Ақынның мұрасы – мәңгілік рухани байлық
2025 ж. 20 ақпан
282
0

Өткен аптада «Мұқым елдің Мұзбалағы» атты көркемсөз шеберлерінің байқауы – жас ұрпақтың жүрегінде қазақ поэзиясының шоқтығы биік тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың рухын қайта жаңғыртқандай болды.
Қазақ поэзиясының асқақ шыңы саналатын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Оның шығармалары халықтың жүрегіне жақын, әр өлеңі өмірдің бояуын айнытпай жеткізе білген туынды. «Қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ақынның лирикалық жырлары махаббат пен сағынышқа, туған жерге арналды.
Бұл байқау аудан көлемінде жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналған. Ауданымызға қарасты мектептерден іріктеліп келген көркемсөз оқу шеберлері байқаудың алғашқы кезеңінде Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Шардарадан шыққан шайырлардың өлеңдерін жатқа оқуы тиіс.
Шара барысында жас қатысушылар ақынның жүрек тебірентер өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі. Қазылар алқасының құрамында Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әнуар Карима Тойшыбекқызы төрайымдық етсе, Шардара аудандық мәдениет сарайы директорының міндетін атқарушы Қойлиева Ұлжан Уалханқызы және Шардара халық театрының әртісі Үмбет Сапаркүл Молданқызы мүшелік етті.
Мұқағали шығармалары жас ұрпақты рухани байытуға септігін тигізіп қана қоймай, көркем сөз өнерінің құдіретін ұғынуға баулиды. «Өлең – сөздің патшасы» деп Абай айтқандай, көркемсөз шеберлерінің өнері сөз қадірін түсіндіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ардақтауға тәрбиелейді.
Шардараның дарынды ұлы Ақылжан Алмасұлы өнерімен ел жүрегін тебірентіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ол қазақ поэзиясының қос бірдей жауһары – Мұқағали Мақатаевтың «Сәлемдеме» өлеңі мен жергілікті ақын Қазыбек Исаның туған жерге арналған «Шардара» туындысын тебірене оқып, көпшілікті ерекше әсерге беледі.
Әлеуметтік желілерде Ақылжанның бұл өнері кеңінен тарап, көпшіліктің қолдауына ие болды. Уақыт тауып байқауды әлемжеліден тамашалаған туынды авторы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса жас таланттың өнеріне тәнті болып:
– Ой, керемет! Құтты болсын! Қазақ жырын қандай күшті оқыды Ақылжан Алмас баламыз! Атына сай Ақылы кемел боп, Алмастай жарқылдай берсін! Алла жар болып, Жұлдызы жарқырай берсін! Әрдайым Ақ жол тілеймін! – деп жүрекжарды батасын берді.
Бұл сәт халықтың жадында жас таланттың шығармашылығына деген үлкен құрмет ретінде сақталары сөзсіз. Ақылжанның сахнадағы жарқын өнері оның болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенімділік ұялатты.
Байқауда, Достық ауылынан келген Сайпіл Балнұр Асетқызы – жүлделі І орынмен, Ұзын-ата ауылынан келген Тасболат Берік –Ⅱ орын, Пайызхан Мұхтархан мен Қызылқұм ауылынан келген Нұрбекқызы Аяулым –Ⅲ орынды иеленді.
Ынталандыру жүлдесімен Қ.Тұрысбеков ауылынан Оңғарбек Тұрғанай, Сүткент ауылынан Бакир Мерей, Алатау батыр ауылынан Кенжебаева Әсем Қайнарқызы, Көксу ауылынан Құрбан Ақнұр Сәкенқызы, Қоссейіт ауылынан Дүкенбай Аянат, байқауға қатысқаны үшін арнайы жүлдесімен Шардара қаласынан Елубай Ұлту, Қоссейіт ауылынан Сәрсенбай Ақниет, Ақалтын ауылынан Темірбек Інжу, Жаушықұм ауылынан Ділдәбек Нұрмұхамед, Шардара қаласынан Құрманали Қарақат, Шардара қаласынан Қаппар Олжас Сәбитұлы, Шардара қаласынан Жамантай Бағлан Мұратұлы марапатталды.
Мұқағали жырлары жас буынға шабыт сыйлап, оларды жаңа шығармашылық ізденістерге бастайтыны анық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Мұқағали мұрасы әлі талай жас талантты шабыттандыра беретіні сөзсіз.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Қазақ үні