АРМАННЫҢ АЙШЫҚТЫ ҚОЛТАҢБАСЫ

АРМАННЫҢ АЙШЫҚТЫ ҚОЛТАҢБАСЫ

Желтоқсан айының 17-ші жұлдызында Астанада белгілі публицист, журналист Арман Сқабылұлының «Әкем мен Жәкем» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтеді. Аталмыш кітапқа алғысөзді белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса жазды. Өмірдің қым-қуыт қалтарысынан әсерлі сыр шертетін осынау лирикалық эссе жинағына жазылған алғысөзді оқырман назарына ұсынамыз. 

***

Қазақ журналистикасының қаранары Арман Сқабылұлының «Әкем мен Жәкем» атты кітабы адамның жанын бірден баурап алатын, бір демде оқылатын біртұтас туынды. Бала күнінен дана күніне дейінгі бастан кешірген әрқилы оқиғалар көркем тілмен суреттеліп, әдемі жазылған. Қарымды публицист емес, қаламы қуатты жазушының әлдебір көркем шығармасын оқып отырғандай күй кешесің.

Автормен бірге сонау ауылдағы алаңсыз шақтарға қайта бір саяхаттап, енді бірде студенттік кездердің дәуренді күндерін көз алдыңызға елестетесіз. Эсселердегі кейіпкерлер образы бәрімізге таныс ауыл адамдары, шығармашылық тұлғалар, қайраткерлер. Әрқайсысының ішкі психологиясын ашып, портретін сомдап шыққан.

«Әкем мен Жәкем» көңілдің әралуан пернесін қозғап, кейде езуге күлкі ұялатса, енді бірде көзіңе жас келтіретін түрлі эсселерден құралғанымен, балаң шақтан асқаралы алпысты бағындырған ел ағасы атанған шаққа дейінгі бір өмірді, бір дәуірді, бір қоғамды әспеттеген кесек туынды.

Оның көркемдігі жөнінде қазақ поэзиясының тарланы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Исрайыл Сапарбайдың «Әкем мен Жәкем» жөніндегі пікірінің өзі бір төбе: 

– «Әкем мен Жәкем» бәрімізге ортақ дүние. Шынайылығы да сонда. Жүрегім жібіп, көзіме жас алып отырмын. Қарапайым да қасиетті ұғым, сезім... сол ауылдың өзі көз алдымыздан бал-бұл ұшқалы да біраз болды. Бар да, жоқ та дей алмай пұшайман болған жәй мынау. Әкей мен Жәкей сол ауылдың соңғы тұяқтары ма деп қаласың өксік буып, өкініп те опынып. «Могиканның соңғы тұяғы» еріксіз ойға оралып отыр. Көзіміздің тірісінде туған ауылдан айрылған халіміз мынау. Бұл, енді, кешірілмейтін нәрсе-ау ар алдында да, Алла алдында да! Қайтпек керек? Есі бар, сесі жоқ қазақтың қарсы алдында осы сұрақ тұр!!! «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді ұлылықтың үрдісі. Бесіктен белін босатқан бала екеніміз рас болса, енді не амал істеуіміз керек? Көз жасыңды сүрт те, осыған жауап бер исі қазақ!!! Арман бауырымыз осыны күтеді бәрімізден. 

...Ал менің ауылым жоқ қазір. Ол сонау Самарқанның бір түкпірінде қалып қойған. Барғанмен көре алмадық. Әкеміз де сонда қалды. Мен емей, кім жыласын енді...», – деп ақтарылады ақын ағамыз.

Ал қазақтың көрнекті ақыны Аманхан Әлім: «Бұндай туындылар кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланатын. Қазір, ол жоқ қой! Өкінішті, әрине! Адамның азаматтығы мен жанын тәрбиелейтін дүние! Бірақ, жалаң риторика немесе дидактика емес. Өмірдің өзінен өрілген! Қазір, лирикалық проза ұмытылып, тасада қалып бара жатқанда, мына, дүниең ерекше әсер етеді екен адамға! Көзіме жас келді» деп әділ бағасын беріп кеткен еді.

Белгілі әдебиеттанушы ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Әкем мен Жәкем» қатты әсер етті. Әсіресе, әкей мен жалғыз інісінің сыйластығы керемет. Анау бір-бірімен араласпай кеткен ағайынды екеудің өмірінен параллель жасалуы тіпті дұрыс болған. Бүгінгі жастарға осындай дүниелер керек. Қоғамға жетіспей тұрғаны да осындай мейірімділік» деп түйіндеп еді.

Міне, кітаптың да «Әкем мен Жәкем» аталуы тегін емес. Кітап жарыққа шықпастан бұрын да алыптарымыздың бағасын алып, ілтипатына бөленген екен. 

Арманның айшықты қолтаңбасында адамды баурап алатын әдемі бір жылы иірім бар. Әдемі әзілдермен әдіптелген әңгіме, эсселер қиуын тауып қыш қалағандай бірінен соң бірі көз тартады. Ішкі әлеміне тарта жөнелер тартылыстың сыры шығарманың шынайылығында жатыр деп ойлаймын. Кітапты қолға алған оқырман осы бір Хан Тәңірінің тұнық бұлағындай бастауға бас қойғаннан, кітаптың аяғына қалай жетіп, қалай тез бітіргенін білмей қалады.

Арманның кейіпкерлері сенің де күнде көріп жүрген жақын жандарыңдай жаныңа жақын тартып, жылыұшырайды.

Кітап сонымен де құнды, сонымен де тартымды.

Өмірдің әр сәтін көңіл сүзгісі, жүрек қағысынан өткізген әсем жинақ елдің іздеп жүріп оқитын сүйікті кітаптарының біріне айналары сөзсіз. Жасай бер, жаза бер, Арман бауырым!

Қазыбек ИСА,

ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері. Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.