез-құлқы қандай демей, соған дереу қамқор қолын созуға асығады. Сондайының арқасында он бес облыстан қаншама жігітті «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа алды. Тек біреулер мұндай игі ниетті жамандыққа жорып, Байжанов өз руластарын жинауға кірісті немесе қай-қайдағы боқмұрын жастарды шақырды деп үстінен арыз жазып, жала жауып жатты. Бірақ оған қараған жоқ, қаламының желі бар, ойы бар жастарды редакцияға шақырып, екі-үш айдың ішінде үй алып беру дағдысынан жаңылмады. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек марқұм: 

– Ағай хабарласқан бойда Қарағандыдағы үй-жайдың бәрін тастап Алматыға құстай ұшып жеттім. Сәкеңнің өзі қолқа салғаннан кейін далада қалмайтынымды білдім ғой, – деуші еді. 

Расында да, жаман болмады. Көп ұзамай төрт бөлмелі баспана алды. Ғылыммен айналысты, біртіндеп халыққа белгілі азамат болып шықты. Атағы жайылды. Сол секілді кезінде Сапекеңнің тарихи атақонысқа Қытай елінен оралған Жанат Ахмади деген азаматқа да көп жәрдемі тиді. Соңынан Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері қалмай, бақылап, титықтап жүреді екен. Оны да қанатының астына алып, қызметке орналастырып, үй әперіп, жағдайын жасады. Кейін ол бірқатар роман жазған көрнекті жазушыға айналды емес пе. Орайы келгенде айта кетейік, кезінде жастар газетінде жақсы мақалаларымен көрініп жүрген Фариза Оңғарсынованы да Атыраудан алдырып, оның «Пионер» газетінің бас редакторлығына тағайындалуына тікелей ықпал еткен Сапекең мен Шерияздан Елеукенов екеуі еді. Кейде Фариза ақын кездесіп қалғанда: 

– Мені құмның ішінен суырып алып, Алматыға әкелген Сапар ағай, ол кісіге мың да бір рахмет, жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, – дейтін-ді. 

Өкініштісі, кейбір жәреукелеу жігіттер «Фаризаны астанаға алдырған Шерхан Мұртаза» деп жазып жүр. Мейлі дейсің де қоясың. Шындығында, республикалық басылымның бас редакторлығына тағайындауды Орталық Комитет шешетіні белгілі ғой. Сапар да ол қарындасымның жолын ашқан мен едім деп тіс жарған емес. Биік парасат иесі ешқашан телпек жылтыңдатып, кеуде керуге құмартпаған кісі еді. Айта берсе, Сапар Байжановтың шапағатын көрген басқа да қыз-жігіттер бірқатар.

Совет дәуірінде біз, негізінен, «коммунизм идеялары» деп ұрандатып жүрдік қой. Әлбетте, саясат құйтырқысын жай адамдар түсіне қойған жоқ. Сапекеңдер жағдайды жақсы білсе де, ішкі пайымын бадырайтып айтпай, халқын сүю ниетін өзінің ісімен көрсетіп отырды. Қазір ойласам, Сапардың ел мүддесі жолындағы ерлігі де баршылық екен. Мәселен, ол тоталитарлық жүйе салтанат құрып, шейіт болған Ұлт серкелері ақталып болмаған тұстың өзінде академик Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш азаматы» деген кітабына рецензия берген-ді. Біле-білгенге бұл өте қауіпті шаруа-тын. Сол сияқты Қазақ тілінің өркендеуі мәселесіне жанын салды. Осы шаруа күні бүгінге дейін толық шешімін таппай келеді-ау. Әлі де Тіл туралы әңгіме қозғалса қайсыбір мекеме «қаражат жоқ, анау керек, мынау керек» дегенді алға тартады. Мен осыған таңырқаймын, айталық, үйде анасының баласымен қазақша сөйлесуі үшін не қаражат керек?!. 

Сапекеңнің еске түсетін тағы бір қасиеті – қатардағы еңбек адамын жоғары бағалады. Кезекші редактор газет версткасын кештетіп үйге әкелген әлгіндей сәттерде жұмысшылардың фотосуреті кішірейтіліп, лауазымды қызметкердің бейнесі үлкен етіп берілгенін көрсе, жауапты хатшыға бірден қоңырау шалып: 

– Еңбек адамына келгенде орынды үнемдеп, қыса берме. Өйтуге болмайды. Керісінше, олардың кескінін жарқыратып көрсетуге тырыс. Бетті аяма. Біз солардың арқасында осындай дәурен кешіп отырмыз, – деп ескертетін. 

Өзінің ылғи таңертең тұрып стадионға кетіп бара жатқанда аула сыпырушының қасына аялдап, қол беріп амандасып, хал-жағдайын сұрап, оны күлдіріп, қалжыңдасып кететін әдеті бар-тын. Сүт сатушы, яки хат тасушы жолығып қалса да әзілдесіп, көңілін көтеріп, өзі де мәз болып, ұзап бара жатады. Еш уақытта көкірек көтеруді білмеген кісі. Жан баласына иек астынан қарау деген жат еді оған. «Әрбір адам – бір-бір тұлға. Әр адамды Алла жаратты. Әркімнің жақсы өмір сүруге, жұрт қатарлы адам болуға қақы бар. Сондықтан ешкімді кемсітпеу керек. Ешкімді алаламайық. Кейбіреу әлдекімге қалжыңдап, оның кеміс жеріне тиіседі. Мұнысы дұрыс емес» деп жазды да. Үйде де: 

– Қалжыңның өзі әдемі, орынды, көңіл жадырататындай қалжың болғаны дұрыс-ау. Біреудің ар-намысына тиетін, біреуді кемсітетін әзілден сақ болған жөн шығар, – деп отыратын. 

Сапекең дүниеден өткеннен кейін сонау аула сыпырушы, газет сатушы азаматтардың кейбірі менен «Ағай көрінбей кетті ғой» сұрайтын еді. Жағдайды білгеннен кейін: «Апыр-ай, ондай тамаша кісілер де кете ме?!» аңырып, қиналып қалады. 

Яғни, жарқын бейнесі көпшілігінің есінде қалған. Шекірейіп, қабақ түйіп, машинасына мініп кете беретін біреулердей емес, бәрін қарапайымдығымен баураған. Кісі кім болса да, қандай жұмыс ітесе де, ол – адам деп қарады. Осындай қасиеті бар еді. Мұндай мінез екінің бірінде кездесе бермейді ғой. 

Мені «Күләшка» дейтініне жолдастары күлетін. Сол Күләшкамен кетті. Жас айырмашылығымыз жеті-сегіз жыл. Осының да әсері болды ма екен, Сапекеңнің өз-өзін ұстауы, адамгершілігі, мәдениеттілігі, адамды сыйлауы – осының бәрі мені де тәрбиеледі деуге болады. Соған сай мен де о кісіні пір тұтып, қастерледім.

***

Сұхбат кезінде апайдың да өзін «Мен үй шаруасындағы адаммын ғой» деп қайталайтын кішіпейілдігін аңдаймын. Сондайда көзіме ұсақ толқындары күнге шағылысып, ақырын ғана үнсіз есілетін алып өзендер елететейді. Шаңырақтағы шынайы бақыттың да, әдетте, осындай тыныш келетінін түйсінемін. Сол тынық дарияның тереңінен лықситын ересен ішкі ағыстары қуатын сезінемін. Мұндай қасиеті болмаса бұ кісінің қаламынан «Ақ босаға», «Өмір – өзен, уақыт – керуен» дегендей сырлы кітаптар тумас еді. 

Ал бертінде Күләш Бейсенбіқызы Сапар Байжановтың таңдамалы томдары мен жан жары туралы «Өмірге өкпесі жоқ адам» деген естеліктер жинағын шығарған-ды. Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың кезінде жолдасының қорғаны, берік тылы, бүгінде іздеушісі, жоқтаушысы болып отырған асыл апайымыз туралы «Күләш құрбыма» деп аталатын өлеңі бар. Әсілі, осы шағын жыр жолдары талай нәрсені аңдатады:

– Мөлдіреген қыз күніңде көріп ем,

Сапекеңді газетке іздеп келіп ең.

Бастықты іздеп тым асығыс жүрген жан

Сөйлескісі келмеп еді менімен.

Аққу құс ең жүретұғын көлде ойнап,

Біздейлерге қайдан келсін сендей бақ.

«Сапекемнің жары осы ғой болашақ»

Деген ойда қала бердім мен бейбақ.

Ақша бұлттан ажырап бір түсті де,

Ақырындап жерге қонды құс міне.

Сапекеңнің қасында сен отырдың, –

Аппақ гүлдей көйлек киіп үстіңе.

Тойда айтылды көңіл ашар не бір ән,

Сөйлейді жұрт жарылып бір ағынан.

Сапекемді іздеп келген жақсы қыз,

Көз алдымда қалып қойды не ғылам.

Әдемі еді, ол бір әсем қыз еді,

Қайта-қайта орамалын түзеді.

Жаз айында жақсылықтың көлінде –

Екі аққу құс қатарласып жүзеді.

Екеуі де жандай еді жол көрген,

Тіршіліктің қыры-сырын меңгерген.

Ел көгіне қатар ұшты қос бақыт

Көтеріліп сол көктемнен, сол көлден.

Қаймықпайды қанат жайып жасынға,

Әлі ғашық жас көктемге, жасылға.

Сұлу аққу жалғыз жүзіп жүр көлде,

Сол баяғы сыңары жоқ қасында.

Байқалмаған бақыт қалай адасқан,

Сол қалпында көгілдір көк, ақ аспан.

Сәлем берем кездескенде бас иіп,

Сені көрем он сегізден жаңа асқан.

Ел тілегі өркендесін, өршісін,

Жақсылық ең, жақсылықтың көршісі ем.

Сары күз кеп қайтарса да құстарды,

Ағамды іздеп аман жүре берші сен!

Мұны толқымай оқу қиын-ау. Иә, Сапекеңдей ардақты ағамыздың жоқтаушысы болып аман-есен жүре беріңіз, апай! 

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні