«АЙЫБЫМ БОЛСА КЕШЕ ЖҮР...»
2025 ж. 17 ақпан
498
0

...Таң алакеуімде мен күбір-күбір сөйлескен екі еркектің даусынан оянып кеттім. Балтабай қоштаспастан есікті тарс жауып шығып кетті.
– Зайдашка, мына күйеу баланы ақ көңіл ғой деп жақсы көруші едім. Таң атпай маған ақыл айтып, мазамды алған соң боқтап тастадым. Сен әлде бірдеңе деп пе едің, – деп Жұматай маған сұраулы жүзбен қарады.
Шаршаңқы жүзінен мейірім лебі есіп «саған сенем, алтыным, сен өміріңде мені сатпап едің ғой» деген сөзді оның жанарынан оқыған менің жүрегім шыр ете қалды. «Сен қайдан білуші едің, көкем, мен сені сатқанда сыртыңнан қатырып саттым емес пе» деген ойды менің көзімнен оқып қойған Жұматай:
– Әй, ақымағым-ау, сен бірдеңе дегенсің ғой, жасырмай айт,– деді.
– Иә, сенің айлап ана пәлеге салынғаныңды айттым. Ауылға алып кетіп демалдырыңдар, мен шаршадым дедім.
– Сен шынымен-ақ менен шаршадың ба, алтыным. Мен өзімнен-өзім шаршадым. Бәрі де бітетін шығар, – деп ол белгісіз бір нүктеге тесіле қарап, мырс етіп мұңая күлді. Шошып кеткен мен жалма-жан орнымнан атып тұрдым.
– Не бітеді, нені айтып тұрсың? – дедім жүрегім әлденені сезгендей шымылдап.
– Жәй, бұл пәлені қоям дегенім ғой, – деп Жұмекең салқын езу тартты.
– Жүке-ау, соңғы кезде жүрегім суылдап, өне-бойымды бір қорқыныш билейтін болды. Түнімен сенің тынысыңды тыңдап шығамын. Өліп қаласың ғой, өліп қаласың, – деп мен тұншыға жыладым.
Жалаңаш денесіне көкшіл жейдесін желбегей кие салған Жұмекеңнің кеуде тұсы ашық екен. Баяғы шалқақ кеудесі сәл еңкіш тартқан ба қалай? Төс сүйегінен кіндігіне дейін түк басқан кеудесін кере демалған Жұматай әңгімені әзілге айналдырып жіберді.
– Зайдашка, күні-түні сені ойлаймын деп, шашым түгіл кеудемнің түгі де, тіпті сақал-мұртым да ағарып кетті. Кірпік бояйтын бояуыңды берші, мұртымды бояп алайын, – деді ол жымиып.
– Таң атпай қайда барасың? – дедім.
– Жазушылар одағында бір жиналыс болады, соған барамын, – деді ол.
– Әй, қайдам, қызға баратын шығарсың, – дедім әдейі.
– Барсам баратын шығармын,– деді, қыз деген сөзден Жұматайдың көңілі бірден көтеріліп.
– Мен қайтемін, – дедім шынымен қызарақтап.
– Сен мені күтіп отырасың баяғыдай. Есіңде ме, мен кешіккенде сен лағман созып ұзақ таңға көз ілмеуші едің ғой.
– Рас, бірде бір шелек лағман созып, оны өзіміз тауыса алмайтын болған соң қонақ шақырып едік қой.
– Зайда, мен бір сұлу қызға ғашық болып жүрмін, өзіме-өзім келем бе деп. Болмаса жетіскенімнен желігіп жүргемін жоқ,– деді Жұматай шынымен мұңайып.
– Ғашық болсаң бол, Ләйлә туралы өлең жазуды да қойдың ғой,– дедім жүрегім бүлк ете қалып.
– Маған кім қарайды дейсің, сен де мені тастап кететін сияқтысың. Соңғы кездері түсімнен шошып оянамын. Түсімде сенен айырылып қаламын. Ояна келсем түсім екеніне қатты қуанамын. Сені сонша неге жақсы көретінімді білмеймін. Балаларымнан да қызғанамын.
– Мен ауру болған соң өліп қалады деп аяйтын шығарсың.
– Жоқ, пұшық, сенен бұрын мен өлемін.
– Қой, қай-қайдағыны айтпа. Онан да ана ғашығыңа арнап өлең жаз.
– Міне, сен тағы да менен қашып тұрсың. Баяғы ғашықтығыңнан елес те қалған жоқ. Қит етсе маған біреуге ғашық бол, тоқал ал дейсің. Сен менің шешем болдың ғой, – деді Жұмекең, көкірегі қарс айрылып.
– Шешең болмағанда қайтейін, мен сені, әйтеуір, аман-есен жүрсе екен деймін ғой, алтыным. Біреуге ғашық болсаң, өзіңе-өзің қарар едің, денсаулығыңды күтер едің. Тоқал алсаң ол саған көп бала тауып берер еді, ел қатарлы өмір сүрер едің, адам болар едің. Маған еркелеймін деп босап кеттің ғой, – дедім көз жасымды көрсетпей іштен тынып.
– Жұматай мырс етіп жылап жіберіп, мені құшақтай алды. Анасының кеудесіне басын сүйеген жас сәбидей өксіп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Көзі қызарып, шашы дудырап басын көтергенде, мен оның басын құшақтап, кеудеме басып, маңдайынан, көзінен сүйдім.
– Көкем, көкем, әйтеуір, аман болайықшы,– дедім мен көңілім босап.
– Әп, бәлем, басқа қызға кетем деп едім, әкем– көкем деп әлпештей бастадың ғой. Бәйбіше, сенің мына құрметің маған ұнап барады, бүгіннен бастап Алматының бар сұлу қызын өзіме қаратам, дайындал,– деді өзінің сәл босаңдық көрсеткеніне ұялғандай болған Жұматай. Одан ары ол грузинның анекдоттарын айтып, менің езуімді жидырмады.
***
Жуынып-таранып, әдемі кеудешемді киіп едім, жүзім жарқырап шыға келдім. Бағанағы реніштен жанарымда жұғын да қалмады. Есіктен шығып бара жатқан маған қимай қараған Жұматай:
– Бүгін түсте қымызханаға барасыңдар ма? – деді күтпеген жерден.
– Оны қайдан білдің? – дедім.
– Білем ғой, күнде қыздармен бірге қымызханаға барасың. Киноға барасың. Мені көзге ілмейтін болдың,– деп, Жұматай тағы да аяқ асты мұңайды.
– Онда жүр, бүгін сенімен қыдырайын, кеттік, – дедім.
– Қызметіңді қайтесің?
– Қызмет қайда қашар дейсің, азар болса шығарып жіберер. Онда екеуіміз күндіз де, түнде де бірге боламыз. Сен маған өкпелемейтін боласың.
– Жоқ, сен қызметіңнен кетпе. Кейін екі зейнетақы аласың.
– Қойшы зейнеткерлікке дейін кім бар, кім жоқ.
– Олай деме, Зайдашка, біз қартайған кезде керемет бай боламыз әлі.
– Қалай?
– Сен жұмыс орныңнан бір зейнетақы, Жазушылар одағынан бір зейнетақы аласың. Маған тым құрыса жақсы ақын деп қартайғанда дұрыс зейнетақы беретін шығар.
– Ой, Жұмеке-ай, сен де соңғы кезде не болса соны айтатын болдың ғой. Қартаяйын дедің бе?
– Жоқ,соңғы кезде ылғи да сенен айрылып қалатын сияқтымын. Түсімде сен ылғи өліп қаласың.
– Мен онда ұзақ жасайды екенмін. Кеттік. Біз орталық қымызханаға жаяулай тарттық. Жол-жөнекей автобусқа мінбек болып, аялдамада тұрғанымда ойда жоқ жерден бір орыс әйеліменен сөзге келісіп қалдым. Жұматай өмірінде бірінші рет өзінде жоқ әдетпен, мені жақтап, орыс әйелге тойтарыс берді.
Былай шыққан соң, оған таң қалған мен:
– Мұның не, Жүке, сен әйел адамдармен тілге келмеуші едің ғой,– дедім.
– Білмеймін, сені ренжіткен адамның қолында өлгім келеді. Ылғи сенен айрылып қалатындай боламын.
– Әп, бәлем, ғашық қылдым ба өзіме, – дедім әзілдеп.
Біз орталықтағы «Ардагер» деген қымызханадан су қосылған, көкпеңбек шалапты ішіп отырдық. Жұматай көк шалапқа ернін тигізді де қойды. Мен оның басы ауырып отырғанын сезіп, оған бір стақан шарап алып бердім. Сол шарапты мұрны тершіп ұрттап отырып, Жүкең көңілдене бастады.
– Жаңа байқадың ба, ана «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына барғанда, редактор ағаң маған қол беріп амандасты. Ал, мен татпай жүрсем бар ғой, министрің де маған креслосын қиналмай-ақ берер еді,– деді ол көңілденіп.
– Оны мен білемін ғой, Жүке. Қазір де сен алдыңдағы шарапты ғана көріп отырсың, ана қарсы отырған екі келіншектің көзі сенде, көздерімен ішіп-жеп өліп барады,– дедім мен әңгімені әзілге шаптырып. Бізге қарсы қарап отырған әдеміше жас келіншекті меңзеп.
– Байқап отырмын ғой. Бірақ оларға қарауға халім жоқ. Бұл дерт оңай дерт дейсің бе, Зайда, – деді Жұматай мұңайып. Сол кезде есіктен кірген ақын Тынышбай Рахимов ұзын шашы жалбырап келіп, Жұматайға сәлем берді.
– Естідіңіздер ме, ақын Әбен Дәуренбековтің әйелі қайтыс болыпты,– деді ол.
Жұматайдың қабағы дір етіп, жүзі қызыл-күреңденіп кетті. Мен қатты тіксіндім. Өмірімді ең бірінші рет жүрегім қатты бүлк етіп, аузыма тығылды. Жұматайдың жүзіне зер сала қараған мен, алдымда отырған адамның бұл дүниелік емес екендігін ең алғаш рет сезінгендей болдым. Ең алғаш рет алдымда отырған жап-жас жігіттің тағдырға ішін алдырып қойғанын мойындадым. Ең алғаш рет керемет бір қасіретті сағаттың көп ұзамай соғатынын сезіндім. Ең алғаш рет маңдайы жарқыраған сұлу жардың менікі емес екендігін қолқа– жүрегім суырыла отырып мойындағандай болдым. Менің жан– дүниемде болып жатқан қопарылысты көзімнен оқып отырған Жұматайдың жүзін суық тер жуып кетті.
– Бұл жерден кетейікші, қапырық екен,– деді ол ақырын ғана. Жол бойы екеуіміз бір ауыз тіл қатыспай, қол ұстасып, біріміздің жүзімізге біріміз қарап, бірімізді– біріміз іштей аяумен болдық.
***
Бірді айтып бірге кетемін, жазу столына отырсам болды, бір жылы он жылға татитын қуаныш пен қасіреті, көз жасы мен күлкісі қатар жарысқан Жұматаймен бірге өмір сүрген жылдарым, «Мені жаз, Зайда, мені жаз. Мені ұмытып кетпе», – деп андағайлап, ат қойып мазамды алады. Бір ғажабы, кәдімгі театрдағыдай шымылдық сырғып ашылады да, көбісінің көзі тірі кейіпкерлер, бірі сақ– сақ күліп, енді бірі еңіреп жылап, кешірім сұрап, енді бірінің өлеусіреген көздері өңменімнен өтіп, «сен де сондай ма едің, біз сені кезінде «буы бұрқыраған жас тезек пе» деп ойлаушы едік, бәрін ішіңе түйіп жүрген екенсің ғой» десе, енді бірі: «Шіркін, жетістірген екенсің, сабазым сол. Күйеуің мен екеуіңнің ортаңда ғана қалатын әңгімеңді елге жайып, өз артыңды өзің ашқанда не табар екенсің, бейшара»,– деп табалап тұрды.
Мен олардың бетіне жымия қарап тұрамын да, кекесінмен: «Өмір сендер ойлағандай мәңгі емес. Ертең кешегі Жұматайдай сағаттарың соққанда бәрің де жоқ боласыңдар» ,– деймін. Олар хормен: «Сен біздің артымызда қаласың ба? Сен мәңгі өмір сүресің бе?» – дейді, мені мүсіркегенсіп. «Жоқ», – деймін мен. – Мен де кетемін. Құдай қаласа, алла жазса менің жазғандарым болашақ ұрпаққа жетер», – деймін. Олар білсін, аяулы ақынының ит қорлықпен өмір сүріп, өлгенін.
«Һм, бейшара-ай, тапқан екенсің, кімге шағынуды келер ұрпақ деп таңлайыңды қанша тақылдатсаң да, олар да біз сияқты адамдар ғой. Жас кезінде олар да адал болар, әділ болар. Содан соң көрерміз, оларыңның кім боларын. Біз таппаған ақылды олар қайдан ойлап табар екен?! Олар қалай ғана ақындарды оның ішінде бір туар ақынды дер кезінде түстеп, танып қастерлей алар екен» деп олар мені жағамнан ұстап, жан алқымға алады. Мен үндемеймін, қара терге түсемін. Бұлардың айтып тұрғандары рас– ау, менің осы сандырағым кімге керек. Жан сырымды шырқырап айтқанда не таппақпын? Менің шимай-шатпағымды біреу оқыр дейсің бе?» – деп ойлап, апталап қалам алмай кетемін. Содан келіп шалық тиген адамдай ауырамын, көңілсіздік басады, өз-өзімнен жүріп, моланың күзетшісіндей болып өмірден түңілемін, жанымды қоярға жер таппай, балаларыммен сөйлесуден қаламын. Өлдім-талдым дегенде қайтадан қаламға жармасамын. Қадалып отырып неше сағат рахатқа батамын. Өмірге қайта ораламын, өткен жылдардың өзегін үңгіп кіріп аламын да бүгінгі бос өтіп жатқан күнімді көрмеуге тырысамын. «Қиын да, қасіретті болса да, ол жүріп өткен жол бақытқа бастар жол екен ғой», – деп, құдайға сыйынып алып миымда қалған, дәл бүгінгідей «мені айт, мені айт» деп сайрап тұрған өткен өмір елестерін түйдек– түйдегімен ақ өлеңше төгуге кірісемін. Уа, құдай, сәтін бере гөр.
***
Сонымен сіңлімді оқуға түсіру керек болды. Тіп-титтей болса да бізге соншама қамқорлық көрсеткен Ләйләні оқуға түсіруге Жұмекең екеуіміз ант– су іштік те, жеме-жемге келгенде не істерімізді білмедік. Содан мен қызметтес Несіпбек деген ақын жігітке өстіп қиналып жүрміз деп едім, «Оның түк қиындығы жоқ, Жұматай соңғы шыққан жинағын апарып беріп, емтихан комиссиясының төрағасына өтініш етсін, түсіреді де жібереді», – деді. Несіпбек әулие екен, сіңлім оқуға түсті де кетті, бәріміз мәз-мейрамбыз.
– Ләйләш, осы оқуыңды бітіресің, сольпоға директор боласың. Сонда Жұматай ағаңа финский әдемі, көгілдір костюм-шалбар әпересің, – деді Жұмекең.
– Әрине, аға, болса қазір-ақ алып беремін ғой. Қазір қолда болмай тұр ғой, – деді Ләйлә.
Содан арада бірнеше жыл өтті, ұмытпасам жеті-сегіз жыл, әйтеуір, сол финнің көгілдір костюмін Жұматай киді, балдызы алып берді. Ләйлә тұрмысқа шықты, алғашқы баласы өлі туып, жаны әрең қалып, көп қиындық көрді. Жұмыстан қалды, әйтеуір, өзімен-өзі әлек болып кетті. Сол Жұматай қайтыс болатын жылы Ләйләнің екінші баласына аяғы ауыр еді, бір жыл бойы Алматыға келе алмады, дәрігер рұқсат етпеді. Содан Жұмекең дүние салғанда, Ләйлә қатты күйзеліп, маған телефонмен көңіл айтты.
– Зайда, енді өзің өліп қалма. Бізді ойла, ауру шешеңді, балаларыңды ойла, – дей берді. Мен таңқалдым, «неге мен оларды ойлауым керек? Неге мен Жұматайды ойламауым керек» деп.
– Зайда, енді Жұматай аға келмейді, – деді сіңлім қатты өкінген үнмен. – Мына сіңлім қызық екен ғой өзі, ол неге келмейді дейді Жұматайды, қап, құдай-ай, мынаның сөзінің түрін-ай, – деп, өзімнің шала ес-ақылыммен ойланып қалдым. – Зайда, жалғыз өзің қиналып жатырсың-ау. Не керек, айтшы, Пайымнан беріп жіберейін,– деді ол күйеуінің келетінін айтып. Жаныңда кім бар, әттеген-ай, қасыңда бола алмадым-ау, – деді тағы да жылап.
– Қасымда жер қайысқан қол бар, ел-жұрт бар. Есіктің алдында қаптаған халық. Жұматай айналайын «халқым бар, ел-жұртым бар» деуші еді, рас екен, Ләйлә. Бәрі де осында жүр, жақсы да, жайсаң да. Бәрі де бар, керемет дастархан жайылып жатыр. «Шыңғыс ханның асындай болды-ау, шіркін, Жұматай өзі тұрып көрсе ғой», – деп Күләш Ахметова жүр. Білесең ғой, ақын ғой, бір кісілікті қыз екен. Жұматайдың жан досы Жайлаубай бар. Мейірхан, Гүлнәр, Қажытай да осында жүр, – деп дабырлап күліп, жынды адамдай сөйлеп кеттім, кәдімгі той жасап жатқандай.
– Айтпақшы, Ләйлә, бар ғой, сенің Жұматайға финский костюм кигізем деген уәдең бар еді ғой. Соны ұмытпа, бүгін беріп жібермесең, ертең сол костюміңді ол кие алмайды, – деп айқайладым өзеуреп.
– Бәрін де тауып беремін, Зайда, есіңді жишы, – деп сіңлім жылап тұрды.
Оның аяғының ауыр екенін мен ол кезде ұмытып кетсем керек. Жалғыз арманым Ләйлә көк костюмді беріп жіберсе, Жұматай тіріліп кететіндей көріппін. Оны арада бір жыл өткенде барып, Ләйлә айтып берді. Сол көгілдір фин костюмін тауып беруге Зара Адамовна деген чечен қызы көмектескенін, сол күні өзінің шырылдап көп жылап, көп жүгіргенін, содан соң қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскенін айтты. Мен одан іштей кешірім сұрадым. «Мені кешіре көріңдер, егер кешіре алсаңдар, айналайын бауырларым. Сендердің жүректеріңді аямай ауырттым-ау өзімшіл байғұс басым. Елдегі күйеуі өлген жалғыз мен бе едім» деген сөзді іштей айтып, оңашада өксіп жыладым. Бірақ оларға ешқашан еш нәрсе де айтқаным жоқ. Олар да мені ешқашан да кінәлаған жоқ. Інім Мұрат Жұматай қайтыс болған жылы екі мың ба, төрт мың ба шақырым жерден екі-үш рет келіп кетті. Көпке дейін жүрегі ауырып, көзіне жас алып жүрді. Екі қыз сол баяғыша маған алланың арқасында әлі де сүйеніш болып келеді. Ал, жездем Серік Жұматайды жөнелткен соң да көпке дейін үйге келе алмай, келсе, көңлі босап жылап жүрді. Орысша оқыған жездем әдебиетті, әсіресе, әлем әдебиетін жатқа білетін, Жұматаймен көп тәжікелесіп, бәстесіп жататын. Екеуі кейде өкпелесіп те қалатын. Бірақ артынша-ақ жездем сыбағасын алып: «Жұматай-ау, аңсадым ғой сені» деп шауып келетін. «Секе, аңсадым емес, сағындым сені, бажа, десеңші», – деп Жұматай ішек-сілесі қатып күлетін де, екеуі дастархан үстінде, өздеріне қызық, өзгеміздің ығырымызды шығаратын, бітіспес айтыстарына тағы да кірісетін. Дау, талас көбінесе ұмытпасам, Ілия Есенберлиннің «Кочевники» деген орыс тіліндегі кітабы менен Олжас Сүлейменовтің поэзиясы төңірегінде болатын. Болмаса Пушкин мен Лермонтовтың лирикасын салыстырып, айтысып қала беретін.
– Қазақтың қазіргі ең мықты ақыны менмін, Секе,– дейтін Жұмекең бажасына сыбырлап қана.
– Қойшы, Жұматай, ұялсаңшы, – деп, жездем күйіп-пісетін. Содан Жұматай бажасына өзін дәлелдеу үшін, үй сұрап жазған арызын, Олжас Сүлейменовке жазып апарған орысша өлеңін оқып беретін. Осы өлеңнен соң жездем кәдімгідей басылып, Жұматайды қатты мойындап қалатын.
– Секе, бажаңыз қандай екен? – дейтін Жұматай қарқ-қарқ күліп.
– Мықты, ничего, – дейтін жездем, мақтауға сараңсып. Артынша-ақ екеуі әзілдесіп, болмаса ән салып отыратын. Бірақ екі бажа араға ай салып, жыл салып кездессе әлгі оқиға басынан аяғына дейін, кәдімгі сценарий бойынша ешбір өзгеріссіз қайталанатын. Біз оған ішек-сілеміз қатып күлетінбіз, олар өздеріне-өздері риза болып, жеңілгені мойындап, жеңгені «штрафной рюмканы» зорлап ішкізіп жататын. Жұматайдың менің туыстарыммен аралас-құраласының арасында бір іштей ұғысатын гармония болатын. Кейде, Майра әкпем «Осы Жұмекең, менің байқауымша, сенен мықты жазады, Зайда, сен оны көңіліңе алма», – деп отыратын. Мен іштей «тәубе» деп тәубеге келетінмін.
***
1990 жылдың қыркүйегінің 15-ші жұлдызында таңертең Жұматай екеуіміз ең соңғы рет сөйлестік. Бұрыштағы төсегінің үстінде отырған ол, сақалын алмаған екен, менің көзіме тоқсандағы қария құсап елестеді. Мен өзіме-өзім таң қалып, алақаныммен көзімді сүртіп-сүртіп жібердім. Жоқ, қателесіппін, алдымда асарын асап, жасарын жасаған келбетті қария отырды. Боялмаған шашы да аппақ, сақалы да аппақ. Екі көзі от шаша қарайды. Иегі сүйірленіп, қырлы мұрнының ұшы салбырап, екі жағына пышақ жанығандай болып отырған адамның менің күйеуім Жұматай екеніне мен сенерімді де, сенбесімді де білмедім.
Кенет оның сұп-сұр өңі нұрланып, екі көзі от шашып сөйлей жөнелді.
– Әй, Зайда, басыңды көтер, – деді диванда жантайып жатқан маған қарап. – Әңгіме бар.
– Құзғын сәріден не қылған әңгіме? – деп мен сезіктеніп қоңыраулы сағатқа қарадым.
– Сағат алты ғой, қазір, – деді ол жүгініп отырып алып.
– Жарайды, «Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді» деген, әңгімеңді айт,– дедім оның алдына, жерге жүгініп отырып алып.
– Әңгімем сол, менің сағатым таяды, дүниеден өтер күнім келді, – деді ол.
– Қалжыңды қайтесің, қария, онсыз да ауру жүрегімді ауыртпасаң қайтеді, – дедім иегім кемсеңдеп, бұл айтып отырған сөзінің тегін емесін біліп.
– Қатын, сен менің ханымым болдың. Жұрт не десе о десін, мен сені ханымымдай күттім, әлпештедім. Қатты кеткен жерім, қателескен жерім болса, кешір,– деді ол.
– Құдай-ай, күнде бір өнер шығарып, сау басымызға өлім тілеп, бір сұмдық болдық қой. Осы үйден бір өлік шығуға тиіс болса, мен-ақ өлейінші, мені-ақ алсыншы құдай. Сап-сау отырып, неге менімен қоштасып, бақұлдасып отырсың? Азабыңа да, тозағыңа да көнгенде көрсеткенің осы ма? Екеуіміз бірге қартайсақ деген арманның күлі көкке ұшқаны ма? Не жазығым бар еді, осыншама маған неге қатыгезсің? – дедім күйініп.
– Тағдырың саған қатыгез. Құдайың саған қатыгез. Қатыгездікті әлі көресің, менен емес, басқадан, – деп ол мырс етті де:
– Сені ғана қимаймын бұл жалған дүниеде. Басқасының маған қызығы қалмады. Өз өмірімді өзім отқа да салдым, суға да салдым. Әйтеуір, ақырғы нүктесін қоятын болдым ғой, – деді ол шынымен-ақ, қуанған сыңай танытып.
– Деміңді алшы, қария, ауру жүрегімді ауыртпашы, – деп жыладым.
– Сені қимаймын, күнің не болар екен, – деп ол тағы да маған өзіне ұқсамайтын бір түрлі көзараспен қарады. Менің қара-табаныма дейін суып, жүрегім шаншып бара жатты. Менің жағдайымды сезген ол, мені аяды ма қайдам, құп-құрғақ жанарын маған қадап:
– Бұл дүниеде мен татпаған рахат жоқ, оған өкінбеймін, – деді. –Қалауымша өмір сүрдім. Байға да, патшаға да көңілімді бергенім жоқ, – деді. – Бұл дүниеден армансыз аттанар едім, әттең, сен болмасаң, – деп сәл-сәл иегі кесеңдеді де, өзін-өзі бекітіп:
– Зайда, байға ти, байғұс,– деп ол күліп жіберді. Мен жылап ас үйге шығып кеттім. Сол күн ұмытпасам жұма еді, түске жақын ол мені тағы да шақырды.
– Мына екі қаламымды қызым өскенде соған бер, ал мына үш кітабымды өзің сақта, – деп маған өмірінде әкесіне де қимайтын ең қастрелі бұйымдарын берді. Дірілдеген қолымен «Көне моңғол шежіресі» деген кітаптың бірінші бетіне қолын қойып берді.
– Зайда, мен бір айналып келейін, – деп ол далаға шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Түнімен қызымыз екеуіміз ұйықтай алмай, жылап– сықтап шықтық. Қайда кеткенін білмей дал болдық. Ертеңіне, қыркүйектің 16-шы жұлдызында сағат 11-де ол үйге тәлтіректеп кірді де, жүрегін ұстап құлап түсті. Қатты қиналып, сағат кешкі 5-ке он минут қалғанда жан тапсырды. Айтқаны келді, аурухана төсегінен тұрмады.
Мен көшеде айқайлап, әндетіп жылап келе жаттым. Арлы-берлі өткен адамдар маған үрке қарайды. Менің оларда ісім болған жоқ. «Алтыным-ай, осылай боларын неге білмедің екен. Алтыным-ай, неге сонша өзіңді-өзің қинадың. Алтыным-ай, енді тұрмайсың-ау. Алтыным-ай, қош бол, бақұл бол! Алтыным-ай, тағдыр саған неге қатал болды?! Алтыным-ай, қайтейін-ай, өзіңе-өзің істедің-ау! Алтыным-ай, бұл не істегенің», – деп есімнен танып тұрып, көшедегі телефон автоматтан достарына оның өлімін хабарлап тұрдым.
Ол болса мәңгіге көз жұмды. Мәңгіге біздің арамыздан кетті, өзінің жұмбақ тағдырын, ащы өмірінің улы запыранын маған қалдырып, бір қыңқ демей, біреуге шағынбай, мұңын шақпай дүниеден ерлерше өте білді.
Оның ашық қалған жанарына, сәл ашылыңқы ерніне, қимылсыз жатқан қолына қарап тұрып, ешқандай суықтық сезінбедім. Сол баяғы тірі кезіндегідей ешкімге ызаланбай, елдің бәріне мейір-шапағатын төгіп жатып, қалғып кеткендей еді.
Араға бір-екі күн салып, оны жерледік. Өзі жан досым деп, тірлігінде қатты құрмет тұтатын Жайлаубай досы келіп, Жұматайдың мәңгілік мекенін, ақымын мұсылманша қаздырып, құдай алдындағы сауабын алды.
Өзі тіршілігінде «қазағым, халқым»,– деп қабырғасы қайысатын қазағының игі жақсылары келіп, оны соңғы сапарға жөнелтті. Қызыл пүліштен тысталған табыт қолдан қолға өтіп, зиратқа жеткенше құрмет көрді.
Аппақ жүзін, қап-қара шашын әлден соң топырақ жапты. Тіршілігінде шеттеп жүретін ақынның жалғыз моласы томпиып айдалада қалды.
Зайда Елғондинова, ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты