Бердібектің белгісіз бейнесі
2025 ж. 04 қаңтар
276
0
Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың кітабын оқымаған адам кемде-кем шығар. Жылдар өтсе де, оқырманның жүрегінен орын алатын қаламгердің шығармалары көптің сүйіп оқитын туындысына айналуы оның өмірдегі шындықты суреттеуінен болса керек. Ал жазушының кейінгі өмірі туралы біз көп біле де бермейміз. Тек өзінің туып-өскен өңірі Нарынқолға жиі барып тұрыпты деген әңгіме бар. Оны көзі көргендер, елден естігендер айтады. Әсіресе, бір кездері өзі оқыған Сарыбастау ауылының тұрғындары «Бердібек ауылда болған, оқушылармен кездескен. Шалкөде жайлауында бала-шағасымен дем алған. Өзімен қатар оқыған Әріпбай Әшімбаевпен аңға шыққан» деген естеліктер айтады. Сол естеліктен қалған суреттер де кездеседі.
Бұл – тек Сарыбастау ауылындағы жазушының бір бейнесі ғана. «Ал басқа адамдармен түскен суреттері бар ма екен?» деген ойда ізденіске жетеледі. Соның бірі – Бердібек ағамыз алты адаммен түскен суретін Совет Оразаевтың «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер» деген Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Алматы облысы Кеген, Райымбек ауданының майдангерлеріне арналған кітаптан кездесті. Жинақ Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына арналыпты. «Елін сүйген азамат» деген журналист Шыңғыс Тұрсыновтың Айтақын Алпысбаевқа байланысты эссесі кірген. Онда: «1965 жыл. 9 мамыр – Ұлы Жеңістің жиырма жылдығы. Аудан орталығы Жалаңаштан Кеген ауылына көшірілгеніне бір жыл ғана уақыт болған. Соған қарамастан, айтулы мерекеге жан-жақты әзірліктер жасалды» деп басталады.
Жеңіс күніне байланысты мереке салтанатты түрде аталып өткен. Шарада соғыс ардагерлері өмірден өткен боздақтарды еске алып, жүрек тебірентер сөздерімен еске алған. Олардың қатарында сол кездердегі Кеген ауданының аумақтық ауыл шаруашылығының басшысы Айтақын Алпысбаев, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Өміржан Игібаев, жазушы Бердібек Соқпақпабаевпен жақсы сыйласқан досы, соғыс ардагері Әлнұр Мейірбеков, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау инспекциясының бастығы Сәдуақас Серкебаев және басқа соғыс ардагерлері Ұлы Отан соғысында қайтпай қалған боздақтарды еске алып, олардың ерліктерін атап, өздерінің ұсыныстарын да айтыпты. Айтақын Алпысбаев соғыста қайтпай қалған бауырларымызға Кегеннен ескерткіш орнату парызмыз деген ұсынысын ардагерлер қолдаған. Сол ұсыныс кейін іске асқан. Содан бері елу жыл өтті дейді автор. Эсседе Айтақын Алпысбаевтың өмір жолы, майдандағы еріліктері және соғыстан кейінгі қызметі жазылып, үш сурет қоса беріліпті. Өзінің және көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қызмет бабымен елді аралаған сапардағы сәті және балалар жазушысы Берібек Соқпақбаев пен журналист-жазушы Сапар Байжановтың және төрт кісімен түскен суреті. Суретте Бердібек Соқпақбаев оң жақта бірінші болып тұрса, қасында Сапар Байжанов. Алдыңғы қатардың сол жағында Айтақын Алпысбаев. Қалған үш кісіні тани алмадық. Кітаптағы суретте: Бердібек Соқпақбаев және Сапар Байжанов (тұрғандар), Айтақын Алпысбаев оң жақта бірінші – деп жазылған. Автор эсседе Бердібек Соқпақбаев пен Сапар Байжанов туралы еш нәрсе жазбаған. Сірә, олар мерекеге құрметті қонақ ретінде шақырылған сияқты. Ал материал соғыс ардагері Айтақын Алпысбаевқа арналыпты. Майдангер 1921 жылы Нарынқол өңіріндегі Текес ауылына жақын Өрнек деген Бердібектің туған жері Қостөбеге өте жақын жерде дүниеге келген екен. Сірә, екеуі балалық шақтарында бірін-бірі біліп өскен тәрізді. Бір қызығы – Бердібек Соқпақбаевтың алғашқы ұстазы Сағатбек Қасенов те Айтақын Алпысбаевты оқытыпты. Жеті жылдық мектеп бітіріп, Алматыда оқуын жалғастырған. Бұдан кейін ауылда қызмет атқарып жүргенде 1942 жылы әскерге шақырылады. Мергендер тобында болып, жау қолында қалған Старая Русса қаласын дұшпаннан азат етуге қатысқан. Взвод командирі болған Айтақын Алпысбаев Псков, Дно, Ржев, Рига, Тухумс қалаларын және Балтық теңізінің жағалауындағы жаудың басып алған жерлерін азат еткен. Талай ұрыс майданындағы шайқаста болып, 1946 жылы әскер қатарынан босатылған. Ол кісі бұдан кейін Нарынқол, Кегенде қызмет істепті. Ауданның экономикасын көтеруде елеулі еңбек сіңірген. Сонымен қатар суреттегі журналист-жазушы Сапар Байжановтың өмірі Кеген ауданына қатысты жайттары бар екен. Сапар Байжанов Жамбыл облысының Шайқорық ауылында туғанымен, еңбек жолын 1947 жылы Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш орта мектебінде мұғалім болып бастап, кейін Кеген аудандық Халық ағарту бөлімінің инспекторы болып жұмыс істейді. 1952 жылы ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітіріп, «Лениншіл жас» газетінде түрлі сатыда көтеріліп, редактордың орынбасары қызметін атқарған. 1958-1964 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында бас редактор болыпты. 1965 жылы басқа жұмысқа ауысып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушісі болған. Міне, осы жылы Сапар Байжанов Бердібек Соқпақбаевпен Кегенге бірге келген көрінеді. Ал суретке келетін болсақ, сурет ол кезде түсірілмеген тәрізді. Себебі, 1965 жылдың 9 мамыры Ұлы Жеңістің 20 жылдық мерекесінде соғыс ардагерлері орден мен медальдарын тағып шыққан. Ал суреттегілерде ондай марапат жоқ. Мүмкін мерекеден бұрын, не кейін ауданның қызметкерлерімен түскен ба деген ой келді.
Бердібек Соқпақбаев пен Сапар Байжановтың Кегенге келгені туралы жазушының Сатылған деген ағасының қызы Рая Сатылғанқызы жоққа шығармайды. «Бердібек аға өте бауырмал еді. 1966 жылы ағамыз Сапар Байжановпен мені іздеп Сатыға келді. Олар алдымен Кегендегі аудандық газет редакциясының машинасымен үш адам Жалаңашқа келеді. Ол жылдары біздің ауылға тек таудан қарағай таситын жүк көліктері жүретін. Сол машинаға отырып келіпті. Үйге бір қонып кетті. Оны ұмытпайтын себебім, менің Ерланым 1961 жылы дүниеге келген. Ол онда бес жаста болатын. Бұл 1966 жылдың қарашасы» деген. Біздің ойымызша, сурет осы кезге сәйкес келетін тәрізді. Қаладан келген қонақтарды аудан басшылары қарсы алып, мүмкін осы кезде суретке түскен де шығар деп пайымдадық. Ол жылы Айтақын Алпысбаев Кегенде қызмет істеп жүрген екен.
Ал екінші суретті қазір көзі тірі нарынқолдық Бөпен Жексебаеваның отбасылық альбомынан табылды. Бөпе апайдың жолдасы Тілеужан Сақалов көп жыл Нарынқол аудандық оқу-ағарту бөлімінде инспектор болып қызмет істеген. Мамандығы - әдебиетші. Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетін зерттеген зерттеушінің алғашқысы. Материалдары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып жүрді. Көзі тірісінде еңбектерін кітап етіп шығара алмаған күйеуінің мұраларын Бөпен апай жинақтап, екі кітап етіп шығарды. Күйеуінің артында қалған мұраларын Алматыдағы қалалық архивіне өткізді. Осы жұмысқа мен де қатысып едім. Сонда «Мен ойымдағы үлкен істі бітірдім. Ағаның барлық әдебитке қатысты мұраларын архивке өткіздік. Енді үйдегі альбомда біраз суреттері қалды. Соны көр» деп Талғардағы үйіне шақырды. Альбомда өзім танитын біраз ақын-жазушылардың суреттерін көрдім. Белгілі жазушы Әкім Тарази мен бірге түскен суреті бар екен. Сондай-ақ, Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетіне үлесін қосқан ақындар – Бұқара Тышқанбаев, Естеу Нүсіпбековтердің суреттері. Сондай-ақ көп суреттің ішінде тағы бір фотоға көзім түсті. Белгілі балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың бір топ адамдармен түскені. Сурет бұлыңғыр болғанымен жазушы ағамыз анық түсіпті. Үстінде жеңі жоқ шақпақ түсті көйлек. Артында көзілдірікті қалың қара шашты бір адам тұр. Бұл кісі, сірә, жазушы Тахауи Ахтанов па деп ойладық. Сондай-ақ тағы да ақ жейде киген қара көзілдірікті екінші адам ақын, балалар жазушысы Жаппар Өмірбеков болар дегендей болдық. Басында ақ ши қалпағы бар, ұзын бойлы Тілеужан Сақаловты да таныдық. Суреттегі он төрт адамның ішінде әйелдерде түскен. Мезгіл жаз айына ұқсайды. Көп адамның суретіне қарап, мүмкін бұл, 1984 жылы Нарынқолдың оңтүстік батысындағы «Ақбұлақ» балалар лагерінде өткен қаламгердің 60 жылдық мерейтойында түскен болуы керек деп топшыладық. Өйткені, Бердібек ағамыздың өңі жас. Мерейтойға өзімен жақсы сыйласқан Тахауи Ахтанов, Жаппар Өмірбеков және басқа ақын-жазушылар қатысқан деген әңгіме бар. Лагерьде жазушымен балаларда кездескен. Сонда бір кішкентай қыз сұрақ қойған екен:
– Ағай сіз жас кезіңізде лагерьде болдыңыз ба? – депті ол. Бекең:
– Айналайын мен де лагерьде болғанмын. Бірақ қазіргі сендердің лагерьлеріңдей емес, басқалау болды, – депті.
Бердібек ағамыздың мерейтойында белгілі ақын Еркін Ібітанов та өзінің арнау өлеңін оқыған.
Жазушының бұл екі суретін көргендер өткен өмірге шегініс жасауы мүмкін. Біз тани алмағандарды танып естеріне түсері де анық. Қанша айтқанымен, екі суретте тарихи. Екеуінде балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың бейнесі бар.
Жексен АЛПАРТЕГІ,
Қазақ үні