СЕРКЕ
2025 ж. 04 қаңтар
304
0
Бауыржан Момышұлы шерткен сыр
«Алматы» санаторийі. Таңғы он. Екінші қабаттағы Баукеңнің жеке кісілік палатасының есігін қақтым.
– Кір! – деген дауыс естілді. Имене ішке ендім.
– Әжептәуір біреу келді ме десем, сен екенсің ғой.
Әзілдей күліп, сәлемімді алған соң:
– Жақсы келдің, қарағым, отыр, – деді жайдарылана. Біраз әңгімелескен соң:
– Сұрағың бар ма? – деді маған ежелгі дағдысымен барлай қарап.
– Бар.
– Болса, қысылып-қымтырылмай сұра, қарағым.
– Өткен жолы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) туралы айтып берем деген едіңіз.
– Дұрыс. Тыңда!
Баукең екі-үш рет жөткірініп:
– Қазақта «серке» деген сөз бар, – деп жұмсақ үн қатты. – Ол отарды бастайды. Түсінікті ме? Қасқыр келсе, мүйізімен сүзіп, жолатпайды. Сол себепті серке деген сөз біздің қазақ әдебиетінде бейнелі ұғым болып қалды. Жұрт көңілі толғандарына: «Е, мынау серке жігіт екен ғой», – дейді.
Ешкіде теке де болады. Бірақ текенің бәрі серке емес. Текеде мүйіз қысқа, серкеде ұзын. Серке – көсем, оған жалғыз ешкілер ғана емес, күллі қойлар бағынады.
Текелер қызғаншақ келеді. Олар төбелескенде мүйіздері сарт-сұрт етіп, құдай салмасын, өлген-тірілгеніне қарамайды. Ешкім олардай төбелесе алмайды.
Ал серкелер төбелеспейді, қызғаншақ емес, тыңнан соқпақ салып, жол бастайды. Жақсы серкелерді қазақтар еш уақытта соймаған, оларға сенген, құрметтеген. Сол себепті серке біздің фольклорда, әдебиетте ерліктің бейнесі ретінде қолданылған.
Серке намысшыл, қорасына қасқыр тисін, кім тисін, қарсы барады, өзін құрбандыққа қияды. «Е, мына серке жігіт екен ғой», – деген сөз содан шыққан. Жүз не екі жүз ешкінің ішінен бір-ақ серке шығады.
Қойлардың қошқарларға бағынбай серкеге бағынуында да сыр бар. Ол қойларды жаудан қорғайды, жақсылыққа бастайды. Қошқарлар, текелер қорғамайды, қорғай алмайды.
Бейнелеп айтайын, осы күнде біздің қазақ әдебиетінде серкелер жоқ. Егер болса, пәленше серке ғой деп айтшы?
Баукең жауабымды күтпей қайта сөйлеп кетті.
– Жарайды, өлгендерге тимей-ақ қояйық, қазір бір ақсақалымыз қиналып, өлім аузында жатыр деп естідім. Рас, өтірігін білмеймін, тілегім –тірі болсын. Оны өлсін деп отырған мен жоқпын. Ол кісінің қазақ әдебиетіне қосқан қазынасы бар, бірақ көңіліңе келсін, келмесін, серке емес. Серке – ер де әділ. Марқұм Мұхаң серкелік істеді, өкініштісі, кезінде мойындаған жоқпыз. Бұрын бізде серкелер көп болатын. Мысалы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, ағайынды Досмұхамбетовтер, Сұлтанбек Қожанов, Мұхамеджан Тынышбаев, Смағұл Сәдуақасов, Жамбыл, Темірбек Жүргенов, тағы басқаларымыз нағыз серікелер еді. Кейінгі кездегі аузымызға түсетіні – Қасым Аманжолов. Ол ерте өліп кетті.
Баукең тұнжырай қабақ түйіп:
– Мүмкін мен қателесермін, онда түзей қойыңдар. Оған қуанбасам, ренжімеймін! – деді даусын қатайтып. – Қоғам жылдан жылға тез өзгереді. Жиырмасыншы жыл, отызыншы, қырқыншы жылдарға, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарға ұқсамайды. Прогресс – марафон. Уақыт кімді де болсын есейтеді. Оның өзіне лайықты жетістігі көп, әрине, кемістігі де табылады.
Конъюнктурщина деген сөзбар. Бұл – халықаралық термин. Жаман ойда ол күнгебағар деген мағынаны білдіреді. Конъюнктурщина сатқындықпен шектеледі. Е, мынау өсіп келеді, мынаған жағынайын, керісінше, қолынан не келер дейсің, мынаған жағынбайын деу – конъюнктурщина.
Бұл – өте қауіпті ауру. Мұның өзі де қоғамдық құбылыс. Конъюнктурщинаның бір жаманы – әйелдердің ақымақшылығымен бәсекеге түседі. Әйелдердің ақымақшылығын әшкерелей түсетін қазақтың «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөзінің екінші мағынасы. Ақымақ қыз жігіттің қандай екенін білмейді. Әйтеуір, жұрт мақтағанға еліге береді. Әйелдің ақымақшылығы дегенім сол.
Конъюнктурщинаның қазақша тағы бір түрі: «Ойбай, мынаның тасы өрге өрлеуі мүмкін», – дегенді ести сала, дуылдатып мақтап ала жөнеледі. Мына жағы (кеудесін ұстап көрсетті) қараңғы ма, жарық па, онымен ісі жоқ. Бұл – барып тұрған таяздық.
Ел аузына түскен соң кетті мақталып. Тағы да оны тоқтату қиын. Ол бір күні, сөз жоқ, құлайды. Мұны неге айтып отырсыз деп сұрақ қойсаңшы.
– Мұны неге айтып отырсыз?
– Мұхаң жарықтық қандай жағдайда кездессін күнгебағар болуға тырысқан емес, керісінше, күнгебағарлықтан барынша қашып бақты, оны жек көрді. Бұл, қарағым, ол кісінің серкелігінің, көсемдігінің бір дәлелі.
Екінші дәлел. Біздің қаламгерлеріміздің бір үлкен қайғылы кемістігі – оң қолымен жазғанын сол қолы редакторлап, тұсап, шідерлеп отырады. Екі қолы бір-біріне кедергі еткеннен кейін олар кібіртіктеп жазады.
Тағы бір кемшілігі – көпшілігі «саясатшыл». Бұлай деу себебім, саясаттан тыс әдебиет жоқ деп олар саяси «сауаттылығын» өздері сезбестен, бүтін нәрсені бүлдіреді. Идеология жағынан қателеспейікші деп отырады да, өзіне-өзі бақылау жасап, жасанды жолға түсіп, шындықты бұрмалайды. Кейбір шығармаларымыздың, тіпті, көп шығармаларымыздың нашар болатыны сол себептен.
Айталық, Корнейчук «Майдан» пьесасын елдің бәрі қырылып, жеңіліп, шегініп жатқан кезде ешкімнен именбестен жазды. Соған ерлігі жетті. Ол жасанды саясатқа сүйеніп жазған жоқ. Пьесада барлық қателіктеріміз ашық көрсетілді. Ол үшін партия мен үкіметіміз Корнейчукті кінәлаған жоқ. Пьеса Жоғарғы қолбасшыға да ұнады.
Илья Эренбург өзінің майдан очерктерінде барлық кемшіліктерімізді қорықпай, жасырмай, терең талдаулар жасай отырып жазды. Ол үшін оны ешкім жазалаған жоқ.
Шолоховтың «Олар Отан үшін шайқасты» романын ал. Жазушы кемшілігімізді жіпке тізгендей етіп жасқанбастан алға ашық жаяды. Казакевичтің «Даладағы екеу» деген кішкене повесі ше? Екі солдаттың бейнесі арқылы ол соғыстың барлық трагедиясын көрсетті.
Әлихан, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек бастаған жазушыларымыздың қорында да ашық жазылған дүниелер бар. Бірақ бүгінгі таңдағы әдебиетімізге ой жүгіртсек, бармағыңды тістеп, қынжыларлық нәрсе, жасанды шығармалар көп. Қашып бара жатқан солдатқа «ура» дегізеді. Қашып бара жатып, «ура» дегенге кім сенеді? Соғыстың аты соғыс, онда жеңу де, жеңілу де бар. Жазушыларымыздың көбі героизмнің не екенін түсінбейді. Бір солдат бір гранатамен бес танкіні өртейді. Оқып отырып, сенбейсің. Бұл секілділер адам нанбайтын оңбаған аңыз!
Менің Мұхаңа қатты риза болатыным, басына қандай күн туса да шындықты, тек шындықты жазды. Бұл – үлкен ерлік!
Не бердім, не алдым деген сөз бар ғой, қарағым. Мысалы, Мұхаң берерін көп берді, аларын аз алды. Әрі-беріден кейін Қазақ ССР Ғылым академиясындағы жеке кабинетінде бір жеті, он күн отырды ма, отырмады ма, оны анық білмеймін, көбіне Мәскеуде жүрді, ғылыми кеңестерде сөз сөйледі, кітаптарын жазды. Басына қандай күн туса да халыққа адал болды. Мұның бәрі нағыз серкеге тән қасиеттер. Мұхаңның шәкірттеріне деген жанашырлық қамқорлығы өз алдына жеке әңгіме.
Баукең оң алақанымен шекесін сипай түсіп:
– Е, ұмытып барады екем, – деп серпіле сөйледі. – Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік, әрі профессор Бейсенбай Кенжебаевтың бажасы екен. Әкесі Абаймен қарым-қатынаста болған көрінеді. Сөз арасында ол кісі Абайға:
– Сен әкеңнен артықсың, – депті.
– Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, – деп Абай мынандай бір оқиғаны айтып беріпті.
Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып:
– Мырзажігіт (Құнанбай Абайды – Мырзажігіт, ал оны Абай тәте дейді екен), табыныңда жақсы аттар бар ма? – депті.
Абай әкесінің ойын түсініп:
– Бар, тәте, – дейді.
Үйіне келген соң ойланып отырып:
– Табыннан жеті байталды бөліп алуым және бір жақсы айғыр табуым керек, – шешеді. Бір адамның үш рет бәйге келген құнанын жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады.
Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек көшіп жүреді екен. Таңертеңгі мезгілде:
– Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, – деген хабар жетеді.
Абай әкесінің мінезін біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады.
Құнанбай жақындағанда Абай алдынан жүгіріп шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, қолтығынан сүйеп аттан түсіріп алады. Қолтығынан сүйегеннен-ақ Құнанбай:
– Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмаймын, түсейін. Бірақ үйде отырмаймыз. Шай-пай ішпейміз, шұғыл аттанамыз деп ескертеді.
Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзілмейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құнанбай: «Ал, Мырзажігіт, кеттік», – дегендей салмақ сала қараған сәтте Абайдың басына: «Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен құнанды көрмек екен ғой», – деген ой сап ете қалды. Қыстыңгүні, қар қалың. Жылқылар Ақшатау тауын қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді.
– Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жылқының ішінен сатып алған бөтен құнанды айтқызбай таныды. Танып тұрды да:
– Мырзажігіт, мына құнаныңды ұстаттыршы, – деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді.
– Жүр, енді ана табынды аралайық, – деп тәтем басқа шоғырға бастады.
– Ана құнанды ұстаңдар! – Жылқышылар табынды алты айналдыра қуып жүріп, әзер ұстады.
– Ал енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт.
– Қар белуардан асады. Көз керім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем:
– Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? – деп күлді. Езуін жиып алғанша болған жоқ, жүз қойлық жүйрігім етпетінен түсті, анау тұсымыздан құйғытып өте шықты.
Тәтем:
– Ал, Мырзажігіт, сау бол, – деді де атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымыздың ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім? Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақылдылығым қайда? Мұны мен қалайша байқамадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, –дейді Абай.
Мен осы жайды айта келіп:
– Мұха, бұл оқиғадан хабарыңыз бар ма еді? – деп сұрадым.
– Бар, Бауыржан.
– Онда неге мұны роман сюжетіне енгізбедіңіз?
– Пәлі, Бауыржан, «Абай жолы» романына енбей қалған оқиға бір бұл ғана емес, толып жатыр. Мен мақсатыма қызмет етпейтін деректерге көңіл аудармаймын. Суреткерлік талғам дегенім, бәлкім, осы шығар.
Ал, енді сен айтқан әлгі оқиға Абай өмірбаянына қосымша дерек боп қосылуы тиіс, бұл табиғи заңды жағдай. Олай дейтінім, ұлы ақын өмірбаяны әлі толық зерттеліп, жазылып біткен жоқ. Оған әлі талай толықтырулар, қосымшалар қосыла береді деген ойдамын.
Баукең темекі тұтатып тартты.
– Мен Мұхаң қайтыс болғанда құрметті қарауылда тұрдым. Шыдам жағынан алғанда екі минут маған екі жылдан кем көрінген жоқ. Бұрынғы жарқ-жұрқ еткен, байсалды, келбетті, орынды, ақылды сөздер, орынды терең ойлар, орынды қалжың-қылжақтарды айтар ағамды мен танымадым. Табытта жатқан Мұхаң екеніне сенбедім. Мұндай халге Мұхаңды қиямын деген түсіме де кірген жоқ еді.
Алдымен көзім түскені аяқ жағынан барып едім, кеудесі ғана бар. Аһ дедім күрсініп. Жүрегінен бастап, ішек қарнын алып тастаған екен ғой. Бұлары несі? Ең құрығанда мақта салса қайтті?
Бұлай етуге болмайды ғой деп қатты көңіліме алдым. Мұхаң қарны бар кісі еді, мыналары несі?! Бәрібір тірілмейді дегенімізбен, жұртқа бұлай көрме жасаудың қажеті қанша? Бұл өліге де, тіріге де жаман әсер қалдырады ғой. Өліктің жұртқа көрсетпей жерлеудегі мұсылман салты дұрыс екен-ау деген ойға берілдім.
Жарықтық, иманды болсын, құрметтейтін кісім еді, амал қанша? Мен Мұхаңды басында тұрып та өлімге қимайды екем. Өлді дегенге сеніп барып, табытта жатқанын көрсем де, сенбей тұрыппын. Астапыралла, бұл ерекше деталь. Мен басында тұрғанда Мұхаңның бетіне шыбын қонды. Шыбынды қуу үшін Мұхаң бетін тыржитты, үркітті. Селк ете қалдым. Кейін ойласам, психологиялық қалыпта емес екем. Бұл Мұхаңды өлімге қимағанымның реакциясы болу керек. Бұл қалай? Е, Мұхаң тірі, бетіне қонған шыбынды қуу керек деп ойлап, соған сеніппін. Кейіннен: «Мен ақылымнан алжасқан жоқпын ба?» – дедім өзіме өзім. Мұның бәрі Мұхаңды қимағандығым екен...
Баукең темекісін үстін-үстін тартып:
– Көне сұр костюмін киіп, Мұхаң тойға келді. Қасында – жеңгем Валентина Николаевна, – деп тыңнан сөз қозғады. – Ақбурыл шашы, сақалы өсіп кеткен. «Өзі әбден қартайыпты-ау» деп ойлап қоямын. Бір кезде би басталды.
Мұхаң шашын иығына жайып жіберген жас қызбен биледі. Валентина Николаевна жеңгем маған жақтырмай:
– Құдай-ау, қараңызшы, Мұхтар Омарханұлы қартайса да жас қызбен билеп жүр. Киімі киім емес, – деп шағым айтты. Мен жымиып күліп:
– Қызығушылық бар жерде, шабыттанып, биікке ұмтылушылық бар, сіз қателесіп тұрсыз, – дедім. Бұл, түсінсең, Мұхаң қартайса да әлі сөнген жоқ деген сөзім ғой, ә?
– Кешірерсіз, мына тойдан алған жалғыз ләззатым – сіздің Мұхтар Омарханұлы туралы бағаңызды естуім. Рахмет. Сіз Мұхаңды менен де гөрі жақсы түсіне біледі екенсіз, – деп жеңгем Валентина Николаевна қатты риза болды.
Оянсам, түсім екен... Мұхаң жарықтықпен жақында осылай кездестім. Мұным марқұм ағам жөнінде күндіз ойланғанымның әсері болса керек...
Баукең төмен қарап, көзін жұмып, ұзақ үнсіз қалды. Әлден соң басын жоғары көтеріп, маған тура қарап:
– Мұхаң жөнінде Леонид Сергеевич Соболевтің айтқан бір сөзі есіме түсті, – деді түсініп тыңда дегендей маған иегін қағып. – Мұхаң жарықтық орыс тілін Абайдан да, Ыбырайдан да, Шоқаннан да кем білмеген. Бірақ та ол кісі орыс тілінде тартынып жазатын. Ғажайып талантты адам, орыс тілін тамаша білетініне қарамастан, ол тілде көркем шығарма жазған жоқ. Бірде Мәскеуде Леонид Сергеевич Соболевпен оңаша сырласып қалдым. Сонда:
– Бауыржан, жұрттың бәрі мені «Абай жолын» шебер аударды деп жүр. Шынымды айтсам, мен тек Мұхтар Омарханұлының аудармасын редакцияладым, – деді ағынан жарылып. – Мұхтар Омарханұлы Москваға жиі келетін. Аударманы көрсеткенімде «тоқтай тұр, бұл былай болуы керек тәрізді» деп ойын ортаға салатын.
Егер Мұхаңның сондай еңбегі, ақыл-кеңесі болмаса, менің аудармамды ешкім жақсы деп айтпас еді.
Леонид Сергеевич ірі жазушы еді ғой. Мүмкін бұл сөздер күнделігінің бір жерінде жүрген шығар. Мен өз аузынан өз құлағыммен естідім. Бұдан өткен әділдік , адалдық бар десең, айт!
Екі халықтың арасындағы достықтың негізін жоғарыдағы кісілер сияқты жоғары парасат иелерінің салғанын бәріміз мойындауымыз керек. Бұл ретте , қайталап айтайын, Мұхаңның еңбегі Шоқан, Абай, Ыбырай еңбектерінен бір мысқал кем емес.
Баукең қайта маңдайын ұстап, ойға ене:
– Сен Шолпан атада болдың ба? – деді маған барлай қарап.
– Жоқ.
– Мұхаң марқұм бір жолы: «Ойбай, Бауыржан, қайда жұмыс істеуді мен осы уақытқа дейін білмей жүр екем», – деді.
– Неге, Мұха?
– Осы жолы үш ай бойы өте жақсы дем алдым, басымда жүрген ойларымның көбін жақсы сұрыптап қайттым...
Ол кісінің айтуынша, әзірге әлі жұрт мекеніне айнала қоймаған Қырғызстанда Шолпан ата деген жер бар екен. Бір кісілер: «Ауасы таза, екі бөлмелі үй бос, қоршаған табиғаты тамаша», – деді. Валентина Николаевна екеуміз бардық. Екі бөлменің бірін ұйықтайтын, екіншісін жұмыс істейтін бөлме етіп жасадық. Алдыңғы балконда тамақтандық. Он күн өткенше байқағаным жоқ, он күн өткен соң Валентина Николаевна жұмысыма кедергі келтіре бастады. Мен күліп:
– Ойбай, Мұха, өзіңіз бірнәрсені бүлдірген шығарсыз? – дедім.
Мұхаң менің мысқылыма түсініп, мырс етіп күліп жіберді.
– Ағаш үй екен, Валентинаның жөтелгені, не еденде ары-бері жүргені ойымды бөліп жібереді. Немесе жазуға төніп, ұйып отырған кезімде:
– Мұхтар, шай қайнап қалды, дастарханға келмейсің бе? – дейді.
Сол-ақ екен, бітті, ізден шығамын. Қайта ізге түскенше уақыт кетеді шаршайсың, қиналасың. Әрине, оның қамқорлығы дұрыс-ақ деп қояды.
Мұхаң ойының бөліне бергенін айта келіп:
– Ал енді, Валя, сен Алматыға қайт, – деп әйелімді Алматыға қайтарып жібердім. Оңаша жазып-жазып, серуенге барам. Рахат! Ешкіммен қарым- қатынасым жоқ. Бір күні: «Шіркін, стенографистка болса, жұмысым екі есе өнімді болар еді, ойымды жазып үлгере алар емеспін», – деп Алматыдан стенографистка шақырттым. Ол өте ұқыпты әйел екен, айтқандарымды мұқият әрі жылдам жазып алатын болды.
– Шаршадың, жетер, менің де тақырыбым бітті, – деп серуенге кетемін. Әйел жазғанын реттеп, қайта көшіреді. Ерекше риза болғаным, қазақ тілін жақсы біледі екен, тіпті кейбір ойларыма, сөйлемдеріме түзету де енгізген кездері бар. «Мына ойыңыз асығыстау айтылыпты, мына сөйлемнің дұрысы былай болу керек», – дейді. Түсінесің бе, Бауыржан, бұл менің шабытыма шабыт, жігеріме жігер қосқандай болды.
Осы жолы күтпеген жерден Ыстықкөлдің жағасынан жақсы бұрыш тауып, әжептәуір жұмыс істеп қайттым.
– Мұныңыз өте дұрыс екен, Мұха. Творчество оңашалық пен тыныштықты қалайды деген сөз бар емес пе?
Мұхаң өзі бір жағынан дана, бір жағынан бала мінезді аңқаулау кісі еді ғой. Маған: «Мынау ит мұны қайдан біледі?» деген көзбен таңырқай қарады.
– Мұха, бұл менің сөзім емес, бұл ежелден келе жатқан сөз. Бір аңызда ақырғы пайғамбар Мұхаммед құдаймен сөйлесем деп қырық күн жоғалып кетіп, оңаша ойлануы үшін су перісі Сүлейменмен судың астында жатып алыпты делінеді. Екінші бір аңыз. Христиан дініндегілерге шаш алдыру масқаралық саналған кезде бір ұлы римдік шашын қырғызып тастап,«елге көрінуіме болмайды, көрсе, күледі» деп оңаша тығылып жатып, жақсы кітап жазыпты.
Ал шығыс аңызында кейбір зиялылар, ғалымдар ойымды бөлмесін деп зынданға түсіп, қырық күндеп жатқан. Оны, Мұха, сіз менен гөрі жақсы білесіз. Бұл оңашалық пен тыныштықты іздеу емей немене?
– Пәлі, Бауыржан, сен көп аңыздан хабардар екенсің ғой. Мұның жақсы, – деп Мұхаң әңгімеме қатты риза болды. Бұл да екеуміздің қарым-қатынасымыздың бір мысалы, қарағым.
Баукең тұнжырай ойға еніп, ұзақ үнсіздіктен кейін:
– Мұхаңның тағы бір қасиетін, ең басты қасиетін айтайын, – деп орнынан қозғалып қойды. – Түсініп тыңда! Өсемін-пісемін деп көзі тірісінде не болса соны жазғандар аз болған жоқ. Сол арқылы «классик» атанғандары да бар. Ал өлген соң олардың аты біржола өшті. Сондайлардың шығармаларын іздеп жүргендерді көрдің бе?
– Жоқ.
– Бір түйір нәрі жоқ жасық дүниені кім іздесін? Махмұт Қашқари бабамыздың:«Аман болса басым, теңізден де су ішермін» деп қиялданған есек дәмелілерге не дерсің? Қарағым, дарындылар мен дарынсыздар күн мен көлеңке тәрізді.
Баукең қабағын түйе, сұстана қарап:
– Мұны неге айтып отырсыз деп сұрақ қой! – дейді бұйырып.
– Мұны неге айтып отырсыз?
– Мұхаң халқымызға бұдан да көп мұра қалдырар еді, бірақ дарынсыздар қол-аяғын матап, кесір келтірді. Салыстырар болсақ, Мұхаң –күн, дарынсыздар – көлеңке. Дарынсыздар – мансапқұмар, даңққұмар келеді, сол жолда бәрін – жанын да, арын да, керек десең, жарын да құрбандыққа шалады.
Сен жассың ғой, зерттеп, тексеріп көрші, Мұхаңның біреудің үстінен шағым жазғаны, не біреуді орынсыз кінәлағаны бар ма екен? Меніңше, жоқ. Қайта ол кісі 1947 жылы нақақтан- нақақ қуғын-сүргінге ұшырап, қатты қиналған, қорланған кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жүмабай Шаяхметовке:«Мен сізден қызмет те, пәтер де сұрамаймын. Жалғыз-ақ сұрайтыным, бәлеқор-жалақорлықтан құтқарсаңыз екен» деген, пәленше ондай, түгенше мұндай, менің соңыма түсіп алды деп ешкімді жамандамаған. Бұл, түсінсек, бағаласақ, Мұхаңның үлкен қасиеттілігі, арлылығы! Тоқ етерін айтсам, Мұхаңды ұрпағымыздың ұрпағының ұрпағы алғыс сезіммен еске алатын болады. Білсең, қарағым, алғыстың үлкені – ұрпақ алғысы, қарғыстың үлкені – ұрпақ қарғысы.
Баукең орнынан тұрып, аласа стол үстінде жатқан газетті алып:
– Әнеукүні мына «Литературная газетада» Мұрат Әуезовтің мақаласы шықты, – деді жадырай үн қатып. – Әрине, ол жас жігіт, бірақ үлкен үміт күттіретінін байқадым. «Литературная газета» жер жүзіне тарайды ғой. Соған Мұрат Әуезов көлемді мақала жазып, қол қойғанын (көтерген кей мәселесімен келіспесем де) жақсы, талпыныс екен деп қуанып қалдым. Оны түсінем, әрине. Оны түсінем дегеннің мағынасы – жалтақтап жазыпты. С его стороны это правильный, но одновременно не правильный подход. Ол өз алдына мәселе, Мен Мұхтар Әуезовтің мұрагерінің бүкілодақтық әдебиет газетінде көрінгеніне қатты көтеріліп қалдым. Және жаман мақала емес. Мен өте риза болдым.
Ләйла Мұхтарқызы Әуезовамен қарым-қатынасым жоқ, сырттай байқауымша, өзін өте әдепті ұстайды, ол Мұхаңның жақсы ұрпағы. Мұрат та осылай ізденіп еңбек етсе, әкесініңі атын төмендетпейді.
Баукең кресло арқалығына шалқайыңқырай түсіп, үнсіз қалды. Әлден соң:
– Еңбек етпей еркелеп жүру – адамды өсірмейді, қайта өшіреді, – деді түзулене отырып. – Адамды еңбек қана өсіреді. Мұны жалғыз Мұрат қана емес, әр қазақтың ұл-қызы жақсы түсінуге, ескеруге тиіс. Онсыз ата-бабаларымыздың, әже-аналарымыздың еңбегі еш. Мұны Мұрат жақсы түсінетін тәрізді. Сөздің қысқасы, жоғарыдағы бүкілодақтық әдебиет газетінде оның мақаласының жарық көруі – үлкен қуаныш.
Бұл сөздерді Баукең әкелік қамқор, мақтаныш сезімімен толқи, тебірене отырып айтты. Ол кісінің сол сәттегі көңіл-күйі тұла бойымды от боп шарпып, жүрегімді елжіретіп жіберді.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.