Хас батыры – қазақ деген жұртымның
2025 ж. 22 қаңтар
51
0
Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі, жолында ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен қасық қаны қалғанша күрескен. Ол тіпті, сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі ақын. Даңқты батырға арналған С.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейдің 10 «Ә» сынып оқушысы Алуа Басимованың жүрекжарды жырын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Жас талаптың шығармашылық жетекшісі – Алина Динабекова.
***
Уа, Махамбет – ақтаңгері ұлтымның,
Жеті түнде жанартаудай сілкіндің.
Арыстандай айбатынан жау қашқан,
Қас батыры қазақ деген жұртымның.
Тілеуіңді алты Алашың тілеген,
Арлан едің апанында түнеген.
Тарихымда сендей ерлер аз болған,
Ханға қарсы үзеңгісін шіреген.
Қорғай алар сендей елдің кім арын,
Ұлын жоқтап жатыр содан құм Нарым?!.
Жұмыр қылыш күйін шерткен сары белдер,
Жасырғандай сол заманның сұмдарын.
Ғұмырыңды күресуге арнадың,
Жырыңмен де ел намысын қорғадың.
Алдаспанын қан мен кекке суарған,
Жүз ғасырда бір туатын тарланым.
Алуа Дәуренқызы БАСИМОВА