ЖАСТАЙЫНАН ҒАЛАМДЫ ТАМСАНТҚАН ҰЛЫ ЖАЗУШЫ ЕДІ...
2025 ж. 03 наурыз
967
1

Қазақ елі Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, классик жазушы-драматург Дулат Исабековті ақтық сапарға аттандырды.
Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламдас достары, оқырмандары мен туған-туыстары жиналып, қазақ руханиятының орны толмас қазасына ортақтасты.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ашып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы шоқтығы биік орнын атап өтті. Ол жазушының қаламгерлік қуаты мен азаматтық болмысы жайлы әңгімелеп, қаралы қауымға көңіл айтты. Алғашқы сөз Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қаринге беріліп, ол Дулат Исабековтің санқырлы шығармашылығына тоқталып, жазушының қазақ әдебиетіндегі теңдессіз еңбегін атап өтті.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, мемлекет тарапынан қаламгер еңбегінің жоғары бағаланғанын жеткізді.
Дүние жүзіне киелі қазақ сөзін дәріптеді
Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді.
Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді.
Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын.
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев
Жарқын бейнесі халық жадынан өшпейді
Көрнекті классик жазушы, шебер драматург, белгілі қоғам қайраткері Дулат Исабековтің дүниеден өтуіне байланысты отбасына, туған-туысқандарына орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
Дулат Исабекұлы бар саналы ғұмырын ұлт әдебиетіне арнап, мәні терең, шоқтығы биік туындыларымен қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған бірегей қаламгер, нағыз зиялы жан еді. Жазушы қаламынан туған сүбелі шығармалар қазақ прозасына өзгеше құбылыс әкеліп, мазмұнын байытты. Драмалық еңбектері әлем сахналарында қойылып, қазақ драматургиясының арнасын кеңейтумен қатар, киелі сөз өнеріміздің құдыретін дүниежүзіне танытты.
Соңына көпшілікке рухани азық болар мол әдеби мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламент
Мәжілісінің төрағасы
Рухани қазынамызға қисапсыз мұра қалдырды
Халқымыздың аяулы перзенті, қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының аса көрнекті өкілі, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Дулат ағаның шығармашылық әлемі өзінің боямасыз шынайылығымен, киелі сөз өнеріне деген шексіз адалдығымен қалың оқырманның жүрегінен орын алды. Қоғамдағы сан қилы тағдырды, ұлтымыздың бастан өткерген кешегі дәуірі мен бүгінгі қам-қарекетін қапысыз суреттеген қаламгер ғажайып туындылары арқылы рухани қазынамызға өшпес мұра қалдырып кетті.
Алаш жұртының ақылман абызындай болған ардақты жанның жарқын бейнесі ел жүрегінде сақталады.
Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын.
Олжас Бектенов,
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Есімі мәңгі жасайтын нағыз бақытты адам
Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі драматург, көрнекті жазушы Дулат Исабековтің қазасына орай баршаңызға қайғырып көңіл айтамын.
Мемлекет басшысы Дулат Исабековтің ұлт руханиятына қосқан үлесі мен қоғамдық дамудағы жасаған еңбегін бағалай отырып, 2022 жылы өз Жарлығымен Қазақстанның Еңбек ері атағымен марапаттаған еді. Қаралы хабар жеткен бойда өзінің көңіл айту жеделхатын жіберіп, жазушыны ақтық сапарға шығарып салуға қажетті барлық шараны ұйымдастыруды тапсырды. Бұл Мемлекет басшысының көрнекті қайраткерге, қаламгерге көрсеткен құрметінің тағы бір белгісі.
Қадірлі ағайын, осындай қазада бұл дүниенің жалған екенін сеземіз, күні кеше ғана төрімізді толтырып жүрген Дулат Исабеков ағамыздан айрылып, бүкіл Қазақ елі қайғырып отыр. Кешелі бері әлеуметтік желілерде қалың жұрт жоқтап, қайғырып жатыр. Осы орайда мен арнайы Дулат Исабековтің замандастарына, достарына көңіл айтамын. Өйткені Дулат ағаның буыны өздерінің арасындағы әдемі әзілмен, адал достығымен ерекшеленді. Әдебиетке жақын азаматтар бұл ағаларымыздың қимас достығын жақсы біледі, сеземін, әсіресе сіздерге оңай емес, Алла жүректеріңізге сабыр берсін.
Ардақты ағайын, көпшілік секілді мен де Дулат Исабековті алдымен шығармалары арқылы қаламгер ретінде таныдым. Исабековті оқымаған қазақ жоқ шығар. Оның әрбір туындысы оқырманын бей-жай қалдырмайтын. Шығармаларындағы қиялдан емес, өмірден алынған кейіпкерлер шынайы болмысымен тартатын. Кейін Дулат ағамызбен жеке танысып, сұхбаттасатын болдық, сөйтіп, адами тұрғыдан ағалық қамқорлығын сезініп жүрдік, үнемі қолдап жүретін жас буынды. Өткен аптада Дулат ағамыздан кенеттен хат алдым. Ажалдың жақындағанын сезгендей, менімен қоштасып, егер реніш болса, ренжіме деп бастап, мына өмірге еш өкпесі жоқ екенін, тек қана уақыттың бір күндей болмай зымырап өте шыққанын айтып, батасын береді. Бұл да үлкен қайраткерлік мінез, өнеге. Алматыға жедел ұшып келіп, ағамызбен жүздескенде қайсарлығына таң қалдық. Құрдастарымен қалжыңдасып отыратындай, ажалдың бетіне күліп қарап, емін-еркін отырды. Қиналып отырса да, сездіртпеді. Арасында өзіне тән, ерекше әзілдейтін әдетімен: «Кеңсайда Әбдіжәміл Нұрпейісов іші пысып, мені тосып жатқан болар», – деп әзілдеп қояды. Қоштасуға келсек те, қош айтысуға қимадық. Ажалмен арпалысып тұрып, рухы сынбаған қайраткерді көрдік. Сол жолы Дулат ағаға айттым: «Сіз нағыз бақытты жазушысыз, себебі сіздің туындыларыңыз бірнеше буынға рухани азық болып, бірнеше ұрпақты тәрбиелеп жатыр. Оның бір ғана дәлелі – «Гауһартас».
Жиырмадан асқан кезінде жазған сол туындысы шыққан бойда оқырманды елең еткізді, одан экрандалып, киноға шықты, араға алпыс жыл салып, бүгінде театр сахнасында қойылып жатыр. Өнерсүйер қауым көрген болар, жастардың қызығушылығы үлкен, апталап жүріп жатса да, залда бос орын жоқ, көрермен легі толассыз. Сондықтан Дулат Исабековтің мол әдеби мұрасы әлі де талай ұрпаққа рухани азық болып, халқымызға қызмет ете береді деп сенемін.
Кешелі бері қара жамылып отырған халқы Дулат Исабековті алып тұлға, бәйтерек, біртуар азамат деп жоқтап жатыр. Алып тұлғаның бір қасиеті ол тірлігінде де, өлімінде де ұлттың бірлігіне қызмет етеді. Дулат ағаның қазасы тумалас алыс-жақын ағайындарды ғана емес, зиялы қауымның бірнеше буынын, түрлі саладағы, тіпті әр көзқарастағы азаматтардың басын қосып, бір ортаға жиып отыр. Міне, алып тұлғалар осылай ұлттың бірлігіне қызмет ете береді. Қазақтың уайымы көп, бірақ тілегі бір, ол – елдің бірлігі мен ынтымағы. Ал оның ұйтқысы – қазақтың зиялылары, өзегі – біздің ақын-жазушыларымыз. Сондықтан әрқашанда осылай ұлттың ынтымақ-бірлігінің ұйтқысы болып, арамызда аман-есен жүре беріңіздер, сіздер бізге керексіздер.
Ағамыздың өлмейтін екінші ғұмыры басталды, артында мол әдеби мұрасы рухани азық болар қара орман халқы барда ол ғұмыр аяқталмайтыны, жазушы есімі мәңгі жасай бермегі әмбеге аян.
Қаза қайырлы, Дулат ағамыздың иманы саламат болсын.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының
мемлекеттік кеңесшісі
Ұлттық әдебиетіміздің айбары
Қадірлі қауым!
Қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын.
Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды.
Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық.
Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей.
Дегенмен, қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенеміз.
Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!
Аида Балаева,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
Күллі түркі дүниесінің рух тауы еді
Дулат аға...
Қазақ әдебиеті мен театрының алыбы Дулат Исабековтің өмірден озғанын естігенде жүрегіміз ауырды.
Дулат ағамыз қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі еді, дүниеден Дулат ағамыз ғана емес, бір дәуір өтті...
Ұлылар ұзап, арамыз сейіліп барады, алыптар кетіп, заманымыз тарылып барады...
Соңғы рет Дулат ағамызбен ҚазақстанЖазушылар одағының 90 жылдық мерейтойында кездесіп, қол алысып, Астанада «Гауһартас» спектаклін көргенде қол соққан едім!
Сөз өнерінің ұстасы, қазақ мәдениетінің гауһары Дулат ағамыздың хабары жүрегімізді жаншып тұр... таланттар – ұлттың рухани асқар шыңдары...
Бүгін бауырлас қазақ руханиятының ғана емес, күллі түркі дүниесінің рух тауы құлап отыр...
Ағамыз өмірден өтсе де, оның артында ешқашан, ешуақытта құламайтын Ұлы сөзі қалды, Ұлы мұрасы қалды, ол – Абыз, ал олар ешқашан құламайды!
Рухани жасыңыз мәңгілік болсын, Дулат аға!
Сіз біздің жадымызда мәңгі жасай бересіз...
Сұлтан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының
Халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әлемдік деңгейдегі қайталанбас құбылыс еді
Жарты ғасырдан астам уақыт өзінің шығармаларымен күлдіре де білген, жылата да білген, ойланта да білген ғажайып талант иесі өмірден өтті. Ел, халық аман болса, талай таланттар дүниеге келер. Бірақ Дулаттың орнын алмастыру мүмкін емес. Өйткені Дулат шынымен де ұлы жазушы еді. Отызға келмеген жасының өзінде ғажайып шығармалар жазды. Қазақтың классикалық әдебиетінде қандай қасиеттер болса, соның бәрі Дулаттың шығармаларында болатын. «Гауһартастағы» лирика, «Сүйекші» мен «Тіршіліктегі» трагизм, «Дерменедегі» философия, «Қарғындағы» мөлдір махаббат пен өмірдегі әділетсіздікке, келеңсіздікке қарсы бағытталған наразылық пен протестік көңіл-күй, мұның бәрі шын мәнінде қазақ әдебиетіндегі әлемдік деңгейде берілген қайталанбас құбылыстар еді. Қазақ әдебиетін әлемге танытқан бірден-бір жазушы Дулаттың пьесалары бүгінде бүкіл Еуропаның сахналарында қойылып, шығармалары әлемнің жетекші тілдерінің бәріне аударылып жатыр. Сондықтан мен Дулаттың екінші өмірінің шеруі бірінші өмірінен де артық болатынына, асқар тау секілді алыстаған сайын биіктей беретініне, жазушы ретінде оның есімі ешқашан өлмейтініне кәміл сенемін.
Мен күйреуіктеу адаммын, ал Дулат оптимист болатын, қайтыс боларынан азғантай уақыт бұрын Қазыбек Иса бастаған іні-достары барған екен көңілін сұрап, сонда өзі әрең сөйлеп жатып «қайтыс болды деген сөзді газеттен оқығанша, осылай келіп тұрмайсыңдар ма» дейді екен. Ажал алдында жатып бұлайша әзілдей білу адамның рухының қаншалық биіктігін көрсетсе керек.
Әдебиетке бірге келген, әзіліміз жарасқан, қайран досым, қош, айналайын халқың аман болсын, артта қалған ұрпағыңа амандық берсін.
Дулат есімі халқының жүрегінде, баршаңызға қайғырып көңіл айтамын.
Төлен ӘБДІКОВ,
Қазақстанның халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әлем сахнасына сүрлеу салды
Қазақ халқы өзінің ұлы жазушысымен қоштасып жатыр. Біз Төлен, Кәдірбек, бәріміз ұлы досымызбен қоштасып жатырмыз. Жарты ғасырдан астам иықтасып бірге жүрдік, құшақтасып өмірді бірге өткіздік. Қазақтың ұлдары бәрі айтып жатыр ғой, Дулаттай перзент туа қоймас деп, халқы аман болса, артығы да туар, кемі де туар, бірақ дәл Дулаттың орнын ешкім баса алмайды. Ол халқым, ұлтым деген ұлы ойды берік ұстаған перзент болатұғын. Халыққа қызмет ету керек, халық аман болса, сен боласың, халқың жоқ болса, сенің данышпандығың кімге керек, мықтылығың кімге керек. Біріміз кетеміз, біріміз орнына келеміз. Бірақ халық болса, бәріміз боламыз, яғни ұлы діңгек – ұлтты сақтау керек. Сол үшін бойыңдағы барыңды аянбай жұмсау керек. Дулаттың ұлы мүддесі, ұлы мұраты осы.
Ол шын мәнінде қазақ әдебиетін, қазақ мәдениетін шетелге танытқан жазушы. Алдыңғы буын ағаларымыз елінің, мемлекетінің алдындағы перзенттік парызын атқарып, үлкен қызмет жасағаны рас. Бірақ дәл Дулаттай пьесалары Еуропа, Азия, Ресей сахналарына қойылып, танылған жазушы болған жоқ. Ол үлкен есікті ашқан, соны сүрлеу салған Дулат болды. Бұл тарихтың алдында да, халықтың алдында да белгілі ақиқат.
Оның ең үлкен еңбегі – қай кезеңде де болсын өз мақалаларында халқының азайып бара жатқан, жоғалып бара жатқан ұлттық мінездерін күйініп жазатұғын, жүрегімен жазатұғын, жылап жазатұғын. Халықтың қиналған кезінде, сөзі керек, жігері керек болған кезінде сөзі де болды, жігері де болды, пайдасы да болды. Дулаттай ұл туса екен, Дулаттан артық ұл мен қыз туса екен осы халықтан деп тілеймін. Топырағың торқа болсын, досым, иманың жолдас болсын, ел-жұртың аман болсын.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
Қазақстанның халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әрбір туындысы ел көңілінде мәңгі сақталады
Дулат екеуміз замандаспыз. Ең өкінішті жері – замандастарымыздың көбі аттанып кетіп жатыр. Жұтта қалғандай сезімдеміз, шын мәнінде. Бексұлтан бар, Төлен бар бәріміз қатар өскен жігіттер едік. Дулатпен оқуға түскен бетте университеттің жатақханасында бір бөлмеде жаттым. Сол кезде әзіл-қалжыңын айтып отыратын азамат еді. Ол заманда жазушы болады-ау, дос болады-ау деп ойлаған жоқпыз. Әйтеуір әңгімеміз жарасып жүре беретінбіз. Бірақ анау «Шойынбұлақ» дейтін әңгімесі шыққан кезде Дулаттың өзінің жазудағы ерекшелігі бірден көрінді. Сосын «Жолда» дейтін әңгімесі жарыққа шықты.
Ол менен оқуды ілгерірек бітірді. Ал мен кейіндеу аяқтадым. Бірақ аралас-құралас болып жүрдік. Дулаттың қаламгер ретіндегі ең мықты тұсы – классикалық әңгімелер, повестьер жазды.
«Қарғын» деген роман жазды. Дулаттың ең бір атап көрсетерлік ерекшелігі – өмірде өзі қандай әзілі жарасқан адам болса, шығармаларын да езу тартпай оқу мүмкін емес. Сол үшін де жұртқа бірден ұнады. Оқырманның көңілінен шықты. Кейіпкерлерінің қай-қайсысы болса-дағы жан дүниесіне үңіліп, өзіндік ерекшелігімен жазып отыратын. «Ескерткішін» күлмей оқу мүмкін емес. Тірі адамды ескерткіш қып қойып қою арқылы социолизм заманының ерекшелігін, көзбояушылығын, әдемілеп ысқақпен «дәріптеп» айтып отыратын. Ал романы туралы жұрттың бәрі жазып қойды. Роман тағы да екі баспадан шығады деп күтілуде.
Дулаттың өмірден өзі өтсе де, қадірі арта бастайды. Өйткені біз классик жазушы деген сөзді біз бір-бірімізге қимаймыз. Бірақ Дулат өзінен өзі классик деген сөзді айтуға жұртты мойындатты. Басқасын былай қойғанда драматургия саласында ешкім жетпеген жетістікке жетті. Европа, Америка, Франция барлығын шарлап, әлемді талантымен таңдай қақтырды. Лордтар палатасында сөз сөйлеуінің өзі біздің ешқандай қаламгерлердің жетпеген биігі еді. Жалпы Дулат Исабеков өз замандастарының бәрінен ілгері озған үлкен классик жазушы болды.
Дүниеге келмек бар да, кетпек бар. Адам баласының барлығында туғаннан соң өлу бар. Бәріміздің де баратын жеріміз бір. Бірақ, сәл ертерек кеткен сияқты. Өйткені, «Қазақ жазушыларынан «Нобель» сыйлығын кім алады?» деген әңгіме басталғанда барлығы да Дулатты ауызға алып еді. Өкініштісі соңғысында да алуы мүмкін еді, бірақ біздің қазақтар қолдауға сараң болды. Тірі болғанда, болашақта алар еді. Дегенмен, Дулат өзінің биігіне шықты, өзін мойындатты. Енді оның екінші өмірі басталды. Қазақ жастары қазір Дулаттың қадір-қасиетіне жетті. Оның кітаптары шетелдерде де шығып жатты. Елімізде де шыға береді. Біздің жазушы боламын деген ұрпақ немесе адамгершілік кісілік деген нәрсенің қандай екенін білгісі келетін ұрпақ Дулаттың шығармаларын оқуы керек. Оқымауы мүмкін емес. Оның спектакльдерін, киноларын көреді. Мысалы ол «Балуан Шолақ», «Гаухартас» сынды біраз фильмдердің сценарийін жазды. Оның әрбір туындысы халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Ол өмірден өтсе де, оның мұрасы халқымен бірге жасай беретіні анық.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қазақ Шекспирінен айырылдық
Кезінде, ең алғашқы қазақ тілде оқыған кітабым Дулат Исабековтің «Гауһартасы» болды.
Сөйтіп, Дулат ағаның сөзі арқылы мектепте орысша оқыған, Ресейде жеті жыл өмір сүрген мен де ана тілімізге қайтадан бет бұрдым.
Абыз жазушыны ерекше сыйлап, өзінен рұқсат сұрап, інімнің баласына да Дулат атын құрметтеп қойғанмын.
Бүгін мыңнан астам халықпен, оның ішінде Қазыбек Исамен бірге, ұлы классигіміздің жаназасына қатысып, Дулат ағамызбен қоштастық.
Қоштасу рәсімінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып, әсерлі әрі терең сөз айтты.
Ал көрнекті жазушы Төлен Әбдіков сахнадан сөз сөйлегенде, Дулат Исабековтің әлемдік деңгейдегі ұлы жазушы екенін атап өтті. Ақын Қазыбек Исаны Дулат ағаның «ең жақын бауырларының бірі еді» деп, жазушы мен ақын екеуінің арасындағы әзілді әдемілеп, ерекше айтып берді. Бұл сөз біздерге де абырой.
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, Ұлы классик, Ел Ағасы.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол»
партиясының төрағасы
Ауыр халде жатса да, ажалдың өзін әжуалаған арда азамат еді...
Құрметті жамағат! Біз Дулат ағаның барлық іні-қарындастарының, ұл-қыздарының, елдегі барлық ағайынның атынан бүкіл Қазақ еліне, сол еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің ауыр қайғымызды бөлісіп, үлкен жәрдем көрсеткені үшін, қамқорлық танытқаны үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Дулат ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға арналған іс-шараларды атқарып жатқан азаматтардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз. Кешелі бері ағайын-туыстың атына шетелдерден келіп жатқан көңіл айту хабарларын оқып жатырмыз. Ресей, Швейцария, Германия, Франция, Грузия, Түркия, Австралия мемлекеттерінен ағамыздың қайтыс болуына байланысты қайғымызға ортақтасып, көңіл айтып жатқан шетелдергі әріптестеріне, ол кісінің оқырмандарына терең ризашылығымызды білдіреміз. Кешелі бері біздің ағамыздың тек ғана мемлекеттік деңгейде емес, бүкіл дүниежүзілік деңгейдегі үлкен абыройының тағы да куәсі болып отырмыз. Ағамыздың ауырып жатқан кезінде келіп, кетіп хабарын біліп жүргенімізде «Ислам, жеңгең қараңғыдан қорқушы еді, ана жақта қараңғыдан қорқып жатқан болар мен сонда шырақ алып баруым керек-ау» деп айтты. Өзі ауыр халде жатқанына қарамастан, ажалдың өзін әжуалап, өзінің үлкен қасиетін көрсете білді. Көп әзілдерінің бірі осындай болды.
Халқымызда даналық сөз бар: «Е, Алла бергеніңді алсаң да, береріңнен танбашы» деген. Алла тағала ағамызды мәңгілік дүниеге алып кетті. Біз Алладан қазақ халқына сұраған болар едік: «Е Алла қазақ халқына Дулат ағамыздың талантынан бірде
-бір кем емес қазақтың ұлы перзенттерін бере берші» деп айтқым келеді. Ағамыз иманды болсын!
Ислам ӘБІШ,
Мемлекет және қоғам қайраткері